Мазмұнға өту

Жаңа

Батыс Қазақстан облысында оқытушылармен кездесулер жалғасуда

Ағымдағы жылдың 24 мамыр күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен Орал гуманитарлық техникалық колледжінің оқытушы құрамымен кездесу өткізілді.

Кездесу барысында Департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Б.М.Хайруллинмен бас маманы Е.Т.Төлепқалиев жиналғандардың алдында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының жүзеге асырылу барысының негізгі бағыттары, сыбайлас жемқорлық көріністерінің кез келген түрлеріне мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастырудың әдістері мен тәсілдері туралы баяндады.

Сонымен қатар, тыңдаушыларға білім саласында қоғам назарына ілінген, сыбайлас жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылықтар туралы резонансты бейнероликтер көрсетіліп, қатысушылардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты пікірлерін зерделеу мақсатында сауалнама жүргізілді.

     
0
0
423

Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы

2016 жылғы 24 мамырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы- Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қ.А.Жапақовтың төрағалығымен Әдеп жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысы өтті, онда мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер қаралды.

«Целиноград ауданының білім бөлімі» ММ-нің басшысы Қ.Е. Ахметовке, бөлімнің бас мамандары Т.Н. Алексеева мен Г.С. Усеноваға қатысты тәртіптік істер қаралды, олар Целиноград ауданының мектептерінде оқушыларға тамақ ұйымдастыру бойынша қызмет жеткізушіні таңдау үшін конкурс өткізу кезінде кәсіпкерлік және кіріс алумен байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруда кәсіпкерлік субъектілеріне «Медеу» ЖК және «Утопергенова С.С.» ЖК құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетіп, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының 4) және 5) тармақшалардың талаптарын бұзды. Қарау нәтижелері бойынша Әдеп жөніндегі кеңес Қ.Е. Ахметовты, Т.Н. Алексееваны мен Г.С. Усенованы «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.

«Целиноград ауданының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ-нің басшысы М.Б. Жаңабергеновке қатысты тәртіптік іс қаралды, ол жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсетіп,  жеке меншігінде тұрғын үйлері бар тұлғаларға  тұрғын үйді алу үшін есепке тұрған кезінде мүдделерін қолдап, азаматтардың конституциялық құқықтарын, тұрғын үйді жекешелендіру тәртібін сақтамай, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының 4) және 11) тармақшалардың талаптарын бұзды. Қарау нәтижелері бойынша Әдеп жөніндегі кеңес М.Б. Жаңабергеновті «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.

«Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ-нің мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің бас маманы                      Ю.Г. Трофимовқа қатысты тәртіптік іс қаралды, ол «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының    4) тармақшаның талаптарын бұзып, шарттық міндеттемелердің орындалуына бақылау жасамай, кәсіпкерлік субъектілеріне ақша аудару арқылы бюджеттік қаражатын игеруге негіз беретін (тиісті актілерде көрсетілген жұмыстардың жеке түрлеріне қол қою сәтіне орындалмаған) құжаттарға уақыттан бұрын қолын қойған. Қарау нәтижелері бойынша Әдеп жөніндегі кеңес Ю.Г. Трофимовты «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.

0
0
458

Меруерт Әмірханова — Жарықтандырудың жаңа үлгісі

Меруерт ӘМІРХАНОВА - Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы

Қаланың жақсы жарықтандырылған ортасы болғаны өте маңызды. Себебі көше жарығы кез-келген қаланың бет-бейнесі болып табылады. Күндізгі уақытта шамдар қаланың келбетін үйлесімді әрі эстетикалық тұрғыдан толықтырып, қала тұрғындары мен қонақтарының көзін қуантып қана қоймай, көрікті жерлерді әйгілеп немесе қаланың мерекелік көңіл-күйін ерекшелеп көрсетуі тиіс. Оған қоса шамдар түнде қала көркін одан сайын құлпырта түседі. Өйткені ол күндізгіден де тартымды болуы тиіс қой.

Екінші жағынан көшенің жарығы қоғамдық қауіпсіздік талаптарына сай келуі қажет, олай дейтініміз - жолда келе жатқан жүргізушілер де, айналасын көзбен шолып отыратын жүргіншілер де қозғалыс қатысушылары болып табылады. Көшелерді жарықтандыру үшін қауіпсіз әрі энергия тиімді қондырғыларды енгізу маңызды әрі басымдыққа ие болатындығы сондықтан.

Көшені жарықтандыруды модернизациялаудың түрлі жолдары бар: қала көшелерін қарапайым шамдардан бастап жарықдиодты және күн сәулесінен қуат алатын шамдардың түр-түрімен жарықтандыруға болады. Электр құралдарын тиімді пайдалану жөніндегі жобалық шешімдерді жарықтандырумен шұғылданатын кәсіби және білікті инженерлер әзірлеуі тиіс. Қала көшелерін жарықтандыру жобаларының нәтижелілігі мен пайдалану мерзімі аталған мамандардың жұмысына байланысты.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметіне сүйенсек, әлемдік энергия тұтынудың 20%-ға жуығын жарықтандыру құрайды екен. McKinsey-дің уәжі бойынша, қаржылық шығындардың көпшілігін жобаға инвестиция құюдың кезеңдері мен шаралары емес, жарықтандыру жүйесі құрайды екен. Типтік қондырғының жалпы құны 25 жыл ішінде шамамен келесідей болып бөлінеді: 85% қызмет көрсету/ жұмысқа және 15% капиталдың құнына жұмсалады.

Philips жасаған бағалаулар бойынша, Еуропа көшені жарықтандыру жобаларында ескі технологиядан инновациялық технологияға көшу арқылы жылына энергия үшін 3 миллиард еуроны үнемдеуге мүмкіндігі бар көрінеді. Энергияны үнемдеу 45млн баррель мұнайға тең, немесе жыл сайын ауаға11 млн тонна СО2 бөлінеді деген сөз.

2030 жылға қарай жарықтандырудың жаңа технологиялары электр энергиясын пайдалануды төмендетіп, • көптеген елдерде •300 тераватт-сағат, 11 млрд теңгедей үнемделеді, парниктік газдардың бөлінуі 40 млн автомобильге тең.

Әлемге танымал Philips компаниясы сонау 1996 жылы «City.People.Light» деп аталатын бағдарламасын іске қосқан болатын. Аталған бағдарлама ашық алаң болып табылады. Онда жарықтандыру саласындағы кәсіпқой мамандар энергияны тиімді үнемдеу идеяларымен алмасып, жер бетіндегі адамдардың өмірін жақсарту үшін қаланы жарықтандыру жөнінде қала билігі мен инженерлердің талаптарын ескере отырып, нарықтағы сұраныс пен ұсыныспен танысатын болады. Жеке кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтің дәстүрлі жүйесінен тыс өмір сүреді. Себебі мердігерлер жұмыскерлер құрамын таңдау және жұмыссыздықты төмендету, жоба бойынша жұмыстарды мерзімінде орындауда біршама икемділік танытады.

Бүгінде Қазақстанның қалаларында көше жарығына байланысты проблемалар бар. Атап айтқанда:

  • жарықтандыру қондырғыларының тозуы;
  • жолдардың жеткілікті жарықтандырылмауы. Бұл жағдай қауіпсіздік нормаларына сай келмейді:
  • энергия үнемдеудің тиімсіздігі;
  • қондырғыны жөндеудің қымбаттылығы және пайдалану кезіндегі басқа да шығын түрлері көп.

Көше жарығына кететін шығындар жыл мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады. Қыс мезгілінде күннің жарық кезеңі қысқа болатындықтан, коммуналдық қызметтердің электр энергиясы бойынша шығындары көп болады. Мәселен, Қазақстанның елордасы Астанада айына 3 млн кВтсағат электр энергиясы тұтынады.

Алайда Қазақстан қалаларының көше жарығы жүйесін тиімді жағдайға келтіру үшін кең ауқымды жұмыс жүргізіліп, ел бюджетінен қомақты қаржы қажет етіледі. Мұндай жүйе «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы табиғи және жасанды жарықтандыруға қатысты мемлекеттік нормативтерге» сәйкес келуі тиіс.

Көше жарығы жүйесінің эстетикасы мен қауіпсіздігін жақсартумен қатар, интеллектуалдық басқару жүйесін орнату мен жарықтандырудың ескі технологиясын жарықдиодтыға алмастыру арқылы шығындарды айтарлықтай қысқартуға болады. Сонымен қатар, қала билігі шағын және орта бизнес өкілдерінің креативтік жобаларына, Еуропа елдерінің халықаралық тәжірибелері негізінде елде инновацияның дамуына қолдау жасай алады. Ғылым мен өндіріс арасында өзара байланыс орнап, «жасыл» технологиялар мен экономиканың интеграциясы нығаяды.

Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесі жақындаған сайын үнемді әрі тиімді жарықтандандыру мәселесі өзекті бола түсуде. Көрмені өткізу жоспары бойынша дайындық жұмыстарының бірі – көше жарығы мен қондырғыларды модернизациялау мен қайта құру, көше жарығын интеллектуалдық басқару жүйесін енгізу болып табылады. Елорданы дамытудың басымдыққа ие бағыты - «Smart Astana» инновациялық жобасын іске асыру болып отыр. Аталмыш жоба жаңа технологиялар енгізумен қатар, халықтың өмір сапасын арттыру және қалада тіршілік үшін жайлылық жасауға бағытталған.

Ұзаққа созылған әлемдік экономикалық дағдарыс, табиғи энергия ресурстарына бағаның өсе түсуі, қоршаған ортаны қорғау мәселелері, ауаға зиянды заттар мен парниктік газдардың бөлінуін азайту - энергия үнемдеу мәселелерін шешуде кезек күттірмейтін кешендік шаралар қабылдау қажеттігін көрсетіп отыр.

Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу -2020» бағдарламасы міндеттерінің бірі - энергия үнемдеуді және энергиялық тиімділікті арттыруды ынталандыратын механизмдерді әзірлеу және енгізу.

Энергия тиімділігі саясатын іске асыру бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялаудың басты құралдарының бірі болып табылады Энергия тиімділігі саясаты экономика салаларын модернизациялау, басқару сапасы мен өндірістік құрамның біліктілігін арттыру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәні бар жобаларға кең көлемді инвестициялар тарту, халықты энергетикалық ресурстарды үнеммен тұтынуға тәрбиелеу секілді шараларды қамтуы тиіс.

Қазақстан көп жылдан бері энергия тиімді жарықтандыруды қарқынды енгізіп келеді. Мысалы, жетпіс жылдан астам уақыттан бері медициналық құрал-жабдық шығарып келген «Ақтөберентген» АҚ, бүгінде «Гелиос» көшеге арналған жарықдиодты шамдалдар шығаруды игеріп жатыр. Кәсіпорын сәйкестік сертификаты мен СТ-КЗ сертификатын алды. Өндірістің 50%-ы қазақстандық үлес саналады. Жарықдиодты нүктелрдің қажеттілігі 10 000, қуаттылығы 70-тен 150 Вт-ға дейінді құрайды. Еңбек ұжымының талпынысы облыс басшылығының назарынан тыс қалмай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің басым жобалары қатарына енді.

МЖӘ механизмі орнатуға кететін шығындар бойынша жобаның нәтижелерін есепке алуға, қаланың энергия тұтыну нормасын бағалауға, сонымен қатар энергия үнемдеу бойынша қолданыстағы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» ҚР Заңы, «Энергия үнемдеу 2020», «Жасыл экономика» бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

МЖӘ моделі энергетикалық сала мен коммуналдық қызметтер секторын дамытуда өте маңызды рөл атқарады. Өйткені, бюджеттен тыс қаржыландыруды жұмылдыру арқылы инфрақұрылымға инвестицияның көптеп құйылуына ықпал етпек. МЖӘ моделін қарқынды қолданатын француздық энергетиктердің тәжірибесі көрсеткендей, жеке меншік компаниялар инфрақұрылымдық жобалар құрылысының сметаға сай және озық технологияларды қолдана отырып мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, тиімді пайдаланып, активтердің тұтастай «өміршеңдік кезеңінде» техникалық жағдайын қадағалап отыруға мүмкіндік береді.

 

Мақала 2016ж, 23 мамыр күні http://bnews.kz/ сайтында жарияланды

http://bnews.kz/kz/news/ekonomika/tehnologii/zhariktandirudin_zhana_ulgisi-2016_05_23-1272706

 

2
0
1555

Астананың судьялары азаматтық сот ісін жүргізудегі татуластыру рәсімдерін қолдану мәселелерін талқылады

Астана қалалық сотында «Азаматтық сот ісін жүргізудегі татуластыру рәсімдері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

http://sud.gov.kz/kaz/news/astananyn-sudyalary-azamattyk-sot-isin-zhurgizudegi-tatulastyru-rsimderin-koldanu-mselelerin

0
0
413

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және қызметтік әдеп ережелерін қалыптастыру

2016 жылдың 23мамырында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаменті  Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің Көкшетау қаласындағы «Солтүстікқазжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық аумақтық департаментінде (Бұдан әрі – «Солтүстікқазжерқойнауы») «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және қызметтік әдеп ережелерін қалыптастыру» тақырыбында семинар-кеңес өткізді.

Іс-шараның модераторы – «Солтүстікқазжерқойнауы» басшысының орынбасары  А. Алагузова.

Семинар-кеңестің жұмысына Департаменттің және ведомствоға бағынысты ұйымдардың мемлекеттік және  азаматтық қызметшілері қатысты.

Семинар-кеңестің барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның қолданысына және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кеңестің қатысушылары қойған сұрақтарына түбегейлі жауап алды.

Іс-шараның соңында сауалнама жүргізіліп, «Сыбайлас жемқорлықтан қалай қорғануға болады?» атты брошюралар таратылды.

Семинар-кеңеске 15 адам қатысты.

0
0
436

Гарри Поттер және философиялық тас кітабының аудармасының үшінші бөлімі

ҮШІНШІ БӨЛІМ

БЕЛГІСІЗ ХАТТАР

Бразилиялық боаны құтқарғаны үшін Гарри өміріндегі ең ұзақ жазаға тап болды. Шоланнан қайта шығуға рұқсат берілген кезде жазғы демалыс басталып кеткен болатын. Дадли болса, жаңа бейнекамерасы мен алыстан басқарылатын ұшағын сындырып үлгеріп, онымен қоймай, бірінші рет бәйге велосипедіне отырғанда, Привет Драйвтың бойымен балдақпен сүйрелеңдеп бара жатқан қартайған Фигг ханымды аяғынан құлатып та үлгерген еді.

Гарри оқу біткеніне қуанышты еді, дегенмен бұл жағдай оны үйге күнде жетіп кеп тұратын Дадли шайкасынан құтқармайтын. Пирс, Деннис, Малкольм және Гордон таңдаудан өткендей топас әрі еңгезердей дәу болатын, дегенмен арасындағы ең топас әрі семізі Дадли болғандықтан, ол шайканың бастығы саналатын. Олардың бәрі Дадлидің ең жақсы көретін спорты ‘Гарриді аулауды’ қатты ұнататын.

Сол үшін Гарри уақытының көбін айналаны кезіп, аз ғана үміт әкелетін жазғы демалыстың бітуін күтіп, үйдің сыртында өткізуге тырысатын. Қыркүйектің басында ол енді өмірінде алғаш рет Дадлиден бөлек орта мектепке бармақ. Дадлиді кезінде Вернон ағатай оқыған Смелтингстегі жекеменшік мектепке жазып қойыпты. Пирс Полкисс те сонда жазылыпты. Гарриді тұрғылықты жерге қарайтын қарапайым мектеп Стоунволлға жазыпты. Дадли бұны өте қызық көретін.

- Сендердің Стоунволдарыңда оқушыларды бірінші күні унитазға бастарын малтиды екен, - дейтін ол Гарриге. – Жүр, барып жаттыққың келе ме?

- Жоқ, рахмет, - деп Гарри жауап қататын. – Унитаз бейшара сенің басың сияқты жиеркенішті нәрсені өмірі көрмеген болар, ол ауырып қалуы да мүмкін қой. – деп Дадли оның не айтқанын түсінгенше зытатын.

Бір күні Петуния тәте Дадлиді алып Смелтингске киетін форма алуға Лондонға кетті, ал Гарри Фиггс ханымның үйінде қалды.  Фиггс Ханым әдеттегіден сыпайы көрінді. Оның аяғын мысықтарының біреуіне шалынып сындырып алғаны белгілі болды. Енді ол, неге екені белгісіз, мысықтарды бұрынғыдай қатты жақсы көрмейтін. Ол Гарриге телевизор көруге рұқсат беріп, тіпті, дәміне қарағанда бірнеше жыл тұрып қалған шоколад қосылған кекс ұсынды.

Кешке Дадли қонақ бөлмеде өзінің судай жаңа формасын киіп әрлі-берлі жүріп жүрді. Смелтингстің формасына қызылша түсті фрак, тізеге дейін келетін сарғыш панталон мен өрілген жалпақ қамыс шляпа кіретін. Сонымен қатар мұғалім көрмей тұрғанда басқаларды сабауға арналған ұшында қалпақшасы бар таяқ тиесілі болатын. Бұл келешек өмірге жақсы дайындық деп есептелінетін.

Дадлидің қысқа шалбар киіп тұрғанын көріп, Вернон ағатай отырып қалған дауысымен бұл оның өміріндегі ең керемет мезет екенін айтып өтті.  Петуния тәте көзіне жас алып, бұл тұрған ересек әрі сымбатты бала оның кішкентай ғана Дадлиі екеніне сенбей тұрғанын айтты. Гарри тиып тұрған күлкісінен қабырғасы сынып кете ме деп қорқып, бірдеңе деуден өз-өзін тежеуді ұйғарды.

Келесі күні таңертең тамақтануға келсе, ас үйде сасық иіс мүңкіп тұр екен. Сасық иіс плита үстіндегі мырыштан жасалған үлкен тегештен шығып тұр еді. Гарри оның не екенін көру үшін плитаға жақындады. Тегеш қап-қара суда жүзіп жүрген кір шүберекке ұқсас бір нәрсеге толы еді.

- Бұл не? – деді ол Петуния тәтеге қарап. Петуния тәте әдеттегідей ернін емеріп:

- Сенің жаңа мектеп формаң, - деді.

- Ә, солай ма, - деді Гарри, - мен оның осындай су болуы керек екенін білмеппін.

- Ақымақ болма, - деді Петуния тәте ызаланып. – Мен саған Дадлидің киімдернің бірін бояп жатырмын. Бітіргеннен кейін сенің формаң дәл кластастарыңдікіндей болады.

Гарри бұған қатты күмәнданса да, сол үшін дауласудың қажеті жоқ деп шешті. Ол үстел басына отырып өзінің піл терісіне ұқсас ескі киім киіп баратын Стоунволл мектебіндегі бірінші күнін ойламауға тырысты...

Бұл уақытта ас үйге Гарридің жаңа формасының иісінен мұрындарын тыржитып Дадли мен Вернон аға кіріп келді.

Вернон аға әдеттегідей газетін ашып, Дадли болса тастамай өзімен бірге алып жүретін таяқшасын үстел үстіне қойды.

Бәрі де сырт есіктегі хатқа арналған саңылау қақпағының тырс етіп, кілемшеге пошта құлағанын естіді.

- Поштаны әкел, Дадли, - деді Вернон аға газет артынан.

- Гарри әкелсін.

- Поштаны әкел, Гарри.

- Дадли әкелсін.

- Оны Смелтингс таяқшасымен нұқып жібер, Дадли.

Гарри Смелтингс таяқшасынан қашып құтылып пошта әкелуге кетті. Кілемше үстінде үш пакет жатты: Уайт аралында демалып жатқан Вернон ағаның апасы Мардждан келген жедел хат, қоңыр конверт, шот шығар, және Гарриге арналған хат.

Гарри оны көтеріп тұрған орнында мелшиіп тұрып қалды, оның жүрегі аузына тығылардай қатты соға бастады. Өмірінде ешкім ешқашан оған хат жазбаған болатын. Жазса да, кім жазушы еді? Оның не досы, не туысқаны да жоқ еді, ол тіпті кітапханаға да жазылмаған болғандықтан ол жерден кітапты қайтару керектігі жайлы ашулы хат та алуы мүмкін емес еді. Дегенмен, міне мекен жайы дәл жазылғаны соншалық, ешқандай күмән тудыруы мүмкін емес хат ұстап тұр:

Г. Поттер мырзаға

Саты астындағы шолан

Привет Драйв, 4

Кіші Вайнинг

Суррей

Сарылау келген пергамент қағазынан жасалған конверт қалың әрі ауыр еді, ал мекен-жай зүбәржәт сынды жап-жасыл бояумен жазылған екен. Марка жапсырылмапты.

Гарри конвертті дірілдеген қолымен аударып, оның түйіскен жерінде үлкен «Х» әрпін айнала қоршаған арыстан, қыран, борсық және жылан бейнеленген таңбасы бар қызыл балауыздан жасалған мөрді көрді.

- Әй бала, тез бол! – деді Вернон аға ас үйден бақырып. – Ол жерде не істеп жатсың, хатқа бомба салды ма деп тұрсың ба? – Сөйдеді де, өз қалжыңына өзі мәз болып ыржаң етті.

Гарри көзін хаттан айырмай ас үйге қайтып оралды. Ол Вернон ағаға жедел хат пен шотты беріп, асықпай сары конвертті аша бастады. Вернон аға шотты ашып жақтыртпағандай бетін тыржитып, жедел хатты бір шертті.

- Мардж ауырып қапты, - деді Петуния тәтеге. – бұзылған бір нәрсе жеп қойыпты..

- Әке, - деді кенет Дадли. - Әке, Гарри де бір нәрсе алыпты!

Гарри дәл сондай қалың пергамент қағазында жазылған хатын ашып жатқанда Вернон аға кенеттен оны Гарридің дәл қолының арасынан жұлып алды.

- Бұл менікі! – деді Гарри наразылығын білдіріп хатын қайта жұлып алуға тырысып.

- Саған кім жазушы еді?  - деп Вернон аға жақтыртпай мырс етті де, бір қолымен хатты ашу үшін оны қолымен бір сілтеді. Ол хатқа көз тастады. Оның беті бағдаршамның шамдарынан да тез жылдамдықпен қызыл түстен лезде жасыл түске ауысты.  Бұнымен іс біткен жоқ. Бір секундтен кейін беті бүлініп кеткен ботқадай аппақ қудай боп сұрлана түсті.

- П-П-Петуния, - деді ол ентіге.

Дадли хатты шап бергісі келіп еді, бірақ Вернон аға оны шеттетіп жіберді. Петуния тәтей қызығушылықпен хатты алды да, бірінші жолын оқып шықты. Бір мезет ол есінен танып құлап қалатындай көрінді. Ол тамағынан ұстанып қатты ағайға басты:

- Вернон! Құдайым-ау, Вернон!

Олар Гарри мен Дадли осы жерде отырғанын ұмытқандай бір-біріне тесіле қарады. Дадли оны елемегенге үйренбеген еді. Ол әкесінің басынан смелтингс таяқшасымен бір қойып:

- Мен хатты оқығым кеп тұр – деді бақырып.

- Оны мен оқығым кеп тұр, - деді ызаланып Гарри. – Үйткені ол менің хатым.

- Екеуің де бұл жерден жоғалыңдар, - деп Вернон аға хатты қайта конвертке салып бұрқ етті.

Гарри орнынан қозғалған жоқ.

- МЕНІҢ ХАТЫМДЫ ҚАЙТЫП БЕРІҢІЗ! – деді ол айғай салып.

- Мен көрейінші! – деді Дадли талап етіп.

- ЖОҒАЛЫҢДАР!!!- деді Вернон аға бақырып. Ол Гарри мен Дадлиді желкесінен ұстап алып, дәлізге шығарып жіберіп, ас үйдің есігін тарс жапты. Гарри мен Дадли есік құлыпының тесігіне құлағын тосып тыңдау үшін үндеместен дереу талапай тартысқа түсті. Дадли жеңгендіктен, Гарри бір құлағында салбырап тұрған көзілдірігімен ішімен жерге жатып, есік астындағы саңылаудан бірнәрсе естуге тырысып бақты.

- Вернон, - деді Петуния тәте дауысы дірілдеп. – адреске қарашы, оның қай жерде ұйықтап жүргенін олар қайдан біліп қойған? Сен олар үйді аңдып жүр деп ойлайсың ба?

- Әрине аңдиды, бізді торып жүреді, - деп міңгірледі Вернон аға ашу қысып.

- Вернон, енді не істейміз? Оларға жауап жазайық па? Біз оған келіспейміз деп...

Гарри Вернон ағаның ас үймен әрлі берлі жүріп жүрген лакталған қара туфлиін көрді.

- Жоқ, - деді ол ақыры. – Бұны осылай қалдырайық. Егер олар жауап алмаса...Иә, солай істеген дұрыс болар...Ештеңе істемейміз...

- Бірақ...

- Петуния, мен өз үйімде бұл жағдайдың бой алуына жол бермеймін! Оны өзімізге алғанда, бұл далбасаны дымын қалдырмай жоқ қыламыз деп сөз бермеп пе едік?

Кешке жұмыстан келгеннен кейін Вернон аға өмірі жасамаған нәрсесін жасады: ол Гарридің шоланына кірді.

- Маған келген хат қайда? – деп сұрады Гарри ағасы есік аузында көрінгеннен. – Маған кім жазды?

- Ешкім де емес. Ол саған байқаусызда келді, - деді ағасы қысқа да нұсқа. – Мен оны жағып жібердім.

- Еш байқаусыздық боған емес, - деді Гарри ашулана наразылығын білдіріп. – Ол хатта менің шоланым көрсетілген.

- ТЫНЫШ! – деп Вернон аға бақырып жібергенде төбеден екі өрмекші топ ете түсті. Ол бірнеше рет терең тыныс алып, жасанды болса да өзін күштеп жымиуға тырысты.

- Ммм...Гарри, айтайын дегенім, осы шолан жайлы. Біз сенің тәтеңмен ойлағанымыз...Сен бұл шолан үшін кішкене үлкендеу сияқтысың...Біздіңше, сен Дадлидің екінші ұйықтайтын бөлмесіне көшсең, керемет болатын сияқты.

- Не үшін? – деп сұрады Гарри.

- Сұрай берме! – деп ағасы бұрқ етті. – Киімдеріңді жина, бол тез.

Дарслилер үйінде төрт ұйықтайтын бөлме бар болатын: біреуі Вернон аға мен Петуния тәтенікі, біреуі қонақтар үшін (әдетте, бұл Вернон ағаның әпкесі Мардж үшін еді), біреуі Дадлидікі, ал енді біреуі Дадлидің өз бөлмесіне сыймай қалған ойыншықтары мен басқа ұсақ-түйекті сақтайтын бөлмесі еді. Өзінің меншігін шоланнан сол бөлмеге апарып тастау үшін Гарри сатымен бір-ақ рет көтерілді. Ол төсекке отырып жан-жағына қарады. Бұл жердегі барлық зат сынық еді. Бір ай бұрын сыйланған бейнекамера Дадли бірде көршінің итін басып кете жаздаған кішкентай өзділікті жүретін танктің үстінде жатыр еді; бұрышта Дадлидің оның ең жақсы көретін телебағдарламасын алып тастағандықтан теуіп сындырған ең алғашқы теледидары жатты; дәл сол жерде үлкен құсқа арналған тор жатты; торда бір кезде Дадли мектепте мылтыққа айырбастаған попугай тұрған-тын, ол да Дадли үстіне байқамай отырып қалғандықтан мыжылып сөреде жатқан.  Қалған сөрелерде кітаптар тұр еді. Бөлмеде тек кітаптар ғана оларға қол тигізбегендей түрде болатын.

Астынан Дадлидің шешесіне бақырып жатқаны естілді: «Мен оның ол бөлмеде тұрғанын қаламаймын...Маған ол бөлме керек...Ол жерден әрмен кетсін...»

Гарри төсекте күрсіне созылды. Кеше ғана осы бөлме үшін барын беруші еді. Ал бүгін бұл жерде хатсыз жатқанша, шоланда хатпен болғанды қалар еді.

Келесі күні таңғы аста бәрі де үндемей отырды. Дадли аң-таң болды. Ол бақырып әкесін смелтингс таяқшасымен сабап, өтірік ауырған боп қалып, шешесін аяғымен теуіп, оның тасбақасын жылыжайдың шатырына лақтырса да, өзінің бөлмесін қайтара алмады. Гарри кеше дәл осы уақытта болған оқиғаны есіне алып, хатты дәлізде ашып алмағанына қатты өкініп отырды. Вернон аға мен Петуния тәте көңілсіз көз алмасып отырды.

Пошта әкелген уақытта Гарримен ашық түрде сыпайы болуға тырысып отырған Вернон аға, Дадлиді оны әкелуге күштеді. Оның дәлізге барар жолда іліккен нәрсенің бәрін таяқшамен тоқпақтап бара жатқаны естіліп тұрды.  Сосын ол былай деп айғай салды: «Мына жерде тағы біреуі келді! Г. Поттер мырза, ең кіші ұйықтайтын бөлме, Привет Драйв 4...»

Ащы даусымен айғай сала, Вернон аға орнынан ұшып тұрып, дәліз жаққа қарай жан ұшыра жүгірді, ал Гарри дереу соңынан ілесті. Хатты тартып алу үшін Вернон ағаға Дадлимен еден үстінде арпалысуға тура келді, ал Гарри оны артынан мойнынан құшақтап ап оған бұл істі қиындата түсті. Бірнеше минуттық әрбіреуі смелтингс таяқшасының дәмін татқан ұятқа қалдыратын арпалыстан соң, Вернон аға қолына Гарридің хатын қысып алып ентіге орнынан тұрды.

- Шоланыңа...жоқ, бөлмеңе жоғал – деді ол Гарриге бұрқылдап. – Дадли, сен де кет .

Гарри өзінің жаңа бөлмесін айнала әрі-бері жүре берді. Әлдебіреу оның шоланнан көшіп кеткенін, сонымен қатар бірінші хатын алмағанын білген сияқты. Бұл олардың тағы тырысуы мүмкін екенін білдіре ме екен? Ендігі ретте бәрі ойдағыдай болады. Ол бір айланы ойлап тапты.

Жөнделген шырылдауық сағат таңертеңгі алтыда шыр етті. Гарри оны лезде сөндіріп үндемей киініп алды. Дарслилерді оятып алмауға тырысу керек. Ол жарықты жақпастан төмен қарай ұрланды.

Ол пошта әкелетін адамды Привет Драйв бұрышында күтіп алып, одан төртінші үйге келген поштаны алып кетпекші еді. Қараңғы дәліз бойымен сырт есікке қарай ұрланғанда оның жүрегі қатты дүрсілдеп келе жатқан болатын...

Гарри секең ете түсті – ол есік алдындағы кілемшеде жатқан тірі сияқты дәу әрі денелі бір нәрсеге сүрініп қалды.

Гарри сатыдағы қосқышты жағып қалып өз үрейіне орай дәу әрі денелі нәрсенің өзінің ағасының беті екеніне көзі жетті. Вернон аға Гарри істейін деп жатқан ісінің алдын алу үшін есіктен жарты метр жерде ұйықтауға арналған қаптың ішінде жатыр екен. Ол Гарриге жарты сағаттай бақырып оны бір кесе шәй әкелуге ас үйге жұмсады. Гарри бақытсыз күймен ас үйге бет бұрды, ал ол қайтып оралғанда пошта Вернон ағаның дәл тізесіне топ ете түсті. Гарри жасыл сиямен жазылған үш хатты көріп қалды.

- Мен...- деп бастап еді, алайда Вернон аға оның көзінің алдында хаттарды бөлектеп жыртып тастады.

Вернон аға сол күні жұмысқа бармады. Ол үйде қалып сырт есікті ішінен шегелеп тастады.

- Көрдің бе, - деді ол аузының арасына шеге қысып алып, - егер олар хатты осы жерге әкеле алмаса, онда бізді жайымен қалдырады.

- Мен олай ойламаймын, Вернон.

- Бұл адамдардың миы басқаша жұмыс істейді. Петуния, олар бізге ұқсамайды. – деді Вернон аға шегені Петуния тәте әкеп берген балшекермен қағуға тырысып.

Жұма күні Гарриге келген хат он екіден кем болмады. Олар пошта саңылауынан өте алмағандықтан, есіктің астынан, екі шетінен, тіпті ваннадағы кішкентай терезе арқылы қыстырылып кіре бастады.

Вернон аға тағы бір күн үйде қалды. Бар хатты жағып жібергеннен кейін, ол балғаны алып, еш хат кіре алмайтындай алдыңғы және артқы есіктің жан жағын шегелеп тастады. Ол жұмыс істеп жатып ‘Қызғалдақтар арасында’ өлеңін ыңылдап айтып, әр дыбысқа селт ете түсті.

Сенбі күні жағдай ушыға түсті. Гарриге арналған жиырма төрт хат, қонақ бөлмесіндегі терезе арқылы, Петуния тәтеге аң таң болған сүтші әкелген жиырма жұмыртқаның сыртына оранған күйі, үйге енді. Вернон аға ызасы кеп бұны кім жасағанын білуге тырысып, пошта мен сүт дүкеніне телефон шалып жатқанда, Петуния тәте хаттарды ас үй комбайнінде бөлшектеп кесіп жатты.

- Құдай-ау сенімен сонша сөйлескілері келгені несі? – деді Вернон аға Гарриден таңдана сұрап.

Жексенбі күні таңертең Вернон аға тамақтануға абыржыған әрі аурып тұрғандай, дегенмен көңілді күйде отырды.

- Жексенбі күні пошта келмейді, - деді ол джемін газетіне жағып қуана. - бүгін сайтан алғыр хаттар келмейді...

Ол сөйлеп жатқан уақытта пеш құбырының ішінен бір нәрсе тысырлап түсіп, оны желкесінен ауырта бір соқты. Сәл уақыттан кейін пеш ішінен отыз не қырық хат оқтай ұшып шықты. Дарслилер сілейіп қатып қалды, ал Гарри біреуін болса да ұстағысы кеп секіре жөнелді.

- Әне! Әне!!!

Вернон аға Гаррриді денесінен орап ұстап оны дәлізге шығарып жіберді. Петуния тәте мен Дадли беттерін жауып жүгіріп шығып кеткенде, Вернон аға есікті тарс еткізіп жауып қойды. Хаттардың қабырға мен еденге соғылып бөлмеге ұшып келгені естілді.

- Сонымен былай, – Вернон аға сабырлы сөйлеуге тырысты, бірақ сонымен қатар өз мұртын өзі жұлып тұрды. – Барлықтарың осы жерге бес минуттен соң жүруге дайын отырыңдар. Біз кетеміз. Тек аз ғана киімдеріңді алыңдар. Ештеңе сұрамаңдар!

Ол жартылай жұлынған мұртымен түрі қорқынышты көрінгесін оған ешкім қарсылық көрсетуге батылы жетпеді. Он минуттен соң олар қағылған есік арқылы суырылып шоссемен жылдамдық алып жатқан машинаның ішінде отырды. Дадли, әкесі оған телевизор, видео және компьютерді спорт сөмкесіне салайын деп ұзақ жиналғандықтан желкесінен бір қойғаны үшін, машинаның артында ентіге жылап отырды.

Олар тоқтамай жүре берді, жүре берді. Тіпті Петуния тәте де олардың қайда бара жатқанын сұрауға батылы бармады. Вернон аға бірнеше рет бұрылып қарама-қарсы жаққа жүре бастады.

- Ойдан шығару керек...Оларды ойдан...- деді ол бұрылғанда міңгірлеп.

Олар тамақ ішуге де тоқтамай күні бойы жүрді. Түнге қарай Дадли ұли бастады. Оның өмірі осындай жаман күні болмаған еді. Оның қарны аш, көргісі келген жақсы көретін бес телебағдарламасын өткізіп алған, сонымен қатар ол соншалықты көп уақытқа компьютерінде жарылатын басқа планета тұрғындарымен жұбы жазылмаған еді.

Вернон аға ақыры бір үлкен қаланың сыртындағы ұсқынсыз қонақ үйдің жанына тоқтады. Дадли мен Гарриге дымқылдана сасып кеткен ақжаймасы бар екі бірдей кереуеті бар бөлме тиді. Дадли қорылдап жатса, Гарри өтіп бара жатқан машиналардың жарығына қарап ойға батып, терезе алдында отырды...

Келесі күні таңғы асқа оларға тұрып қалған жүгері қауызы мен қалбыр қызанағы қосылған нан берілді. Олардың үстеліне қонақ үй иесі келгенде олар тамақ жеп болған еді.

- Кешіріңіздер, қайсыңыз Г. Поттер мырза боласыз? Себебі менің жұмыс үстелімде мынаның  жүзге жуығы жатыр.

Ол бәрі жасыл сиямен жазылған мекен-жайды оқи алатындай хатты созып көрсетті:

Г. Поттер мырза

17 Бөлме

Темір жол қонақ үйі

Корворт

Гарри хатты алуға оңтайланып қолын созып еді, бірақ Вернон аға қолын итеріп жіберді.

Қонақ үй иесі таңдана қарады.

- Мен оларды өзім алып кетем, - деді Вернон аға атып тұрып оның артынан ілесе жөнеле.

- Мүмкін үйге қайтқан жөн болар, қымбаттым? – деді сызылып Петуния тәте бірнеше сағат өткеннен соң, алайда Вернон аға оны естімеген сияқты еді. Ешкім де оның не іздеп жатқанын түсінген жоқ. Ол оларды бір орманның арасына әкелді де, машинадан шығып басын шайқап қайта машинаға отырды да, әрі қарай жүрді. Ол жаңадан жыртылған егістік пен салбырап жатқан көпір ортасында да, көпқабатты автотұрақтың үстіңгі қабатында да дәл осылай жасады.

- Әкем есінен адасқаннан сау ма? – деп сұрады Дадли Петуния тәтеден күннің екінші жартысында қайғылана. Вернон аға машинаны көл жағасына қойып, оларды сыртынан жауып кетіп бір жаққа жоғалды.

Жаңбыр жауып кетті. Машинаның үстін ірі тамшылар ұрып жатты. Дадли қыңқылдай берді.

- Дүйсенбі, - деді ол шешесіне. – Кешке Ұлы Гумберт болады. Мен теледидары бар бір жерге барғым келеді.

Дүйсенбі. Бұл Гарриге бір нәрсені есіне салды. Егер бүгін дүйсенбі болса (Дадли мен оның теледидарына қарап бүгін аптаның қай күні екенін білуге болатын еді), онда ертең оның, Гарридің, он бірінші туған күні болады. Оның туған күні, әрине, аса көңілді өтпейтін – мысалға өткен жылы Дарслилер оған киім ілгіш пен Вернон ағаның ескі нәскиін сыйлады. Дегенменен, сен он бірге күнде толмайсың ғой.

Вернон аға мәз боп қайтып келді. Ол жұқа әрі ұзын бір түйіншек әкеліп, Петуния тәте оның не сатып алғанын сұрағанда оған жауап берген жоқ.

- Мен бір керемет жер тауып алдым! – деді ол. Кәне! Шығыңдар!

Дала өте суық еді. Вернон аға алыста теңіз үстінде тұрған үлкен құзға ұқсас бір нәрсені меңзеп көрсетті. Құздың төбесіне жабысып елестетуге аларлықтай ең жұпыны шағын лашық үй тұрды. Бір нәрсе ғана анық еді – ол жерде теледидар болмайды.

- Түнде дауыл болады деп хабарлады! – деді Вернон аға қуана шапалақтап.- Ал мынау джентльмен шын пейілмен бізге өзінің қайығын бере тұруға келісті.

Олардың қасына бір тісі жоқ шал жортып келіп, мырс-мырс күліп олардың алдындағы сұр-көк суда қалқып тұрған еп-ескі қайықшаны көрсетті.

- Мен азық сатып алдым, - деді Вернон аға. – сондықтан бәрілерің қайыққа жайғасыңдар!

Қайық іші қатқыл суық болды. Шашыраған мұздай теңіз суы мен жаңбыр тамшылары мойын үстімен сырғып, суық жел бетке ұрды. Құзға жеткенше талай сағат өткен секілді болды, бұл жерде Вернон аға, оларды, аяғы тайып сүріне, жартылай қираған үйге апарды.

Үйдің іші адам көргісіз еді; айнала қатты балдыр сасып, ағаш қабырғалардың арасындағы саңылаулардан жел ұрып тұрды, ал пеш дымқыл әрі бос еді.  Үйде екі-ақ бөлме бар екен.

Вернон ағаның сатып алған азығы жақыннан қарастырғанда әр біреуіне арналған бір пакет чипс пен төрт банан боп шықты. Ол от жағуға тырысып еді, алайда пакеттер тек тұтанды да, жиырылып қалды.

- Енді өздерінің хаттарымен бізді тауып көрсін, - деді ағатай сергектеніп.

Ол өте көтеріңкі көңіл күйде болатын. Ол дауыл арасынан осы жерге ешкімнің пошта әкелуге мүмкіндігі болмайтынына кәміл сенді. Гарри ішінен онымен келісті, алайда бұл жағдай оған қуаныш сыйлаған жоқ.

Түнде айнала соққан дүлей дауыл басталды. Шашыраған толқын суы сылдырлап лашық қабырғасымен сырғып, қатқыл жел кір терезені ұрып жатты. Петуния тәте көрші бөлмеде бірнеше көгерген көрпе тауып алып, олардан тышқан кеміріп тастаған диванның үстінен Дадлиге төсек дайындап берді. Олар Вернон аға екеуі көрші бөлмедегі ортасы түсіп кеткен кереуетке ұйықтауға кетіп, Гарриге еденнің ең ыңғайлы жерін алуды өз таңдауына қалдырды. Гарри таңдап алған жерде ең жұқа әрі жыртық көрпенің астына бүрісе тығылды.

Түн ішінде дауыл күшейе түсті. Гарри ұйықтай алмады. Ол дірілдеп, ыңғайлырақ жатуға тырысып, бір жақтан екінші жағына аунап, аштықтан іші құрылдап жатты. Дадлидің қорылын енді түн жарымның маңайында басталған найзағай жарқылы басып тастады. Дадлидің диван шетінен салбырап жатқан семіз қолында жарқырап тұрған сағат беті, Гарриге оның он бір жасқа, он минуттен кейін келетінін көрсетті. Ол өзінің туған күнінің жақындап келе жатқанын көріп, Дарслилер оның туған күнін есіне алар ма екен, хат жіберушінің қазір қайда болуы мүмкін екен деп ойланып жатты.

Бес минут қалды. Гарри сыртта бір нәрсе сықырлағанын естіді. Ол бұл үстеріне шатыр құлап бара жатпаса екен деп үміттенді, алайда ол құласа мүмкін жылырақ болар ма еді. Төрт минут. Мүмкін Привет Драйвтағы үй хаттарға толғаны сонша қайтып келгенде біреуін суырып алуға болар ма екен.

Үш минут қалды. Бұл құзды қатты ұрып жатқан теңіз бе екен? Ал (екі минут бойы) біртүрлі тырсылдаған не нәрсе? Құз теңіз астына кетіп бара ма?

Он бірге толуына бір минут қалды. Отыз секунд..жиырма..он...тоғыз...мүмкін оны жай ызаландыру үшін Дадлиді ояту керек пе...үш...екі...бір...

ГҮРС!

Лашық дір ете түсті, Гарри ұшып тұрып қайта отырды да, есік жаққа қарады. Сыртта біреу кірейін деп есік қағып тұрды.

 
0
2
1974

Тәттімбет Жұмағұлов — Мемлекет пен жеке тарап әріптестігінің бір пайдасы

 

Тәттімбет Жұмағұлов – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының сарапшысы

ХХІ ғасырдағы жаңа өркениет биігіндегі қарыштап даму талабы еліміздің инфрақұрылымын барынша өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Жол, көпір, теңіз айлақтары мен әуежай сынды мемлекеттік маңызы зор транспорттық нысандарды дамыту және пайдалану тетіктерін барынша жетілдіру де қазіргі заман талабы болып табылады. Әрине экономикалық дамудың үдемелі әрі тұрақты жағдайында инфрақұрылым сапасын арттыруға деген талаптың күшеюі де орынды. Қазіргі әлемдік экономикадағы қайшылықтар мен дағдарыстың кереғар ықпалы жоспарланып отырған бюджетті дұрыс қолданудағы басқару және жүйелеу тетіктерінде әлемдік озық тәжірибелердің қолданылуына назар аударуымыз заңдылық. Бұл ретте мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту мен жетілдірудегі оңтайлы шешімдер қабылдауда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қызметі айрықша орын алады.

Қазіргі таңда Nord Europe темір жол желісі арқылы Лондан қаласынан Париж қаласына дейін 2 сағат 15 минутта жетуге болады. Ал жүкті поезд көмегімен франциялық Кале қаласынан британдық Фолкстоун қаласына дейін не кері бағытта көлігіңізден шықпай-ақ жетуге болады. Алайда адам көкейінде «Ла Манш бұғазы ше?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бұл шешімнің оңтайлы жауабы – мемлекеттік жеке меншік әріптестік механизмін ұтымды қолданумен сабақтас маңызды мәселе. Соның ішінде Еуропа елдерінің мемлекеттік инфрақұрылымды ұзақ жылдағы басым бағытта біріккен жобалар негізінде дамытуды қолға алып, тығырықтан бірлесе шығудағы озық тәжірибелерінің тарихына тағы бір жіті назар аударуымыз артық болмас.

Ұлыбританияны құрлыққа қосу идеясы адамзатты XVIII ғасырдан бері толғандырған сан алуан сұрақтардың ең бір өзектісі еді. Англия мен Франция арасындағы арақатынасты дамыту үшін бұғаз астынан туннель салуды Наполеон ұсынған болатын. Шындығында оның инженері Альберт Матье-Фавьенің 1802 жылы ұсынған жобасы қазіргі таңда фантастикалық және қауіпті болып көрінеді. Тасқынды теңіз суының астында ат экипажы жайбарақат қатынап, ал ауа алмасу бұғаз бетіне шығатын құбыр арқылы жүзеге асатын жоба ретінде болжанған болатын. Сол кезде осы жобаның жүзеге аспауына елдегі тұрақсыздық және мемлекеттегі шығындардың үлкен көлемде болуы себеп болды.

Алайда жобаның жүзеге асырылуы арада бірнеше жылдар салып Англия және Франция басшыларының тендер жариялауымен 1980 жылдан жүзеге асырыла бастайды. Жеңіске лайықты Europont, Euroroute, Channel Expressway және Eurotunnel сынды 4 үміткер болды.

Жеңіске жеткен Eurotunnel транспорттық сектордағы мемлекеттік жеке меншік әріптестікті қолданудың көш басшысы атанды. Бастапқыда концессия мерзімі 55 жылға болжанғанымен, оның уақыты кейіннен 99 жылға дейін созылып,  құрылыс – иелік ету – пайдалану – қолданысқа беру жүйесінде жүзеге асырылды.

Ұлы құрылыс жұмысы Ағылшын жағалауынан 1987 жылы 15 желтоқсанда, ал Француз жағалауынан тек 1988 жылы 28 ақпанда басталды.

Құрылыстың аяқталуына 100 метр қалған кезде ағылшын және француз бұрғылаушылары екі жүзді балға шоты мен күректер көмегімен екі шетті қосу үшін кішігірім туннель қазды.

1990 жылдың 1 желтоқсанында бұғаз бетінен 40 метр тереңдікте британ және француз үңгілеу бригадасы кездесті. Дәлсіздік горизонталь бойынша 358 мм-ге, вертикаль бойынша 58 мм болды.

7 жыл көлемінде 13 мың инженер мен жұмыскер күшімен жүзеге асырылған жоба 1991 жылы аяқталды. Ағылшындар тарапынан 84 км, ал француз тарапынан 69 км туннель жасалды.

Еуротоннелді салтанатты түрде 1994 жылы 6 мамырда Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ мен Франция президенті Франсуа Миттеран ашты. Осындай қиындықтан өткен жоба 1994 жылы жүзеге асырылып, Еуропа елдері бірігуінің мызғымас символы ретінде ереше маңызға ие болды.

Евротоннелдің пайда болуы мен қолданысқа беру тарихы мемлекет пен бизнес серіктестігінің жарқын мысалы. Міне, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қызметін қолдану аясы барынша кең екенін байқаймыз. Қазақстандағы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы Заң экономиканың барлық дерлік саласында қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Әрине ұсынылатын қандай да болмасын құнды да маңызды жоба «идеядан бастап нақтылы іске асырылу» жолынан өтуі экономика заңдылығы. Бұл жерде ең маңыздысы әрі басты өзек – идея болып табылады. Евротоннелдің пайда болу тарихы бастапқы аса беделді (имидж) жобадан кейіннен ірі бизнес жобаға ұласуының шежіресі десек асыра айтқандық болмас. Ол бүгінгі күнге дейін құнды кіріс көзі ғана емес, сонымен бірге оның негізін қалаушы тұлғаның есімін мәңгі есте қалдырудың жарқын үлгісі болып отыр.

 
2
0
1466

Қазақстандық жұмыс берушілер орта білікті техника мамандарына мұқтаж

Бұл туралы бүгін жұмыс берушілердің кадрлық сұраныстарын анықтау мақсатында өткізілген сауалнаманың қорытындысы туралы ҚР ДСӘДМ-де өткен брифингте «ҚР ДСӘДМ Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ (әрі қарай – ЖП АТО ) Президенті Дәулет Арғындықов  мәлімдеді.

Өз сөзінде ол 2015 жылы алғаш рет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып 3700 жұмыс берушілер арасында мамандықтар мен кәсіптеріне қарай кадрлар сұранысын анықтау мақсатында сауалнама өткізілгенін еске салды.

«Биылғы жылы қатысушылардың саны әлдеқайда ұлғайтылды. Бұл сауалнама нәтижесінің сенімділігі мен оның аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. 2016 жылы жалпы қызметкерлер саны 880 мыңнан астам адамды құрайтын барлығы 7 мыңнан аса жұмыс беруші сауалнамадан өтті», - деп хабарлады Дәулет Арғындықов.

Сауалнама нәтижесі бойынша 2016 жылы жұмыскерлерге деген сұраныс 134 мың адамды құрады. Негізгі сұраныс сауда, қаржылық және сақтандыру қызметтері, жылжымайтын мүлік сынды қызмет көрсету салаларына тиесілі. Экономиканың нақты секторында жалпы кадр қажеттілігі 49 мың адамға бағаланып отыр, сонымен бірге, оның жартысына жуығы ауылшаруашылық секторына қажет екені белгілі болды. Өнеркәсіп саласында кадрларға сұраныстың негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, оның басым көпшілігі киім, аяқ киім, сондай-ақ, ағаштан жасалатын заттар өндірісінде қажет болып отыр. Жалпы алғанда, аталған сала өнеркәсіптері өз қызметкерлер штатын  10%-дан астам көрсеткішке ұлғайтуға мүмкіндіктері бар.

ЖП АТО президенті мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары жеке меншік сектордың дамуына септігін тигізіп келе жатқанын атап айтты.

«Егер соңғы жылдары еңбек ресурстарына сұраныс мемлекеттік сектор тарапынан болса, биылғы жылы сұраныстың 80%-ы жеке сектордың үлесінде», - деді Дәулет Арғындықов.

Аймақтар арасында кадрлар сұранысының басым көпшілігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сонымен бірге, Астана, Алматы (жалпы сұраныстың 60%-ы) байқалады. Сонымен, аталған облыстардағы жалпы сұраныс 60,8 мың қызметкерді құраса, Астана мен Алматы қалаларында – 20,9 мың адам болып отыр.

Салалардағы негізгі сұраныс 5 салаға тиесілі:

- сұраныстың үштен бір бөлігіне жуығы (42 мың адам) сауда, қаржы, жылжымайтын мүлікпен айналысатын өндірістерден;

- сұраныстың 17% (23 мың адам) ауылшаруашылық кәсіпорындарынан;

- сұраныстың 12%-ы (16,3 мың адам) білім беру саласы ұйымдарынан;

- 10% - ы (13,6 мың адам) – құрылыс компанияларынан келсе,

- өндірістік кәсіпорындарға 12,2 мың қызметкерлер қажет, бұл сұраныстың 9%-ын құрап отыр.

«Аталған сауалнама мәліметтері сараптамасының нәтижесі бойынша республикада орта білікті техника мамандарына деген сұраныс жоғары болатыны анықталды. Оның мөлшері 57,1 мың немесе еліміздегі жалпы кадр сұранысының 43%-ын құрап отыр. Сонымен бірге, жұмыс берушілердің біліктілігі төмен немесе біліктілігі жоқ мамандарға деген сұранысы жоғары. Ол 33% болып отыр. Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы мамандарға деген сұраныс та жоғары - 15%. Инженерлік-техникалық кадрларға деген сұраныс қажеттілігі бойынша соңғы орыннан бір саты жоғары тұр – республика бойынша небәрі 6,2 мың адам (жұмыс берушілер сұранысының 4,6%-ы) ғана керек. Кеңсе жұмыскерлері, әкімшілік персонал мен өзге де қызметкерлерге деген сұраныс өте төмен -  4%», - деп қорытындылады Дәулет Арғындықов.

 
0
0
373

«Дін мен дәстүр» байқауының ақтық мәресіне 10 үміткер жолдама алды

ҚМДБ-ның және Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің тікелей бастамасымен «Дін мен дәстүр» кітабын насихаттау мақсатында облыс жастары арасында өтіп жатқан «Оқып, тоқы да көлік ұтып ал!» атты бәйгенің екінші кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

 

Бұл туралы ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша және Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы хабарлады.

-Екінші кезеңде алғашқы айналымнан суырылып шыққан 20 үміткер бағын сынады. Нәтижесінде 10 үміткер бәйгенің соңғы кезеңіне өтті. Бұл жолы үміткерлер тест жобасы бойынша «Дін мен дәстүр» кітабының толық мазмұнын қамтыған 80 сұраққа жазбаша жауап берді, - деді А. Тойшыбайұлы.

Ақтық мәре бірінші маусымға дейін өткізіліп, жеңімпаздар төртінші маусым күні марапатталады.

Павлодар облысының өкіл имамы Нариман Ермекұлының айтуынша, байқаудың үшінші кезеңінде әділқазылар алқасы үміткерлердің білімін сұрақ-жауап билеттері бойынша және қосымша қойылатын сұрақтар арқылы тексеріп, жүлдегерлерді анықтайтын болады.

 

pavlodarnews.kz

   
1
0
827

Павлодарда бір күннің ішінде әлеуметтік баспана алуға жүз қырық өтініш қабылданды

Кеше Павлодарда «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы тұрғын үйі» бағыты бойынша «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде арендалық баспана сатып алу үшін құжаттарды қабылдау басталды. Бүгін екі сағаттың ішінде өтініштердің саны екі жүзге жақындады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы агенттікке жастар бастамаларын дамыту орталығының ақпараттық-кеңес беру бөлімінің басшысы Төлеген Айтбаев мәлім етті.  - Бірінші күні қала тұрғындарынан 140 өтініш қабылдап үлгердік. Бүгін екі сағаттың ішінде 60-қа тарта өтініш түсті. Адамдар мамандардың кабинеттерінің қасында топ-тобымен тұрмас үшін алдымен барлығы тізімге жазылады. Кейін оларды аты-жөнін атап шақыртады. Қазіргі уақытта аталмыш тізімге 900-ге жуық адам жазылған. Бүгін 200-дей адамды қабылдауымыз керек. Жоспар бойынша бес күннің ішінде үш мыңға тарта өтініш қабылдаймыз, - деді Т. Айтбаев.

Жалпы Павлодар қаласында төрт дәреже бойынша әлеуметтік баспанаға мұқтаж   14612 адам кезекте тұр. Ең көп  6409 өтініш мемлекеттік, бюджеттік және әскери қызметкерлерден түскен. Әлеуметтік тұрмысы төмен  адамдар саны  500-ге жуық. Өтініштердің 1866-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға,  28-і жалғыз тұрғын үйі тұруға жарамсыз деп танылған жандарға тиесілі.

Естеріңізге сала кетсек,  мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж жандардың есебінде тұрған азаматтарға Академик Сәтбаев көшесіндегі тұрғын үйдің 270 пәтері сатылымға қойылды. Оның ішінде бір бөлмелі пәтерлер саны - 108, екі бөлмелі пәтерлер саны - 108 және 54-і - үш бөлмелі пәтерлер.

 

Назым Қарабаева

Суретті түсірген - Ольга Воронько, Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

       
1
0
498