Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Меруерт Әмірханова — Жарықтандырудың жаңа үлгісі

Меруерт ӘМІРХАНОВА - Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы

Қаланың жақсы жарықтандырылған ортасы болғаны өте маңызды. Себебі көше жарығы кез-келген қаланың бет-бейнесі болып табылады. Күндізгі уақытта шамдар қаланың келбетін үйлесімді әрі эстетикалық тұрғыдан толықтырып, қала тұрғындары мен қонақтарының көзін қуантып қана қоймай, көрікті жерлерді әйгілеп немесе қаланың мерекелік көңіл-күйін ерекшелеп көрсетуі тиіс. Оған қоса шамдар түнде қала көркін одан сайын құлпырта түседі. Өйткені ол күндізгіден де тартымды болуы тиіс қой.

Екінші жағынан көшенің жарығы қоғамдық қауіпсіздік талаптарына сай келуі қажет, олай дейтініміз - жолда келе жатқан жүргізушілер де, айналасын көзбен шолып отыратын жүргіншілер де қозғалыс қатысушылары болып табылады. Көшелерді жарықтандыру үшін қауіпсіз әрі энергия тиімді қондырғыларды енгізу маңызды әрі басымдыққа ие болатындығы сондықтан.

Көшені жарықтандыруды модернизациялаудың түрлі жолдары бар: қала көшелерін қарапайым шамдардан бастап жарықдиодты және күн сәулесінен қуат алатын шамдардың түр-түрімен жарықтандыруға болады. Электр құралдарын тиімді пайдалану жөніндегі жобалық шешімдерді жарықтандырумен шұғылданатын кәсіби және білікті инженерлер әзірлеуі тиіс. Қала көшелерін жарықтандыру жобаларының нәтижелілігі мен пайдалану мерзімі аталған мамандардың жұмысына байланысты.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметіне сүйенсек, әлемдік энергия тұтынудың 20%-ға жуығын жарықтандыру құрайды екен. McKinsey-дің уәжі бойынша, қаржылық шығындардың көпшілігін жобаға инвестиция құюдың кезеңдері мен шаралары емес, жарықтандыру жүйесі құрайды екен. Типтік қондырғының жалпы құны 25 жыл ішінде шамамен келесідей болып бөлінеді: 85% қызмет көрсету/ жұмысқа және 15% капиталдың құнына жұмсалады.

Philips жасаған бағалаулар бойынша, Еуропа көшені жарықтандыру жобаларында ескі технологиядан инновациялық технологияға көшу арқылы жылына энергия үшін 3 миллиард еуроны үнемдеуге мүмкіндігі бар көрінеді. Энергияны үнемдеу 45млн баррель мұнайға тең, немесе жыл сайын ауаға11 млн тонна СО2 бөлінеді деген сөз.

2030 жылға қарай жарықтандырудың жаңа технологиялары электр энергиясын пайдалануды төмендетіп, • көптеген елдерде •300 тераватт-сағат, 11 млрд теңгедей үнемделеді, парниктік газдардың бөлінуі 40 млн автомобильге тең.

Әлемге танымал Philips компаниясы сонау 1996 жылы «City.People.Light» деп аталатын бағдарламасын іске қосқан болатын. Аталған бағдарлама ашық алаң болып табылады. Онда жарықтандыру саласындағы кәсіпқой мамандар энергияны тиімді үнемдеу идеяларымен алмасып, жер бетіндегі адамдардың өмірін жақсарту үшін қаланы жарықтандыру жөнінде қала билігі мен инженерлердің талаптарын ескере отырып, нарықтағы сұраныс пен ұсыныспен танысатын болады. Жеке кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтің дәстүрлі жүйесінен тыс өмір сүреді. Себебі мердігерлер жұмыскерлер құрамын таңдау және жұмыссыздықты төмендету, жоба бойынша жұмыстарды мерзімінде орындауда біршама икемділік танытады.

Бүгінде Қазақстанның қалаларында көше жарығына байланысты проблемалар бар. Атап айтқанда:

  • жарықтандыру қондырғыларының тозуы;
  • жолдардың жеткілікті жарықтандырылмауы. Бұл жағдай қауіпсіздік нормаларына сай келмейді:
  • энергия үнемдеудің тиімсіздігі;
  • қондырғыны жөндеудің қымбаттылығы және пайдалану кезіндегі басқа да шығын түрлері көп.

Көше жарығына кететін шығындар жыл мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады. Қыс мезгілінде күннің жарық кезеңі қысқа болатындықтан, коммуналдық қызметтердің электр энергиясы бойынша шығындары көп болады. Мәселен, Қазақстанның елордасы Астанада айына 3 млн кВтсағат электр энергиясы тұтынады.

Алайда Қазақстан қалаларының көше жарығы жүйесін тиімді жағдайға келтіру үшін кең ауқымды жұмыс жүргізіліп, ел бюджетінен қомақты қаржы қажет етіледі. Мұндай жүйе «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы табиғи және жасанды жарықтандыруға қатысты мемлекеттік нормативтерге» сәйкес келуі тиіс.

Көше жарығы жүйесінің эстетикасы мен қауіпсіздігін жақсартумен қатар, интеллектуалдық басқару жүйесін орнату мен жарықтандырудың ескі технологиясын жарықдиодтыға алмастыру арқылы шығындарды айтарлықтай қысқартуға болады. Сонымен қатар, қала билігі шағын және орта бизнес өкілдерінің креативтік жобаларына, Еуропа елдерінің халықаралық тәжірибелері негізінде елде инновацияның дамуына қолдау жасай алады. Ғылым мен өндіріс арасында өзара байланыс орнап, «жасыл» технологиялар мен экономиканың интеграциясы нығаяды.

Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесі жақындаған сайын үнемді әрі тиімді жарықтандандыру мәселесі өзекті бола түсуде. Көрмені өткізу жоспары бойынша дайындық жұмыстарының бірі – көше жарығы мен қондырғыларды модернизациялау мен қайта құру, көше жарығын интеллектуалдық басқару жүйесін енгізу болып табылады. Елорданы дамытудың басымдыққа ие бағыты - «Smart Astana» инновациялық жобасын іске асыру болып отыр. Аталмыш жоба жаңа технологиялар енгізумен қатар, халықтың өмір сапасын арттыру және қалада тіршілік үшін жайлылық жасауға бағытталған.

Ұзаққа созылған әлемдік экономикалық дағдарыс, табиғи энергия ресурстарына бағаның өсе түсуі, қоршаған ортаны қорғау мәселелері, ауаға зиянды заттар мен парниктік газдардың бөлінуін азайту - энергия үнемдеу мәселелерін шешуде кезек күттірмейтін кешендік шаралар қабылдау қажеттігін көрсетіп отыр.

Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу -2020» бағдарламасы міндеттерінің бірі - энергия үнемдеуді және энергиялық тиімділікті арттыруды ынталандыратын механизмдерді әзірлеу және енгізу.

Энергия тиімділігі саясатын іске асыру бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялаудың басты құралдарының бірі болып табылады Энергия тиімділігі саясаты экономика салаларын модернизациялау, басқару сапасы мен өндірістік құрамның біліктілігін арттыру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәні бар жобаларға кең көлемді инвестициялар тарту, халықты энергетикалық ресурстарды үнеммен тұтынуға тәрбиелеу секілді шараларды қамтуы тиіс.

Қазақстан көп жылдан бері энергия тиімді жарықтандыруды қарқынды енгізіп келеді. Мысалы, жетпіс жылдан астам уақыттан бері медициналық құрал-жабдық шығарып келген «Ақтөберентген» АҚ, бүгінде «Гелиос» көшеге арналған жарықдиодты шамдалдар шығаруды игеріп жатыр. Кәсіпорын сәйкестік сертификаты мен СТ-КЗ сертификатын алды. Өндірістің 50%-ы қазақстандық үлес саналады. Жарықдиодты нүктелрдің қажеттілігі 10 000, қуаттылығы 70-тен 150 Вт-ға дейінді құрайды. Еңбек ұжымының талпынысы облыс басшылығының назарынан тыс қалмай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің басым жобалары қатарына енді.

МЖӘ механизмі орнатуға кететін шығындар бойынша жобаның нәтижелерін есепке алуға, қаланың энергия тұтыну нормасын бағалауға, сонымен қатар энергия үнемдеу бойынша қолданыстағы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» ҚР Заңы, «Энергия үнемдеу 2020», «Жасыл экономика» бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

МЖӘ моделі энергетикалық сала мен коммуналдық қызметтер секторын дамытуда өте маңызды рөл атқарады. Өйткені, бюджеттен тыс қаржыландыруды жұмылдыру арқылы инфрақұрылымға инвестицияның көптеп құйылуына ықпал етпек. МЖӘ моделін қарқынды қолданатын француздық энергетиктердің тәжірибесі көрсеткендей, жеке меншік компаниялар инфрақұрылымдық жобалар құрылысының сметаға сай және озық технологияларды қолдана отырып мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, тиімді пайдаланып, активтердің тұтастай «өміршеңдік кезеңінде» техникалық жағдайын қадағалап отыруға мүмкіндік береді.

 

Мақала 2016ж, 23 мамыр күні http://bnews.kz/ сайтында жарияланды

http://bnews.kz/kz/news/ekonomika/tehnologii/zhariktandirudin_zhana_ulgisi-2016_05_23-1272706

 

2
0
1500

Осы тақырып бойынша

Меруерт Әмірханова — Жарықтандырудың жаңа үлгісі - Yvision.kz