Үшінші мегаполисте медициналық мекемелер саны артып жатыр
Шымкентте инвесторлар есебінен емханалар салынуда. Осылайша шаһар халқы санының өсуіне байланысты жыл сайын медициналық ұйымдардың да саны артып келеді.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 2019-2022 жылдар аралығында қалада 12 жаңа емхана ашылған.
Соңғы жылдары жеке инвесторлар есебінен халқы көп шоғырланған ықшамаудандар мен тұрғын алаптарда емханалар салынуда. Атап айтқанда биыл инвесторлар екі жаңа емхананың құрылысын аяқтап, ел игілігіне берді.
Жаңаталап елді мекенінде қалалық №15 емдеу орталығы ашылса, Тоғыс тұрғын алабында ашылған жекеменшік «Togus-Med» медициналық орталығында 36 тұрғын жұмыспен қамтылды.
Биыл тағы Шымкентте инвесторлар 2 жекеменшік емхананың құрылысын жүргізіп жатыр. Ынтымақ-2 ықшамауданында емханаға тартылған инвестиция есебінен емдеу орталығы пайдалануға берілсе, 200 адамды жұмыспен қамтитын болады. Бұл мекеме 350 келушіге арналған. Жоба бойынша мұнда 7 блок, орталық және отбасылық денсаулық копрустары қарастырылған. Сондай-ақ екі стационарлық бөлімшемен қоса консультациялық-диагностикалық бөлімше бар.
Заманауи талапқа сай бой көтеретін емханада компьютерлік томография, цифрлы маммограф, УДЗ апапраты орнатылады. Онымен қоса жаңа емдеу орталығы ЛОР-комбайн, электрокардиограф, электроэнцефалограф сияқты озық технологияларға негізделген қондырғылармен жабдықталады. Жоба бойынша нысанның 5500 шаршы метр алаңы абаттандырылып, 100 автокөлікке арналған автотұрақ салынады. Емхана жоспарға сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Құрсай ықшамауданында құрылысы жүріп жатқан жаңа емдеу орталығы 150 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланып отыр.
Тұран ауданында орналасқан Құрсай ықшамауданында 20 мыңнан аса тұрғын бар. Мұндағы тәулігіне 450 адамды қабылдайтын жаңа емхана медициналық қызмет тапшылығын жою мақсатында салынып жатыр. Емдеу мекемесі келесі жылы қолданысқа беріледі. Атап өтейік, аталған инвестициялық жобалар «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қала аумағынан емхана және медицина орталықтарының құрылыстарын инвесторлар тарта отырып жобалап салу жоспары бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, қалада медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру үшін инвестициялық жобалар тартылуда. Яғни, денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес 1 емхананың қызмет көрсету шкаласы 30 мың тұрғыннан аспауы тиіс. Қаладағы 45 емхананың қамту көрсеткіші орта есеппен 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта пациенттерге көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында бұл статистиканы 24 мыңға тұрғынға дейін түсіру межеленген.
