Бүгін Сочиде байрақты бәсеке басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін Ресейдің Сочи қаласында ХХІІ Қысқы олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі додаға әлемнің 90 мемлекетінен 3000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Спорт әлемі үшін үлкен мерекеге айналатын Сочи-2014 Олимпиадасында спорттың 15 түрінен 98 медаль ойнатылады. Төрткүл дүние көз тігетін байрақты бәсекеде ел намысын 52 отандасымыз қорғайды.
ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарын қазақстандықтар «Хабар» және «Қазспорт» телеарналары арқылы тамашалай алады.
Естеріңізге сала кетейік, Сочи Олимпиадасының ашылу салтанатында ел құрамасының туын алып жүру құрметіне шаңғы жарысы бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшесі Ердос Ахмадиев ие болып отыр.
