Мазмұнға өту
Шымкент жаңалықтары
112 жазбалар4 тіркелуші

Шымкент — Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі, оңтүстікте орналасқан. Қала өзінің ежелгі тарихымен, мәдениетімен және қонақжай халқымен ерекшеленеді. Жасыл саябақтары, заманауи сәулеті мен көркем табиғаты Шымкентті еліміздің ерекше шаһарына айналдырады.

Қыз-келіншектерге арналған жиын өтті

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы аясында «Қыз тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында кездесу өтті.

Мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы, олардың өмірін қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау.

Кездесуге Шымкент қалалық әйелдер кеңесі төрайымы Баян Айтбекқызы, Шымкент қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гульвира Тулепбергенқызы, «Ана үйі» қоғамдық қоры-ресурстық орталығының үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызы, Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Гүлсина Рахымбайқызы, PhD докторы, гештальт-терапевт, тәжірибелі психолог Салтанат Сайлауқызы және қала жастары қатысты.

Сонымен қатар, жиында қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан зорлық-зомбылық фактілері сөз етіліп, заң аясында қандай әкімшілік көздері қаралғандығы жөнінде айтылды.

Қазір үйдегі зорлық-зомбылық, әсіресе, әйелдерге күш қолдану жағдайы қатты өршіп тұр. Сондықтан бұл мәселе қоғам талқысына жиі түсіп отыр. Әсіресе, экс-шенеунік Қуандық Бишімбаев әйелінің өліміне қатысты қамауға алынғаннан кейін қоғамда резонанс туып, үлкен қозғалыс пайда болды.

Бұл жағдай қазір биліктің де назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы орындарға Бишімбаев ісі бойынша тергеуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Мемлекет басшысы осы жантүршігерлік оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізген болатын. Онда Тоқаев заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.

Президенттің ойынша, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен  бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі  құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Тоқаев ішкі істер министрлігіне экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жұбайының өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

«Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңды нығайту жолында жұдырықтай  жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді президент.

Ал 25 қарашада еліміз бойынша «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» атты акция басталды. Ол 10 желтоқсанға дейін созылады. Бұл іс-шараға шымкенттіктер де үн қосып жатыр.

0
0
221

Бірнеше шаһардың қолөнершілері Шымкентте тәжірибе алмасты

Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларының қолөнершілері «Artisans of Shymkent» форумы аясында бас қосты.

Оларға түрлі аймақтар мен ұлттардың мәдениеттері таныстырылды. Қолөнершілердің басын қосқан осы форумда өнер иелері өзара тәжірибе алмасып, жасаған бұйымдарын көрсетті. Жаңа дағдыларды меңгеруге және қолөнер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған іс-шараға 60-қа жуық қолөнерші қатысты.

«Мен табиғи өнімдерден жұпар иісті балауыздар, әсемдік беретін әртүрлі қалыптар, әшекейлер жасаймын. Өзім қаржы маманы болсам да қолөнер саласы мені қатты қызықтырады. Бүгінгі форумда спикерлерден жақсы ақпараттар алып, өз өнімдерімізді таныстыруға келдік», — дейді қолөнер шебері Әсел Нұржанова.

Форумда спикерлер: «Құрақ көрпе» құрақшылар қауымдастығының негізін қалаушы Нұргүл Әбдірасылова, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Рыскүл Бердалиева, «Қолөнер-Тараз» бірлестігінің басшысы Раушан Құндызбаева өзінің іс-тәжірибесімен, қолөнер саласындағы жетістіктерінің сырымен бөлісті. Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Бауыржан Бердалиев қолөнершілерге өз кәсібін жүргізудің тиімді жолдары бойынша маңызды ақпарат берді. Іс- шараға келген қолөнершілер сурет салу және киіз басу, қыш өнері, сондай- ақ жергілікті дизайнерлердің ұлттық топтамасынан құралған сән байқауында сайысқа түсті.

Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушыларға сый-сияпат табысталып, сертификат және алғыс хаттармен марапатталды.

«Artisans of Shymkent» форумы – түрлі аймақтардың, ұлттар мен мәдениеттердің қолөнершілерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға, бұйымдарын көрсетуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және қолөнер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған іс-шара. Форумда көрмемен қатар, панельдік сессияда сала мамандары өзінің іс-тәжірибесін бөліседі. Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының маманы қолөнершілерге өз кәсібін жүргізудің тиімді жолдары бойынша маңызды мәліметтерді жеткізеді.

Аталған форумның мақсаты - қолөнердің дәстүрлі түрлерін сақтау және дамыту, олардың беделін арттыра отырып халық шығармашылығының әртүрлі бағыттарын танымал ету. Іс-шара барысында қолөнер бұйымдарын жасау шеберлік сабақтары, қолөнершілерге арналған байқаулар және ұлттық киімдер дефилесі ұйымдастырылады.

Бұл – дарынды қолөнершілердің жаңа байланыстар орнатуына да мол мүмкіндік беретін бірегей іс-шара. Сондай-ақ, форум араласатын ортаның аясын кеңейтуге, шығармашылық тұрғыда шабыт алуға және Шымкент қолөнерін дамыту ісіне үлес қосуға жол ашады.

0
0
170

Үшінші мегаполисте медициналық мекемелер саны артып жатыр

Шымкентте инвесторлар есебінен емханалар салынуда. Осылайша шаһар халқы санының өсуіне байланысты жыл сайын медициналық ұйымдардың да саны артып келеді.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 2019-2022 жылдар аралығында қалада 12 жаңа емхана ашылған.

Соңғы жылдары жеке инвесторлар есебінен халқы көп шоғырланған ықшамаудандар мен тұрғын алаптарда емханалар салынуда. Атап айтқанда биыл инвесторлар екі жаңа емхананың құрылысын аяқтап, ел игілігіне берді.

Жаңаталап елді мекенінде қалалық №15 емдеу орталығы ашылса, Тоғыс тұрғын алабында ашылған жекеменшік «Togus-Med» медициналық орталығында 36 тұрғын жұмыспен қамтылды.

Биыл тағы Шымкентте инвесторлар 2 жекеменшік емхананың құрылысын жүргізіп жатыр. Ынтымақ-2 ықшамауданында емханаға тартылған инвестиция есебінен емдеу орталығы пайдалануға берілсе, 200 адамды жұмыспен қамтитын болады. Бұл мекеме 350 келушіге арналған. Жоба бойынша мұнда 7 блок, орталық және отбасылық денсаулық копрустары қарастырылған. Сондай-ақ екі стационарлық бөлімшемен қоса консультациялық-диагностикалық бөлімше бар.

Заманауи талапқа сай бой көтеретін емханада компьютерлік томография, цифрлы маммограф, УДЗ апапраты орнатылады. Онымен қоса жаңа емдеу орталығы ЛОР-комбайн, электрокардиограф, электроэнцефалограф сияқты озық технологияларға негізделген қондырғылармен жабдықталады.
Жоба бойынша нысанның 5500 шаршы метр алаңы абаттандырылып, 100 автокөлікке арналған автотұрақ салынады. Емхана жоспарға сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Құрсай ықшамауданында құрылысы жүріп жатқан жаңа емдеу орталығы 150 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланып отыр.

Тұран ауданында орналасқан Құрсай ықшамауданында 20 мыңнан аса тұрғын бар. Мұндағы тәулігіне 450 адамды қабылдайтын жаңа емхана медициналық қызмет тапшылығын жою мақсатында салынып жатыр. Емдеу мекемесі келесі жылы қолданысқа беріледі.
Атап өтейік, аталған инвестициялық жобалар «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қала аумағынан емхана және медицина орталықтарының құрылыстарын инвесторлар тарта отырып жобалап салу жоспары бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы, қалада медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру үшін инвестициялық жобалар тартылуда. Яғни, денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес 1 емхананың қызмет көрсету шкаласы 30 мың тұрғыннан аспауы тиіс. Қаладағы 45 емхананың қамту көрсеткіші орта есеппен 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта пациенттерге көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында бұл статистиканы 24 мыңға тұрғынға дейін түсіру межеленген.

0
0
162

Шымкентте жол төсеу жұмыстары қарқынды атқарылуда

Қазір шаһарда маңызды жол құрылыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Қараша айының басында Шымкент қаласындағы жол құрылысы бойынша атқарылған жұмыстарды таныстыру мақсатында кезекті баспасөз туры ұйымдастырылған болатын. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев М.Х.Дулати, Қазыбек би көшелеріндегі өзгерістер, Қонаев даңғылы жалғасының құрылысының 2-ші, 5-ші кезеңі және «Оңтүстік» айналма жолында жүзеге асқан жұмыстарды таныстырды.

Қала аумағындағы жол инфрақұрылымын дамыту жоспарына сәйкес, магистральді көшелердің бірі Қазыбек би мен Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, асфальт жабындысы жаңартылып, жол және жаяу жүргіншілер жолақтары сызылды. Қазіргі таңда Дулати көшесінде аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр.

Таяуда Дулати мен Қазыбек би көшелерінде көлік құралдарының қозғалыс бағыттары өзгерген болатын. Басқарма басшысының орынбасары бұл өзгерістер қаланың орталығына, солтүстігіне шығатын көліктерге ыңғайлы жағдай жасау, кептелістердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 2-ші кезеңінде жұмыстар жалғасын табуда. Құрылыс 2021 жылдың тамыз айында басталған еді. Мұндағы құрылыс белдеуіне түскен бизнес нысандары, жеке секторлар мемлекет мұқтажына толық алынған. БАҚ өкілдері 2-ші және 5-ші кезеңнің құрылыс барысын аралап көрді.

«Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. 1-ші, 3-ші, 4-ші кезеңде жұмыстар аяқталды. 2-ші, 5-ші және 6-шы кезеңде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы нысанды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда. Бесінші кезеңнің жалпы ұзындығы – 4,7 шақырым. Осы айда аталған жол Саттарханов көшесіне дейін көлік қозғалысына ашылады. Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы «Оңтүстік» айналма жолына қосылады», – дейді Өмір Қалыбаев.

Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 16 шақырым «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы жоспарға сай атқарылуда. Бұл нысан Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол болып есептеледі. Жол құрылысы қала ішіндегі кептелісті азайту мақсатында қолға алынып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 95 пайызы аяқталды.

Басқарма басшысының орынбасары нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, қолданысқа беру жоспарда екенін мәлімдеді.

Жалпы, биыл 300 шақырым жолды төсеп бітіру көзделген.

0
0
224

140-тан астам отбасы мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болды

Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіндегі 144 отбасы арендалық баспанамен қамтылды.

Оның ішінде 56 пәтер көпбалалы отбасыларға, 41 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 47 пәтер табысталып, қазір келісім-шарт жасасу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа баспаналар Тұран ықшамауданында орналасқан.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада мемлекеттік бағдарлама аясында 324 пәтер арендалық бағытта кезегі келген әр түрлі санаттағы азаматтарға берілген болатын.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған «Жастар» бағдарламасы бойынша 888 азаматқа пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр.

Осы тұста үй кезегін күтіп отырғандарға оны қайдан көруге болатынын еске салып өтсек дейміз.

Елімізде тұрғын үйге кезектің нөмірін www.egov.kz порталы арқылы қарауға болады. «Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы немесе жеке тұрғын үй қорындағы жергілікті орган жалдаған тұрғын үй кезегінің нөмірін қарау» электронды қызмет тегін және портал арқылы өтініш берген сәтте көрсетіледі.

Бүгінде аталған қызмет Шымкент қаласының тұрғындары үшін де қолжетімді әрі тиімді болып отыр. Тұрғын үй кезегінің нөмірін қарау үшін тұтынушыға ЭЦҚ арқылы кезектегі адам ЖСН туралы ақпаратты электронды бетке енгізсе болғаны.

Аталған қызметтің электрондық форматқа аударылуы тұрғынүй-коммуналдық қызмет саласында болуы мүмкін сыбайлас жемқорлықты азайтуға өз үлесін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын оңтайландарып, азаматтарға тұрғын үй кезегін қадағалауды жеңілдетіп отыр.

Ал енді тұрғын үй кезегі қалай жылжиды дегенге келсек, ол екі жағдайда жылжып отырады.

Бірінші. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар кезек ретімен тұрғын үй алған жағдайда. Яғни мемлекеттік тұрғын үй қорына кезекке тұрған азаматтар өз кезегі жетіп оларға пайдалануға пәтер берілген жағдайда ол азаматтар тұрғын үй кезегінен автоматты түрде шығарылады.

Екінші. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың электрондық базасын пайдалана отырып, жыл сайын түгендеу жүргізген жағдайда. Яғни мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұрған азаматтардың бірыңғай базасына түгендеу жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтардың тұрғын үй кезегіндегі санаттарға сәйкес келмейтіндігі анықталған жағдайда үміткер тұрғын үйге мұқтаждар есебінен автоматты түрде шығарылады. Қайта жаңартылған базадан кейін міндетті түрде тұрғын үй кезегіңіз жылжиды.

0
0
247

Шымкенттік мамандар обыр ауруларына қатысты көкейтесті сұрақтарға жауап берді

Бұл үшін мамандар баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Аталған мәселе бойынша қарапайым тұрғындарға да түсініктеме берілді.

Шымкент қалалық онкологиялық орталығында ұйқы безі, тері, сүт безі, өкпе обырларының алдын алуға бағытталған баспасөз мәслихаты өтті. Орталық дәрігерлері мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға жауапты мамандар обыр ауруларын емдеудің жаңа әдістері мен дерттің алдын алу жолдарын баяндады.

Мақсат – ауруды бастапқы кезеңде анықтап, тез арада емдеу жұмыстарын атқару болып табылады. Халықтың өмір сүру жасын ұзарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жиында обыр ауруларымен күрес шараларымен қатар тақырып аясындағы тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.

Айта кетейік, орталықта профилактикалық мақсатта ұйымдастырылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде қазір ауруды алдын алу, зардабын жоюда нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Мысалы, жақында Шымкент қалалық онкологиялық орталығында өкпе қатерлі ісігінің алдын алу және ерте анықтау мақсатында Ашық есік күні өтті. Оған тексерілуге 41 адам келіп, оның ішінде 1 адамда қатерлі ісікке күмән бары анықталған. Сондай-ақ қатерсіз ісік 6 адамнан, басқа да аурулар белгілері 34 адамнан табылды.
Оған дейін 13-17 қараша аралығында 138 адамға КТ МРТ тексерілуге тегін жолдама берілген еді.
Орталық тарапынан қатерлі ісіктің өршуін және одан келетін қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шаралар ұдайы ұйымдастырылып отырады.

Ал 31 қазанда Шымкентте МСАК (Медициналық-санитариялық алғашқы көмек) дәрігерлеріне арналған "МСАК деңгейінде лимфопролиферативті ауруларды ерте анықтау. Аймақтық гематологиялық қызметпен өзара әрекеттесу аспектілері" тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өткізілді.
Іс-шараға жалпы тәжірибе дәрігерлері (ЖТД), терапевттер, невропатологтар, рентгенологтар, онкологтар мен гематологтар және басқа да медицина мамандары қатысты.
Семинарды өткізудің мақсаты – емхана дәрігерлерінің бастапқы буыны үшін гематологиялық аурулары бар пациенттерді ерте анықтау, онкогематологиялық ауруларды өткізіп алуды болдырмау, сондай-ақ МСАК дәрігерлерінің гематологтармен өзара іс-қимылын жақсарту.
Семинарда гематологияның жетекші мамандары сөз сөйлеп, өз білімдері мен тәжірибелерімен аудиториямен бөлісті. Дәрігерлер клиникалық жағдайларды талқылады, лимфопролиферативті аурулардың алғашқы белгілерін тануды үйренді және диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін талқылады.

0
0
175

Шымкенттіктер отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы республикалық шараға үн қосуда

Шымкент қаласында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы аясында дөңгелек үстел өтті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында республика аумағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы өтеді. Ондағы мақсат – тұрғындар арасындағы заң бұзушылықтардың алдын алу.

Бүгін осы орайда, Шымкент қаласы полиция департаментінде жергілікті атқарушы органдар мен бірқатар жауапты мамандардың қатысумен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Шымкент қаласы әкім аппараты басшысы орынбасарының міндетін атқарушы, әкім жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат комиссияның хатшысы, қалалық прокуратура, «Аманат» партиясының хатшысы, қалалық мәслихат депутаты, Ұлттық комиссия мүшесі мен әйелдер кеңесінің төрайымы, Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасы, Білім басқармасы, Еңбек мобильділігі орталығы, Денсаулық сақтау басқармалары мен Жастар ресурстық орталығынан келген мамандар қатысты.

Сала мамандары жиын барысында акция аясында бірлескен жұмыс жоспарын түзіп, жұмыс атқару мақсатында ұсыныстарын жеткізді.

Әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жолдасова қала шетінде орналасқан ықшамаудандарда тексерісті көбейту керектігін жеткізді. Оның айтуынша, шет жақта пәтер жалдаушылар арасында отбасылық жанжал көп шығады.

«Мен біріншіден тұрмыстық зорлық-зомбылық көп кездесетін отбасылармен кезекші полицей мен дәрігердің бірлесе жұмыс істеуін ұсындым. Екіншіден, агрессорды бірден қамауға алу керек. Өйткені оны қамамаса, әйелі мен баласына қауіп төндіре береді. Заңдағы өзгеріс бойынша қазір агрессорды бірден қамауға алу туралы шешім бар. Бұл – өте дұрыс. Өйткені балалардың амандығы маңызды. Олар үйінде аман-сау отыруы керек», – дейді Баян Жолдасова.

Үшінші мегаполисте тұрмыстық зорлыққа қатысты соңғы жарты жылдың ішінде 3 мыңға тарта әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 400-ден аса азамат қамауға алынса, 66 іс соттың қарауына жіберілген.

Мамандар өткізіліп жатқан 16 күндік шараның маңызы зор деп отыр.

«Іс-шараның мақсаты – Шымкент қаласының аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың болуын азайту және жолын кесу. Отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бағытындағы ауқымды жұмыстар атқарылады» – дейді Шымкент қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ұлықбек Мылтықов.

Айта кетейік, биыл 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау дерегі үшін жауапкершілік күшейген болатын. Сала қызметкерлері заңға әлі де өзгерістер енетінін жеткізді.

0
0
186

Шымкентте әлеуметтік бейімдеу орталығын салу аса қажет болып тұр

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына барып, мекеменің жұмысымен танысты. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мұнда тұрғылықты жері, жеке басын куәләндыратын құжаттары жоқ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұратын адамдар қабылданады. Оларға 7 бағыт бойынша әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Төрт мезгіл ас-суы беріліп, уақытша баспана ұсынылады.

Орталық 160 орынға шақталған. Бірақ күн қатты суыған кезде мұнда келушілер көбейіп кетеді. Ал мекеме қызметкерлері қыс мезгілінде далада қалып қойғандарды барынша қабылдауға дайын екенін айтады.

«Біз алғашқы медициналық көмек көресетеміз. Келген адамның қан қысымын, жүрек қығысын, денсаулығын толық тексеріп аламыз. Ал құжат бойынша 8 қызметкер жұмыс істейді. Олар мекен-жайын анықтайды», – дейді бейімдеу орталығының маманы Серікболсын Әбдіқайымов.

Шымкентте өткен қыстағы аязда 10 күн ішінде 50 адам жүгініпті. Сондай қара суықта далада қалған жандардың әрқайсысын орталық мамандары оқшаулау бөлмесіне орналастырып, алғашқы көмек көрсетеді.

Мұнда келгендердің біразын үсік шалса, енді бірі өз еркімен қозғала алмайтын күйге жеткен. Арасында ащы суға салынып, отбасынан алыстап кеткендер де ұшырасады.

Айтқандай, бұл орталықты бірер жылдан бері паналап жүргендер де бар. Сондай тағдыр тауқыметін тартқандардың бірі – Ералы Байбеков бейімдеу мекемесіне өз еркімен келгенін айтады.

«2021 жылы келгенмін. Жақсы қарап жатыр. Дәрігерлер де жақсы. Балаларым Ресейде. Мұнда өзім келдім», – дейді үй-жайсыз қалған ол.

Сондай-ақ, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар келетін болса, оларға әлеуметтік статус алуға көмек беріледі.

Орталық ғимараты 1983 жылы салынған. Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы болып 2000 жылы ашылған. 2006-2007 жылдары ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі мен шатыры ауыстырылыпты. Қазір жеке тұлғаға тиесілі жер телімін мемлекет қажеттілігіне алып, қосымша 50 орындық 2 қабатты заманауи ғимарат құрылысын жүргізу көзделуде. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастар басқармасына жер телімін мемлекет мұқтаждығына алу үшін ұсыныс хаттар жолданған.

Қала әкімі аталған басқарманың басшысына орталық аумағындағы 0,0535 га жер телімінің легализациясымен жеке тұлғаға заңдастырылу мәселесін зерделеп, шұғыл ретке келтіруді тапсырды. Ал сала басшысына әлеуметтік бейімдеу орталығы ғимаратына күрделі жөндеуден өткізу және қосымша ғимарат салу үшін зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берді.

0
0
188

Білім ошақтарындағы мәселелерді барынша реттеу ісі қолға алынбақ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1950-60 жылдары салынған мектептердегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.

Шаһар басшысы алдымен мемлекеттік білім мекемелерін аралап, олардың бүгінгі жағдайымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қаладағы № 67 негізгі орта мектептің ғимараты 1961 жылы салынған. Жалпы ауданы 752,3 шаршы метрді құрайды. Бүгінде мектепте 219 оқушы білім алуда. Асхана, акт залы қарастырылмаған. Білім ұясында 300 орындық жаңа мектеп салу қажеттілігі туындап отыр.

Осындай мәселесі бар демесеңіз, бұл мектепте оқу, тәрбие жағы жақсы жолға қойылған. Оның басшылары осы білім ошағының жай ғана ұжым емес, педагогтар, оқушылар мен ата-аналардың өзара ынтымақтастығынан құралған ұжым екенін айтады. Осындай жақсы қарым-қатынас ұжымға үнемі дамып отырумен қатар оқушылардың бойында отансүйгіштік, интернационалдық, құлықтылық қасиеттерді тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

№ 2 «Білім-инновация» қыздарға арналған лицей-интернатының іргетасы 1964 жылы қаланған. Ғимараттың жалпы ауданы – 2607,8 шаршы метр. Қыздарға арналған лицей 1993 жылы ашылды. Бір ауысымда 240 оқушы білім алуда. Жабық спорт зал салынбаған. Жатақханада орын тапшылығы мәселесі өзекті болып тұр. Жаңа оқу корпусы қажет.

Бұл білім ұясында да оқу мен тәрбие әдемі үйлесім тапқан.

Ә. Бөкейханов атындағы № 2 жалпы орта білім беру мектебінің ғимараты 1958 жылы 530 орындыққа негізделіп салынған. Қазіргі уақытта 864 оқушы екі ауысымда білім алуда. Жалпы ауданы – 4 942 шаршы метр. Спорт залы негізгі ғимараттың жертөлесінде орналасқан. Білім ұясында орын тапшылығы туындап, жаңа мектеп салу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Бұл мектептің ұжымы да өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Білім ошақтарының өзекті мәселелерімен танысқан қала әкімі жауаптыларға № 67 негізгі орта мектебінің ғимараты апатты деп танылуына байланысты жаңа мектеп салуды тапсырды. Осы орайда балалар қауіпсіздігін сақтау мақсатында темір жолдан өтпейтін бос жер телімін қарастыруды жүктеді. Сондай-ақ қала басшысы № 2 «Білім-инновация» қыздарға арналған лицей-интернаты алдағы уақытта Тұран шағын ауданынан салынатын жаңа ғимаратқа көшірілетінін жеткізді. Ал апатты деп танылған Ә. Бөкейханов атындағы № 2 жалпы орта білім беру мектебі жаңа мектепке айналатынын айтып, аумағын талапқа сай үлкейту бойынша тапсырма берді.

Айта кетсек, Ғабит Сыздықбеков қаладағы мектептердің жай-күйін басты назарда ұстап отыр.

0
0
238

Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі қарқынды жүргізілуде

Үшінші мегаполисте қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді.

Шымкент қаласында биылғы 10 айда 123,1 миллиард теңгенің қайта өңдеуден өткен ауыл шаруашылығы өнімдері нарыққа шығарылған.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасындағылар хабарлады.

Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, қала аумағында қазіргі таңда ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 50-ге жуық кәсіпорын бар. Оның басым бөлігі жеміс-жидек пен көкөністі, сүт өнімдерін, өсімдік майы мен астықты қайта өңдеумен айналысады. Биылғы 10 айда аталған кәсіпорындар 123,1 миллиард теңгенің қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – ел экономикасы үшін аса маңызды бағыттың бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 157,3 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде өңделген өнім көлемінің экспорты 96,1 миллион АҚШ доллары немесе экспортталған барлық өнімнің 61,1 пайызына жетті. Қайта өңделген өнім көлемінің басым бөлігін ұн және макарон өнімдері құрайды.

Сонымен қатар қала аумағында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағы салынып жатыр. Индустриялық аймақты құру үшін 132,9 гектар жер телімі қарастырылып, ол жер мемлекет мұқтажына қайтарылды. Аталған аймаққа инфрақұрылым жасауға техникалық экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама дайындалған. Басқарманың мәліметі бойынша, «Бозарық» индустриалды аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желі биыл салынып бітеді.

Бұл аймақта 49,5 миллиард теңгеге 25 инвестициялық жоба жүзеге асып, 1 800 астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда индустриалды аймақтың аумағынан кәсіпорын салу үшін 4 компанияға жер телімі беріліп, оның ішінде бір компания кәсіпорынның құрылысын бастап үлгерген.

Бұл салада шетелдіктер қызығушылық танытып отырған кәсіпорындар да баршылық. Мысалы, осындай бір серіктестікке Ресейден, Еуропадан, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінен адамдар келіп, өнімнің сапасын көріп, үлкен келісім-шартқа отырғысы келіп жатыр екен.

Жалпы, Шымкентте алдағы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін 3 есеге арттыру көзделген. Қазір жасақталып жатқан шикізатты терең өңдейтін агро-индустриялық аймақта биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі, сүт өңдеу, жеміс пен көкөністі консервілеу секілді 21 жоба жүзеге аспақ.

0
0
231