Гарри Поттер және философиялық тас кітабының аудармасының үшінші бөлімі
ҮШІНШІ БӨЛІМ
БЕЛГІСІЗ ХАТТАР
Бразилиялық боаны құтқарғаны үшін Гарри өміріндегі ең ұзақ жазаға тап болды. Шоланнан қайта шығуға рұқсат берілген кезде жазғы демалыс басталып кеткен болатын. Дадли болса, жаңа бейнекамерасы мен алыстан басқарылатын ұшағын сындырып үлгеріп, онымен қоймай, бірінші рет бәйге велосипедіне отырғанда, Привет Драйвтың бойымен балдақпен сүйрелеңдеп бара жатқан қартайған Фигг ханымды аяғынан құлатып та үлгерген еді.
Гарри оқу біткеніне қуанышты еді, дегенмен бұл жағдай оны үйге күнде жетіп кеп тұратын Дадли шайкасынан құтқармайтын. Пирс, Деннис, Малкольм және Гордон таңдаудан өткендей топас әрі еңгезердей дәу болатын, дегенмен арасындағы ең топас әрі семізі Дадли болғандықтан, ол шайканың бастығы саналатын. Олардың бәрі Дадлидің ең жақсы көретін спорты ‘Гарриді аулауды’ қатты ұнататын.
Сол үшін Гарри уақытының көбін айналаны кезіп, аз ғана үміт әкелетін жазғы демалыстың бітуін күтіп, үйдің сыртында өткізуге тырысатын. Қыркүйектің басында ол енді өмірінде алғаш рет Дадлиден бөлек орта мектепке бармақ. Дадлиді кезінде Вернон ағатай оқыған Смелтингстегі жекеменшік мектепке жазып қойыпты. Пирс Полкисс те сонда жазылыпты. Гарриді тұрғылықты жерге қарайтын қарапайым мектеп Стоунволлға жазыпты. Дадли бұны өте қызық көретін.
- Сендердің Стоунволдарыңда оқушыларды бірінші күні унитазға бастарын малтиды екен, - дейтін ол Гарриге. – Жүр, барып жаттыққың келе ме?
- Жоқ, рахмет, - деп Гарри жауап қататын. – Унитаз бейшара сенің басың сияқты жиеркенішті нәрсені өмірі көрмеген болар, ол ауырып қалуы да мүмкін қой. – деп Дадли оның не айтқанын түсінгенше зытатын.
Бір күні Петуния тәте Дадлиді алып Смелтингске киетін форма алуға Лондонға кетті, ал Гарри Фиггс ханымның үйінде қалды. Фиггс Ханым әдеттегіден сыпайы көрінді. Оның аяғын мысықтарының біреуіне шалынып сындырып алғаны белгілі болды. Енді ол, неге екені белгісіз, мысықтарды бұрынғыдай қатты жақсы көрмейтін. Ол Гарриге телевизор көруге рұқсат беріп, тіпті, дәміне қарағанда бірнеше жыл тұрып қалған шоколад қосылған кекс ұсынды.
Кешке Дадли қонақ бөлмеде өзінің судай жаңа формасын киіп әрлі-берлі жүріп жүрді. Смелтингстің формасына қызылша түсті фрак, тізеге дейін келетін сарғыш панталон мен өрілген жалпақ қамыс шляпа кіретін. Сонымен қатар мұғалім көрмей тұрғанда басқаларды сабауға арналған ұшында қалпақшасы бар таяқ тиесілі болатын. Бұл келешек өмірге жақсы дайындық деп есептелінетін.
Дадлидің қысқа шалбар киіп тұрғанын көріп, Вернон ағатай отырып қалған дауысымен бұл оның өміріндегі ең керемет мезет екенін айтып өтті. Петуния тәте көзіне жас алып, бұл тұрған ересек әрі сымбатты бала оның кішкентай ғана Дадлиі екеніне сенбей тұрғанын айтты. Гарри тиып тұрған күлкісінен қабырғасы сынып кете ме деп қорқып, бірдеңе деуден өз-өзін тежеуді ұйғарды.
Келесі күні таңертең тамақтануға келсе, ас үйде сасық иіс мүңкіп тұр екен. Сасық иіс плита үстіндегі мырыштан жасалған үлкен тегештен шығып тұр еді. Гарри оның не екенін көру үшін плитаға жақындады. Тегеш қап-қара суда жүзіп жүрген кір шүберекке ұқсас бір нәрсеге толы еді.
- Бұл не? – деді ол Петуния тәтеге қарап. Петуния тәте әдеттегідей ернін емеріп:
- Сенің жаңа мектеп формаң, - деді.
- Ә, солай ма, - деді Гарри, - мен оның осындай су болуы керек екенін білмеппін.
- Ақымақ болма, - деді Петуния тәте ызаланып. – Мен саған Дадлидің киімдернің бірін бояп жатырмын. Бітіргеннен кейін сенің формаң дәл кластастарыңдікіндей болады.
Гарри бұған қатты күмәнданса да, сол үшін дауласудың қажеті жоқ деп шешті. Ол үстел басына отырып өзінің піл терісіне ұқсас ескі киім киіп баратын Стоунволл мектебіндегі бірінші күнін ойламауға тырысты...
Бұл уақытта ас үйге Гарридің жаңа формасының иісінен мұрындарын тыржитып Дадли мен Вернон аға кіріп келді.
Вернон аға әдеттегідей газетін ашып, Дадли болса тастамай өзімен бірге алып жүретін таяқшасын үстел үстіне қойды.
Бәрі де сырт есіктегі хатқа арналған саңылау қақпағының тырс етіп, кілемшеге пошта құлағанын естіді.
- Поштаны әкел, Дадли, - деді Вернон аға газет артынан.
- Гарри әкелсін.
- Поштаны әкел, Гарри.
- Дадли әкелсін.
- Оны Смелтингс таяқшасымен нұқып жібер, Дадли.
Гарри Смелтингс таяқшасынан қашып құтылып пошта әкелуге кетті. Кілемше үстінде үш пакет жатты: Уайт аралында демалып жатқан Вернон ағаның апасы Мардждан келген жедел хат, қоңыр конверт, шот шығар, және Гарриге арналған хат.
Гарри оны көтеріп тұрған орнында мелшиіп тұрып қалды, оның жүрегі аузына тығылардай қатты соға бастады. Өмірінде ешкім ешқашан оған хат жазбаған болатын. Жазса да, кім жазушы еді? Оның не досы, не туысқаны да жоқ еді, ол тіпті кітапханаға да жазылмаған болғандықтан ол жерден кітапты қайтару керектігі жайлы ашулы хат та алуы мүмкін емес еді. Дегенмен, міне мекен жайы дәл жазылғаны соншалық, ешқандай күмән тудыруы мүмкін емес хат ұстап тұр:
Г. Поттер мырзаға
Саты астындағы шолан
Привет Драйв, 4
Кіші Вайнинг
Суррей
Сарылау келген пергамент қағазынан жасалған конверт қалың әрі ауыр еді, ал мекен-жай зүбәржәт сынды жап-жасыл бояумен жазылған екен. Марка жапсырылмапты.
Гарри конвертті дірілдеген қолымен аударып, оның түйіскен жерінде үлкен «Х» әрпін айнала қоршаған арыстан, қыран, борсық және жылан бейнеленген таңбасы бар қызыл балауыздан жасалған мөрді көрді.
- Әй бала, тез бол! – деді Вернон аға ас үйден бақырып. – Ол жерде не істеп жатсың, хатқа бомба салды ма деп тұрсың ба? – Сөйдеді де, өз қалжыңына өзі мәз болып ыржаң етті.
Гарри көзін хаттан айырмай ас үйге қайтып оралды. Ол Вернон ағаға жедел хат пен шотты беріп, асықпай сары конвертті аша бастады. Вернон аға шотты ашып жақтыртпағандай бетін тыржитып, жедел хатты бір шертті.
- Мардж ауырып қапты, - деді Петуния тәтеге. – бұзылған бір нәрсе жеп қойыпты..
- Әке, - деді кенет Дадли. - Әке, Гарри де бір нәрсе алыпты!
Гарри дәл сондай қалың пергамент қағазында жазылған хатын ашып жатқанда Вернон аға кенеттен оны Гарридің дәл қолының арасынан жұлып алды.
- Бұл менікі! – деді Гарри наразылығын білдіріп хатын қайта жұлып алуға тырысып.
- Саған кім жазушы еді? - деп Вернон аға жақтыртпай мырс етті де, бір қолымен хатты ашу үшін оны қолымен бір сілтеді. Ол хатқа көз тастады. Оның беті бағдаршамның шамдарынан да тез жылдамдықпен қызыл түстен лезде жасыл түске ауысты. Бұнымен іс біткен жоқ. Бір секундтен кейін беті бүлініп кеткен ботқадай аппақ қудай боп сұрлана түсті.
- П-П-Петуния, - деді ол ентіге.
Дадли хатты шап бергісі келіп еді, бірақ Вернон аға оны шеттетіп жіберді. Петуния тәтей қызығушылықпен хатты алды да, бірінші жолын оқып шықты. Бір мезет ол есінен танып құлап қалатындай көрінді. Ол тамағынан ұстанып қатты ағайға басты:
- Вернон! Құдайым-ау, Вернон!
Олар Гарри мен Дадли осы жерде отырғанын ұмытқандай бір-біріне тесіле қарады. Дадли оны елемегенге үйренбеген еді. Ол әкесінің басынан смелтингс таяқшасымен бір қойып:
- Мен хатты оқығым кеп тұр – деді бақырып.
- Оны мен оқығым кеп тұр, - деді ызаланып Гарри. – Үйткені ол менің хатым.
- Екеуің де бұл жерден жоғалыңдар, - деп Вернон аға хатты қайта конвертке салып бұрқ етті.
Гарри орнынан қозғалған жоқ.
- МЕНІҢ ХАТЫМДЫ ҚАЙТЫП БЕРІҢІЗ! – деді ол айғай салып.
- Мен көрейінші! – деді Дадли талап етіп.
- ЖОҒАЛЫҢДАР!!!- деді Вернон аға бақырып. Ол Гарри мен Дадлиді желкесінен ұстап алып, дәлізге шығарып жіберіп, ас үйдің есігін тарс жапты. Гарри мен Дадли есік құлыпының тесігіне құлағын тосып тыңдау үшін үндеместен дереу талапай тартысқа түсті. Дадли жеңгендіктен, Гарри бір құлағында салбырап тұрған көзілдірігімен ішімен жерге жатып, есік астындағы саңылаудан бірнәрсе естуге тырысып бақты.
- Вернон, - деді Петуния тәте дауысы дірілдеп. – адреске қарашы, оның қай жерде ұйықтап жүргенін олар қайдан біліп қойған? Сен олар үйді аңдып жүр деп ойлайсың ба?
- Әрине аңдиды, бізді торып жүреді, - деп міңгірледі Вернон аға ашу қысып.
- Вернон, енді не істейміз? Оларға жауап жазайық па? Біз оған келіспейміз деп...
Гарри Вернон ағаның ас үймен әрлі берлі жүріп жүрген лакталған қара туфлиін көрді.
- Жоқ, - деді ол ақыры. – Бұны осылай қалдырайық. Егер олар жауап алмаса...Иә, солай істеген дұрыс болар...Ештеңе істемейміз...
- Бірақ...
- Петуния, мен өз үйімде бұл жағдайдың бой алуына жол бермеймін! Оны өзімізге алғанда, бұл далбасаны дымын қалдырмай жоқ қыламыз деп сөз бермеп пе едік?
Кешке жұмыстан келгеннен кейін Вернон аға өмірі жасамаған нәрсесін жасады: ол Гарридің шоланына кірді.
- Маған келген хат қайда? – деп сұрады Гарри ағасы есік аузында көрінгеннен. – Маған кім жазды?
- Ешкім де емес. Ол саған байқаусызда келді, - деді ағасы қысқа да нұсқа. – Мен оны жағып жібердім.
- Еш байқаусыздық боған емес, - деді Гарри ашулана наразылығын білдіріп. – Ол хатта менің шоланым көрсетілген.
- ТЫНЫШ! – деп Вернон аға бақырып жібергенде төбеден екі өрмекші топ ете түсті. Ол бірнеше рет терең тыныс алып, жасанды болса да өзін күштеп жымиуға тырысты.
- Ммм...Гарри, айтайын дегенім, осы шолан жайлы. Біз сенің тәтеңмен ойлағанымыз...Сен бұл шолан үшін кішкене үлкендеу сияқтысың...Біздіңше, сен Дадлидің екінші ұйықтайтын бөлмесіне көшсең, керемет болатын сияқты.
- Не үшін? – деп сұрады Гарри.
- Сұрай берме! – деп ағасы бұрқ етті. – Киімдеріңді жина, бол тез.
Дарслилер үйінде төрт ұйықтайтын бөлме бар болатын: біреуі Вернон аға мен Петуния тәтенікі, біреуі қонақтар үшін (әдетте, бұл Вернон ағаның әпкесі Мардж үшін еді), біреуі Дадлидікі, ал енді біреуі Дадлидің өз бөлмесіне сыймай қалған ойыншықтары мен басқа ұсақ-түйекті сақтайтын бөлмесі еді. Өзінің меншігін шоланнан сол бөлмеге апарып тастау үшін Гарри сатымен бір-ақ рет көтерілді. Ол төсекке отырып жан-жағына қарады. Бұл жердегі барлық зат сынық еді. Бір ай бұрын сыйланған бейнекамера Дадли бірде көршінің итін басып кете жаздаған кішкентай өзділікті жүретін танктің үстінде жатыр еді; бұрышта Дадлидің оның ең жақсы көретін телебағдарламасын алып тастағандықтан теуіп сындырған ең алғашқы теледидары жатты; дәл сол жерде үлкен құсқа арналған тор жатты; торда бір кезде Дадли мектепте мылтыққа айырбастаған попугай тұрған-тын, ол да Дадли үстіне байқамай отырып қалғандықтан мыжылып сөреде жатқан. Қалған сөрелерде кітаптар тұр еді. Бөлмеде тек кітаптар ғана оларға қол тигізбегендей түрде болатын.
Астынан Дадлидің шешесіне бақырып жатқаны естілді: «Мен оның ол бөлмеде тұрғанын қаламаймын...Маған ол бөлме керек...Ол жерден әрмен кетсін...»
Гарри төсекте күрсіне созылды. Кеше ғана осы бөлме үшін барын беруші еді. Ал бүгін бұл жерде хатсыз жатқанша, шоланда хатпен болғанды қалар еді.
Келесі күні таңғы аста бәрі де үндемей отырды. Дадли аң-таң болды. Ол бақырып әкесін смелтингс таяқшасымен сабап, өтірік ауырған боп қалып, шешесін аяғымен теуіп, оның тасбақасын жылыжайдың шатырына лақтырса да, өзінің бөлмесін қайтара алмады. Гарри кеше дәл осы уақытта болған оқиғаны есіне алып, хатты дәлізде ашып алмағанына қатты өкініп отырды. Вернон аға мен Петуния тәте көңілсіз көз алмасып отырды.
Пошта әкелген уақытта Гарримен ашық түрде сыпайы болуға тырысып отырған Вернон аға, Дадлиді оны әкелуге күштеді. Оның дәлізге барар жолда іліккен нәрсенің бәрін таяқшамен тоқпақтап бара жатқаны естіліп тұрды. Сосын ол былай деп айғай салды: «Мына жерде тағы біреуі келді! Г. Поттер мырза, ең кіші ұйықтайтын бөлме, Привет Драйв 4...»
Ащы даусымен айғай сала, Вернон аға орнынан ұшып тұрып, дәліз жаққа қарай жан ұшыра жүгірді, ал Гарри дереу соңынан ілесті. Хатты тартып алу үшін Вернон ағаға Дадлимен еден үстінде арпалысуға тура келді, ал Гарри оны артынан мойнынан құшақтап ап оған бұл істі қиындата түсті. Бірнеше минуттық әрбіреуі смелтингс таяқшасының дәмін татқан ұятқа қалдыратын арпалыстан соң, Вернон аға қолына Гарридің хатын қысып алып ентіге орнынан тұрды.
- Шоланыңа...жоқ, бөлмеңе жоғал – деді ол Гарриге бұрқылдап. – Дадли, сен де кет .
Гарри өзінің жаңа бөлмесін айнала әрі-бері жүре берді. Әлдебіреу оның шоланнан көшіп кеткенін, сонымен қатар бірінші хатын алмағанын білген сияқты. Бұл олардың тағы тырысуы мүмкін екенін білдіре ме екен? Ендігі ретте бәрі ойдағыдай болады. Ол бір айланы ойлап тапты.
Жөнделген шырылдауық сағат таңертеңгі алтыда шыр етті. Гарри оны лезде сөндіріп үндемей киініп алды. Дарслилерді оятып алмауға тырысу керек. Ол жарықты жақпастан төмен қарай ұрланды.
Ол пошта әкелетін адамды Привет Драйв бұрышында күтіп алып, одан төртінші үйге келген поштаны алып кетпекші еді. Қараңғы дәліз бойымен сырт есікке қарай ұрланғанда оның жүрегі қатты дүрсілдеп келе жатқан болатын...
Гарри секең ете түсті – ол есік алдындағы кілемшеде жатқан тірі сияқты дәу әрі денелі бір нәрсеге сүрініп қалды.
Гарри сатыдағы қосқышты жағып қалып өз үрейіне орай дәу әрі денелі нәрсенің өзінің ағасының беті екеніне көзі жетті. Вернон аға Гарри істейін деп жатқан ісінің алдын алу үшін есіктен жарты метр жерде ұйықтауға арналған қаптың ішінде жатыр екен. Ол Гарриге жарты сағаттай бақырып оны бір кесе шәй әкелуге ас үйге жұмсады. Гарри бақытсыз күймен ас үйге бет бұрды, ал ол қайтып оралғанда пошта Вернон ағаның дәл тізесіне топ ете түсті. Гарри жасыл сиямен жазылған үш хатты көріп қалды.
- Мен...- деп бастап еді, алайда Вернон аға оның көзінің алдында хаттарды бөлектеп жыртып тастады.
Вернон аға сол күні жұмысқа бармады. Ол үйде қалып сырт есікті ішінен шегелеп тастады.
- Көрдің бе, - деді ол аузының арасына шеге қысып алып, - егер олар хатты осы жерге әкеле алмаса, онда бізді жайымен қалдырады.
- Мен олай ойламаймын, Вернон.
- Бұл адамдардың миы басқаша жұмыс істейді. Петуния, олар бізге ұқсамайды. – деді Вернон аға шегені Петуния тәте әкеп берген балшекермен қағуға тырысып.
Жұма күні Гарриге келген хат он екіден кем болмады. Олар пошта саңылауынан өте алмағандықтан, есіктің астынан, екі шетінен, тіпті ваннадағы кішкентай терезе арқылы қыстырылып кіре бастады.
Вернон аға тағы бір күн үйде қалды. Бар хатты жағып жібергеннен кейін, ол балғаны алып, еш хат кіре алмайтындай алдыңғы және артқы есіктің жан жағын шегелеп тастады. Ол жұмыс істеп жатып ‘Қызғалдақтар арасында’ өлеңін ыңылдап айтып, әр дыбысқа селт ете түсті.
Сенбі күні жағдай ушыға түсті. Гарриге арналған жиырма төрт хат, қонақ бөлмесіндегі терезе арқылы, Петуния тәтеге аң таң болған сүтші әкелген жиырма жұмыртқаның сыртына оранған күйі, үйге енді. Вернон аға ызасы кеп бұны кім жасағанын білуге тырысып, пошта мен сүт дүкеніне телефон шалып жатқанда, Петуния тәте хаттарды ас үй комбайнінде бөлшектеп кесіп жатты.
- Құдай-ау сенімен сонша сөйлескілері келгені несі? – деді Вернон аға Гарриден таңдана сұрап.
Жексенбі күні таңертең Вернон аға тамақтануға абыржыған әрі аурып тұрғандай, дегенмен көңілді күйде отырды.
- Жексенбі күні пошта келмейді, - деді ол джемін газетіне жағып қуана. - бүгін сайтан алғыр хаттар келмейді...
Ол сөйлеп жатқан уақытта пеш құбырының ішінен бір нәрсе тысырлап түсіп, оны желкесінен ауырта бір соқты. Сәл уақыттан кейін пеш ішінен отыз не қырық хат оқтай ұшып шықты. Дарслилер сілейіп қатып қалды, ал Гарри біреуін болса да ұстағысы кеп секіре жөнелді.
- Әне! Әне!!!
Вернон аға Гаррриді денесінен орап ұстап оны дәлізге шығарып жіберді. Петуния тәте мен Дадли беттерін жауып жүгіріп шығып кеткенде, Вернон аға есікті тарс еткізіп жауып қойды. Хаттардың қабырға мен еденге соғылып бөлмеге ұшып келгені естілді.
- Сонымен былай, – Вернон аға сабырлы сөйлеуге тырысты, бірақ сонымен қатар өз мұртын өзі жұлып тұрды. – Барлықтарың осы жерге бес минуттен соң жүруге дайын отырыңдар. Біз кетеміз. Тек аз ғана киімдеріңді алыңдар. Ештеңе сұрамаңдар!
Ол жартылай жұлынған мұртымен түрі қорқынышты көрінгесін оған ешкім қарсылық көрсетуге батылы жетпеді. Он минуттен соң олар қағылған есік арқылы суырылып шоссемен жылдамдық алып жатқан машинаның ішінде отырды. Дадли, әкесі оған телевизор, видео және компьютерді спорт сөмкесіне салайын деп ұзақ жиналғандықтан желкесінен бір қойғаны үшін, машинаның артында ентіге жылап отырды.
Олар тоқтамай жүре берді, жүре берді. Тіпті Петуния тәте де олардың қайда бара жатқанын сұрауға батылы бармады. Вернон аға бірнеше рет бұрылып қарама-қарсы жаққа жүре бастады.
- Ойдан шығару керек...Оларды ойдан...- деді ол бұрылғанда міңгірлеп.
Олар тамақ ішуге де тоқтамай күні бойы жүрді. Түнге қарай Дадли ұли бастады. Оның өмірі осындай жаман күні болмаған еді. Оның қарны аш, көргісі келген жақсы көретін бес телебағдарламасын өткізіп алған, сонымен қатар ол соншалықты көп уақытқа компьютерінде жарылатын басқа планета тұрғындарымен жұбы жазылмаған еді.
Вернон аға ақыры бір үлкен қаланың сыртындағы ұсқынсыз қонақ үйдің жанына тоқтады. Дадли мен Гарриге дымқылдана сасып кеткен ақжаймасы бар екі бірдей кереуеті бар бөлме тиді. Дадли қорылдап жатса, Гарри өтіп бара жатқан машиналардың жарығына қарап ойға батып, терезе алдында отырды...
Келесі күні таңғы асқа оларға тұрып қалған жүгері қауызы мен қалбыр қызанағы қосылған нан берілді. Олардың үстеліне қонақ үй иесі келгенде олар тамақ жеп болған еді.
- Кешіріңіздер, қайсыңыз Г. Поттер мырза боласыз? Себебі менің жұмыс үстелімде мынаның жүзге жуығы жатыр.
Ол бәрі жасыл сиямен жазылған мекен-жайды оқи алатындай хатты созып көрсетті:
Г. Поттер мырза
17 Бөлме
Темір жол қонақ үйі
Корворт
Гарри хатты алуға оңтайланып қолын созып еді, бірақ Вернон аға қолын итеріп жіберді.
Қонақ үй иесі таңдана қарады.
- Мен оларды өзім алып кетем, - деді Вернон аға атып тұрып оның артынан ілесе жөнеле.
- Мүмкін үйге қайтқан жөн болар, қымбаттым? – деді сызылып Петуния тәте бірнеше сағат өткеннен соң, алайда Вернон аға оны естімеген сияқты еді. Ешкім де оның не іздеп жатқанын түсінген жоқ. Ол оларды бір орманның арасына әкелді де, машинадан шығып басын шайқап қайта машинаға отырды да, әрі қарай жүрді. Ол жаңадан жыртылған егістік пен салбырап жатқан көпір ортасында да, көпқабатты автотұрақтың үстіңгі қабатында да дәл осылай жасады.
- Әкем есінен адасқаннан сау ма? – деп сұрады Дадли Петуния тәтеден күннің екінші жартысында қайғылана. Вернон аға машинаны көл жағасына қойып, оларды сыртынан жауып кетіп бір жаққа жоғалды.
Жаңбыр жауып кетті. Машинаның үстін ірі тамшылар ұрып жатты. Дадли қыңқылдай берді.
- Дүйсенбі, - деді ол шешесіне. – Кешке Ұлы Гумберт болады. Мен теледидары бар бір жерге барғым келеді.
Дүйсенбі. Бұл Гарриге бір нәрсені есіне салды. Егер бүгін дүйсенбі болса (Дадли мен оның теледидарына қарап бүгін аптаның қай күні екенін білуге болатын еді), онда ертең оның, Гарридің, он бірінші туған күні болады. Оның туған күні, әрине, аса көңілді өтпейтін – мысалға өткен жылы Дарслилер оған киім ілгіш пен Вернон ағаның ескі нәскиін сыйлады. Дегенменен, сен он бірге күнде толмайсың ғой.
Вернон аға мәз боп қайтып келді. Ол жұқа әрі ұзын бір түйіншек әкеліп, Петуния тәте оның не сатып алғанын сұрағанда оған жауап берген жоқ.
- Мен бір керемет жер тауып алдым! – деді ол. Кәне! Шығыңдар!
Дала өте суық еді. Вернон аға алыста теңіз үстінде тұрған үлкен құзға ұқсас бір нәрсені меңзеп көрсетті. Құздың төбесіне жабысып елестетуге аларлықтай ең жұпыны шағын лашық үй тұрды. Бір нәрсе ғана анық еді – ол жерде теледидар болмайды.
- Түнде дауыл болады деп хабарлады! – деді Вернон аға қуана шапалақтап.- Ал мынау джентльмен шын пейілмен бізге өзінің қайығын бере тұруға келісті.
Олардың қасына бір тісі жоқ шал жортып келіп, мырс-мырс күліп олардың алдындағы сұр-көк суда қалқып тұрған еп-ескі қайықшаны көрсетті.
- Мен азық сатып алдым, - деді Вернон аға. – сондықтан бәрілерің қайыққа жайғасыңдар!
Қайық іші қатқыл суық болды. Шашыраған мұздай теңіз суы мен жаңбыр тамшылары мойын үстімен сырғып, суық жел бетке ұрды. Құзға жеткенше талай сағат өткен секілді болды, бұл жерде Вернон аға, оларды, аяғы тайып сүріне, жартылай қираған үйге апарды.
Үйдің іші адам көргісіз еді; айнала қатты балдыр сасып, ағаш қабырғалардың арасындағы саңылаулардан жел ұрып тұрды, ал пеш дымқыл әрі бос еді. Үйде екі-ақ бөлме бар екен.
Вернон ағаның сатып алған азығы жақыннан қарастырғанда әр біреуіне арналған бір пакет чипс пен төрт банан боп шықты. Ол от жағуға тырысып еді, алайда пакеттер тек тұтанды да, жиырылып қалды.
- Енді өздерінің хаттарымен бізді тауып көрсін, - деді ағатай сергектеніп.
Ол өте көтеріңкі көңіл күйде болатын. Ол дауыл арасынан осы жерге ешкімнің пошта әкелуге мүмкіндігі болмайтынына кәміл сенді. Гарри ішінен онымен келісті, алайда бұл жағдай оған қуаныш сыйлаған жоқ.
Түнде айнала соққан дүлей дауыл басталды. Шашыраған толқын суы сылдырлап лашық қабырғасымен сырғып, қатқыл жел кір терезені ұрып жатты. Петуния тәте көрші бөлмеде бірнеше көгерген көрпе тауып алып, олардан тышқан кеміріп тастаған диванның үстінен Дадлиге төсек дайындап берді. Олар Вернон аға екеуі көрші бөлмедегі ортасы түсіп кеткен кереуетке ұйықтауға кетіп, Гарриге еденнің ең ыңғайлы жерін алуды өз таңдауына қалдырды. Гарри таңдап алған жерде ең жұқа әрі жыртық көрпенің астына бүрісе тығылды.
Түн ішінде дауыл күшейе түсті. Гарри ұйықтай алмады. Ол дірілдеп, ыңғайлырақ жатуға тырысып, бір жақтан екінші жағына аунап, аштықтан іші құрылдап жатты. Дадлидің қорылын енді түн жарымның маңайында басталған найзағай жарқылы басып тастады. Дадлидің диван шетінен салбырап жатқан семіз қолында жарқырап тұрған сағат беті, Гарриге оның он бір жасқа, он минуттен кейін келетінін көрсетті. Ол өзінің туған күнінің жақындап келе жатқанын көріп, Дарслилер оның туған күнін есіне алар ма екен, хат жіберушінің қазір қайда болуы мүмкін екен деп ойланып жатты.
Бес минут қалды. Гарри сыртта бір нәрсе сықырлағанын естіді. Ол бұл үстеріне шатыр құлап бара жатпаса екен деп үміттенді, алайда ол құласа мүмкін жылырақ болар ма еді. Төрт минут. Мүмкін Привет Драйвтағы үй хаттарға толғаны сонша қайтып келгенде біреуін суырып алуға болар ма екен.
Үш минут қалды. Бұл құзды қатты ұрып жатқан теңіз бе екен? Ал (екі минут бойы) біртүрлі тырсылдаған не нәрсе? Құз теңіз астына кетіп бара ма?
Он бірге толуына бір минут қалды. Отыз секунд..жиырма..он...тоғыз...мүмкін оны жай ызаландыру үшін Дадлиді ояту керек пе...үш...екі...бір...
ГҮРС!
Лашық дір ете түсті, Гарри ұшып тұрып қайта отырды да, есік жаққа қарады. Сыртта біреу кірейін деп есік қағып тұрды.
