Бірнеше шаһардың қолөнершілері Шымкентте тәжірибе алмасты
Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларының қолөнершілері «Artisans of Shymkent» форумы аясында бас қосты.

Оларға түрлі аймақтар мен ұлттардың мәдениеттері таныстырылды. Қолөнершілердің басын қосқан осы форумда өнер иелері өзара тәжірибе алмасып, жасаған бұйымдарын көрсетті. Жаңа дағдыларды меңгеруге және қолөнер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған іс-шараға 60-қа жуық қолөнерші қатысты.
«Мен табиғи өнімдерден жұпар иісті балауыздар, әсемдік беретін әртүрлі қалыптар, әшекейлер жасаймын. Өзім қаржы маманы болсам да қолөнер саласы мені қатты қызықтырады. Бүгінгі форумда спикерлерден жақсы ақпараттар алып, өз өнімдерімізді таныстыруға келдік», — дейді қолөнер шебері Әсел Нұржанова.
Форумда спикерлер: «Құрақ көрпе» құрақшылар қауымдастығының негізін қалаушы Нұргүл Әбдірасылова, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Рыскүл Бердалиева, «Қолөнер-Тараз» бірлестігінің басшысы Раушан Құндызбаева өзінің іс-тәжірибесімен, қолөнер саласындағы жетістіктерінің сырымен бөлісті. Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Бауыржан Бердалиев қолөнершілерге өз кәсібін жүргізудің тиімді жолдары бойынша маңызды ақпарат берді. Іс- шараға келген қолөнершілер сурет салу және киіз басу, қыш өнері, сондай- ақ жергілікті дизайнерлердің ұлттық топтамасынан құралған сән байқауында сайысқа түсті.
Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушыларға сый-сияпат табысталып, сертификат және алғыс хаттармен марапатталды.

«Artisans of Shymkent» форумы – түрлі аймақтардың, ұлттар мен мәдениеттердің қолөнершілерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға, бұйымдарын көрсетуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және қолөнер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған іс-шара. Форумда көрмемен қатар, панельдік сессияда сала мамандары өзінің іс-тәжірибесін бөліседі. Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының маманы қолөнершілерге өз кәсібін жүргізудің тиімді жолдары бойынша маңызды мәліметтерді жеткізеді.
Аталған форумның мақсаты - қолөнердің дәстүрлі түрлерін сақтау және дамыту, олардың беделін арттыра отырып халық шығармашылығының әртүрлі бағыттарын танымал ету. Іс-шара барысында қолөнер бұйымдарын жасау шеберлік сабақтары, қолөнершілерге арналған байқаулар және ұлттық киімдер дефилесі ұйымдастырылады.
Бұл – дарынды қолөнершілердің жаңа байланыстар орнатуына да мол мүмкіндік беретін бірегей іс-шара. Сондай-ақ, форум араласатын ортаның аясын кеңейтуге, шығармашылық тұрғыда шабыт алуға және Шымкент қолөнерін дамыту ісіне үлес қосуға жол ашады.
