Мазмұнға өту

Жаңа

«Іскерлік журналистика курсының» алғашқы қадамы

Кеше ғана тұсауы кесілген «Іскерлік журналистика курсының» алғашқы отырысы ойдағыдай өтті. Интернеттегі блогтардың мұхиттай әлемін бізге таныстырмаққа келген Бақтжан Бұхарбайұлының лекциясы қызықты болды. Yvision-нің өмірге келген сәтінен бастап, аяқ басып, азамат болғандығын, өзінің алғашқы еңбегін екшелеп айтқанда, солай болмаққа ұмтылмаған көңіл қалмаған шығар. Әрқайсымыздың басымызға тың идея салып, болашаққа деген үлкен сенімнің алғашқы кірпішін қалап берді. Сызбасы сызылып, макеті дайындалып жатқан «курс-ғимаратымыздың» бір-бір қабатын құрап, өзіміздің ректоратымыздай (ҚазҰУ) әлеуеті бар болашақ жасамақпыз. Алдағы уақытта біз көретін теңдессіз тәжірибе мен еңбек, кедергілер мен келелі кеңестер «шыны» жүректі шынықтырады деп ойлаймын. Алғашқы бастамаға айтар алғысымыз шексіз, келешекке қарарға сенім мол.

3
0
506

Алматыда мәдениет және өнер қызметкерлеріне Президент стипендиясы табыс етілді

ҚазАқпарат, 07.02.2014

Мемлекет басшысының көмегімен отандық мәдениет дамуда. Мен өзге елдердегі әріптестеріммен араласамын, сондықтан Қазақстанда мәдениетке көп көңіл бөлінетінін айта аламын.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен мәдениет және өнер қызметкерлеріне Президент стипендиясын, сондай-ақ өткен жылға салалық мемлекеттік стипендиясын табыстау рәсімінде Мәдениет және ақпарат министрі  Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

Стипендия иегерлеріне арнап Елбасы құттықтау сөз жолдады. Оны ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқыды.

«Қазақстан халқына арналған бұл жолғы Жолдауда мәдениет саласын дамытуға баса назар аударылды. Қазақстандық мәдениет дамуының көпжылдық Тұжырымдамасын дайындауды тапсырамын», - деп жазылған ел Президентінің құттықтау сөзінде.

Отандық мәдениетті өркендетуге зор үлес қосқан 100 қызметкер сыйақыға ие болды.  Олардың арасында  Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Юрий Померанцев, Анатолий Молодов сияқты өнер майталмандары, сонымен бірге жас дарындар - Берік Айтжанов, Мәдина Баспаева, Тайыр Ғатауов және Әлия Досбатырова бар.

 
0
0
516

Аманкелді Өтешов (Жақау): «Мен эротикалық клип шығарған Шыңғысты ит тірлігін тастамаған пенде деп білемін»

Тыңдармандарға «Жақау» деген атпен танылған рэп-әнші Аманкелді Өтешовпен интернет арқылы сұхбат жүргізіп көрдік.

- Аманкелді, бұрынғы сұхбаттарыңызда да айтып жүрсіз. Дегенмен оқырмандарымыздың бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан «Жақау» аталуыңыздың себебін  айтып өтсеңіз.

- Жақау – менің руым. Бұл ру өз бастауын Адай руынан, соның ішінде Бәйімбеттен, Мұңалдан алады. Текей аталып кеткен атамыздың кенже ұлы Жақау атамыз болған екен. «Жақау» деп қоюдағы себеп – өзгелер қате түсініп жүргендей, өз руымды жарнамалау немесе мақтану емес. Мақсатым – руластарымды табу болды. Себебі, біздің руымыз өте аз таралған рулардың қатарына жатады. Оның үстіне әрқайсысы әр жақта шашылып жүр. Солардың басын біріктіргім келді. Бірінші себебі осы. Екінші жағынан, тентектікті қойып, лирикалық бағытқа бет бұра бастағанда осы бір атауды алған болатынмын. Қателеспесем, ол 2007 жылы болуы керек. Сол жылдан бері осы атаумен келемін.

жакау545

- Рэп жанрына келуіңізге не түрткі болды?

- 2002 жылы Жаңаөзен қаласында рэп орындаушылар көбейе бастады. Барлығы дерлік орыс тілінде оқиды екен. Сол жылы күз айында болу керек, қала әкімшілігі мен «Скромные хулиганы» рэп командасы рэп фестиваль ұйымдастырды. Біз сол фестивальда екінші орынға ие болдық. Шамамен 18 команданың ішінде қазақша рэп оқитын 2 ғана команда екенбіз. Көпшілік жұрт «қазақша рэп жараспайды», деп бізді менсінбей, кемсіте бастады. Кемсітудің астында қазақ тілінің де тағдыры мен болашағы жатқанын олар білген жоқ. Осылайша намысыма тиген көпшілікке қазақ рэбінің болашағы бар екенін дәлелдеп беру мақсатында іске кірісіп кеттім. Нәтижесін ел көріп отыр. Қазақ тіліне қазақтан басқа жанашыр жоқ екен, ағайын.

- Демек, алғаш рэп айтып бастаған кезіңізде қарсылық танытқандар көп болған шығар?

- Қарсылық қай кезде де болған. Өйткені көреалмаушылық қазаққа жат нәрсе емес. Кезіндегі тентек әңгімелердің жазылуына да солар себеп болған. Оны тыңдармандар жақсы біледі. Мен ешқандай оған жасымаймын да, өкінбеймін де. Әр нәрсе өз уақытымен.

- Балаларыңыз жолыңызды қуса қарсы болмайсыз ба? Жалпы өнер адамы болғанын қалайсыз ба?

- Қай ата-ана балаларының жаман болғанын қалайды?! Мен алдымен олардың бойынан адамгершілікті, адалдықты, әдептілікті көргім келеді. Балапандарым құран мен сүннетке ерсе екен деген әкелік тілегім бар. Иманды болғандарын қалаймын. Өнерлі болған жақсы ғой. Бірақ уақытыңды ысырап қылады. Әрине, түсінген жан үшін.

- Өнеріңізді жалғастыратын шәкірт тәрбиелегіңіз келмей ме?

- Шәкірт болғысы келетіндер жетіп артылады. Әр қаладан хабарласып жатады. Оларға келісімімді әлі  бере қойған жоқпын. Дегенмен маған еліктеп, өлең  жаздырып жататындарын да тыңдармандарымнан естіп жүрмін. Ұстаз болған жақсы ғой, әрине, ол адамның өзіне пайдасы тисе.

- «Жамағат» орталығы туралы айтып беріңізші. Не үшін бұлай аталған? Әлі жұмыс жасап жатыр ма?

- «Жамағат» орталығының өнері қалың жұртшылыққа, жамағатқа арналған. Атауы да соған байланысты қойылған. Иә, қазір жұмыс жасап жатырмыз. Жаңалық болып жатса сіздермен бөлісуге асығамыз.

- Қазақ рэбінің белді өкілі ретінде «Бүгінгі қазақ рэбі қай деңгейде?» дегенге  баға беріп көріңізші.

- Қазақ рэбінің деңгейін «Жамағат» орталығы ғана көтеріп берді. Қайталанбаған, бұрын елде болмаған «Қазағыма лайықты», «Елім-ай» атты алғашқы этно-рэп жанрын жарыққа шығарды. Қазақша рэп деген соң оның музыкасы, сөзі, тақырыптары да соған лайық болуы керек. Біз осы талаптарды ұстана отырып жұмыс жасаймыз. Егер қарсы жандар болса, ол – халықтың, тыңдармандардың пікіріне қарсылар. Менің қарсыларға, қарсыласушыларға түкіргенім бар. Себебі, менің де сыртымнан түкіріп келді.

Q: Қазақ және шетел рэперлерінен кімдерді тыңдайсыз ?

- Ешкімді тыңдамаймын.

Q: Басқа жанрдағы әндерді тыңдайсыз ба?

- Ешқандай жанрда музыка тыңдамаймын.

жакау

- Рэпке шектеу қоясыз ба, әлде жалғастыра бересіз бе? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Негізі Жақау – өнер адамы, ал Аманкелді – бөлек адам. Жақау мен Аманкелді келісе отырып, Жақаумен қоштасуды жөн көрдік. Ал алдағы жоспарымды Алладан артық ешкім білмейді.

- Көпшілік пікірі «рэперлер тәрбиесіз, жағымсыз, сөздері анайы өлеңдерді оқиды» деп жатады. Оған мысал, жақында Шыңғыс атты рэпер эротикалық бейнеклипін жарыққа шығарды. Сіз, әрине, бағытымды, өлеңдерімді өзгерттім деп жатырсыз. Жалпы осы әріптестеріңізге деген көзқарасыңыз, пікіріңіз қандай?

- Рэп, хип-хоп мәдениеті — қара нәсілділерден, көшеден келген мәдениет. Дей тұрғанмен оны өзіміздің қазақылығымызға бағыттап, тәрбиелеуге болады. Түсінсеңіз бұл бір құрал сынды. Бәрі тек ниетке ғана байланысты. Менің ниетім – рэп тыңдайтын жастарға қазақша рэп жасап беру. Әр амал ниетке байланысты дегендей, мен әлгі жігітті аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жүрген, ит тірлігін тастамаған пенде деп білемін. Мұндай арзан атақ үшін өз абыройын төгуге дайын тұратын жігітсымақтардан халыққа пайдалы нәрсе күту бекершілік. Адам өзі түзелмейінше, сөзі мен ісі де түзелмейді. Мен өз жеке басым қазақ рэбін тыңдамаймын. Себебі, тыңдауға тұрарлықтары санаулы ғана. Мәдениеті басым, берері мол, таза қазақша рэп еш күмәнсіз тек қана «Жамағатта»! Себебі біздің тақырыптарымыз да, музыкамыз да, мәтіндеріміз де, ниетіміз де қазақы (сұхбаттың жалғасы мына жерде).

Продолжение - пройдите по ссылке - http://qaznews.kz/amangeldi-oteshov-564564.html

2
1
2184

Сочидегі Олимпиада Ойындарының ашылуында Қазақстанның туын ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі Ердос Ахмадиев ұстап шығады

Қазақстан Қарулы Күштері «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі Ердос Ахмадиев Сочиде өтетін XXII қысқы Олимпиадалық Ойындардың ашылуында Қазақстанның туын ұстап шығады. Ол ұлттық құрама құрамында шаңғы тебуден ел намысын қорғайды. Бұл Ердостың өміріндегі алғашқы Олимпиада бола тұра оған маңызды міндет жүктеліп отыр.

– Олимпиадалық Ойындарда өз еліңнің туын ұстап шығу үлкен жауапкершілік әрі мен үшін құрмет. Қазақстан қоржынына кезекті медальді салатыныма сенімдімін, – дейді Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы.

ХХІІ қысқы Олимпиада Ойындары бүгін басталып, 23 ақпанға дейін жалғасатын болады. Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Мемлекет басшысы Сочиде қазақстандық спортшылармен кездеседі.

Бұл байрақты бәсекеге Қазақстан Республикасының құрама командасы 10 спорт түрінен 49 спортшыны үкілеп қосып отыр. Оның ішінде ҚР Қарулы Күштерінен 10 спортшы бар. Қазақстан армиясының әскери қызметшілері бұл додада биатлон және шаңғы жарысына қатысып, ел намысын қорғайтын болады.

Әскери спортшылар мемлекетіміз бен Қарулы Күштердің әлемдік спорт аренасындағы оң беділін қалыптастыруға айтарлықтай үлестерін қосып келеді. ҚР Қарулы Күштерінің спортшылары еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап ұлттық құрама сапында барлық халықаралық спорт шараларына қатысып, елімізге жоғары наградалар сыйлап жүр. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында армияшылар Серік Сәпиев пен Ольга Рыпакова ұлттық құрама қоржынына екі алтын салған болатын.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
сурет kazpravda.kz сайтынан алынды

0
0
560

Федерация Кубогында Юлия Путинцева Индонезия құрамасының көшбасшысын тізе бүктірді

АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Федерация Кубогы аясындағы матчта Индонезия өкілі Лавинии Танантені айқын басымдылықпен жеңді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Қазақстан намысын алғаш рет қорғап отырған Путинцева Индонезия құрамасының көшбасшысына мүмкіндік бермеді. Ойын 6:2, 6:1 есебімен отандасымыздың пайдасына шешілді. Осылайша, әзірге Қазақстан 1:0 есебімен Индонезияны ұтып келеді.  Келесі кездесу Ярослава Шведова мен Вита Тахер арасында өтпек.

Федерация Кубогының Азия/Мұхит аумағындағы матчтары Астанада 8 ақпанға дейін өтеді. Келесі кезеңге берілер жалғыз жолдамаға 7 мемлекеттің құрамалары таласады. Қазақстан Тайланд пен Индонезия теннисшілерімен кездеспек.

Қазақстан намысын Галина Воскобоева, Ярослава Шведова, Юлия Путинцева мен Сесиль Каратанчева қорғайды.

Федерация Кубогы 40 жылдан бері әйелдер теннисіндегі командалық турнирлердің ең негізгілерінің бірі болып саналады.

 
0
0
250

Сочи Олимпиадасында Ту ұстаушы Ердос Ахмадиев: Маған осындай сенім білдірілгеніне алғысым шексіз

АСТАНА. ҚазАқпарат — Санаулы сағаттан кейін төрткүл дүние көз тіккен Сочи олимпиадасының алауы тұтанады. Бұл дүбірлі додада ел намысын 52 отандасымыз қорғайды. Ал Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстанның Көк Туын шаңғышы Ердос Ахмадиев ұстап шығады.

Соған орай, өзгелерден артық жауапкершілік жүктелген,  бүгінде ұлттық құрамамен бірге Италияда жаттығып жүрген шаңғышымен тілдесудің сәті түсті, деп жазады alaman.kz.

«Әрине, еліңнің байрағын ұстап, топ бастап шығу — үлкен бақыт. Шынымды айтсам, бұл жаңалық мен үшін күтпеген жайт болды. Алғашында бапкерім «Туды сен ұстап шығуың мүмкін» деді. Сол кезде үміткерлердің қатарына қосылғанымның өзіне қатты қуанып едім. Кейін Ұлттық шттатық командалар дирекциясынан арнайы хабарласып, менің Ту ұстайтынымды айтты. Ал, ол кездегі ішкі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осындай мүмкіндік беріп, маған сенім білдіргендері үшін Елбасына, отандық спорт басшыларына алғысым шексіз.

Бұл маған білдірген сеніммен қатар, мойныма жүктеліп отырған жауапкершілік. Бұрын мен қатардағы олимпиадашылардың бірі болсам, қазір Ту ұстаушы ретінде елдің аузында жүрмін. Сондықтан, елімнің үмітін ақтау үшін аянып қалмаймын», — дейді Е.Ахмадиев.

 
0
0
442

Дэвид Бекхэм футбол клубын құруды жоспарлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат — Англия құрамасының бұрынғы футболшысы Дэвид Бекхэм АҚШ-та футбол клубын құратынын мәлім етті, деп хабарлайды Би-Би-Си.

Бекхэм өткен аптада Майами мэрімен кездесіп, жаңа клубтың стадионын салу мәселесін талқылады. Ағылшын футболшысының әзірге атауы жоқ клубы 2017 жылы Американың басты соккер лигасында (MLS) ойнайтын болады.
«Мен өзім үшін жеке команданы құрғым келеді. Бұл қала футболға дайын және біз үлкен жетістіктерге қол жеткізетінімізге сенемін. Біз миллиондаған халықтың көзайымына айналатын футбол клубын құрудамыз», — деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, мұнда әлемдік атаққа ие футболшылар ойнайтын болады. Сонымен қатар мұнда легионерлерді ғана емес, өз футболшыларын жаттықтыратын академия құрылмақ.
Айта кетейік, Д.Бекхэм 2007-2012 жылдар аралығында MLS чемпионатында ойнады. «Лос-Анджелес Гэлакси» сапында ол екі жыл қатарынан MLS кубогын жеңіп алды. Одан бөлек «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид», «Милан» мен «Пари Сен-Жермен» клубтарында өнер көрсетті.

 
0
0
304

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының қатысуымен брифинг өтеді

Бүгін сағат 15:00-те Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Алмасұлы Әзілхановтың қатысуымен брифинг өтеді. Төраға агенттіктің 2013 жылғы жұмыс қорытындысымен және Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы- 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы аясында жүктеліп отырған 2014 жылғы міндеттермен таныстырады.

0
0
245

Бүгін Сочиде байрақты бәсеке басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін Ресейдің Сочи қаласында  ХХІІ Қысқы олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі додаға әлемнің 90 мемлекетінен 3000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Спорт әлемі үшін үлкен мерекеге айналатын Сочи-2014 Олимпиадасында спорттың 15 түрінен 98 медаль ойнатылады. Төрткүл дүние көз тігетін байрақты бәсекеде ел намысын 52 отандасымыз қорғайды.

ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарын қазақстандықтар «Хабар» және «Қазспорт» телеарналары арқылы тамашалай алады.

Естеріңізге сала кетейік, Сочи Олимпиадасының ашылу салтанатында ел құрамасының туын алып жүру құрметіне шаңғы жарысы бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшесі Ердос Ахмадиев ие болып отыр.

 
0
0
435

Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқасы туралы

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың, Парламент депутаттарының, Президент Әкімшілігі, Үкімет өкілдерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, Мәдениет және ақпарат министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ басшыларының қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде министрліктің  2013 жылғы жұмысын қорытындылап, Мемлекет басшысының  «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жүзеге асыруда сала алдында тұрған міндеттерді атап өтті.

Министрліктің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі  қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ділін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасының мәдени саясатының  ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу болып табылады.

М.Құл-Мұхаммед мәдениеттің барлық саласы, шығармашылық қауымдастық бұл деректі Елбасы ұсынған отандық мәдениет пен өнердің жаңа белестерге жетуінің, қазақстандық қоғамның бірегей шығармашылық әлеуетін жүзеге асырудың ерекше мүмкіндігі деп қабылдап отыр. Тұжырымдаманың басты идеялық іргетасы Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында айтқан Мәңгілік Ел идеясы болуы тиіс екенін айтып өтті.

Саланың жай-күйі туралы айта келе, министр 20 жыл ішінде елде 2 мыңнан аса мәдениет нысандары ашылғанын атап өтті. Соңғы он жыл ішінде театрларға келушілер саны 50%-ға, мұражайларға келушілер саны 25%-ға, кітапханаларға келушілер саны 40%-ға, концерттік ұйымдарға келушілер саны 100%-ға, кинотеатрларға келушілер саны 400%-ға артты.

Мәдениет саласының проблемаларын шешудің басты жолдары 2030 жылға дейінгі әлеуметтік жаңғыртудың тұжырымдамасы мен Жоспарының жобасына бөлек тарау болып енді. Мәдениет ұйымдарының типтік штаттары, Мәдениет ұйымдарын дифференциялық субсидиялаудың жаңа ережелері бекітілді, 300 орынға арналған ауылдық Мәдениет үйінің типтік жобасы әзірленді, мәдениет және мұрағаттық іс қызметкерлерінің азаматтық қызметкерлер ретіндегі еңбекақысын төлеудің жаңа моделі әдіснамалық тұрғыда әзірленді.

Министр Мемлекет басшысының 2015 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысын арттыру туралы тапсырмасы мәдениет және мұрағат ісі саласына толықтай қатысы бар екенін ерекше атап өтті.

Жаңа «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театры, Қазақ ұлттық мұражайы құрылды, бірінші Ұлттық көркемөнер галереясы құрылуда; «Казспорт», «Мәдениет және білім» жаңа телеарналары ашылды.

Саланың басты жетістіктерін атап өткен министр саланың келешектегі міндеттері басымдықтарының негізі Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында және биылғы Жолдауда берген тапсырмаларын толық сапалы өз уақытында орындау екенін атап өтті.

Әрі қарай алқа отырысында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, «Білім және Мәдениет» телеарнасының директоры Бахыт Қайырбеков, з.ғ.д., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры, «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» ҚҚ сарапшысы Еңлік Нұрғалиева, Алматы облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Рахмет Есдәулетов сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова алқа отырысын қорытындылап, министрлікке бірқатар нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берді.

 
0
0
563