Мазмұнға өту

Жаңа

Тіл сақтаушылық

Астана. 5 сәуір. Baq.kz- Алаш ғасыры – қазақтың алтын ғасыры. Өкінішке қарай, елім, жерім деп өткен асыл ерлердің өмірі мен өнегесін бүгінгі атқамінерлеріміз әлі күнге үлгі қыла алмай жатыр. Сондай-ақ, «Алаштану ісін» ғылыми тұрғыдан талдап-таратып, жалпы білім беретін мектептерде жеке пән ретінде оқыту мәселесі де әлі іске аспай келеді. Әйтпесе, нағыз Отансүйгіштіктің, ұлтсүйгіштіктің, тектіліктің белгісі осы Алаш арыстарының бойында жатыр емес пе? Төменде осындай бір еңіреген ер – Уалиолла Халелидің «Айқап» журналының 1912 жылғы №9 санында жарық көрген мақаласын беріп отырмыз.
Редакциядан.


Дүниедегі һәмме халықтың рухы (жаны) өзінің ана тілі, сол себепті әр милләт (халық) алдыменен ана тілін жоғалтпаудың себептеріне мықтап жабысқан, бірақ тіл, дін, әдебиет сияқты нәрселер мал, дәулет арқасында сақтай алмайынша, жұрттың іштен шыққан талапты, жау жүрек, халық үшін білімін, қаламын аямайтын ер көңілді жігіттердің қызметімен сақталады.
Ондай халық адамы екі түрлі болады, біреуі шайырлардың, яғни өлеңші ақындардың жыры, өлеңменен сақталады. Екіншісі, романстар, яғни халық жайынан халықтың жақсы, жаман жағын хикаят қылып жазып жұртқа көргізуші адамдарменен сақталады. Біздің қазақ, қырғыз аталарымыздың «Жігіт жігіттің күзгісі - айнасы» деген һәм «жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі» деген мақалдары бар. Сол сияқты халық үшін туған ерлер арқасында дін, тіл, намыс деген нәрселер сақталады. Мұндай адамдар әр жұрттың ішінен шығып, өзінің дінін, тілін сақтап өз жұртының абыройын көтеріп келе жатыр. Бізге үлгі боларлық халық толып жатыр. Біздің қазақ, қырғыз тілінің жоғалмауы үшін біздің ішімізден де осындай қаламын халық пайдасына жұмсайтын жігіттер шығып, халық пайдаланғандай, әр түрлі өлеңдер, әр түрлі халық жайынан кітаптар жазуға керек. Өзіміздің түрік тіліменен әр түрлі балаларымызға оқытуға ылайықты мектеп кітаптарын жазып, келешек күніміз үшін зор дәулет әзірлеуге керек.
Бүтін түрік, татар, башқұрт, мишір, ғұсманлы секілді халықтардың арасында бұзылмаған сап түрік тілі біздің қазақ, қырғыз тілі екендігін бізге араласқан адамдардың бәрі де біледі. Бұлайша болған соң, қолымыздағы дәулеттің қадірін біліп, тіліміздің бай кезінен оқыған жастардың қызмет етіп, қимылдап қалатын уақыты келді. Россияның мемлекетінде общее образование, яғни ғұмыры тегіс оқу басталайын деп тұр. Қазақ халқы тілге, әдебиетке кедей емес, бірақ басы қосылып құралмағандықтан білімсіз самарқау жатыр. Ғұмыры оқу басталғанша өз ана тілімізде балаларымыз үшін кітаптар жазып программаға кіргізуге даярлануға тиіс қой. Біздің ел ішіне де түрлі халық араласа бастады. Сол себепті кейінгі жастарымыздың тілі кәдімгідей бұзылып бара жатыр. Қазақ жерінде қазақтан да орыс, хақол көп болу себепті қазақ жастары әр нәрсенің атын, есімін орысша айтқанына мәз болып, өз тілін... ұмытады. Күнбатыста Польша дейтін жерде, поляк ішінде бөлініп қалған аз ғана татарлар бар «поляк татар» деп айтылады. Солар осы күнде өз тілін ұмытып, бала-шағасына шейін орыс тіліменен сөйлейді. Сол сияқты қазақ жастарының көбі орысша оқығандары өз тілін ұмытып, яки ұмытпаса да қазақ тіліменен сөз айтуға намыстанушыларымыз да жоқ емес.
Біз милләтке олардан онша көп пайда үміт ете алмаймыз. Ондай адамдардың көбі өз тілінің, өз дінінің қадірін білмей, тек қана өз құрсағына қызмет етіп кетеді. Біздің милләтке қызмет етушілеріміз бір жағы мұсылманша, бір жағы орысша білімі болған жігіттерімізден болады. Бұл замандағы педагогтардың сөзіне қарағанда бала ең кемі 3 жыл яки 4 жыл ана тілімен оқуға тиісті болады. Біз қазақ балаларына сол 3 жыл ішінде өз тілімізде кітаптар оқыған сияқты татар тілінен де хабарсыз етпеске керек. Әбтейі (жаңаша) мектептен шыққан бала татар тіліне таныстығы болмаса, қалайша Шәһәрге барып жоғары сыныпқа кіреді, оның дәріс кітаптарына қалайша түсінеді, бұл да ескерілетін бір жұмыс.
Бізге бұл күнде басшы болған, халыққа үлгі көргізген жігіттеріміз жоқ емес қой. Мынау «Маса» мен «Қырық мысалды» жазушы Ахмет Байтұрсынов секілді ерлерді халық қызметшісі деуге болады. Және де... «Айқап» журналы менен «Қазақстан» газетінде халыққа жол-жөн көргізген қызметтерін біздерге ұмытуға керек пе еді?! А.Б. әпенденің «Жалғыз қаз келгенменен жаз бола ма?» - деген сияқты алты миллионнан артық қазақ халқы үшін бір газет пен бір журнал шыққанменен халықтың сусыны басылмайды ғой. Сонда да ауадағы қазға қарап, қолыңдағы торғайды ұшырма! – деген сияқты көп журнал, көп газетке дейін қолымыздағы екі құсымызды ұшырмайық, шама келгенше ел-жұрт болып...дуам етуіне иждиһат қылайық. «Көп түкірсе көл болады» деген ғой.
Қандай ғана халық болса да білімі-ғылымы мемлекетіндегі шығатын газет-журналдарыменен, әдебиетіменен өлшенеді. Қай жұрт білімді болса, ол жұрт ішінен шығатын газет те көп болады, надан халықта біреуі де болмайды. Қашанға дейін киіз үйлерімізбен сары қымызға мас болып күнімізді өткіземіз. Ау, жұрт, ашайық көзімізді! Ұмтылайық, ғылым-білімге.
Уалиолла Халелидің «Айқап» журналының 
1912 жылғы №9 санында жарық көрген мақаласы

 
0
0
794

Мектеп оқушылары десантшыларда қонақта болды

Мектеп оқушылары десантшыларда қонақтаАэроұтқыр әскерлерінің десантты-шабуылдаушы бөлімі Қапшағай қаласындағы төрт мектептің жоғары сынып оқушылары үшін «Ашық есік күні» акциясын өткізді.

Әскери бөлім плацына десантты-шабуылдаушы бөлімше жеке құрамының күнделікті жауынгерлік оқуда қолданатын қару-жарақ үлгілері қойылды. Оқушылар жауынгерлер баяндаған атыс қаруларының тактикалық-техникалық сипаттамасын қызығушылқпен тыңдады. Көптеген сұрақтар қойды.

Десантшылардың паршютпен секірмес бұрын жердегі дайындықтан өтетін әуе десанты кешеніндегі сабақтары оқушыларға барынша әсер етті.

Жауынгерлердің тренажердегі нақты қимылдарын бақылаған жас өрендер әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлік пен дене тәрбиесі дайындығына көп уақыт бөлетініне көз жеткізді.

Десантшылар бөлімінде болған мектеп оқушылары сарбаздар мен сардарлардың күнделікті қызметі мен тыныс-тіршілігінен мол хабар алғанын жарыса айтты.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
396

Төрт жылда — тек 22,6 пайыз

Қазақстан төрт жыл ішінде Адам құқығы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарына жасалған ұсыныстардың тек 22,6 пайызын ғана орындап, өз міндетін толықтай атқара алмады.

Ұлттық жоспар 14 бөлімнен тұрады, әр бөлім белгілі бір құқық түріне арналған. Сарапшылар осы 14 бөлімнің бесеуі бойынша құқықтық ахуалдың жақсаруын емес, тіпті нашарлауын атап өтеді:

  • еркін бірлесу құқығы
  • ойлау, ар-намыс және дін бостандығы құқығы
  • бейбіт жиналыстар мен митингілер құқығы
  • сөз бостандығы және
  • мемлекеттің істерін басқаруға қатысу құқығы (әділ әрі еркін сайлау).

Ұсыныстардың ең көбін "Бала құқығы" бөлімі аясында қабылдаған.

Толығырақ мына жерден оқуға болады (орыс тілінде).

0
0
453

«Бар жанарды жаулаған Жайдарман»

5-6 сәуір күндері Астана қаласы, Жастар сарайында Жайдарман ойындарының Премьер Лига 1/8 финалы болды. Бұл финалдан жоғары ұпай жинаған командалар ширек финалға жолдама алады.

Бұл жолғы Премьер Лига ойындарының бірнеше ерекшеліктері болды. Соның бірі - жыл сайын Алматыда өтетін Премьер Лиганың биыл Астанада өтуі. Тағы бір ерекшелігі - Жоғары Лиганың үздіктері қазылар алқасы болды.

Бұл ойында көптеген жаңа командалар таныстырылды, жаңа өнерпаздардың алғашқы қадамы жасалды.
Суреттегі Қостанай құрамасының құрамында Arash, Майк Тайсон, Джеки Чанға өте-өте ұқсайтын жандар бар екен. Бұл команданың басты ерекшелігі болды.
Ал, Астананың Аргарка құрамасы қазақтың сұлу-сұлу қыздарын жинап әкеліпті. Сахнадан жарқ ете қалған қыздарымызға тамсанып, қазақ қыздарының ең сұлу екеніне тағы да көз жеткіздік.
Және осы Аграрка құрамасы студенттерді оқудан шығартып, Бақыт Сыздықоваға қимыл сыйлаған Harlem Shake биін бастап келе жатты да... "Біздің оқудан шыққымыз келмейді" деп, кетіп қалғаны өте-өте сәтті болды.
Премьер Лиганың екінші күнінде өнер көрсеткен Қызылорда құрамасы ұлттық нақышта керемет ойын көрсетті. Киімдері де, әзілдері де өте қазақи. Барлық командалар арасынан ерекшеленген команданың бірі.
Байқағанымыз, барлық командалар ойынға бұрынғыдай әр түрлі киімде емес, арнайы формамен келетін болыпты. Және әрқайсысы өз стилін тауып, қанық түсті киімдермен сахнаның реңін ашып тұр. Ия, ойыншылардың да жауапкершілігі артып келеді. Демек, көрермендердың талғамы өседі, танымы ұлғаяды.
Барлық командалар бір-бірінен асып тұр. Әрине сахнада тұрып, өздері бағаланып жүрген әділ қазылар басқаны бағалауда бірақ қобалжыды. Бірақ, айтарлықтай жағдай орын алмаса да, баға берудің қиын екенін айтып жатты.
26-27 сәуір күндері Жастар сарайында Жайдарман ойындарының Жоғары Лигасы 1/4 финалы болады. Барыңыздар, көріңіздер!!!
1
0
2293

Қазақстанға бала және әйел құқығы саласында құқықолдану тәжірибесін жақсарту қажет, — сарапшылар

Қазақстандағы балалар құқығы және әйел құқығы саласындаағы құқыққолдану тәжірибесі заңнамалық белгілі бір оң өзгерістерге қарамастан одан әрі жақсартуды қажет етеді. Адам құқығы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимылдар жоспары бойынша өткен дөңгелек үстелге қатысушылар осындай шешімге келіп отыр.

Еуропалық Одақ қаржыландырып отырған «Адам құқығы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимылдар жоспарына мониторинг жүргізу» жобасын Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро (АҚмЗСЖҚХБ), Құқықтық саясатты зерттеу орталығы (LPRC) және MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырып отыр.

«Феминистік лига» қоғамдық бірлестігінің президенті Евгения Козырева Ұлттық жоспар Қазақстан заңнамасы мен құқыққолдану тәжірибесіндегі әйелдер құқығын қорғау бойынша қалыптасқан проблемаларды толық қамтымайды деген пікірде.

«Жалпы алғанда, жеткілікті түрде қалыптаспаған кемсітушілікке қарсы заңнама мен құқықтарды қорғаудың кемсітушілікке қарсы механизмдерінің проблемасы бар. Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген ер адам мен әйел адам теңдігі ұстанымы мен оның іс жүзінде орындалуы арасында айтарлықтай үлкен айырмашылық байқалады», — дейді ол.

Сарапшының мәліметтері бойынша, Қазақстанда әлі күнге әйелдерді шеттетуге бағытталған еңбек заңнамасы жұмыс істеп келеді; шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің репрезентанттығы айтарлықтай төмен. Әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа да жиі душар болады.

Сонымен қатар Козырева Қазақстанда мемлекеттік құрылымдар, құқыққорғау органдары және ҮЕҰ қызметінің адам саудасы мен әйелдерді сексуалды бағытта пайдаланудың барлық жолдарының алдын-алу бойынша нақты үйлестіруі жоқ екендігін атап өтті.

Ол ұлттық заңнамада мүгедек әйелдердің құқығы бұзылған жағдайда, оны қорғаудың нақты механизмдерін қарастырып, жаза мен жауапкершілікті анықтап, мүгедек әйелдердің дағдарыстық орталықтарында қызмет түрлерін алуы үшін бірдей жағдай жасау керектігін айтты. Сонымен қатар, сарапшының ойынша, зорлық-зомбылықтан зәбір көргендерге арналған арнайы әлеуметтік қызмет түрлерінің кепілдендірілген көлемін жасап, қамтамасыз ету керек екен.

Евгения Козырева заңнамаға «уақытша арнайы шаралар», «гендерлік сараптама», «квоталар» (уақытша арнайы шаралар аясында) секілді анықтамаларды енгізіп, осы айтылған түсініктерді және «кемсітушілік» сөзін халықаралық нормаларға сәйкестендіруді ұсынды. Сонымен қатар, «сексуалды қиянат» түсінігін енгізіп, соған сәйкес жауапкершілік белгілеу қажет деп есептейді сарапшы.

«Гендерлік теңдік мәселесі бойынша халықаралық құқық нормаларының қолданылуы тәжірибесін кеңейту керек », — деп ұсынды ол.

«Қазақстан Балалар қоры» қоғамдық қорының директоры Эльвира Ватлинаның сөзіне қарағанда, балалар құқығының сақталуы туралы мәселені зерттеу, жағдайы нашар отбасынан шыққан балаларды, ата-анасыз балаларды және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй мәселесімен қамту проблемасының әлі де күйіп тұрғанын көрсеткен.

Сарапшы балаларға, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар, ауылдық жерлердегі балалар, экологиялық апат аймағында тұратын балалар, босқын-балалар, еңбек мигранттарының балалары секілді топтарға қолданылатын кемсітушілікке қарсы құқыққолдану тәжірибесі іс жүзінде жоқ деп айтса да болады деді.

«Ерте және күштеп көндіру неке проблемасы елде сақталып келеді. ҚР Қылмыстық кодексі де, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс те некеге күштеп көндіру факті бойынша жауапкершілікті қарастырмайды, бұл мемлекеттің аталған жағдайға «араласпау» ұстанымын көрсетеді», — деп атап өтті Ватлина.

Сарапшы заңнама саласындағы «Бала құқығы» бөлімі бойынша кәмелеттік жасқа толмағанлар денсаулығын қорғау және білім туралы заңнамадағы заңнамалық шараларға жатпайтын бірқатар ұсыныстарды қайта қарастыруды ұсынды.

«Бала құқығы бойынша Ұлттық Омбудсмен қызметін тағайындауды басым бағыт ретінде қарастыру керек», — дейді Эльвира Ватлина.

Талқылауға азаматтық қоғамның алдыңғы қатарлы сарапшылары, адам құқықтары бойынша ұлттық институттардың, мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Адам құқығы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимылдар жоспарына мониторинг жүргізу» жобасының нәтижесі бойынша 26 сараптамалық қорытынды құжат дайындалды, 13 дөңгелек үстел өткізілді, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ-дар, халықаралық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен 2 сараптамалық басқосу ұйымдастырылды, сонымен қатар Варшавада өтетін адам өлшемі БИАҚБ/ЕҚЫҰ дәстүрлі конференциясында 2 сайд-ивент ұйымдастырылды.

0
0
2495

Қалеки — қазақ драма театрындағы «Бір кем дүние»

4 сәуір күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына ат басын бұрдық.

Есіктен кірген бойда шап-шағыр, жып-жинақы, көз тартатын мәдени орын жылы аурасымен баурап алды. Ондағы қызметкерлер де күліп қарсы алып, күлімдеп жүріп, көмек көрсетті.

Қойылым басталатын уақыттан ертерек келген едік. Театр ішін біраз аралап жүрдік. Онда,ы көзімізге жарқ ете қалғаны мына тақта болды.

Түрлі кештерден, концерттерден, бағдарламалардан, кинолардан көріп жүрген жарқын тұлғаларымыз осы театрда өнер көрсетеді. Осы театрдың мақтаныштары. Бұл суретте театр актерларының бір құрамасы ғана тұр. Дәл осындай санмен екінші құрам да бар. Онда да дүлдүлдер.

Ішке кіріп, орынға жайғасып болған соң, айналамызға көз тастадық. Залда толып отырған кілең жасөспірімдер. Мектеп оқушыларының сахна өнеріне бей-жай қарамайтыны, мәдени ортаға деген құштарлығы қуантты.

Театрдың залы шағын ғана. Балконмен бірге қоса алғанда екі жүзге жетпейтін көрермен тамашалай алады екен бір қойылымды.

Сахна мен көрермендердің жақын болуының жақсы тұсы бар: актерлардың барлық мимкасын байқауға болады, қойылым өте әсерлі шығады.

Біз келген қойылым - Шерхан Мұртазаның "Текебұрқақ" әңгімесінің желісімен қойылған "Бір кем дүние" драмасы.

Қойылымды сомдаған актерлардың шеберлігіне тәнті болмай отыра алмайсың. Драма да өте ойнақы. Бірде мұңға батырып алса, артынша қалай күлгеніңді байқамай қаласың.

Қойылымның мазмұны да керемет.

Ел-жұрттың сөзіне ермей, адал махаббаттарын сақтап қалған мылқау әйелі мен сегіз жыл бойы бала сүйгісі келетін ері. Байлыққа мастанып, табиғатқа қарсы шыққысы келетін байлар. Өзін адамзаттың ата-бабасымыз деп санайтын бөрілер. Өз салтын, өз ғұрпын қай жағдайда да бұзбайтын тауешкілер.

Табиғаттың қарама-қайшылығы керемет суреттеледі.

Адамның рөлін сомдау қиын емес-ау, тауешкі мен қасқырлардың бейнесін айнытпай көз алдыңда ойнату шебердің шеберінің қолынан келетін нәрсе.

Бұл қойылымды театрға барып көруге, Астанаға келуге мүмкіндігіңіз болмаса, біздің порталымыздан көрсеңіз болады (http://kaztube.kz/kz/video?category_id=13)

Тағы бір айта кететін жай...

АСТАНАЛЫҚТАР және қала қонақтары!!!

16-17 сәуір күндері осы театрда "Күн сәулесі түспеген" атты психологиялық драманың премьерасы болады. Барыңыздар, көріңіздер. Билет құны - 600 тг.

1
0
1945

Күн сайын(!) 39 000 қыз бала қалыңдық атанады

Халық саны бойынша БҰҰ қоры (UNFPA) ақпаратына сәйкес, 2011 және 2020 жылдар аралығында 140 миллионнан астам қыз бала қалыңдық атануы мүмкін. Бұл жылына 14,2 миллионды құраса, күн сайынғы көрсеткіш 39 000 қызға дейін барады.

Бұдан басқа, жоғарыда аталған 140 миллион қыздың 50 миллионы әлі 15 жасқа да толмаған.

Көбірек ақпаратты мына жерден алуға болады (ағышлын тілінде).

0
0
948

iLuminate би тобы Қазақстанда алғаш рет

3 сәуір күні Астана қаласы, Хан шатыр ойын-сауық-сауда орталығында кешқұрым iLuminate би тобы өнер көрсетті.

Төмендегі суретте дайындық жүріп жатыр. Аппараттарды реттеп, бишілер шығатын сахна даярлану үстінде.

iLuminate би тобы көп адамға таныс болмауы да мүмкін. Кейбіреулері бірден тани кетуі де ықтимал.

iLuminate жаңа технологиямен заманауи биді біріктіріп, түрлі түсті жарық арқылы шоу-бағдарлама көрсетеді. Black Eyed Peas, Кристина Агилера, Крис Браун сияқты әлемдік деңгейдегі әншілер би жағына келгенде осы топтың көмегіне жүгінеді екен.

Бұл би тобының Лос-Анджелестен келуіне мүмкіндік берген АҚШ-тың  Қазақстандағы елшілігі болатын. iLuminate Қазақстанға бірінші рет келген екен. Астананы, жалпы Қазақстанды көргендеріне қуаныш білдіріп, өз сезімдерімен бөлісіп жатты.

iLuminate 4 сәуір күні сағат 19-00де Бейбітшілік және келісім сарайында концертін берді. Соның кіріспесі ретінде халық көп жүретін Хан шатыр ойын-сауық-сауда орталығында тегін өнер көрсетті. Астана қаласында 4 сәуір күні өнер көрсетсе, 4 сәуір күні Алматы қаласындағы "Алматы Тауэрс" бал залында өнер көрсетті.

Халық, әсіресе жастар өте көп жиналып, арнайы осы топтың өнерін тамашалауға келіпті.

Осы топтан сұхбат алып, көрсеткен өнерін арнайы сіздер үшін түсіріп алғанбыз: http://kaztube.kz/kz/video/70764, http://kaztube.kz/kz/video/70568

Алдағы уақытта осындай шаралардың түр-түрі болады. Хабардар болып отыру үшін бізді Фейзбукта (http://www.facebook.com/kaztube.kz.5), Твиттерде (https://twitter.com/kaztube) оқыңыздар!

Бізбен бірге болыңыздар!

1
0
696

Жексенбілік дастархан: Шоко-шоколад торты

Аз уақытта дайындалатын шоколадты торт арқылы жексенбіңізді мерекеге айналдырып жіберіңіздер.


Ол үшін бізге:

Бисквитке

- 350 г. қоюлатылған сүт

- 2 жұмыртқа

- 125 г. ұн

- 25 г. какао

- 1 ш.қ. сода

Кремге

- 500 мл. сүт

- 150 г. қант

- 1 жұмыртқа

- 70 г. ұн

- 25 г. какао

Глазурь үшін

- 150 г шоколад

- 35 %-дық 75 мл қою сүт (сливки) керек.

Бірден пешімізді 180 С қыздырып қоюға болады. Алдымен жұмыртқаны үлпілдеген ақ көпіршік болғанға дейін миксермен араластырамыз.

Оның үстіне қоюлатылған сүт (сгущенка) мен соданы қосамыз.

Дұрыс мөлшерленген ұн мен кокаоны қосамыз да, араластырамыз (миксермен емес).

Енді қоспаны алдын ала асты майланған орташа табаға құйып, пешке 25 минутқа салып қоямыз.

Бұл аралықта кремнің мәселесін шешейік. Ол үшін бірінші жұмыртқаны миксерлеп, оған қант, сүт, ұн қосамыз. Сүтті де дұрыстап мөлшерлеу керек.

Оның бәрін маздаған отқа қоямыз да, қайнағанынша араластырып тұруды ұмытпаймыз.

Соңында какао қосып араластырып, оттан алып, суытып қоямыз. Бізде енді торт құрастыратын екі дайын материал пайда болды.

Дайын болған бисквитті үш коржға бөлеміз. Әр коржды кремдеп, торт құрастырамыз да, оның бәрін 6 сағатқа тоңазытқышта суытамыз.

Торт жинақы қалпына келгеннен кейін, тоңазытқыштан алып, енді глазурь дайындаймыз. Ол үшін бар болғаны қою сүтте шоколадты ерітеміз.

Еріп, қайнаған соң, глазурьді бірден торттың үстіне құямыз. Оған да қату үшін біраз уақыт берейік. Нәтижесінде бисквиттің арасында әдемі үйлескен жұмсақ крем мен үстіндегі шоколадты глазурі бар тәтті торт шығады. Оның үстін қалауыңызша әрлеуге болады. Маған шоколад пен бананның үйлесуі әрдайым ұнайтын.

Астарыңыз дәмді болсын!

Асханада болған Айжан Кәрібаева

Фотолар инстаграмда өңделді, менің инстаграмым: http://instagram.com/aizhan_karibay/


6
4
5294