Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкенттіктер отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы республикалық шараға үн қосуда

Шымкент қаласында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы аясында дөңгелек үстел өтті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында республика аумағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы өтеді. Ондағы мақсат – тұрғындар арасындағы заң бұзушылықтардың алдын алу.

Бүгін осы орайда, Шымкент қаласы полиция департаментінде жергілікті атқарушы органдар мен бірқатар жауапты мамандардың қатысумен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Шымкент қаласы әкім аппараты басшысы орынбасарының міндетін атқарушы, әкім жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат комиссияның хатшысы, қалалық прокуратура, «Аманат» партиясының хатшысы, қалалық мәслихат депутаты, Ұлттық комиссия мүшесі мен әйелдер кеңесінің төрайымы, Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасы, Білім басқармасы, Еңбек мобильділігі орталығы, Денсаулық сақтау басқармалары мен Жастар ресурстық орталығынан келген мамандар қатысты.

Сала мамандары жиын барысында акция аясында бірлескен жұмыс жоспарын түзіп, жұмыс атқару мақсатында ұсыныстарын жеткізді.

Әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жолдасова қала шетінде орналасқан ықшамаудандарда тексерісті көбейту керектігін жеткізді. Оның айтуынша, шет жақта пәтер жалдаушылар арасында отбасылық жанжал көп шығады.

«Мен біріншіден тұрмыстық зорлық-зомбылық көп кездесетін отбасылармен кезекші полицей мен дәрігердің бірлесе жұмыс істеуін ұсындым. Екіншіден, агрессорды бірден қамауға алу керек. Өйткені оны қамамаса, әйелі мен баласына қауіп төндіре береді. Заңдағы өзгеріс бойынша қазір агрессорды бірден қамауға алу туралы шешім бар. Бұл – өте дұрыс. Өйткені балалардың амандығы маңызды. Олар үйінде аман-сау отыруы керек», – дейді Баян Жолдасова.

Үшінші мегаполисте тұрмыстық зорлыққа қатысты соңғы жарты жылдың ішінде 3 мыңға тарта әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 400-ден аса азамат қамауға алынса, 66 іс соттың қарауына жіберілген.

Мамандар өткізіліп жатқан 16 күндік шараның маңызы зор деп отыр.

«Іс-шараның мақсаты – Шымкент қаласының аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың болуын азайту және жолын кесу. Отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бағытындағы ауқымды жұмыстар атқарылады» – дейді Шымкент қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ұлықбек Мылтықов.

Айта кетейік, биыл 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау дерегі үшін жауапкершілік күшейген болатын. Сала қызметкерлері заңға әлі де өзгерістер енетінін жеткізді.

0
0
132

Осы тақырып бойынша