Шетелде білім алу: Universität Greifswald

Алия 2013-1-15 22:49
3797
6
0
5

Екібастұз қаласының тумасы — Салтанат Бейсенова Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде биология мамандығының докторантурасында білім алып жүріп, қазігі кезде Алманиядағы Э.Морица атындағы..

Қазақтың білім-ғылым жолын насихат еткен аузы дуалы шешендері мен данышпан даналары көп болғаны тарихтан белгілі. Сондықтан, болашағымызды жарқын ететін қыз-жігіттеріміздің білімсіз болуға хақысы жоқ.


Екібастұз қаласының тумасы Салтанат Бейсенова Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде биология мамандығының докторантурасында білім алып жүріп, қазіргі кезде Алманиядағы Э.Морица атындағы Грайфсвальд университетінде ғылыми білімін жетілдіріп жүр. Осы материалда «Шетелде білім алу» айдарының жалғасы ретінде болашақ философия (PhD) докторымен болған сұхбатымызды ұсынамыз.


— Салтанат, білімнің ғылым атты жоғары сатысына қалай келдің? Бұл саланы таңдауының себебі неде?

— «Жастық, жалынды шақ — бұл тамаша дүние, оны рәсуа ету қылмыс». Атақты ағылшын жазушысы Бернард Шоудың осы сөзінде терең мағына бар. Бұл — «жас болсаң, күш-қуатың мен ерік-жігеріңді аямай еңбек ет, арманыңа қол жеткіз» — деген сөз ғой. Құдайға шүкір, өмірімде осы сөзді көкейге тоқытқызып, алға жетелеген жаны жайсаң азаматтар кездесті. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде ұстаз болуды мақсат еттім. Орта мектепті тәмамдаған соң Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына (ПМПИ) биология пәнінің мұғалімі мамандығына түстім. Кейін осы жоғары оқу орнының магистратурасына түсіп, ұстаздық мұратым ғалым болу арманына айналды. Осындай қадамға баруға әкем Арын-Рашид Бейсенов пен инстититуттағы ұстазым биология ғылымдарының докторы, профессоры Жанат Мұқатаева септігін тигізді.

— Бүгінде ғылым саласында жастар аз, ғылым «қартайып» кетті деген пікірлер айтылып жүр. Осыған не айтар едің?

— Расында да, ғылымда 60 жастан асқан азаматтар басым. Алайда, олар да қол қусырып отырған жоқ. Негізі, ғылыми жаңалық ашу жасқа қарамайды. Ғылымдағы ағаларымыз екі үлкен міндетті атқаруды. Алғашқысы — отандық ғылымды дамыту, екіншісі — бұл салаға білімге құштар жастарды тарту, тәрбиелеу ісі. Өзім де осындай азаматтардың ғылым «мектебінен» түлеп ұшқан жаспын. Ғылымға бет бұрып, нәпақа табуды емес, еліміздің болашағын ойлайтын қатарластарым баршылық. Сол себепті, бүгінгі ғылым мен ғалымдар «қартайып» кетті деген пікірмен келіспеймін.

— Сөзің аузыңда, университет пен институттардың арқасүйер болып табылатын қарт ғалымдардың орнын басатын жас ғалымдарды тәрбиелеу бойынша үлкен іс атқарылып жатқанын айтып өттің. Сонымен, жастарды ғылымға көптеп тартудың жолы қандай?

— Елбасымыз атап өткендей, қазіргі Қазақстан, әлемдік саяси сахнаға көрермен көзімен қарайтын үйренуші елден өсіп, енді үйретуші ел деңгейіне жетті. Сол сияқты осы жиырма жылда жастардың да санасы өсті, ойы серпілді. Жастар табиғатынан кез келген іске, жұмысқа ынталандыруды қажет ететін буын. Ғылымға дарынды жастарды шақырудың бірнеше жолы бар. Алдымен, бұл салада жүрген азаматтардың абыройы жоғары, тұрмысы, әл-ауқаты жоғары болуы қажет. Бұл бізді ынталандыра түсетіні анық. Екінші кезекте, ғылым жолына түскен жас болашағының кемел болатынына көзі жетуі тиіс. Әрине, бұл тұрғыда елімізде қыруар іс тыңдырылуда, ғылым саласын дамытуға жыл сайын жұмсалатын қаржы көлемі ұлғаюда, шетелдің үздік оқу орындарында білім алуға да жол ашық. Осының арқасында, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» — деп Ы.Алтынсарин айтқандай, ғылыми жаңалық ашып, әлемді аузына қаратқан Алаш балалары бар арамызда. Олар да мемлекетке қарап қалмай, көп тілді меңгеріп, сапалы білім алуға тырысуы керек. Өзім де — арманы бір Алаш жастарының бірімін.

— Ал өзің қазақ ғылымына қандай үлес қоспақсың?

— Әрине, жаңадан физика заңын ашқан жоқпын. Қазіргі кезде биологияның өсімдік саласында еңбек етудемін. Нақтырақ айтсақ, ғасырлық тарихы бар Э.Морица атындағы Грайфсвальд университетінің профессоры Мартин Шниттлердің жетекшілігімен гагея* атты өсімдікті молекулалық-генетикалық деңгейде зерттеудемін. Докторлық диссертациям осы тақырыпқа арналды. Өйткені, осы өсімдік елімізде көптеп кездескенімен, молекулалық-генетикалық тұрғыда мүлдем зерттелмеген. Гагея көктемгі кезеңде ғана гүлдейтін, көбею эволюциясы ерекше өсімдік. Гагеяның «құпияларын» ашқаным — қазақ ғылымына қосқан өзіндік үлесім болмақ. Осы өсімдікті егжей-тегжейлі зерттеуге алманиялық университетте қажетті құрал-жабдықтар бар.

— Арамызда ел серкесі боларлық жастар жетіп артылады. Бірақ, солардың ішінде мансап қуып, қара басының қамын ойлайтындар бар. Ел, тіл, діл мүддесі үшін жанын салатын қыз-жігіттеріміз де жоқ емес. Бізді қызықтыратыны — Алманиядағы әріптестеріңнің бізге, қазақ жастарына деген көзқарасы.

— Алманияда ғылыми тәжірибеден өтіп жүргеніме үш айдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында «Қай жерден келдің? Ұлтың кім?» деген сауалдар жиі қойылды. Әрине, зор мақтанышпен «Мен — Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын, ұлтым — қазақ!» деп айттым. Еуропалықтар біздің ел жастарын озық ой көгінде еркін жүзетін, һәм білімді азаматтар деп біледі. Негізі, замандастарымның білімі мен біліктілігі ешбір елдің жас буын өкілдерінен кем емес. Мәселен, алманиялық әріптес жастарды қарасам, ғылыми жаңалық ашуға құмар. Олар Азия елдері халқының тұрмыс-салтын, мәдениетін, жерін зерттеуге бет бұруда.

____________________________________________________________________________

*Гагея — Еуразия мен Солтүстік Африкада көп таралған, 70 түрі бар сарымсақ тәрізді өсімдік

Сұхбаттасқан Ақмарал Есімханова


«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Оцените пост

5

Комментарии

Чтобы написать комментарий нужно войти в систему