Мазмұнға өту

Жаңа

Шенеунік болғыңыз келсе...

Жас кәсіпкерлер клубының мәліметінше, студенттер арасында жүргізілген сауалнама бойынша, сұралғандардың 80 пайызы оқуын тәмамдағаннан кейін мемлекеттік қызметкер атанғысы келеді екен. Жеке ісін дөңгелетем деушілер «бизнес ашу қиын»; «көп қаражат керек» немесе «ашсаңыз, тексеріс қаптайды» деген тәрізді қоғамда қалыптасып қалған түрлі қағидалардан бойын аулақ ұстауға тырысады.

«Ақ жағалы» болуға ұмтылыстың астарын ашып көрейік.

Біріншіден, мұны мемлекеттік қызметтің ерекше абыройлылығымен түсіндіруге болатын шығар. Белді бір министрліктің қабырғасында жасалатын саяси шешімдер мен жүргізілетін реформалардың  басы-қасынан табылу әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Сіз барлық жаңалықтар мен ел экономикасынан әрдайым хабардар жүресіз.

Екіншіден, бұл қызметтің тұрақтылығы. Жеке сектормен салыстырғанда, саланың құлдырап кетуі немесе сатылымдардың төмендеуіне байланысты сіз жұмыссыз қалу қаупінен алшақ жүресіз.

Тіпті, 2009 жылғы дағдарыс кезінде, бірқатар министрліктерде жүрген қысқартуларға қарамастан, мемлекеттік қызмет өзінің тұрақтылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Қызметкерлер бонус пен үстемақысын ала алмай қалғаны болмаса, жеке компаниялардағыдай жалақының кешігуі тәрізді жағдайлар еш байқалмады.

Үстемақы демекші, мемлекеттік мерекелер кезінде, әр тоқсан сайын 1 немесе жарты айлық қаражат көлемінде сіз ынталандыру алып тұрасыз. Оның үстіне, жыл қорытындысы бойынша ел арасында «13-ші жалақы» деп аталатын бонус та сіздің жеке қызметіңізге, қоғамдық өмірдегі белсенділігіңізге, жалпы тәртібіңіз тәрізді факторларға қарай тікелей басшыңыздың бағалауына байланысты ынталандыруға ие боласыз.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында жүргізілген сауалнамаға назар аударатын болсақ, мемлекеттік қызметте монетарлық ынталандыру (үстемақы, бонустар) аса маңызды екенін аңғаруға болады.

Шынтуайтына келгенде, мемлекеттік қызметкердің жалақысы көп емес. Мәселен жаңадан орналасқан сарапшы еңбек сіңірген жылдарына байланысты 80 000 мен 100 000 арасында тұрақты қаражат тапса, басқарма бастығы олармен салыстырғанда 20 000-40 000 тг артық алады.

Жеке секторда қарапайым маманның жұмыс айлығы 150 000-200 000 құрайтыны белгілі, ал ұлттық компанияларда тіпті бірнеше есе көп екені жасырын емес.

Тағы бір артықшылық, ол әрқашан ой-өрісіңізді жетілдіріп, шетелде қосымша тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне біршама жақын жүретініңіз. Тіпті «Болашақ» бағдарламасы да мемлекеттік қызметкерлерге оқуға түсу барысындағы конкурс кезінде арнайы жеңілдіктер қарастырады. Меморгандардың қызмкеткерлері өзінің функционалдық қызметі бойынша халықаралық келісімдерде көзделген арнайы бағдарламалар бойынша бір айға, жарты жылға немесе 1-2 жылға дейін де шетелге шығып, тәжірибе жинақтап қайтуына болады.

Мемлекеттік қызметкер болудың, әрине, аса қуанта қоймайтын жақтары бар. Шығармашылық, оқыту қызметтерін қоспағанда, басқа шаруамен айналысып, қосымша пайда табуға құқығыңыздың жоқтығы.

Жыл сайын наурыздың 31-не дейін мемлекеттік қызметкердің жеке табыс салығы декларациясын тапсыруға міндеттенесіз.

Қызмет барысында Сізді нормадан тыс жұмыс тәртібі күтіп тұрады дей беріңіз. Үйге түннің бір уақытында қайтатын кездер болады. Міндетті түрде.

Жұмыс қағазбен, тек қағазбен байланысты. Қаулылар, заң жобалары, тұжырымдамалар әзірлеу, оны келісу, бекітілгенге дейінгі барлық инстанциялардан өту және мұның бәрі бекітілген уақытта жүргізілуі тиіс.

Әрине, кезекті бір қаулы-қарар бекітілді дегенде, Сіздің төбеңіз көкке сәл-ақ жетпей қалады. Мемлекеттік қызметтегі бақытты сәттердің бірі осы.

Хош, сонымен Сіз осы факторлармен келісіп,  мемлекеттік қызметкер атануға бел будыңыз. Мемлекеттік қызмет санаты қазір А және Б корпусы болып бөлінетінін білгеніңіз абзал. А корпусына іріктеу үстіміздегі жылдың жаз айларында аяқталды. Бұл саясатты қалыптастырып, тікелей шешімдер жасайтын, өкіметтің тізгінін қолда ұстайтын азаматтар.

Ал «Б» корпусы осы шешімдерді жүзеге асырушы тұлғалар десе де болады.

Мемлекеттік лауазымға өту үшін ең адымен тестілеуден өту керек.

Сынақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінде немесе ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Алматы, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Өскемен, Орал, Петропавл, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Талдықорған, Ақтөбе, Ақтау және Шымкент қалаларындағы аймақтық тестілеу орталықтарында өтеді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде  тест тапсыру үшін Сіз Астана қаласының әкімдігіне

1. Өтініш (нұсқасын сайттан табуға болады);

2. бiлiмiңіз туралы құжаттардың көшірмелерін (салыстыру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариатта куәландырылған);

3. еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін (салыстыру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариатта куәландырылған);

4. ЖСН бар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырасыз.

Егер сіздің еңбек өтіліңіз болмаса немесе лауазым санаты бойынша жұмыс өтілі талап етілмесе, еңбек кітапшаңыздың көшірмесін тапсырудың қажеті жоқ.

Өтініште тест тапсыру күнін қалауыңызша белгілейсіз. Содан тестілеуге дайындық басталады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтындағы онлайн-тестілеуден өтіп, біраз жаттығуыңызға болады. Бірқатар сұрақтар сонда бар. Ал Заңдарды оқу міндетті, әсіресе мерзімдерден шатаспауыңыз қажет. Мәселен Бас прокурор, Сенат, Мәжіліс депутаты  неше жылға тағайындалатыны/сайланатыны, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдері, олардың түрлері және т.б. мәліметтерді жадыңызға сақтап алғаныңыз дұрыс.

Аттестациялауға жататын «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді тестілеу бағдарламалары:

1) А-1, А-2, А-3, А-4, В-1, В-2, В-3, С-1, С-2, С-3, С-О-1,

С-О-2, С-О-3, C-R-1, D-1, D-2, D-3, D-О-1, D-О-2, D-О-3, Е-1, Е-2, E-R-1 санаттары үшін:

мемлекеттік тілді білуге тест (20 тапсырма);

логикалық тест (10 тапсырма);

Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестке Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы»  (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» (15 сұрақ) Конституциялық заңдарын, «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Әкімшілік рәсімдер туралы» (15 сұрақ), «Нормативтік құқықтық актілер туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ) Заңдарын бiлуге арналған сұрақтар, сондай-ақ мемлекеттiк органның жұмыс ерекшелiгiн ескере отырып, осы мемлекеттiк органмен әзiрленетiн (және ұсынылатын) нормативтiк құқықтық актiлердi (15 сұрақ) бiлуге арналған тест сұрақтары кiредi;

 

басқа санаттар үшін:

мемлекеттік тілді білуге тест (20 тапсырма);

логикалық тест (10 тапсырма);

Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестке Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы»  (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» (15 сұрақ) Конституциялық заңдарын, «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Әкімшілік рәсімдер туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ) Заңдарын бiлуге арналған сұрақтар, сондай-ақ мемлекеттiк органның жұмыс ерекшелiгiн ескере отырып, осы мемлекеттiк органмен әзiрленетiн (және ұсынылатын) нормативтiк құқықтық актiлердi (15 сұрақ) бiлуге арналған тест сұрақтары кiредi.

 
 

Тестілеу Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде сағат 10-00 ден немесе 15-00 ден бастап өткізіледі. Сынаққа кірерде қалта телефоныңызды, қағаздар мен сөмкеңізді шеткі үстелге қалдырып кетесіз. Осы  тұста шпаргалка пайдалану мүмкіндігі болмайтыны туралы ескерткен дұрыс шығар. Камералармен жабдықталған кабинетте сондай-ақ техникалық қызметкерлер де қадағалап отырады. Көршіңізбен сөйлесуге де мүмкіндік болмайды. Тәртіпті бұзсаңыз, тестілеуді аяқтауға мүмкіндігіңіз болмай қалуы ықтимал.

8 заң бойынша тест тапсыратын азаматтарға 2 сағат 10 минут, 9 заң бойынша бақ сынайтындарға 2 сағат 20 минут уақыт беріледі.

Тестілеуден қажетті балды жинаған жағдайда, компьютеріңізде басып шығару деген белгі шығады. Әдемі бланкте шығарылған сертификатыңызды Астана қаласының әкімшілігінен алып кете аласыз.

Сертификат алған күннен бастап 1 жылға дейін жарамды.

Тестілеуден сәтті өткен жағдайда, агенттіктің сайтынан немесе «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газетінен бос лауазымдар туралы конкурстарды бақылап жүресіз.

Біліктілік талаптарына сай келемін және осы органда қызмет еткім келеді деп тапсаңыз, қажетті құжаттарды жинап  хабарландыру соңғы жарияланған күнінен бастап 10 жұмыс күннің ішінде қажетті мекен-жай бойынша тиісті мемлекеттік органға тапсырасыз.

Конкурс комиссиясының қарауына құжаттарды өзіңіз тапсыруыңызға немесе поштамен жiберуіңізге болады.

Келесі кезең, конкурс комиссиясымен сұхбаттасуға дайындық.

Ең адымен, меморганның сайтын қарап, негізгі құжаттарымен танысып шыққан дұрыс.  Президенттің 2050 даму стратегиясымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды, меморганның стратегиялық жоспарын, регламентін, негізгі атқаратын қызметін, қысқаша тарихын, жүргізіп отырған саясатын, индикативті көрсеткіштерін, жұмысының негізгі бағыттарын, мақсат-мүддесімен танысып, қосымша БАҚ-та жарияланған материалдарды қарап шығу қажет.

Мәселен, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне әңгімелесуге шақырылған болсаңыз, республикалық және мемлекеттік бюджеттің айырмасын, ЖІӨ деңгейі, экономикалық көрсеткіштерді немесе негізгі салық ставкаларын білгеніңіз жөн. Әрине, барлығы тапсырып отырған қызметке байланысты, Сыртқы саясат департаментінің сарапшысы лауазымына үміткер болсаңыз, міндетті түрде Кеден одағы, ДСҰ-ға мүше болу, интеграция мәселелерінен жақсы хабардар болуыңыз керек.

Өңірлік даму министрлігіндегі лауазымға үміткер болсаңыз, сәйкесінше негізгі құжаттарды: өңірлік даму, моноқалаларды дамыту, ондағы түйткілді мәселелер, бизнестің жол картасын, құрылыс және сәулет саласындағы жаңалықтарды білген абзал.

Тағы бір назар аударарлық жайт, құжаттарыңызды бір органда бірнеше лауазымға қатар тапсырудың кері әсер беретіндігі. «Екі қайықты ұстаған суға кетедінің» кебін киюіңіз ықтимал. Сұхбат барысында нақты мақсатыңыз бен біліктілігіңіз болмай, әйтеуір дипломыңыз сәйкес келуіне байланысты тапсырдымның сыңайын танытсаңыз, мемлекеттік қызметке өтем деген оймен қоштаса беруіңізге болады.

Сұхбаттан сүрінбей өткен үміткерлер Ұлттық қауіпсіздік комитетінен арнайы тексерістің қорытындылары келгенше қызметке міндетін атқарушы ретінде тіркеліп, жұмыс жасайды.

Мемлекеттік қызметкердің ант қабылдау рәсімі әдетте салтанатты түрде белгілі бір мемлекеттік мереке қарсаңындағы жиында өткізіледі. Мәтінін мемлекеттік тілде жатқа айтқан абзал.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік
әкімшілік қызметшісінің
АНТЫ

"Мен, Қазақстан Республикасының азаматы _______________________________ (Т.А.Ә), мемлекеттік қызмет атқаруды қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру ретінде бағалап, Қазақстан халқы алдындағы өзімнің биік жауапкершілігімді сезіне отырып:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, өзімнің барлық іс-қимылымда заңдылық, әділеттілік, әділдік пен адалдық, азаматтық және ұлтаралық татулық принциптерін басшылыққа алуға;
- Қазақстан халқына адал және біліктілікпен қызмет етуге, мемлекет мүдделерін қорғауға және Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жүргізуге;
- Республика азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының шектелуіне жол бермеуге салтанатты түрде ант етемін.
Менің осы антымды бұзудың мемлекеттік қызметші абыройлы атағымен сыйыспайтынын ұғынамын".

 
0
0
787

Шетелде білім алу: Oklahoma State University

Бүгін шетелдегі жоғары білім жайындағы тұрақты айдарымыздың кейіпкері Нұрбек Еңсебаев. Нұрбек Америкадағы Oklahoma State University жоғары оқу орнын энергетика мамандығы бойынша тәмамдап, өзінің көрген-білгенімен, алған әсерімен бөлісуге дайын.

- Оклахома Университетіне оқуға қалай түстің?

- Мен ең алдымен Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университетіне оқуға түстім, жарты жылдан кейін Болашақ бағдарламасымен төрт жылға Америкаға кеттім.

- Қай мамандықты таңдадың?

- Менің мамандығым - энергетика. Electrical Engineering факультетінде Power Electrical Engineering мамандығын таңдадым.

- Америкадағы оқу жүйесінің қандай ерекшеліктері бар?

- АҚШ-та оқытатын энергетиканың ТМД елдерінде оқытатын энергетикадан біраз айырмашылығы бар. Батыста бағдарламалау мен микроэлектроникаға аса зор мән беріледі. Сондықтан ол жақтан энергетика мамандығын меңгеріп келгендер программист болып әбден жұмыс істей алады. Ал, мысалы, Мәскеуде энергетика мен электроника арасында осыншама тығыз байланыс жоқ.

- Американың жастары қандай?

- Ол жақтың жастары спортта өте белсенді. Ал оклахомалық студенттерге келетін болсам, олар өте қарапайым және мейірімді. Мысалы, қала сыртындағы супермаркетке жеткізіп салуды өтінсең, ешқашан бетіңді қайтармайды.

- Есіңде қалған жағдайлар болды ма?

- Триатлоннан жарысқа қатысайын деген ойым бар еді. Ол жерде қашықтыққа жүгіру, жүзу және велосипед тебу сияқты үш сайыс болды. Қатысу үшін ақшамды тапсырып қойдым, бірақ өзімде велосипед болған жоқ. Достарыммен бірге күні бойы велосипед іздеп жүрдім, бірақ түк таппадым. Кешке қарай жатақхананың қасынан велосипедшіні кездестіріп, оған триатлонға қатысатынымды айтып едім, ол бірден өз велосипедін ұсынды. Атымды да, телефон нөмірімді де, тіпті мекен-жайымды да сұраған жоқ, тек сәттілік тіледі. Мен оның жатақханадағы бөлме нөмірін ғана сұрап үлгердім.

Жарыс аяқталған соң аталмыш жігітке велосипедін қайтарып беруге барғанымда, алғаш қойған сұрағы "Аяғына дейін жеттің бе?" болды. Өйткені кейбір қатысушылар дистанцияның ортасында жарыстан шығып жатты. Менің мәреге жеткенімді естігенде, ағайынымдай құшақтап, "Жарайсың" деді. Бұдан былай бір-бірімізді кездестірген жоқпыз.

- Тұрғын үй мәселесі қалай шешілді? Жатақханада тұрдың ба?

- Алғашқы екі жыл жатақханада америкалықтармен тұрдым, соңғы курстарда қазақстандықтармен бірге пәтер жалдадық.

- Бос уақытыңда немен айналысқанды жақсы көресің?

- Баскетболды сүйемін, жеті жыл бойы осы спорт түрімен айналыстым. Жатақханада тұрғанымда көршім ковбой болды. Бірде оған сүйікті қызы ойыншық бұқа сыйлады, ал жігіт болса бос уақытында сол ойыншыққа лассо лақтырып, өзіне қарай тартатын. Мен алғашында түсінбейтінмін. Сұрақ қойғанымда көршім жауаптың орнына менен "Ал сен есікке неге баскетбол сақинасын іліп қойдың?" деп сұрады. Мен үшін баскетбол өмірімнің қандай маңызды бөлігі болса, ковбой көршім үшін лассо лақтыру да соншалықты маңызды екен.

- Спорттан тыс басқа да сайыстарда өзіңді сынап көрдің бе?

- Иә, екінші курста Miss & Mister International сайысына қатысып, үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) ән орындадым. Келесі жылы тағы өз бағымды сынағым келді, француз және испан тілдеріндегі әндерді таңдадым. Бұл конкурс тек студенттер арасынан үздіктерді анықтау ғана емес, халықаралық қарым-қатынас пен достықты нығайту үшін ұйымдастырылған деп есептеймін. Өз басым Mister International атанбасам да, көп жаңа дос таптым.

- Сүйікті кітаптарың қандай?

- Маған ең мықты әсер қалдырғандарынан Әбдіжәміл Нұрпейісовтың "Қан мен терін", Михаил Шолоховтың "Тихий Донын" және Джеймс Крюстің "Тим Тайлерін (немесе Күлкісін жоғалтқан бала)" атағым келеді.

- Шетелге, әсіресе Америкаға оқуға түскісі келетін жастарға қандай кеңес берер едің?

- Техникалық мамандықты таңдаудан бұрын, бағдарламалау мен электрониканың тым болмағанда негіздерін меңгеріп алған жөн. Мамандық таңдаудағы ең дұрыс шешім - өзіңізге ұнайтынын таңдау. Сонда ғана үйден алыста өткізген бірнеше жыл қас-қағымда өтіп кетеді және студенттік өмірден тек жақсы естеліктер қалдырады.

Cұхбаттасқан: Айжан Байтанова

Фото Нұрбек Еңсебаевтің жеке архивынан


«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

China University of Petroleum, Beijing

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Carl von Ossietzky Universität Oldenburg

Universität Greifswald

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: University of L'Aquila

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: Humboldt-Universität zu Berlin

Шетелде білім алу: İstanbul Üniversitesi

Institute of French Petroleum (IFP) School

Шетелде білім алу: Multimedia University of Malaysia


2
0
1799

«Дін және ұлттық мүдде» ҚР Дін істері агенттігі

Діннің қоғамдағы орны, оның сана-сезімге әсері күрделі, көп аспектілі мәселе. Соның бірі - дін мен ұлттық мүдденің арақатынасы деуге керек. Біріміз халқымыздың басын біріктіретін ең негізгі күш дін десек, енді біріміз ұлттық мүддені алдыға қоямыз. Сондықтан да «діннің орны жоғары ма, әлде төр ұлттық мүддеге тиесілі ме?» - дегенді талқыға салу маңызды сияқты.

Тіл, дін, тарих, фольклор, көркем әдебиет, музыкалық мұра, отбасы тәрбиесі, әдет-ғұрып т.б. халықтың сан ғасырлар бойы тірнектеп жинаған рухани-мәдени қазынасы жиынын «ұлттық құндылықтар» атаймыз. Ал, ұлттық құндылықтарды қайткен күнде де жоғалтпай сақтап қалу және әрі қарай дамыту шаралары мен іс-әрекеттерін жинақтап айтқанда «ұлттық мүдде» дейміз.

Жаратушы-құдірет барына шын сенім барлық ұлт, ұлыстардың жүрегін баулап, оларды таза ниетке, ізгі істер мен жарқын үмітке бастаушы феномен. Сол себепті дінсіздік және дін мен ұлтты бөлу жақсылыққа бастамайтыны кеңестік дәуір тәжірибесінен жақсы мәлім жәйт. Әйтсе де, дін – жоғарғы Рух, Құдаймен байланыс қана.

Ал, жер бетіндегі күллі қарым-қатынастың құралы қайсы десеңіз, ұлттық мәдениет пен құндылықтар алдыңыздан шығады. Сенсеңіз, сонау ескі дәуірдегі ақын-жыраулардан бүгінгі қазақ зиялысына дейін тек ұлттық мүддені діттеумен келді. Айталық, Абай дін насихатшысы емес, адам жанының, қазақ мінезінің білгірі болды. Оның мұрасынан нәр алған алаш арыстарының «таза ислам» мәселесін көтергені кәне. Әрбір адам алдымен қоғам алдындағы міндеттерін орындауы керек. Алаш арысы Смағұл Сәдуақасовтың: «Қазақ елі... мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып алуы керек» деп жазғаны сол.

Зиялы қауым өкілдері діннің емес, ұлттың дамуы мен жетілуі жолдарын қарастырды және мұсылманшылықты емес, «ұлттықты тану» деген мәселені алдыға қойды. Неге?

Мұны ұғындыратын Құран аяты бар: «Әй, адамзат! Бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, ұлыстар қылдық» деген («Хұжрат» сүресі, 13 аят). Бұл арада «Сендерді сынау үшін түрліше ұлт, ұлыс етіп жараттым. Қаласам, бір-ақ ұлт етер едім» деген астар бары анық. Демек, әрбір ұлт, ұлыстардың өзіндік кейпі, бет-бейнесі, келбеті болуы - Тәңірінің қалауы. Ұлттың таңдауы, қабылдаған ісі Құдай тағала тарапынан да қабылданбақ. Діни сана мен ұлттық сана жарысында соңғының орны әрқашанда қадірлі, төрде болатыны осы жәйтпен өз түсінігін табады.

Қорыта айтқанда, ұлттық мүдде басты айқындаушы күш болған және бола да бермек. Демек, діни құндылықтар ұлттық мүддеге қызмет етуге тиісті.

Осы пайым дәлеліне мысал-дәйектерге жүгінелік.

Баршаға аян, еврей халқы 2 мың жыл бойы тарыдай шашырап, тоз-тозы шықты. Оларды ұлт ретінде сақтап қалған құдірет - дәстүрлі діні, иудаизм. Яғни халықтың төл діні ұлттың мүддесіне қызмет етті. Бұл жалғыз ғана мысал емес.

Араб-ислам мәдениетінің шариғат іліміне негізделгені мәлім. Айталық, тек Құран мен Сүннәға сүйенген Мысыр, Палестина, Сирия тұрғындары бар болмысымен арабтанып кетті. Ислам мәдениеті мен араб мәдениеті қабыса табысты, өзара бірегей ұғымға айналды. Міне қазіргі «таза ислам» доктринасының араб елдерінде нық орнығуы нақ осы жәйтпен өз түсінігін табады.

Ал, парсы, түркі этностары араб-ислам мәдениетіне бас иіп, оны сол қалпында қабылдауға даяр емес-ті. Олардың араб болғысы келмеді. Дін ислам тарихында талас-тартыс осыдан бастау алады. Нақты айтқанда, парсытілді әлемде шииттік, түркітілді әлемде сопылық қозғалыс үстемдік құрды. Бір ғажабы, бұл бөлініс әлі күнге жалғасып келеді. Исламда ағымдар мен мазхабтардың пайда болуы да ұлттық мүдденің жемісі.

Бір сөзбен айтқанда, ұлттық мүдде мен мәдениетке дінді қарама-қарсы қою жақсылыққа бастамайды. Осы заманғы бір мысал. Жаңа діни қозғалыстардың бәрі дерлік жер жаһанға Еуропа немесе Азия мемлекеттерінен емес, тек мұхиттың арғы жағында ағылатыны несі? Өйткені, оларға құнарлы топырақ болып отырған АҚШ ұлттық емес, азаматтық сипаттағы мемлекет. Осыдан-ақ көп жайды аңғара аласыз.

Арамызда қазақы дәстүрлер діннен тыс деуімен араб ұлтының дәстүрін шариғатпен шатастырып жүргендер баршылық. Олар ұлттық деген дүниелерге мұрнын шүйіре қарап, онан мұсылмандық дәрежеміз кеміп қалатындай көреді. Шындығында ұлттық (кең мағынада этностық) мәдениет дәстүрлі дінге емес, керісінше, дәстүрлі дін (мұсылмандық мәдениет) ұлттық мүддеге қызмет етеді. Дінді ұстану жолындағы ерекшеліктер ұлттық мүддеден туады. Оған мысал-дәйектер мол.

Қарап отырсақ, радикалды діни ағымдардың (мейлі христиандық, мейлі исламдық болсын) ұстанымдары ұлттық мүддеге қиғаш келіп, дін мен жергілікті салт-дәстүрді соғыстырып қояды. Жат ағымдар мен секталар нақ осы мәселеге алақанын ысқылай кірісіп, өзара тез тіл табыса қалады. Яғни ұлттық құндылықтарды тәркі ету олардың ортақ сипаты болып табылады.

Адасқан ағымдар (салафшы, уаххабшы, такфирші, хибуттахрирші) әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Исламдық теріс ағымдардың өкілдері дінде жоқ нәрсенің бәрі - «бидғат» (жаңашылдық) деп тақылдайды. «Ширк» (Құдайға серік қосу) деп елді шатастырушылар өз алдына бір төбе. «Мадақ, құрмет бір Аллаға ғана лайықты» деп әулиелерді құрметтеуге, өткенге құран бағыштауға қарсы. О тоба, тіпті зират қиратушы радикалдар да төбе көрсетті. Дінге елшіл азамат болу, ұлт мүддесі жат, ол - «мүшрік» (діннен безгендік). Би, музыка тыңдау, театр, сурет салу, туған күнді тойлау – «күнә», «харам» (нәпсі сайтанға, жаманға бой ұру). Өздерін түсінгісі келмегендер - «жахилилер» (надан адамдар). Осылайша ислам атылған жамылған теріс ағымдар таяз суды әдейі лайлап, терең етіп көрсетеді.

Бір сөзбен айтқанда, дәстүрлі өмір сүру формасы күпір - діннен шығу болады да шығады. Олай болса, шатақ діндердің сүйеніп жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелгі доктрина - өздерінен басқаларды дінсіз, мұсылман емес деп білу, яғни тәкфир мәселесі. Құранға сүйенген ұлы Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» десе, тәкфірші шіркіндер өз қандасын да «кәпір» санап, жау балайды. Шындығында арабтың «кәпір» сөзі түпкі мағынасы, тәулиінде «қатігез, мейірімсіз» ұғымын береді. Бидғат, ширк терминдері де «Құранды молда теріс оқыр» дегеннің кері.

Шатақ дін жетекшілері туралыққа деп, сан ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтарды мойындамау, салт-дәстүр атаулыны сылып тастауға шақырып отыр. Ата-баба жолына адалдық танытпау (мәселен, өлген адамның жетісін, қырқын және жылын бермеу, дұға қылып, құран оқытпау, сол сияқты ата-ананы сыйламау, бүгінгі аға буынға құрметпен қарамау) әділдік пе?

Екінші - ислам дінінің заңдары қатал орындалуын талап ету, яғни жиһад мәселесі. Шариғат заңдарын қатал орындау арты - ұрпақтар сабақтастығының үзілуі, яғни не араб, не қазақ емес дүбәрә халыққа айналуға әкеп соғады. Онан кім ұтпақ? Ұлы Дала төсіне ислам таза қазақи дәстүрлермен ұласып, жергілікті салт-сана, әдет-ғұрыпты сіңіре білген ханафи мазхабы бойынша таралды емес пе.

Ислам әлеміндегі өзінің бағытын «тура жол» деп ұғып, «шахид»-тік идеяның шырмауына арбалып, құрбан болуға дейін барғандарды көгілдір экраннан күнде көріп, естиміз. Құран аяты: «Кім ақылын пайдаланбаса, Алла соларға азапты үйіп-төгіп береді» (Юныс сүресі, 100 аят) демекші, жиһад мәселесі білместіктен, яғни аят, хадисті ақылға салмаудан, ақиқатты бұрмалаудан туады. Біреудің қанын төгу - күнәнің үлкені. «Қиянат - әділеттің дұшпаны» дейді Абай. Сондықтан қиянат барлық қасиетті жазбаларда сөгілген. Психолог мамандардың сөзінше, өзін-өзі жарып жіберуге итермелейтін террористік идеологияның тамыры - мейірім, махаббат сезім жетіспеушілігінде. Бұл сезімдер жоқ жерде, әділдік те жоқ. Мінеки, қай қырынан қарасақ та, ұлттық мүддені тәркі етіп, тек «таза ислам» ұранын көтерген «турашыл» ағымдардың зардабы мол.

Ақиқатында, ұлттық және діни құндылықтар қарама-қарсы бола алмайды. Олардың мақсаты ортақ, айналып келгенде адамдық тәрбиеге саяды. Екеуі де қоғамның рухани саулығы, адамгершілік, имандылық деген асыл мұраттар бойынша бір сағаға құяды.

 

Асан Омаров, ҚР Дін істері агенттігінің ғылыми қызметкері

 
0
0
723

Ғажайып аралға саяхат

Таңғы 5:30-да ұялы телефонның қоңырау сағаты жұбайыларды ұйқыларынан оятты. "Тағы 5 минут..." деген ой біріші келгенімен, күйеуінің: "Аэропортқа жетуіміз керек!!!" деген сөзі бұлардың бүгін сапарға ұшатынын есіне түсірді. Екеуі атып тұрып, ваннаға қарай жүгірді.

Ол таңда шапшаң болмайтын. Мең-зең, шалаұйқы, күйеуіне таңғы асты да әзірлеуге шамасы жоқ еді. Қайта таңғы асты (сүтпен араластырылған жүгері қауыздарын) күйеуінен күтетін.

Шайдан соң ұйқыларынан мүлдем оянған екеуі чемодандарын алып, тысқа шықты.

Олар автобус аялдамасына қарай тартты. Бүгін аэропортқа автобуспен баруы бірінші рет еді. Осы автобустар таңғы 6-да жүре ме деген күмәндары да жоқ емес. Әйтеуір, Гуглдың айтуынша, 10 минутта келуі тиіс.

Автобус та келді. Автобуста адамдар да бар екен, көбісі мексикандықтар. Олар мейрамханаларда, тағы басқа жерлерде аспаз, ыдыс жуушы сияқты физикалық қызмет жасайды. Құмырсқа сияқты еңбекқор да, қара күштері көп. Бір қария мексикандық оған: "Бас киімің әдемі екен!" деп комплимент айтты.

Олар бір сағаттан кейін аэропортқа да жетті. Құжатты тексерген офицер оның үлкен ақ панамасына қарап: "-Сендер қыздар бүгін бәрің үлкен панама киіп алғансыңдар ғой? Қайда жол тартасыз?", - деді. "-Гавайиға!", - деді ол қуана. Гавайиға бұл баруы алғашқы рет.

Ұшақ сәл-пәл сілкінулерден кейін, Мауи аралының аэропортына қонды. Адамдардың жүздері күлімсіреп, келе жатқан демалысты бастауға әзір екені аңғарылады.

Ұшақтан түсе сала ыстық та ылғал ауа біртүрлі үйреншіксіз, аптап қыздырып барады. Үлкен ақ панаманы киіп келгені қандый жақсы!

Машинаны жалға беретін жерге келіп, машиналады таңдай бастайды. Аптап ыстықтан ба, қызмет көрсетуші қыздың ынжықтығынан ба, күйеуінің шыдамы таусылып бір дәу сұр Мазда 6-ны таңдады. Екеуі де бұл таңдауға мәз емес. Жарайды, әйтеуір жүріп тұрса, баратын жеріне жеткізсе болды.

Біраздан соң қонақ үйлеріне де жетті. Ол Пайиа деген ауданда орналасқан. Бұл хиппилердің ұнатып, жайғасып алған жерлері екен. Көшеде екі хиппи қыз өздерінше бір әшекейлерді сатып отыр. Жолдың арғы жағында бір голландиялық сүт сауушы қыздың киімін киіп алған әйел "Хари Кришна" деп ән салып жатыр. "Бұлар жайларымен жүріп, бізге жабыспаса игі" деп ойлады ол.

Қонақ үй - екі қабатты, кішкентай ғана үй. Көріксіз көрінгенімен интернеттегі сипаттамалары өте жақсы. Сыртқы есігі даладағы нешетүрлі хиппилер кірмесін деп, әрқашан кілттеулі екен. Ресепшндеғы қыз оларды ішке кіргізді. Алайда бөлме әлі дайын емес деп, үш сағат күтуді сұрады. Бұл уақытта бұлар жолдың ар жағындағы балық маркетіне барып, Гавайидің дәмді балығына тойып алды.

Үш сағаттан кейін бөлмелері де дайын болып, екеуі номеріне барып жайғасты. Бөлме тар екен. Есікті ашқанда жарты метрден кейін кереует басталып, сонымен бөлме бітеді. Бөлменің ішіндегінің бәрі кішкентай ғана. "LCD телефизор бар" деп аузын толтырып айтқан ресепшн қыздың суреттеген телефизоры қабырғадағы орташа суреттен үлкен емес. Өзіңді Париждегідей сезінесің. Париждегі люкс номер осындай болады екен.

Кешке олар Мауидің ең атақты мейрамханасына барды - Feast at Lele (Леледегі той). Жай мейрамхана емес, бұл шоу. Келгендердің бәріне мойындарына орхидеялардан жасалған герлянданы тағады. Бұтына тек орамал орап алған келбетті де модель мүсінді официант бұларды отыратын столына жеткізді. Шоу да, ас та бәріне бір уақытта басталады. Официант мәзірді ұсынды. Төрт бөлімнен тұратын мәзір белгісіз тағамдардың, ингредиенттердің аттарына толы. Әр бөлім бір аралдың атына сәйкес келеді - Гавайи, Аотеароа, Самоа, Таити.

Күн бата бастағанда жүргізуші шығып Гавайидің тарихын баяндап берді. Гавайиға бірінші аяқ басқан адамдар - Полинезиялыңтар. Олар осы ғасырдың 200-600 жылдарында бұл аралдарға жүзіп келді. Жұлдыздарға қарап, қайықпен мыңдаған шақырым жерді жүзіп өткен! Қандай батылдық десеңізші!

Шоу немесе той әр аралдың тақырыбында болып, түрлі билер көрсетілді. Сол арал бөлімінен мәзірден барлық тағамдар әкелінді. Той деп осыны айт!

Жауды қорқыту үшін полинезиялықтардың еркектері тілдерін көрсетеді екен.

Түнгі он екіден кете он екі тағамды жеп, он екі биді тамашалаған бұл екеуі қонақ үйлеріне қайтты. Ертең жаңа күн. Ертең де ерте тұру керек. Бұл туралы келесі жазбада айтылады.

1
0
1268

Танкистер жазғы оқу-жаттығу кезеңін аяқтады

Алматы облысындағы «Көктал» полигонында батальондық-тактикалық жаттығу өтті. Оған Құрлық әскерлері танк бөлімшелерінің әскери қызметшілері қатысты.

Жаттығу барысында бөлімше шабуылға дайындық шараларын орындады, Т-72 танкісінің штаттық снарядтарымен жауынгерлік атыстардың, сондай-ақ артиллериялық қарудан тактикалық іс-қимылдарын пысықтады. Атыс жүргізу, маневр жасау тактикалық іс-қимылдары кезінде бөлімшенің жеке құрамы ұйымшылдық таныта білді.

Батальондық-тактикалық жаттығудың жалғасы әскери қызметшілердің тұрғылықты орнына 200 шақырымдық марш жасауымен аяқталды.

Өткізілген жаттығу бригаданың жазғы оқу кезеңінің аяқталғандығынан хабардар етті. Далалық жаттығуларды өткізу кезінде жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыратын, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды пысықтайтын маңызды тапсырмалар жүзеге асырылды.

strategy2050.kz

0
0
579

Жасөсіпірімдер арасында ІІІ Еуразия ойындарында Қазақстан құрамасы көш бастап келе жатыр


Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Беларусь елдері жасөспірімдерінің ІІІ Еуразия ойындары өтіп жатыр.

17 қыркүйек күнгі есеп бойынша қазақстандықтардың қоржынында 14 алтын, 11 күміс, 4 қола медаль бар. Ресейліктер 14 алтын, 9 күміс, 6 күміспен екінші орында келе жатыр. Беларусь құрамасында 1 алтын, 2 күміс, 4 қола, ал Тәжікстан құрамасында 2 күміс, 3 қола бар. Қазақстан құрамасы командалық сында велоспорт бойынша шосседегі жарыс пен спорттық гимнастикада үздік шықты. Ал жекелей сында көпсайыстан Аким Мұсаев, ауыр атлетикадан Альберт Линдер (69 кг), грек-рим күресінен Алихан Ашмахан (35 кг), Ернұр Фидахметов (50 кг), Райымбек Құрманали (58 кг), таэквондодан Артур Ким (48 кг), Аяулым Сұлтанбаева (52 кг), Сұлтан Қалибекұлы (73 кг), Еркебұлан Абылхас (78 кг), дзюдодан Адия Саин (40 кг), Ескендір Юсбеков (55 кг), Бауыржан Жауынтаев (60 кг) топ жарды.

АЛМАТЫ.  ҚазАқпарат - Автор: Ерлік Ержанұлы
 
0
0
397

Дэвис Кубогы бойынша Қазақстанның қарсыласы анықталды


Голубев

Қазақстан Дэвис Кубогының әлемдік тобының алғашқы раундында Бельгиямен ойнайды, деп хабарлады Vesti.kz. Турнирдің жеребе салуы бүгін Лондонда болып өтті.

Қазақстандық команда үшін алдағы кездесу Астана қаласында қаңтардың аяғында өтеді. Турнир кестесінде құрама сегізінші орында екендігін атап өтейік.

Былтырғы жылы Қазақстан турнирдің жартылай финалына дейін жетіп, онда трофейдің қазіргі иегері Чехияға есе жібергендігін естеріңізге саламыз.

 

АСТАНА. ҚазАқпарат

 
0
0
352

Алматыда гольфтен дәстүрлі «Kazakhstan Open» турнирі басталды

Бүгін Алматыдағы «Нұртау» гольф-клубында кәсіпқой гольфшілер арасында ІХ «Kazakhstan Open» турнирі басталды.

«European Challenge Tour» аясында өтіп жатқан бұл жарысқа биыл 132 спортшы қатысуда. Оның 100-і — Челлендж-тур рейтингінде үздіктер қатарында тұрғандар. Онда ел намысын кәсіпқойлар арасында Константин Лифанов, Марк Николс, Андрей Павлов, Александр Вонгай, Куртис Клемент, Александр Майоров, Сим Джей Донг, әуесқойлар арасында Канг Буюнг Ку пен Дәулет Төлеубаев қорғамақ.

Жүлде қоры 400 мың еуроны құрайтын бұл турнир European Challenge Tour додасындағы ең ірі жарыстардың бірінен саналады. Елбасының бастамасымен 2005 жылдан бері ҚР Гольф федерациясы тұрақты ұйымдастырып келе жатқан бұл бәсекенің негізгі сайысының алдында өтетін Pro-Am (мастер-класс) матчы қазақстандық әуесқой гольфшілердің кәсіпқой спорт майталмандарымен бір командада өнер көрсетіп, тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.

АЛМАТЫ.   ҚазАқпарат - Автор: Ерлік Ержанұлы
 
0
0
276

Жоғары хокей лигасында «Қазцинк — Торпедо» көш бастап тұр


Кеше Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедосы» сырт алаңда «ВМФ-Карелия» (Карелия Республикасы, Ресей) командасын жеңіп, ұпай саны жағынан Жоғары хоккей лигасында бірінші орынға көтерілді.

Кешегі ойын — «Қазцинк-Торпедо» хоккейшілерінің сырт алаңдағы алғашқы матчы. Бұған дейін олар өз алаңында үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеткен. Осы жолы да «Қазцинк-Торпедоның» мерейі үстем болды. Ойынның бірінші кезеңінде-ақ Өскемен хоккей клубының жігіттері қарсыластардың қақпасына үш бірдей шайбаны кіргізді. Константин Савенков дубльдың авторы атанса, Евгений Рымарев үшінші шайбаны шебер сала білді. Одан кейін Юрий Сергиенко «ВМФ-Карелияның» қақпашысын төртінші рет қапы қалдырды. Қарсыластар болса, ойынның әрбір кезеңінде бір-бір шайбамен жауап берумен болып, есеп айырмасын 4:3-ке дейін қысқартты. Алайда одан аса алмады. Ойын осымен аяқталды.

Осылайша, Өскеменнің «Қазцинк-Торпедосы» сырт алаңда өткізген алғашқы ойында жеңіске жетіп, тағы үш ұпайға қол жеткізді. Қазір төрт ойынның қорытындысы бойынша, оның еншісінде 12 ұпай бар. Соның арқасында «Қазцинк-Торпедо» Жоғары хоккей лигасының жалпы турнирлік кестесінде бірінші орынға көтерілді.

АСТАНА. ҚазАқпарат - Автор: Арман Асқаров
 
0
0
409

Хоккей: «Барыстың» бүгінгі қарсыласы — «Югра»


Бүгін Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы аясында «Барыс» хоккей клубы сырт алаңда алғашқы ойынын өткізеді. Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында ол жергілікті «Югра» командасымен кездеспек.

Айта кеткен жөн, ҚХЛ-дың жаңа маусымына дейін «Барыс» пен «Югра» бірнеше рет кездесіп, күш сынасып көрген болатын. Тамыз айында олар ҚР Президенті кубогы үшін халықаралық турнирде ойнаған. Ол кезде екі рет қатарынан «Барыстың» мерейі үстем болды. Ал соңғы Иван Ромазан атындағы хоккей додасында «Югра» өз есесін қайтара білді. Алайда барлық матчтарда екі команданың да дайындығы бірдей екендігі барынша байқалды. Таразы басы да бірде «Барысқа», бірде «Юграға» ауып тұрды. Ал ЖХЛ-дың жалпы турнирлік кестесіне қарасақ, астаналық клубтың бір қадам алда екендігін көруге болады. Мәселен, «Югра» соңғы бес ойында үш рет жеңіске жетіп, екі мәрте ұтылса, «Барыс» бес матчтың төртеуінде қарсыласынан басым болды.

Бүгінгі ойын Астана уақыты бойынша кешкі сағат 19:00-де басталады. Оны «KAZsport» телеарнасынан тікелей эфир арқылы көруге болады.

АСТАНА. ҚазАқпарат - Автор: Арман Асқаров
 
0
0
395