Қыз-келіншектерге арналған жиын өтті
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы аясында «Қыз тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында кездесу өтті.

Мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы, олардың өмірін қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау.
Кездесуге Шымкент қалалық әйелдер кеңесі төрайымы Баян Айтбекқызы, Шымкент қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гульвира Тулепбергенқызы, «Ана үйі» қоғамдық қоры-ресурстық орталығының үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызы, Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Гүлсина Рахымбайқызы, PhD докторы, гештальт-терапевт, тәжірибелі психолог Салтанат Сайлауқызы және қала жастары қатысты.
Сонымен қатар, жиында қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан зорлық-зомбылық фактілері сөз етіліп, заң аясында қандай әкімшілік көздері қаралғандығы жөнінде айтылды.
Қазір үйдегі зорлық-зомбылық, әсіресе, әйелдерге күш қолдану жағдайы қатты өршіп тұр. Сондықтан бұл мәселе қоғам талқысына жиі түсіп отыр. Әсіресе, экс-шенеунік Қуандық Бишімбаев әйелінің өліміне қатысты қамауға алынғаннан кейін қоғамда резонанс туып, үлкен қозғалыс пайда болды.
Бұл жағдай қазір биліктің де назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы орындарға Бишімбаев ісі бойынша тергеуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Мемлекет басшысы осы жантүршігерлік оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізген болатын. Онда Тоқаев заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.
Президенттің ойынша, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.
Тоқаев ішкі істер министрлігіне экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жұбайының өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
«Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңды нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді президент.
Ал 25 қарашада еліміз бойынша «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» атты акция басталды. Ол 10 желтоқсанға дейін созылады. Бұл іс-шараға шымкенттіктер де үн қосып жатыр.
