Тәттімбет Жұмағұлов — Мемлекет пен жеке тарап әріптестігінің бір пайдасы

Тәттімбет Жұмағұлов – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының сарапшысы
ХХІ ғасырдағы жаңа өркениет биігіндегі қарыштап даму талабы еліміздің инфрақұрылымын барынша өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Жол, көпір, теңіз айлақтары мен әуежай сынды мемлекеттік маңызы зор транспорттық нысандарды дамыту және пайдалану тетіктерін барынша жетілдіру де қазіргі заман талабы болып табылады. Әрине экономикалық дамудың үдемелі әрі тұрақты жағдайында инфрақұрылым сапасын арттыруға деген талаптың күшеюі де орынды. Қазіргі әлемдік экономикадағы қайшылықтар мен дағдарыстың кереғар ықпалы жоспарланып отырған бюджетті дұрыс қолданудағы басқару және жүйелеу тетіктерінде әлемдік озық тәжірибелердің қолданылуына назар аударуымыз заңдылық. Бұл ретте мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту мен жетілдірудегі оңтайлы шешімдер қабылдауда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қызметі айрықша орын алады.
Қазіргі таңда Nord Europe темір жол желісі арқылы Лондан қаласынан Париж қаласына дейін 2 сағат 15 минутта жетуге болады. Ал жүкті поезд көмегімен франциялық Кале қаласынан британдық Фолкстоун қаласына дейін не кері бағытта көлігіңізден шықпай-ақ жетуге болады. Алайда адам көкейінде «Ла Манш бұғазы ше?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бұл шешімнің оңтайлы жауабы – мемлекеттік жеке меншік әріптестік механизмін ұтымды қолданумен сабақтас маңызды мәселе. Соның ішінде Еуропа елдерінің мемлекеттік инфрақұрылымды ұзақ жылдағы басым бағытта біріккен жобалар негізінде дамытуды қолға алып, тығырықтан бірлесе шығудағы озық тәжірибелерінің тарихына тағы бір жіті назар аударуымыз артық болмас.

Ұлыбританияны құрлыққа қосу идеясы адамзатты XVIII ғасырдан бері толғандырған сан алуан сұрақтардың ең бір өзектісі еді. Англия мен Франция арасындағы арақатынасты дамыту үшін бұғаз астынан туннель салуды Наполеон ұсынған болатын. Шындығында оның инженері Альберт Матье-Фавьенің 1802 жылы ұсынған жобасы қазіргі таңда фантастикалық және қауіпті болып көрінеді. Тасқынды теңіз суының астында ат экипажы жайбарақат қатынап, ал ауа алмасу бұғаз бетіне шығатын құбыр арқылы жүзеге асатын жоба ретінде болжанған болатын. Сол кезде осы жобаның жүзеге аспауына елдегі тұрақсыздық және мемлекеттегі шығындардың үлкен көлемде болуы себеп болды.
Алайда жобаның жүзеге асырылуы арада бірнеше жылдар салып Англия және Франция басшыларының тендер жариялауымен 1980 жылдан жүзеге асырыла бастайды. Жеңіске лайықты Europont, Euroroute, Channel Expressway және Eurotunnel сынды 4 үміткер болды.
Жеңіске жеткен Eurotunnel транспорттық сектордағы мемлекеттік жеке меншік әріптестікті қолданудың көш басшысы атанды. Бастапқыда концессия мерзімі 55 жылға болжанғанымен, оның уақыты кейіннен 99 жылға дейін созылып, құрылыс – иелік ету – пайдалану – қолданысқа беру жүйесінде жүзеге асырылды.
Ұлы құрылыс жұмысы Ағылшын жағалауынан 1987 жылы 15 желтоқсанда, ал Француз жағалауынан тек 1988 жылы 28 ақпанда басталды.
Құрылыстың аяқталуына 100 метр қалған кезде ағылшын және француз бұрғылаушылары екі жүзді балға шоты мен күректер көмегімен екі шетті қосу үшін кішігірім туннель қазды.

1990 жылдың 1 желтоқсанында бұғаз бетінен 40 метр тереңдікте британ және француз үңгілеу бригадасы кездесті. Дәлсіздік горизонталь бойынша 358 мм-ге, вертикаль бойынша 58 мм болды.
7 жыл көлемінде 13 мың инженер мен жұмыскер күшімен жүзеге асырылған жоба 1991 жылы аяқталды. Ағылшындар тарапынан 84 км, ал француз тарапынан 69 км туннель жасалды.
Еуротоннелді салтанатты түрде 1994 жылы 6 мамырда Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ мен Франция президенті Франсуа Миттеран ашты. Осындай қиындықтан өткен жоба 1994 жылы жүзеге асырылып, Еуропа елдері бірігуінің мызғымас символы ретінде ереше маңызға ие болды.

Евротоннелдің пайда болуы мен қолданысқа беру тарихы мемлекет пен бизнес серіктестігінің жарқын мысалы. Міне, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қызметін қолдану аясы барынша кең екенін байқаймыз. Қазақстандағы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы Заң экономиканың барлық дерлік саласында қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Әрине ұсынылатын қандай да болмасын құнды да маңызды жоба «идеядан бастап нақтылы іске асырылу» жолынан өтуі экономика заңдылығы. Бұл жерде ең маңыздысы әрі басты өзек – идея болып табылады. Евротоннелдің пайда болу тарихы бастапқы аса беделді (имидж) жобадан кейіннен ірі бизнес жобаға ұласуының шежіресі десек асыра айтқандық болмас. Ол бүгінгі күнге дейін құнды кіріс көзі ғана емес, сонымен бірге оның негізін қалаушы тұлғаның есімін мәңгі есте қалдырудың жарқын үлгісі болып отыр.
