Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Білім ошақтарындағы мәселелерді барынша реттеу ісі қолға алынбақ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1950-60 жылдары салынған мектептердегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.

Шаһар басшысы алдымен мемлекеттік білім мекемелерін аралап, олардың бүгінгі жағдайымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қаладағы № 67 негізгі орта мектептің ғимараты 1961 жылы салынған. Жалпы ауданы 752,3 шаршы метрді құрайды. Бүгінде мектепте 219 оқушы білім алуда. Асхана, акт залы қарастырылмаған. Білім ұясында 300 орындық жаңа мектеп салу қажеттілігі туындап отыр.

Осындай мәселесі бар демесеңіз, бұл мектепте оқу, тәрбие жағы жақсы жолға қойылған. Оның басшылары осы білім ошағының жай ғана ұжым емес, педагогтар, оқушылар мен ата-аналардың өзара ынтымақтастығынан құралған ұжым екенін айтады. Осындай жақсы қарым-қатынас ұжымға үнемі дамып отырумен қатар оқушылардың бойында отансүйгіштік, интернационалдық, құлықтылық қасиеттерді тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

№ 2 «Білім-инновация» қыздарға арналған лицей-интернатының іргетасы 1964 жылы қаланған. Ғимараттың жалпы ауданы – 2607,8 шаршы метр. Қыздарға арналған лицей 1993 жылы ашылды. Бір ауысымда 240 оқушы білім алуда. Жабық спорт зал салынбаған. Жатақханада орын тапшылығы мәселесі өзекті болып тұр. Жаңа оқу корпусы қажет.

Бұл білім ұясында да оқу мен тәрбие әдемі үйлесім тапқан.

Ә. Бөкейханов атындағы № 2 жалпы орта білім беру мектебінің ғимараты 1958 жылы 530 орындыққа негізделіп салынған. Қазіргі уақытта 864 оқушы екі ауысымда білім алуда. Жалпы ауданы – 4 942 шаршы метр. Спорт залы негізгі ғимараттың жертөлесінде орналасқан. Білім ұясында орын тапшылығы туындап, жаңа мектеп салу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Бұл мектептің ұжымы да өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Білім ошақтарының өзекті мәселелерімен танысқан қала әкімі жауаптыларға № 67 негізгі орта мектебінің ғимараты апатты деп танылуына байланысты жаңа мектеп салуды тапсырды. Осы орайда балалар қауіпсіздігін сақтау мақсатында темір жолдан өтпейтін бос жер телімін қарастыруды жүктеді. Сондай-ақ қала басшысы № 2 «Білім-инновация» қыздарға арналған лицей-интернаты алдағы уақытта Тұран шағын ауданынан салынатын жаңа ғимаратқа көшірілетінін жеткізді. Ал апатты деп танылған Ә. Бөкейханов атындағы № 2 жалпы орта білім беру мектебі жаңа мектепке айналатынын айтып, аумағын талапқа сай үлкейту бойынша тапсырма берді.

Айта кетсек, Ғабит Сыздықбеков қаладағы мектептердің жай-күйін басты назарда ұстап отыр.

0
0
190

Осы тақырып бойынша