Шетелде білім алу: Multimedia University of Malaysia

Алия 2013 M08 26
3296
0
5
0

Бүгінгі кейіпкеріміз Малайзияның алғашқы жекеменшік университеті Multimedia University-дің түлегі Ернар Әмірғалиев. Бұл жоғары оқу орны Азиялық жекеменшік университеттері рейтингісінің үздігі...

Бүгінгі кейіпкеріміз Малайзияның алғашқы жекеменшік университеті Multimedia University-дің түлегі Ернар Әмірғалиев. Бұл жоғары оқу орны Азиялық жекеменшік университеттері рейтингісінің үздігі, Малайзия мемлекеті тарапынан жоғары бағаға (Tier 5) ие болған.

- Сәлем, Ернар! Алдымен өзің жайлы қысқаша айтып өтсең?

- Екібастұз қаласынанмын, мектеп табалдырығын он екінші мектептен аттап, кейін жиырма екіге ауыстым. Ол кезде біздің мектеп әлі гимназия атағын иеленбеген еді. 2007 жылы гимназияның математикалық сыныбын бітірдім.

- Ал Малайзияға оқуға қалай түстің?

- Мектеп бітіргеннен соң Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түстім, таңдаған мамандығым «Ақпараттық жүйелер болды». 2009 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Малайзияға кеттім, ол жақта таңдағаным Software Engineering болды. Үш жыл ішінде шетелдегі оқуымды аяқтап, 2012 жылдың жазында Қазақстанға оралдым. Сол жылдың күзінен Arta Learning Solutions компаниясында java және web әзірлеуші болып жұмыс істеймін.

- Неліктен Малайзияны таңдадың?

- Шынын айтсам, мен «Болашақпен» оқуға түскен жылы таңдайтын мемлекеттер тізімінде Америка болған жоқ. Ал достарым Малайзияға оқуға түспекші болатын. Соларға қосыла салдым (күліп). Және Малайзия IT саласында өте дамыған ел. Еуропаға қарағанда арзанырақ ел болғандықтан, көп developer-лер Малайзиянікі. Өзім оқу кезінде үш ай голландиялық Quintiq компаниясында тәжірибеде болдым. Олардың бас офисі Еуропада болғанымен, негізгі жұмыс Азияда жасалады. Мысалы, Малайзияда 120 developer жұмыс істейді.

- Малайзия және Қазақстанның оқу жүйесінде қандай айырмашылықтарды байқадың?

- Біздің жүйе кредиттік деп саналады, бірақ ол әлі кредиттік емес. Малайзияда, мысал үшін, әр студенттің өз мамандығының дипломын қолына алу үшін міндетті оқитын пәндер тізімі болады. Бірақ, ол пәндерді қашан оқитынын студент өзі шешеді. Кестені таңдау деген өзіңе ұнайтын уақыт емес, берілген бірнеше нұсқадан ең ыңғайлысын таңдап алу. Кейбір сабақтар жылына бір ғана рет беріледі, оны уақытында алмасаң, келесі жылға дейін күту керек.

Біздегідей екі семестр емес, Малайзияда үшеу. Және олар триместр деп аталады. Дәрістерде конспект жазу міндетті емес, бастысы – берілген білімді меңгеру. Лекцияны онлайн алуға да болады, емтихан алдында қайталау үшін өте ыңғайлы. Дәріс кезіндегі уақытты конспект жазуға емес, материалды түсініп, туындаған сұрақтарды қойып, дәл сол жерде жауабын алуға жұмсайсың.

Емтихандардың бәрі жазбаша. Тестілеу мен ауызша емтихан жоқ, сондықтан, білімің болмаса, жазатын жауабың да болмайды. Емтихан парақтарын тексеру де өзгеше. Студент өзінің аты-жөнін емес, жеке нөмірін (Student ID) жазады да, мұғалім кімнің жұмысын тексеріп жатқанын білмейді. Кейін бағаның объективтілігінде күмән болмау үшін, қойылған бағаны басқа мұғалімдер тексереді.

Малайзияда мектептен кейін бірден университетке түсу қиын, тек белгілі бір тестерді тапсыру арқылы түсуге болады. Ал басқалары Foundation оқып, содан кейін ғана жоғары оқу орнына түсе алады. Ал біздің орта білім жүйеміз сол Foundation бағдарламасының кейбір сабақтарын қамтиды. Мысалы, мен Қазақстанда екі жыл оқыдым, сондықтан Малайзиялық университетке түскен кезде Foundation оқыған жоқпын.

- Малай елінің жастары қандай?

- Малайзияның астанасы Куала-Лумпур жастары мен басқа жерлерден келген жастар арасында үлкен айырмашылық бар. Егер физиологиялық тұрғыдан қарасақ, біз тезірек дамимыз. Жиырма бестер шамасындағы малайзиялық жастар біздің мектепте оқитын он алты-он жетідегі жасөспірімдермен бірдей. Түрінен басқа, олардың көбінің сана-сезімі де сондай, кішкентай бала сияқты. Айтқаныңа сеніп қалады, өте ақкөңіл. Меніңше, бұл малайзиялықтардың мейірімділігінен. Өздері кішіпейіл, қарапайым, қайырымды болғандықтан, басқалардан да жамандық күтпейді. Тағы байқағаным, темекі мен арақ өте аз, ал спортқа деген ынта өте көп.

- Оқудан басқа шараларға қатысып көрдің бе?

- Иә, шетелде болған соң, барлық іс-шараларға атсалысуды жөн көрдім. Мысалы, Қызыл жарты ай қоғамының мүшесі болдым. Су басу мен өрт кезінде адамдарды құтқару, гуманитарлық көмек жайында көптеген жаңа нәрселер үйрендім, көп адамға тамақ дайындау әдістерімен де таныстым, қан тапсырып отырдық. Кейіннен суға кеткен бір үндісті құтқарып қалдым.

Жүзу клубына да қатыстым, програмистер ұйымында да болдым. Сол жердегі командамызбен программалау сайысында Малайзия бойынша үшінші орынды иелендік.

- Тұрғын үй мәселесі қалай шешілді?

- Екі айдай жатақханада тұрдым. Ол жақта жатақхана тек жыныс бойынша ғана емес, дін бойынша да бөлінеді екен.

Бірақ жатаханада кондиционер қосуға болмайды, ал суық Қазақстаннан ыстық әрі ылғалды Малайзияға барған біздерге бұл біраз қиыншылық тудырып, кейіннен біз пәтерге шығып кеттік. Пәтер ақысы әр адамнан айына жүз немесе жүз елу доллардан аспайтын. Үйде бассейн, сауна, тренажер да болды.

- Ел қымбат емес, студенттік өмір қызықты. Малайзияда оқудың қиыншылықтары бар ма?

- Біраз қиыншылықтар бар. Кейбіреуіне климат жақпайды, кейбіреуі жергілікті тамақты жей алмайды. Бірақ оның бәрін шешуге болады. Жәндіктер мен кесірткелер көп, кейде үйдің ішіне де кіріп кетеді. Денсаулық сақтау саласы мүлдем басқа, үйдегідей анализ тапсырып жатпайсың, дәрі бере салады да, қоя береді.

- Есте қалған қызық жағдайлар болған шығар?

- Иә, бірде лифтке кірсем, екі орыс қызы тұр. Біреуі «Мына жігіттің қазаққа ұқсайтынын қарашы!» дегенде, бұрылып, «Иә, мен қазақпын» дедім. Қатты таң қалды (күліп).

- Қазір қандай кітап оқып жүрсің?

- Інім «Ботаники», изменившие мир» деген кітап сыйлаған, соны оқып бітірдім. Ежелгі заман философтарынан қазіргі кездегі өте ақылды адамдар туралы барлық қызықты деректер бір кітапта жиналыпты.

- Шетелге, әсіресе Малайзияға оқуға түскісі келетін жастарға қандай кеңес берер едің?

- Оқуға барған кезде, басты мақсатың оқу екенін ұмытпау керек. Бірақ қоғамдық өмірдің де бар екенін есте сақтаған жөн. Қазақ болғасын тек қазақтармен емес, басқа да ұлт өкілдерімен араласқан дұрыс, жер шарының түкпір-түкпірінен дос табасың. Әлемге деген көзқарасың өзгереді, көптеген жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдарынан емес, кәдімгі адамдардан білім отырасың.

Күнделікті өмір жайында кеңес беретін болсам, өз дәрілеріңді алып барыңдар, таба алмай қалуларың мүмкін.

Сұхбаттасқан: Айжан Байтанова

Фото: Ернар Әмірғалиевтің жеке архивынан


«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

China University of Petroleum, Beijing

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Carl von Ossietzky Universität Oldenburg

Universität Greifswald

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: University of L'Aquila

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: Humboldt-Universität zu Berlin

Шетелде білім алу: İstanbul Üniversitesi


Редакцияның рұқсатынсыз материалды өзге сайттарға көшіруге жол берілмейді


Оцените пост

5