Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

140-тан астам отбасы мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болды

Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіндегі 144 отбасы арендалық баспанамен қамтылды.

Оның ішінде 56 пәтер көпбалалы отбасыларға, 41 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 47 пәтер табысталып, қазір келісім-шарт жасасу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа баспаналар Тұран ықшамауданында орналасқан.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада мемлекеттік бағдарлама аясында 324 пәтер арендалық бағытта кезегі келген әр түрлі санаттағы азаматтарға берілген болатын.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған «Жастар» бағдарламасы бойынша 888 азаматқа пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр.

Осы тұста үй кезегін күтіп отырғандарға оны қайдан көруге болатынын еске салып өтсек дейміз.

Елімізде тұрғын үйге кезектің нөмірін www.egov.kz порталы арқылы қарауға болады. «Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы немесе жеке тұрғын үй қорындағы жергілікті орган жалдаған тұрғын үй кезегінің нөмірін қарау» электронды қызмет тегін және портал арқылы өтініш берген сәтте көрсетіледі.

Бүгінде аталған қызмет Шымкент қаласының тұрғындары үшін де қолжетімді әрі тиімді болып отыр. Тұрғын үй кезегінің нөмірін қарау үшін тұтынушыға ЭЦҚ арқылы кезектегі адам ЖСН туралы ақпаратты электронды бетке енгізсе болғаны.

Аталған қызметтің электрондық форматқа аударылуы тұрғынүй-коммуналдық қызмет саласында болуы мүмкін сыбайлас жемқорлықты азайтуға өз үлесін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын оңтайландарып, азаматтарға тұрғын үй кезегін қадағалауды жеңілдетіп отыр.

Ал енді тұрғын үй кезегі қалай жылжиды дегенге келсек, ол екі жағдайда жылжып отырады.

Бірінші. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар кезек ретімен тұрғын үй алған жағдайда. Яғни мемлекеттік тұрғын үй қорына кезекке тұрған азаматтар өз кезегі жетіп оларға пайдалануға пәтер берілген жағдайда ол азаматтар тұрғын үй кезегінен автоматты түрде шығарылады.

Екінші. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың электрондық базасын пайдалана отырып, жыл сайын түгендеу жүргізген жағдайда. Яғни мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұрған азаматтардың бірыңғай базасына түгендеу жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтардың тұрғын үй кезегіндегі санаттарға сәйкес келмейтіндігі анықталған жағдайда үміткер тұрғын үйге мұқтаждар есебінен автоматты түрде шығарылады. Қайта жаңартылған базадан кейін міндетті түрде тұрғын үй кезегіңіз жылжиды.

0
0
196

Осы тақырып бойынша