Мазмұнға өту

Жаңа

Ақпарат

«Іскерлік журналистика» клубы іске кірісті

Ел арасындағы «Қазақтілді журналистер экономиканы сөйлете алмайды» деген жаңсақ пікір әлі де болса жойылмай келеді. Бір ғана мысал, қазақ тілінде жарық көретін экономикалық-іскерлік басылымдар «Қазақстан ZAMAN», «Қазақстан Іскері», «Экономика» газеттерінің бас редакторлары бизнес-экономика тақырыбында жаза алатын кәсіби қазақтілді журналистердің жетіспейтіндігін айтып, бірнеше рет «дабыл» қаққан болатын.  Дәл осы тақырыпта шебер жазатын журналистерді дайындау мақсатында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы, журналист Ербол Азанбектің тікелей жетекшілігімен «Іскерлік журналистика» клубы құрылып, өз жұмысын бастап жіберді.

Құрамы 15 студент-журналистерден тұратын клубтың алғашқы дәрісі «блог» жайлы болды. Бірнеше жылдан бері  «Мәдениет» тақырыбында қалам қаузап жүрген танымал блогер Бақытжан Бұхарбаев өзінің тәжірибесімен бөлісіп, блогер ретінде танымал болудың әдіс-тәсілдерін үйретті. Бүгінде ең оңтайлы, ауқымы кең, оқырманы көп блог жүйесі ретінде клуб мүшелеріне yvision.kz-ке тіркелуді ұсынды. Сонымен қатар, дәл осы блог жүйесінің көптеген пайдалы тұстары барын атап өтті. Блог-мәтінді әлеуметтік желілер арқылы таратып, оның оқырманының көп болуын қамтамасыз етудің жолдарын да көрсетіп берді. Бақытжан Бұхарбаев өз сөзінде yvision.kz-тің бас парақшасына шығу үшін тынбай еңбектену қажеттілігін айтты. «Блог жүйеде де негізгі мәселелердің бірі қазақтілділер мен орыстілді блогерлердің бір-біріне қарсы коментарийлер беріп, көп конфликтке келетіні. Мәселені бұлай екі жаққа бұрмалау шешімсіздікке алып барып, оқырмандардың басын қатырады» - дейді дәріс өту барысында.

Менің жеке сарабым бойынша yvision.kz-те қазақтілді блогерлердің саны 10%-ға да жетпейді. Мұндағы қазақтілді блог-мәтіндердің саны мен сапасын арттырып, қазақ тілін 50/50%-ға жеткізу «Іскерлік журналистика» клубының тағы бір мақсаты болып қалмақ. Қазірдің өзінде клуб мүшелері сайтқа тіркеліп, іске белсене кірісіп кеткен. Президентіміз Н.Назарбаев «Мемлекеттік тіл барлық жерде, барлық салада қолдануы керек» деген болатын. Yvision.kz басшылығы да мемлекеттік тілге мән беріп, қазақтілді блог-мәтіндерді бас парақшаға жиіп шығарып тұрса, мұның өзі мемлекеттік тілдің қолданылу ауқымын біршама кеңейтіп тастаған болар еді. Ендеше, ісін жаңа бастаған «Іскерлік журналистика» клубына «іске сәт!» тілейміз!..

 
1
0
680

Қазақстан Үкіметі қашан оянады?!

Ресей, Беларусь және Қазақстан құрған Экономикалық одақта бәсеке әділдік принципімен жүруі керек. Бірақ, кей-кейде бұл талапты тараптар бұзып, соның салдарынан отандық кәсіпкерлеріміз қиындық көруде. Мұндай "жаңалық" Еуразиялық экономикалық комиссияның жиынында мәлім болды.

Осы "кей-кейденің" өзі Қазақстан кәсіпкерлеріне жүздеген миллион доллар шығын келтіруде. Қазақстан Үкіметі қашан оянады?!

0
0
466

Мемлекеттік тілге де «PR» керек

Мемлекеттік тілге де «PR»  керек

АҚШ өздерінің армиясының басты базасы болып табылатын «Пентагонға» PR  жасау үшін бар болғаны 10 жылдың ішінде «60 миллиард доллор» жұмсаған екен. Егер, есептей білсеңіз, бұл қаржы біздің Қазақстанның ұлттық қорынан (70 миллиард) сәл ғана кем. «Пентагонға» PR жасауға АҚШ неге құлықты болғаны туралы ойласақ, олар өздерінің армиясының «теңдессіз» екенін әлемге көрсетпекші болды. Сол арқылы, әлемге қорқыныш ұялата білді. 60 миллиард доллордың тең жартысына BBC, СNN сияқты т.б. әлемдік телеарналарда АҚШ армиясы туралы жағымды, жеңімпаз, шабуылдық ақпарттар таратса, қалған тең жартысы «Голливудта» кино түсірілуге кеткен екен. Бүгінде АҚШ-тың армиясы туралы, батыр әскерлері туралы («Капитан Америко» т.б.) кинолары жер бетін қаптап кетті. Атыс-шабыс фильмдердің қай-қайсын көрсеңіз де, «Америка әскері жеңімпаз» екеніне көз жеткізесің. Әрине, бұл мысал «PR» технологияның саясиланғанын, маңызының артқандығын көрсетіп бере алады. «PR» арқылы ұлттық идеология жүргізу басқа елдерде әлдеқашан орын алған. Қиярға да пиар керек бүгінгі заманда мемлекеттік тілді дамытуға да ақылды, жүйелі түрде жасалған «PR» технологияның аса қажет болып тұрғанын байқай бастадық.

Мемлекеттік тілге «PR» қалай, қаншалықты жасалып жатыр?

«PR» - идеология жүргізудің технологиясы екенін ұмытпауымыз тиіс. Шын мәнінде, Қазақстан дұрыс «идеологияны»  жүргізе алмай отырғандығы да біздің назарымыздан тыс емес. Бастауы сонау АҚШ-тан пайда болған PR («Public Relations» – «Қоғаммен байланыс») біздің бүгінгі саяси жағдайымызда көбінесе «Көпұлттылық», «Үштұғырлы тіл», «Қазақстандық ұлт» идеологиясына қызмет етуде. Осы үшін билік қыруар ақша шығындап жатыр. Егер, байқасаңыздар, БАҚ-тың басым бөлігі, яғни мемлекеттің қарамағындағы ақпарат құралдарының барлығы дерлік осы идеологиялар төңірегінде ақпарат таратып, идеология жүргізуде. Тіпті, «Қазақстан», «Хабар» телеарналарында өзге ұлттардың мәдениетін насихаттайтын жеке бағдарламалар да жетерлік. Мерзімді баспасөздерде қызмет ететін журналистер «Мемлекеттік тілдің» тарапында болғанымен, тікелей болмаса да жанама түрде биліктің идеологиясының жұмыс істеуіне қызмет етіп отыр. Бұл билік өзінің идеологиясын астыртын түрде «PR» технология арқылы жүргізіп жатқандығын көрсетеді.
Қанша дегенмен, мойындау керек, халықтың ыза-кегінен сақтану үшін «Мемлекеттік тілге» пиар жасауға да азын-аулақ мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Мәселен, телеарналарымызда өзге ұлттық жүргізушілердің тым белең алып, күнде таңертең қазақша сайрап отыруы – «PR» жасаудың бір түрі. Оның негізгі мақсаты бойынша «Еліміздегі өзге ұлттың өкілдері мемлекеттік тілдің пайдасын сезінсін, қазақ тілін білсе осындай үлкен телеарналарда жұмыс істей алатынын білсін» деген идеология тұрғандығы да мәлім. Дегенмен, ең алдымен, біз өзге ұлттың өкілдерінен гөрі өзіміздің шалақазақтарға «идеология» жүргізіп, мемлекеттік тілде сөйлетіп алғанымыз көбірек пайда келтіретін секілді. Мәселен, еліміздегі он миллионнан асатын қазақтың барлығы дерлік «Мемлекеттік тілде» сөйлейтін болса, қалған өзге ұлттық жеті миллион халық та он миллионның жетегіне ереді, істегеніне қарай ығысады, солардың сөйлеген тілімен сөйлейді. Өзге ұлттықтардың телеарналарда тым белең алуы халықты (қазақты) «билік өзге ұлтқа жалтақтап, өзімізге көңіл бөлмей жатыр» деген сынды негативті ойларға жетелеп, болашағына күдіктеніп, билік басындағыларға сенімсіздік танытып, жетістікке деген үміттерін үздірте бастайды. Яғни, бұл «PR» технологияның дұрыс жүргізілмей жатқандығын білдіреді. Бұл мәселеге келгенде, билік әбден ойлануы керек.
Мерзімді баспасөзден бастап, барлық БАҚ-ғы қазақтілді журналистердің «Мемлекеттік тілге» барынша қамқорлық көрсеткісі келетіні белгілі. Мемлекеттік тілдің мәселелері тақырыбында көптеген БАҚ күн сайын ақпарат таратып, сараптамалық материялдар беріп отырады. Дегенмен, ол материалдар халыққа тұрақты жетіп отырғанымен, «PR» технология өз мақсатына жете алмауда. Өйткені әр БАҚ «Мемлекеттік тіл» мәселесін әртүрлі етіп көрсетеді. Олардың арасында бірлестік жоқ, есесіне цензура басым. Сонымен қатар, мемлекеттік тілге қатысты материялдарды беруде журналистердің шеберліктері жеткілікті емес. Мақалаларында оқырманды белгілі бір ойға, қалыпқа шақыратын түпкілікті идеология жоқ. Сол себепті, мақалалардың дені пайдасыз. Оның үстіне мемлекеттік тілдің ахуалын тым төмен етіп көрсетуі оқырмандардың мемлекеттік тілдің болашағына қатысты ойларын негативтендіреді. Нәтижесінде, мемлекеттік тілден күдер үзе бастайды. «Мемлекеттік тіл» тақырыбында жазатын тілшілерге, негізінен, арнайы «PR» технологияны шебер пайдалануды үйрену керектігін көптеген ғалымдар мен сарапшылар айтып жатыр. Егер, «PR» технологияны шебер пайдаланып, БАҚ «Мемлекеттік тіл» мәселесінде идеологиялық бірлестік құра алса, берілген материалды немесе мақалаларды оқырманға дұрыс жеткізе білгенде, «Мемлекеттік тіл» мәселесі осы уақытқа дейін шешіліп қоятындығын да жоққа шығаруға болмайды. «PR» технологияны жүргізудің негізгі құралы БАҚ болғандықтан, журналистер бұл технологияны қалай қолдану керектігінен жақсы хабарлары болуы тиіс.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Тіл» комитеті тарапынан, сонымен қатар әр аймақтағы тілдерді дамыту басқармалары тарапынан «Мемлекеттік тілдің» БАҚ-та насихатталуына біршама қаржы бөлініп келеді. «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты конкурстар да жыл сайын өткізіліп тұрады. Дегенмен, мемлекеттің көмегімен соңғы кездері ашылып жатқан сайт-порталдар, газет-журналдардың барлығы дерлік «Үштілділікті» насихаттауда алдына жан салмайтын болды. Мәселен, «Самұрық-қазына» әл-ауқат қорынан қаржыланып жатқан «Ел.кз», «Массагет.кз» сайттары мемлекеттік тілді ысырып қойып, «Үштұғырлы тіл» идеологиясының жүзеге асуына белсене кіріскен. «PR» технология экономика және бизнес саласындағы қажеттіліктерден туғандықтан, оның негізгі тірегі – қаржы. Ал, қаржының қайда екенін ескерсек, «PR» жасауда мемлекет «Мемлекеттік тілді былай қойып, «Үштұғырлы тілге» көп шығындалып жатқаны анық байқалады.

Қайрат Нұртас немесе Мемлекеттік тілге жекелей «PR»

Бүгінде жас, әрі Қазақстандағы ең танымал әнші Қайрат Нұртастың соңынан айтылып жүрген өсек те, әңгіме де, жыр да өте көп. Біреулер шын өнер иесін қолпаштаса, енді біреулері сын тезіне алып, аямай сынап жатады. Енді бірі оның табынушысы болса, енді бірі - жек көрушісі болып табылады. Әйтеуір, шоу-бизнесте «Қайрат Нұртас» жұлдызының шоқтығы биік. Ол нағыз «шоу»-ды жасап жатқаны да мәлім. Бұл жетістіктерге жетуінде оның «PR» технологияны шебер пайдалануының маңызы ерекше. Ол «PR» арқылы өзін жарық жұлдыз етумен қатар, қазақтілді әндерге сұранысты арттырып, «Мемлекеттік тілдің» шоу-бизнеспен қатар, қоғам өмірінде белсенділігін арттыруда.
Қайрат Нұртас - Қазақстандағы тыңдармандардың сұранысына ие №1 әнші. Ол былтырғы жылы Мейрамбек Беспаевпен бәсекеге түсіп, альбомдарының сатылуы жағынан алғашқы орынға шықты. Оның сатылған альбомдары елімізде сатылған барлық дисктер үлесінің 6%-ын, ал барлық әншілердің сатылған үнтаспалары арасында 42%-ды құрады. Таңқаларлық статистика емес пе? Еліміздегі әншілердің 50%-дайы шығарған өнімді жалғыз өзі өндіріп отыр. Сонымен қатар, ол билеттер сатылымы бойынша да үздіктердің көшбасында. Қайрат Нұртас бұл тізімде ресейлік әншілермен бірге иық тіресіп тұр. Мәселен, әншінің шығармашылығына деген сұраныс Ресейдің танымал әншісі Стас Михайловпен бірге бәсекеге түсе алады екен.
«PR»-ды шебер пайдаланатын Қайрат Нұртас өзінің әрбір әніне клип түсіруден шаң жуытпайды. Ал, «қара PR»-ды қолданудан да ешкім онымен бәстесе алмайды. «Анаша шегіп алып билейтін», «Жатып алып боқтайтын» т.б. қара пиарға құрылған видеолары ғаламтор желісінде өріп жүр. Әрине, мұны көрген, естіген, тыңдаған халықтың «Қайрат Нұртас»-тан басқа айтар әңгімесі, тыңдар өсегі, көрер көзі болмайды. Ал, «Өкініш» фильміне не айтасыз? Қай әнші өзіне «PR» жасау үшін кино түсіріп жүр? Әрине, Мейрамбектің талай киноға түскенін білеміз, дегенмен ол «PR» жасау үшін емес еді. Ал, Қайрат Нұртас заманауи технологияны шебер қолдана алған. Керемет дауысы болмаса да табынушыларды топтап жинаған, сөйте тұра «тек қана қазақ тілінде» сөйлеп, мемлекеттік тілге деген, қазақтілді әндерге деген сұранысты арттыра алған «ең кәсіпқой шоу-бизнес өкілі» екенін мойындау керек. Ал, еліміздегі басылымдардың барлығы дерлік Қайрат Нұртас жайлы өсек айтпаса тұра алмайтын болып қалған. Сонымен қатар, ол «Жастар. Қоғам. Ақиқат» журналының демеушісі екенін де білеміз. Ал, өзінің брэнді іспеттес «Қайрат Нұртас» журналын шығармақшы болып жүргенін де құлағымыз шалып қалды. «Қайрат Нұртас» брэнді жазылған футболкалары болса, қазірде сатылымда қаптап жүр. Айтқымыз келгені, Қайрат Нұртас «PR» технологияның «керемет пайдасы барын» бізге практикалық тұрғыдан дәлелдеп бере алған алғашқы қазақстандық. Сондай-ақ, орыстілділердің «Мемлекеттік тілге» деген сұранысын керемет дәрежеде арттырып жүрген, өзінің «PR»-на «Мемлекеттік тілді» арқау етіп жүрген Қазақстандағы жалғыз әнші.
Қазақстанның шоу-бизнес тарихында ешқандай әншінің шын табынары болмаған. Ал, тамыздың 31-і күні Алматыдағы «Прайм Плаза» сауда және ойын-сауық кешенінде эстрада әншісі Қайрат Нұртас қатысқан концерттік шараның жаппай тәртіпсіздік пен қиратуға, полиция мен мыңдаған жастың қақтығысына ұласқаны жұртшылық арасында қилы пікір туғызып, Қайраттың табынушылары өте көп екенін дәлелдеп бере алды. Әрине, кей пікірлер Қайрат Нұртасты кінәласа, әншінің өзі бұл жағдайға байланысты ұйымдастырушыларды айыптады. «Facebook» желісіндегі белсенділердің талқылауларында Қайрат Нұртастың әншілік деңгейінен бастап, тыңдармандардың мәдениеті мен әлеуметтік құрамына дейін сөз болып, «Қайрат Нұртас бүгінгі жастардың, әсіресе, қазақ тілді жастардың жұлдызы» дегенге саятын пікірлерін білдіріп үлгеріпті. Сөздің шыны керек, Қазақстан эстрада тарихында ән үшін табынушылардың бүлік шығарғаны бұрын-соңды болмаған оқиға. Ал, Қайрат Нұртас эстрадада үлкен тарих жасай білді. Мұнда «PR»-дың орны ерекше.
Оқиғаның ертесіне еліміздегі бүкіл баспасөзді жинап алып, әншінің продюсері «баспасөз конференциясын» өткізеді. Бір қызығы, баспасөз мәслихатында орыстілді тілшілер сауалдарына орыс тілінде жауап беруін бірнеше рет өтінсе де, әнші Қайрат Нұртас та, анасы да «тек қана қазақ тілінде» тіл қатып, «Мемлекеттік тілдің» мерейін үстем етеді. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екенін заң жүзінде білетін және бұл заңды қолдана білген Қайрат Нұртастың берілген сауалдарға толықтай қазақ тілінде жауап беруіндегі құқығын ешкім таптай алмайды. Ал, кейіннен «бақ.кз» порталы тілшісі қойған «Қайрат, көп адамдар сені орыс тілін білмейді, білсе де әдейі сөйлемейді деп сөгіп жатады...», - деген сауалға: «Мен орыс тілін білемін. Алматыда 20 жыл тұрып, қалай орысша білмеуге болады? Кейбір концерттерде орыс тілінде әндер орындаймын. Бірақ, әлде біреулердің қытығына тию үшін орысша сөйлемеймін. Өз Отанымда ана тілімде ғана сөйлеуді жөн көремін. Әлде, бұл ойым дұрыс емес пе? Қазақ тілінде Қазақстанда сөйлемегенде енді қайда сөйлемекпін? Мәселен, Мәскеуге табан тіресем, орыс тілінде сөйлеймін. Ал АҚШ-та болсам, ағылшынша тіл сындыруға тырысамын», - деп жауап беріп, азаматтық парызын толығымен атқарады.
Кейіннен Қайрат Нұртастың «Мемлекеттік тілге» деген ерекше назарын баспасөз беттері ерекше назарға алады. Мәселен, «Үкімет те, оппозиция да қазақ тілін мойындайтын кездері. Саясаттан ат-тонын ала қашатын қазақтың ұлттық мәселе бойынша толқыса тоқтамайтынын Үкімет түсінген сыңайлы. Бүкіл орыстілді шенеуніктер мен оппозиция әкелеп-көкелесе де бір жерге жинай алмайтын мыңдаған халықты тек қана қазақша ән айтатын Қайрат Нұртас бір өзі жинап алғанын көздерімен көрді. Халықтың талғамы жоқ десек қателесеміз. Ел Қайрат Нұртастың қандай деңгейдегі әнші екенін біледі, шоу-бизнестен хабары бар. Халық ол араға Қайрат Нұртас үшін емес, қазақ тілінде, өз тілдерінде ән тыңдауға барды. Иә, иә! Ол жерде қазақ сүйіп тыңдайтын кез келген қазақ әншісі концерт берсе мыңдаған адам жиналатыны сөзсіз. Қайраттың «Прайм-Плазадағы» жағдайға байланысты өткізген баспасөз-мәслихатына кешігіп келген аздаған әдепсіздігін орысша сұраққа қазақша жауап беріп, мінез көрсетуі жуып-шайып жіберді. Әрине, қазақша ән тыңдауға келген жұртты дүрліктіріп, өз мақсаттарына пайдаланып арандатпақшы болған адамдар болса, тәртіпсіздік кезінде тонаумен айналысқандар болса, жазаларын алары сөзсіз», - деп, Қайрат Нұртасты ақтап, оның жасап жүрген азаматтық парызын ерекше назарға алады. Шынында, көптеген партиялар бір жерге жинай алмаған халықты Қайрат Нұртастың бір өзі жинауы – PR технологияның жетістігі. Логикалық тұрғыдан алғанда, «Мемлекеттік тіл» мәселесін өзіне ерекше қару етіп алған Қайрат Нұртас тек қана қазақша сөйлеу арқылы көптеген басылымдар мен баспасөздің назарына ілікті. Яғни, өзіне де, мемлекеттік тілге де «PR» жасай білді.
Қайрат Нұртастың шоу-бизнесте қазақша ән айту арқылы күректеп қаржы тауып жатқанын мысалға алып, бұдан кейін Қайрат Нұртас сияқтылар елімізде көбейетіндігін кейбір сарапшылар мысалға алады. «Мына үрдісті аңдайтын уақыт болды: қанша дегенмен, қазақ халқы қаланы жаулауды аяқтап келеді, енді оны игеріп, меңгере бастады. «Қайраттар» соның әлсіз болса да, алғашқы жарқын көрінісі. Ит үргенмен - керуен көшеді. Енді «Қайраттардың» көбейетіні сондай, оларды жазғыру мен менсінбеу былай тұрсын, жаппай «қазақтілді» әнші болуға ұмтылыс молаяды. Себебі, қазақ тілі мен оның әні, киносы ақша таба бастады! Енді қайтесің? Баян Есентаеваның сөзімен айтсақ «Тұз жала болмаса, Өле қал!» - дейді кейбір коментарийшылар өзінің жеке парақшасында. Расында, Қазақстандағы шоу-бизнесте орыстілділерге қарағанда қазақтілділердің жағдайы алға шығып, ақшаны қопарып жатқаны рас. Ендеше, өнер иелерінің барлығы дерлік жуық арада  «Мемлекеттік тілді» меңгеруге көшетінін болжауға болады.
Шоу-бизнестегі шоқтығы биік Қайратты орыс тілін білмеуіне байланысты «мәмбет» деп айтушыларға қарата: «Қайрат НҰРТАС әнші емес екен» - Оттаған әңгіме! Әрине, Қайрат қазақ эстрадасына жаңалық әкелмес, дауысы  зор болмас, ауылдан кеше шыққан болар... Бірақ, шоу-бизнесте бір ғана көрсеткіш бар – өнерің ақша табуға жарай ма, тұрақты тұтынушың бар ма – болды! Қалғаны - бос былшыл! Және Қайраттың тыңдарманы қылмысқа баруға әзір екен! Демек, бұл қазақ руханиятындағы феномен! Қазақ әнінің піртұтары бар! Бұл – әнші өнеріндегі ең бақытты шақ! Ендеше, «мәңгүрт» те, «мәмбет» те тарихтағы біздің рухани тыртығымыз болмас, елеусіз ғана жараның орны болып, бітіп кетеді», - деп «нағыз сұраныс» болған жерде «нағыз өнер» болатындығын айта кетеді. Былайша айтқанда, Қайратты қолдаушылар еселеп табылады. Белгілі журналист Руслан Желдібай: «Қайрат Нұртас баспасөз мәслихатын тек мемлекеттік тілде өткізуі арқылы өз тіліне құрметтен бөлек, қазақ тіліне деген сұранысты арттырды» деп жоғары баға береді.  Ал, «Қазақ тілін білмейтін журналистер баспасөз мәслихатынан кейін жаппай тіл меңгеру жөнінде шешім қабылдады деп ойлайсыз ба?» деген сауалға журналист: «Орыстілді тілшілер берілген жауапты қазақ тілінен орыс тіліне аударуға мәжбүр болды. Егер барлығы осылай жасаса, қазақ тілін оқымағанда қайтеді?» - деп жауап қайырады. Демек, «Қайрат» сияқтылар көбейсе, «Мемлекеттік тілдің» болашағы жарқын болмақ. Орыстілді тілшілерді осы уақытқа дейін қазақша білуге мәжбүрлеген Қайраттан басқа кім бар? Және бұл «PR» технологияның керемет әдісі.
«Абай.кз» сайтында Сәкен Алдашбаев атты автор «Абайды ұмытқан, Қайратты ұлықтаған балалар…» атты мақаласын жариялады. Ол өзінің басынан өткен оқиғасын былай баяндайды:  «Осыдан екі-үш ай бұрын болса керек, қоғамдық көлікте келе жатқанымда бір аялдамадан бес-алты жасар баласын көтерген жас келіншек мінді. Қызылордада қайбір автобус жай жүреді дейсің, атан жарысқа салғанда әлгі бала құлап кетер дедім де, анасынан сұрап, алдыма отырғызып алдым. «Бала тілі бал» демекші, әлгі кішкентай құлыншақтан әрнәрсені сұрай бастадым да, қандай тақпақ білесің дедім қызықтап. Әлгі бала Қайрат Нұртастың «Ол сен емес» деген әнінің сөзін зырылдатып айтып берді. «Ой, жарайсың» дедім де, басқа қандай тақпақ білесің дедім қазбалап. Тағы Қайраттың бір әнінің сөзін айтып берді. Бұдан басқа, бұдан басқа деп отырып, келіншектің түсетін аялдамасына дейін бірнеше тақпақ айтқыздым. Бірақ ең өкініштісі, бар білетіні бүгінгі күнгі жас әншілердің айтып жүрген әндерінің сөзі екен. Сорпасы су татитын, ұйқасы мен мағынасы жараспайтын өлеңдерді қалай жаттағанын қайдам. Қалай болғанда да бүгінгі жас әншілер әнінің балалардың жүрегінен орын тапқанына таңқалдым. Сөйтіп, Қайратшыл бала түсейін деп жатқанда «балам терме білесің бе?» деп сұрадым. Бала «ол не?», деп анасына қарады. «Абай атаның өлеңін білесің бе?» дедім тағы. Дегенім сол екен, анасы: «Аға, оның өлеңдерімен баланың басын қатырмаңыз», - деді де баланы жұлып алғандай алды да автобустан түсіп кете барды», - дейді мақаласында. Автордың жас балалардың термені, ұлы Абайдың өлеңдерін білмеуін сынға алғаны дұрыс. Дегенмен, оған Қайрат Нұртас кінәлі емес қой. «PR» технологияның пайдасы орасан зор екенін есепке алсақ, жастарымыз бен балаларымыз пиарланып жатқан Қайраттың өлеңін тыңдай ма, әлде пиарланбай жатқан Абайдың өлеңін бе? Абайдың өлеңін жатқа білу үшін де дәл бүгінгі күні «PR» керек. Ал, «PR» технологияны ақшасыз жасай алмайсың. Қысқасы, мәселеден мәселе туындай береді...

Мемлекеттік тілге ақылды «PR» жасау мәселесі

М.Ломоносов: «Қайда қарасам да көретінім химияның элементтері», -  деген екен. Дәл сол сияқты еліміздегі әрбір азаматтың «Қайда қарасам да көретінім мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деуі үшін қыруар шаруалар атқарылып, ол үшін мемлекет тарапынан немесе жекелей мемлекеттік органдар тарапынан қомақты қаржы бөлініп тұруы тиіс. Саяси партиялардың, мүдделі топтардың, әлеуметтік топтардың БАҚ-та «Мемлекеттік тіл» мәселесіне орай бір ғана қоғамдық пікірдің, бір ғана ойдың («Мемлекеттік тілді білу міндетті» деген тәрізді) болуы үшін де «PR» технологияны жүргізудің маңыздылығы орасан зор. Азаматтық қоғам институттарының бірлескен әрекеттерімен қатар, ішінаралық саяси процестерге ықпал етуде де заманауи түрдегі саяси PR-технологияларды қолдану үлкен маңызға ие болып саналады. Пиардың қызмет ету саласына «Мемлекеттік тілді» дамыту мәселесін кіргізіп, мемлекеттік тілде сөйлеуді жұртшылыққа насихаттау, мемлекеттік тілдегі проблемаларды жойып отыру, мемлекеттік тілдегі жарнамалардың тиімсіздігіне қатысты мәселелерді шешу, жалпы алғанда, мемлекеттік тілге байланысты көзделген обьектінің қоғамдық келбетін қалыптастыру т.б. жағдаяттарда «PR» технологияны қолданудың ерекшелігі зор.
Дамыған елдерде «PR» технологияның механизмдерін қолдану – саяси мәдениетті көрсетеді. Шын мәнінде, біздің билік басындағы шенеуніктерде «саяси мәдениеттің» төмен екенін байқауға болады. PR-ды дамыған демократиялық жүйедегі «тиімділігі мен қауіпсіздігіне» көпжылдар бойы қолдану тәжірибесі дәлел бола алады. Бұл дегеніміз, бүгін ұлт араздықты қоздыруда аса күрделі және қауіпті болып отырған тіл мәселесінде «PR» технологияны қолдана отырып, тіл мәселесін шешу ешкімге, ешқандай зияндық келтірмейтінін атап өтуіміз керек. Ол үшін билік немесе «Мемлекеттік тілді» дамытуды көздеген кез келген субьект, ең алдымен, «PR» объектінің идеясы мен іс-әрекеттерін (идея бұл жерде халықтың жаппай «Мемлекеттік тілді қолдануы» болуы тиіс) қоғамдық қолдаумен қамтамасыз ете алып, идеяны ақпараттандыра алуға қауқары болып, саяси және идеологиялық ойларды қанықтырып, яғни «PR» объектісінің келбетін құрып, оны баянды ету, PR объектісінің  арнайы жағдайларды өзінің жақсы жақтарын көрсете алатын, «PR» объектісінің ерекше қабілеттерін анықтауға бағытталатын механизмнің бастан-аяқ жүйелі құрылуын қамтамасыз ете алуы тиіс.
«PR» мамандары «Мемлекеттік тілді» тікелей жарнама немесе үгіт-насихат арқылы халықтың ықыласын ояту мүмкін еместігін айтады. Ол үшін үлкен, бас-аяғы жүйелі түрде ойланған, «PR» технологияны қажетіне жарата алатын «идеология» қажет екен. «Мемлекеттік тілге» жасалатын PR стратегияның түзу барысында-ақ  әлдеқайда тиімді басымдылыққа ие мүмкіндіктер өзінен-өзі айқындалады. Үгіт-насихат пен жарнаманың негізгі мақсаты – әсер етуші объектіде қажетті және тиімді көзқарас субъектісін қалыптастыру болса, «PR» технологияда екі тараптың, тіпті одан да көп тараптардың мүдделері ескеріледі де, барлық қатысушылардың мақсаттарын келісе шешумен бірге, тараптардың бірлесіп әрекет етуде қабылдаған еркін шарттарынан тұрады. Яғни, билік «Тіл саясатын» жүргізуде «PR» технологияны жүйелі пайдалана білсе, ұлтаралық татулықты сақтай отырып, барлық тараптардың сенімдерінен шыға отырып, «Мемлекеттік тілді» төрге оздыруға әбден болады. Сонымен қатар, әрбір тараптың ұзақ мерзімді жауапкершіліктерін болжай отырып, табысқа жету  тек қана «PR» технологиядағы жалпы түзілген этикалық нормаларды сақтаған жағдайда қолжетімді бола алады.
Қысқа мерзімді уақытқа жоспарланған аралық мақсаттарға жетуде үгіт-насихат технологиясының тиімділігін мойындауымыз керек. Мұнымен бұл технологияның әйгілілігі мен қолданысының кеңдігін назарға алуға болады. Әсіресе, тез арада қажет болған саяси мобилизация кезеңінде, мысалы кандидаттың белгілілігі мен атақтылық рейтингін көтеру жағдайында қолданылуын көре аламыз. Айта кететін жәйт, заңсыз деп танылған саяси технологияларды қолдануға деген қызығушылық туралы аңыз, алдымен, саяси технологтардың өздерімен қолдау тапқан. Олар пиар технологиялардың сарқылмас қорын пайдалану әдісін біледі.
PR технологияларын тарату жолында кездесетін кедергілердің бірі - «қара пиар». Ол саяси ғылым дилетанттарымен және жеке журналистер арқылы қоғамдық ой-өрісі жоқ көрбілте санаға нықтап орныққан, «қоғаммен байланыс» деген ұғымды түбегейлі жоққа шығаратын технология болып саналады. Төменде тақырыпқа сәйкес цитатаны келтіре кетейік: «Көпшілікті алдау – «пиар» — РR («паблик рилейшнз») дейтін сәнді атқа ие болды». Дегенмен, «қара пиар» технологиясының шоу-бизнесте үлкен пайдасы болғанымен, мемлекеттік тілді дамытуда мұны мүлде қолданбаған жөн. «Мемлекеттік тілге» барынша ақ пиар, яғни мемлекеттік тілдің жақсы жақтарын көрсететін, халықты оның болашағына сендіре алатын, жастардың барлығын қызықтыратын пиар керек. Қорытып айтсақ, бүгінгі таңдағы ақпарат ағымы соншалықты ауқымды, әртүрлі және қайшылықты болып келетіндіктен, PR мамандар былай тұрсын, қарапайым адамдардың ұғынуы өте қиынға соғады. Бұл – БАҚ-ның қоғамдық санамен манипуляция жасауына кең мүмкіндік береді. Қазіргі кездегі азаматтардың ақпараттылығы көбіне, ақпараттың қандай критерийлер мен  мақсаттарда жиналып, нақты факторларды қаншалықты терең дәрежеде көрсете алуына және ақпараттың берілу әдістері мен құрылымына байланысты. Мәселен, «Мемлекеттік тілдің» мәселесін әр БАҚ әртүрлі етіп көрсететінін жоғарыда атап өттік. Бірі – мемлекеттік тіл дамып жатыр десе, бірі – оның дамығандығын жоққа шығарады. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік тілге деген сенімсіздігін оятып, одан мүлде күдер үзе бастайды. «Мемлекеттік тілге» деген қызығушылықтары жоғалады. Осындай ақпараттық күрмеуі қиындаған заманда «Мемлекеттік тілдің» дамуына біржақты әсер ететін, «PR» технологияны пайдаланатын үлкен «идеология» жүргізудің сәті дәл бүгінге келіп тұр. Тек мұны қолдайтын адамдар табылса болғаны...

 
1
0
1636

Аударматану –рухани байлығымыздың дәнекері

Аударматану –рухани байлығымыздың дәнекері

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, аударматанушы, филология ғылымдарының кандидаты  Қазыбек Гүлмира Құдайбергенқызымен сұхбат

alt

- Гүлмира Құдайбергенқызы, сізді аударматанушы ғалым ретінде жақсы танимыз... Жалпы, қазақ тілінің өркен жаюында аударма саласының да өз орны бар. Ғылымның бұл саласына келуіңізге не себеп болды?


- Мен, 1990 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітіріп, бірден оқытушылық қызметке қалдырылдым. Алдымен, «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәнінен семинар сабақтарын жүргізе бастадым. Уақыт өте «Қазақ ауыз әдебиеті» пәнінен де сабақ жүргіздім. 1996 жылдан бастап аударматану ғылымына бет бұрдым. Өйткені, біздің факультетте «аударма ісі» мамандығы ашылған болатын. Жаңа мамандық, жаңа пәндер. Жаңаның аты жаңа ғой, мен бірден қызығушылық танытып, аударма теориясынан дәріс бере бастадым. Қазір қарасам, 17 жылдай уақыт өтіпті. Аударматану саласына өзіндік үлес қосып жатырмын деп айта аламын. Авторлық курстарым да бар.  Осындай бүкiлхалықтық рухани достықтың, мәдениеттер қарым-қатынасының құралына айналып отырған аударматану тарихын кеңiнен және тереңiрек зерттеу әлi де кезегiн күтiп тұрған келелi мiндеттердiң бiрi деп есептеймін.

- Аудару принципі мен аударманың дәлме-дәлдігі туралы ұғым заманалар озған сайын өзгеріп отырған екен. Мысалы, орта ғасырларда әріпшілдік, сіреспе аударма басым болса, бертін келе, XVII-XVIII ғасырларда «еркін» аударма етек алыпты. Одан соң әдебиет әлемінде «балама» аударма пайда болған көрінеді. Ал, дәл бүгінгі күні аударманың қай түрі кең етек алған?


- Аударма жұмысы қазiр бiздiң өмiрiмiзден үлкен орын алады. Әлемде әр алуан тiл, әр алуан  ел өмiр сүрiп отырған жағдайда аударма мәселесiнiң күнделiктi қажетке айналуы заңды. Аударманы көне, сонымен қатар жаңа ғылым деп есептеуге болады. Аударма пайда болған кезде әрине, сөзбе-сөз аударманың басым болғандығы рас. Кейіннен аударманың түрлері көбейді. Сөзбе-сөз, жолма-жол, еркін, балама аудармалар пайда болды. Аударма ғылымы біртіндеп өркендей бастады. Ал нағыз  аударма дегенiмiз түпнұсқаның стилiн, тiлдiк ерекшелiгін сақтай  отырып, оның көркемдiк-идеялық қасиетiн толық жеткiзу, әрi қазақша түсінікті етiп шығару. Осы екеуi ұштасқанда ғана аударма көркем болады. Аударма мәселелерi, соның iшiнде көркем аударманың проблематикасы тамырын тереңге жайып жатыр. Оның бастауы Ежелгi Римнен басталады. Сол дәуiрде аударманың түпнұсқаға адалдығы туралы аса маңызды мәселе төңiрегiнде Цицерон «аудару кезiнде сөздi санамау керек, керiсiнше сөздi салмақтау керек» деген екен. Қазақ әдебиетінде аударматану туралы сын пікірді біз С.Сейфуллиннің еңбектерінен кездестіре аламыз.  Аударманың түрлері туралы да біраз ғалымдар мен сыншылар жазған болатын. Қазіргі кезде аударманың барлық түрі қолданылады. Әдеби кітаптарды, ғылыми-техникалық әдебиеттерді, жарнамаларды аударуда аударманың кез келген түрін қолдануға болады. Қазіргі таңда синхронды аударманың көп қолданылып жүргендігін байқауымызға болады. Қай кезеңде болмасын, балама аударманы шынайы талантты аудармашылар ғана қолдана алады. Өзіме қазіргі кезде ұнайтын аудармашылардан Ә.Қодарды ерекше айтар едім. Аудармалары оқырман қауымға жатық, түсінікті. Сонымен қатар, аудармашы автордың стилі, ырғағын, көркемдік мәнін т.б. сақтай отырып аударады.


- Шетелдік әдебиеттер қазақ тіліне қалай аударылып жатыр? Қазақ тіліне аударма жасаудағы артықшылықтар қандай? Кемшіліктеріміз неде?


- Өз мәдениетiн дамытқан халық қашанда басқа елдiң ғылым-бiлiмiн үйренуге ұмтылады. Осындай игi iстiң жандануына аударманың айрықша қызмет атқарғандығы мәлiм.  Батыс және Шығыс классиктерiнiң шығармалары қазақ тiлiне үзбей аударылып келедi.   Шетел әдебиетiнiң классиктерiнiң шығармалары әр кезеңде қазақшаға аударылып отырған. В.Шекспир, Д.Байрон, Б.Шоу, Ч.Диккенс шығармаларын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік туды. Қазіргі кезде шетелдік әдебиеттердің қазақ тіліне аударылу қарқыны азайды. Бұрынғы кезде Жазушылар одағының жанында аудармашылар бөлімі болғандығы белгілі. Аудармашыларға мемлекеттік тапсырыс беріледі, олар мемлекетпен келісімшартқа отырады. Содан кейін ғана аудармамен айналысады. Сондықтан да кеңес үкіметі кезінде аударма кітаптар көп болды. Ал қазір басқаша. Аудармашыларға деген сұраныс азайды. Белгілі бір автор өз шығармасын басқа тілдерге аудартқысы келсе, олар аудармашыларды өздері іздейді, келіседі. Шетелдік әдебиеттерді аудару кезінде, біздің аудармашылар көбінесе сатылы аударманы қолданады.  Біздің аудармашылар түпнұсқадан аудармайды. Көбіне орыс тіліне аударылған нұсқаларын пайдаланады. Мұның бір кемшілігі бар деп ойлаймын. Орысша нұсқа дұрыс аударылмаса, онда қазақша нұсқада да қателіктер болатыны сөзсіз. Сондықтан да қазіргі уақытта біздің факультеттің «аударма ісі» мамандығында білім алып жатқан студенттерді түпнұсқадан тікелей аударма жасауға үйретудеміз.


- 2001 жылы профессор Қ.Алпысбаевпен бірге «Қазақ аудармасының теориясы мен тәжірибесі» атты оқу құралын шығарған екенсіздер. Осы оқу құралы туралы әңгімелеп берсеңіз...


- 1998 жылы мен доцент А.Әлмұратовамен авторлас болып «Теоретические проблемы художественного перевода» деген оқу құралын шығарған болатынбыз. 4-5 жыл бойы аударма теориясын зерттеп жүргендіктен, сол кездегі кафедра меңгерушісі, профессор Құныпия Алпысбаевпен бірігіп қазақ аудармасына байланысты оқу құралын жазуды жөн көрдік. Материал бар, оны нақтылап, бір жүйеге түсіру қажет болды. Сондықтан аталған оқу құралын шығару бізге қиындық туғызбады.  Оқу құралы үлкен сұранысқа ие болды, екі рет қайтадан басылып шығарылды.оқу құралында біз аударма саласына үлес қосқан ғалымдардың, ақын-жазушылардың пікірлерін бір ізге түсірдік, өзіндік ой-қорытындылар шығардық.


- Бұдан басқа қандай оқу құралдарын шығардыңыз? Сіздің еңбектеріңіздің студенттерге қаншалықты пайдасы тиіп жатыр?


- Аударма теориясы мен тәжiрибесi пәнiнiң  негiзгi мақсаты – аударма  iсiне қажеттi, терең теориялық бiлiм беру. Осы уақытқа дейін мен «Аударматануға кіріспе» , «Көркем аударма теориясы» «Көркем аударма тәжірибесі», «Әдеби аударма көркі», «Мамандыққа кіріспе» атты оқу  құралдарын шығардым. Сонымен қатар үш хрестоматия дайындап, оны «Қазақ университеті» баспасынан шығардым. Аударма теориясы мен тәжірибесіне байланысты жүзге тарта ғылыми мақалаларымды жарияладым. Еңбектерім студенттерге көмегін тигізсе, онда еңбегімнің жемісін жегенім деп ойлаймын.


- Сізден басқа тағы қандай ғалымдар аударматану ғылымын зерттеумен айналысып жатыр? Дәл осы ғылым саласының жетістіктері,  жаңалықтары бар ма?


- Әрине, қазіргі уақытта аударматану ғылымы да өркендеп келеді. Оның жаңалықтары мен жетістіктері де мол. Аударма ғылымының қыр-сырын зерттеп, оның мақсаты мен міндетін жіті қарастырып жүрген ғалымдар  бар. Аударматану ғылымына өлшеусіз мұра қалдырған М.О.Әуезов, М.Қаратаев, С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиев, З.Ахметов т.б. есімдерін ерекше атауымызға болады.  Ал, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінде ұстаздық етіп жүрген Ж.Д.Дәдебаев, А.Ж.Жақсылықов, Ә.С.Тарақов, Т.О.Есембеков, Л.Ж.Мұсалы, Е.К.Кәрбозов т.б. ғалымдардың есімдерін айтар едім. Аталған профессорлар болашақ аудармашыларға сапалы білім берумен қатар, аударматануға арналған оқу құралдарының авторлары.


- Бүгінде түрлі шетелдік фильмдер қазақ тіліне аударылып жатыр. Оларға көңіліңіз тола ма?


-Аудармашылық – нағыз  творчестволық өнер.  Аударма сапасы оның талантына, бiлiмiне, жалпы мәдени дәрежесiне және тәжiрибесiне байланысты. Сол себептi де жұртшылық әрқашан оның жақсысына сүйсiнiп, жаманына күйiнiп отырады. Қазір бізде не көп, шетелдік кинофильмдер көп. Олардың қазақ тіліне қандай дәрежеде аударылып жатқанын бақылайтын мекеме жоқ. Сондықтан болар, онда аударманың сөзбе-сөз не жолма-жол түрлері кеңінен қолданылады. Халыққа түсінікті болу үшін жай сөйлемдерді қолданады. Бұл дұрыс та шығар. Көңілім толса да толмаса да оны көрермендер қабылдап жатыр ғой. Егер де аударма нұсқаны білікті мамандарға аудартып, тексертіп алатын болса нұр үстіне нұр болар еді.


-Сұхбатыңызға рахмет!..

 
0
0
2976

«Іскерлік журналистикада» Іскерлік сәт

Осы уақытқа дейін әрбір блогтұғырдан жылт етіп бір блог ашатын болдық, амал қанша. Өзімнің есебімше бұл 4-шісі секілді. Әрқайсысына тіркеліп, блог жүргізіп, кейінірек аяқсыз қалдырып кеттік. Барлығының әр түрлі себептері болды. Оның бәрін айтып отырудың қажеті шамалы. Әрі сіздерге де қызық емес. Блоктар жолындағы соңғы аялдамам осы болмақ бұйырса.

Айтайын дегенім бұл емес, осы аптаның ішінде журналист ағам Ербол Азанбектің бастамасымен "Іскерлік журналистика" клубын құрдық. Клубтың құрамында ҚазҰУ-дың 15 болашақ студент журналистері бар. Мақсатымыз қазақ журналистикасында экономика саласы бойынша жазатын журналистерді дайындап шығу. Жалпы қоғамға белгілі журналистика саласында экономика және бизнес тақырыбына қалам тербейтін журналисттер жоқтың қасы. Бұйыртса, ағымдағы жылы бұл олқылықтың орнын толтырмақшымыз. Мақсат-мұратымыз осы. Жоспарымыз бар.

Кеше алғашқы тренигімізді бастап жібердік. Осынау блогтұғырдың 2010 жылдан бергі тұрғыны Бақытжан Бұхарбаев ағамыз блоктың қыр-сырын үйретіп, егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп берді. Негізінде әуелден блогтұғырдан аз-маз хабарым болған соң, Бақытжан ағамның айтқандарының 80 пайызын біледі екенмін. Өз басым богта қалай танымал болу керектігін, не жазу, не жазбау керек, контентті қалай табуға болады деген сияқты біршама дүние үйрендім. Қой енді көп созбай, әдептен озбай осы жерден тоқтайын. Үй осы, кіріп тұрыңыздар. Жазбамнан дәм татып тұрыңыздар. Әрине қонаққа құры келіп, құры кетпей "Лайк" баса кетіңіздер, лайықты оқырман қатарын қоса кетіңіздер! Мен де сол үдеден шығып бағайын. "Біздің міндет - мінсіз қызмет" болғай әманда!

4
0
570

Қаржы полициясы Азірбайжаннан жалғанкәсіпкерлік үшін іздеуде жүрген азаматты алып келді

2014 жылғы 7 ақпанда «Баку-Астана» таңертеңгі әуерейсімен Қаржы полициясы агенттігі мен ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлері Қазақстанға Раимов Мәдиді алып келді.
Ол 2013 жылғы маусымда Ақтөбе облысы бойынша Қаржы полициясы департаментімен жалғанкәсіпкерлік жасады деген айыппен мемлекетаралық іздеуге жарияланған болатын.
Қылмыстық іс материалдары бойынша Раимов 3 тұлғамен алдын-ала сөз байласып 2010 жылғы наурыздан 2012 жылғы ақпан аралығында 4 жалған кәсіпорын құрып, олар арқылы коммерциялық ұйымдарға салық төлеуден жалтару бойынша қызмет көрсеткен. Төленбеген салық түріндегі залал 2,5 млрд.теңгені құрады.

Раимов 2013 жылғы 5 қарашада Қаржы полициясы агенттігінің сұрауы бойынша Әзірбайжан Республикасының Газах ауданының аумағында осы елдің құқық қорғау органдары қызметкерлерімен ұсталған болатын.
Раимов Астана қаласы ІІД тергеу абақтысына тоғытылды, жақын уақытта Ақтөбе қаласына ауыстырылатын болады.

0
0
293

С 10 по 14 февраля текущего года представители НАО «Холдинг „Кәсіпқор“ будут проводить первый отборочный тур в г. Актобе среди выпускников школ для поступления в APEC PETROTECHNIC

Встречи  будут проведены на базе образовательных учреждений. Помимо разъяснительной информационной работы будущие выпускники средних школ и воспитанники детских домов получат возможность пройти первый отборочный тур, сдав тесты по математике и английскому языку.

Информационные встречи пройдут:

1)     10 февраля в 10.00ч. в СШ №40;

2)     11 февраля в 10.00ч. в СШ №51;

3)     11 февраля в 17.00ч. в Областном Доме юношества;

4)     12  февраля в 14.00ч. в Шубаркудукской гимназии п. Шубаркудук;

5)     13 февраля в 11.00ч. в школе-гимназии №2 г. Хромтау;

6)     14 февраля в г. Актобе пройдет встреча с партнерскими организациями.

 

Студенты APEC Petrotechnic в г.Атырау получают ряд преимуществ:

- обучение на бесплатной основе;

- возможность обучаться на английском языке;

- большой опыт практической работы на современном оборудовании;

- диплом казахстанского и международного образцов;

- возможность прохождения практики в Канаде;

- трудоустройство в нефтегазовых компаниях.

Зачисленные студенты смогут обучаться по следующим специальностям:

- технология добычи нефти и газа;

- технология контрольно-измерительных приборов и автоматизации;

- эксплуатация месторождений.

 

Обучение в APEC PETROTECHNIC ведут высококвалифицированные преподаватели из Института Южной Альберты - SAIT Polytechnic (Канада),  являющееся стратегическим партнером Холдинга.

В будущем Холдинг планирует запуск мировых и партнерских колледжей и межрегиональных центров по всей стране. В 2015 году колледжи в г. Астана, и г. Алматы откроют двери для своих первых студентов.

Более детальная информация доступна на сайте НАО «Холдинг «Кәсіпқор» www.kasipkor.kz .

Для дополнительной информации обращаться по тел.: 87759133332 (Муканова Айнура), 87015763326 (Джумагулова Тогжан).

 

Для справки:

Холдинг «Кәсіпқор»

Некоммерческое акционерное общество Холдинг «Кәсіпқор» создано Постановлением Правительства РК № 777 от 7 июля 2011 г. Задачей Холдинга является внедрение в организациях сети «Кәсіпқор» лучшего мирового опыта обучения и менеджмента в сфере ТиПО. В будущем успешно апробированный опыт будет распространен в масштабах всей системы ТиПО Республики Казахстан.

0
0
524

4 ақпанынан бастап «Холдинг „Кәсіпқор“ КЕАҚ өкілдері орта мектептерін бітіруші түлектері арасында бірінші брифингін өткізді.


Брифингтер барысында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, Apec Petrotechnic туралы презентация көрсетілді: түсу тәртібі мен ережелері, оның артықшылықтары мен оқу шарттары. Сондай-ақ, мектеп бітірушілер математика мен ағылшын тілінен тест тапсырып іріктеудің бірінші турынан өту мүмкіндігіне ие болады. Бірінші турдан сәтті өткен оқушылар тестілеудің Атырау қаласындағы APEC Petrotechnic колледжінде канадалық нұсқаушылар өткізетін екінші турына автоматты түрде өтеді.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласының Жетімдер үйі және Жеткіншектерді әлеуметтік бейімдеу орталығы түлектері де  APEC Petrotechnic-ке түсу үшін бірінші іріктеу турына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Холдинг өкілдері ұқсас іс шараларды Ақмола облысының бірнеше жетімдер үйінің түлектері арасында да өткізген болатын.

Брифингке қатысушылар Колледжге түсу тәртібі, оның артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды. «Холдинг «Кәсіпқор» КЕАҚ өкілдері мектеп оқушыларының барлық сұрақтарына толығымен жауап берді, қатысушыларғы APEC Petrotechnic туралы презентация көрсетілді.

Екінші іріктеу туры Атырау қаласында 2014 жылдың 7 – 28 шілде аралығында өтеді. Талапкерлер келесі пәндер бойынша емтихан тапсырады: математика, физика, химия және ағылшын тілі. APEC Petrotechnic-ке түскен оқушылар тікелей қатаң іріктеуден өткен және жоғары білікті шетелдік оқытушылардан білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі колледж APEC Petrotechnic «Холдинг «Кәсіпқор» КЕАҚ бірінші жобасы болып табылады.

APEC Petrotechnic-те Холдингтің стратегиялық әріптесі және мұнай-газ саласында кадрлар дайындаудағы әлемдік лидер Оңтүстік Альберта (Канада) Институты - SAIT Polytechnic-тің жоғары білікті оқытушылары білім береді.

APEC Petrotechnic-ке оқуға түскісі келгендер 11 сынып, колледж және жоғары оқу орнын бітірушілер болуы тиіс. Оқу процесінде студенттер мақсаты ағылшын тілін және мұнай-газ ісінің негіздерін терең оқып білу болатын Foundation бағдарламасын өтеді. Foundation бағдарламасын сәтті аяқтаған жағдайда студент таңдаған мамандығы бойынша оқуын жалғастырады.

Холдингтің келесі ақпараттық брифингтерін Ақтөбе (10 ақпаннан бастап), Шығыс-Қазақстан (17 ақпаннан бастап) және Маңғыстау (25 ақпаннан бастап) облыстарында өткізу жоспарланып отыр.

Толығырақ ақпарат «Кәсіпқор» Холдингі» КЕАҚ www.kasipkor.kz сайтында.

Джумагулова Тогжан: 8 701 576 33 26, Муканова Айнура: 87759133332

 

Анықтама:

«Кәсіпқор» Холдингі

«Кәсіпқор» Холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғам ҚР Үкіметінің 2011жылғы 7 шілдедегі №777 қаулысымен құрылған. Холдинг тапсырмасы «Кәсіпқор» жүйесінің ұйымдарында таңдаулы әлемдік ТжКБ саласындағы оқыту және менеджмент тәжірибенсін енгізу. Келешекте табысты қабылданған тәжірибе Қазақстан Республикасының бүкіл ТжКБ жүйесі масштабында таратылатын болады.

0
0
1301

БАҚ үшін мәлімет (2014 жылдың 7 ақпаны)

Бүгін Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесе отырып Ақтөбе облысы мен Астана қаласы бойынша ЭСЖҚКД органдары іздеу салған қазақстандық азаматтар М.Раимов және Е.Шушкованы Баку қаласынан Астана қаласына экстрадициялауды жүзеге асырды.

http://prokuror.gov.kz/kaz/baspasoz/akparaty/bak-ushin-mlimet-2014-zhyldyn-7-akpany

0
0
418