Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі қарқынды жүргізілуде

Үшінші мегаполисте қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді.

Шымкент қаласында биылғы 10 айда 123,1 миллиард теңгенің қайта өңдеуден өткен ауыл шаруашылығы өнімдері нарыққа шығарылған.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасындағылар хабарлады.

Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, қала аумағында қазіргі таңда ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 50-ге жуық кәсіпорын бар. Оның басым бөлігі жеміс-жидек пен көкөністі, сүт өнімдерін, өсімдік майы мен астықты қайта өңдеумен айналысады. Биылғы 10 айда аталған кәсіпорындар 123,1 миллиард теңгенің қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – ел экономикасы үшін аса маңызды бағыттың бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 157,3 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде өңделген өнім көлемінің экспорты 96,1 миллион АҚШ доллары немесе экспортталған барлық өнімнің 61,1 пайызына жетті. Қайта өңделген өнім көлемінің басым бөлігін ұн және макарон өнімдері құрайды.

Сонымен қатар қала аумағында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағы салынып жатыр. Индустриялық аймақты құру үшін 132,9 гектар жер телімі қарастырылып, ол жер мемлекет мұқтажына қайтарылды. Аталған аймаққа инфрақұрылым жасауға техникалық экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама дайындалған. Басқарманың мәліметі бойынша, «Бозарық» индустриалды аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желі биыл салынып бітеді.

Бұл аймақта 49,5 миллиард теңгеге 25 инвестициялық жоба жүзеге асып, 1 800 астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда индустриалды аймақтың аумағынан кәсіпорын салу үшін 4 компанияға жер телімі беріліп, оның ішінде бір компания кәсіпорынның құрылысын бастап үлгерген.

Бұл салада шетелдіктер қызығушылық танытып отырған кәсіпорындар да баршылық. Мысалы, осындай бір серіктестікке Ресейден, Еуропадан, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінен адамдар келіп, өнімнің сапасын көріп, үлкен келісім-шартқа отырғысы келіп жатыр екен.

Жалпы, Шымкентте алдағы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін 3 есеге арттыру көзделген. Қазір жасақталып жатқан шикізатты терең өңдейтін агро-индустриялық аймақта биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі, сүт өңдеу, жеміс пен көкөністі консервілеу секілді 21 жоба жүзеге аспақ.

0
0
187

Осы тақырып бойынша

Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі қарқынды жүргізілуде - Yvision.kz