Мазмұнға өту

Жаңа

Болашақ авиаторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті мен Азаматтық Авиация Академиясының студенттері және мұғалімдер қауымы «Сыбайлас жемқорлықтың жағымсыз салдары» тақырыбында семинар-жиын өткізді.

Департамент басшысының орынбасары – Тәртіптік Кеңес Төрағасы Камалов Бахтияр Камалұлы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегияның, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы Жол – Болашаққа бастар жол!» Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіріп өтті. Кездесу барысында семинарға катысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мазмұндағы кітапшалар таратылып, тақырыпқа орай бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік ұғымын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет жүйесін жасау, сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтар мен қылмыстардың ауыр зардаптары туралы ескерту түрінде ағартушылық сұхбат жүргізілді.

Семинарға Азаматтық Авиация саласының кәсіби деңгейін көтеру жөнінде өздерінің оң тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін берген Авиация ардагерлері де қатысты. Жиынға келген студенттер қауымы мемлекетіміздің әрі қарай нығая түсуі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық көзқарастарын білдірді.

0
0
521

Алдын алу шаралары — жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың бір тірегі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департамент қызметкерлері қалалық Денсаулық сақтау басқармасы Жедел-жәрдем станциясының қызметкерлерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлде төзбеушілік» қағидасы жайлы дәріс оқыды.

Жедел жәрдем қызметкерлерінің айтуынша, адам өмірі қыл үстінде тұрған жайттарда сыбайлас жемқорлық көріністерінің болуы екі талай. Ал қызмет көрсету сапасы бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарған. «Мұның басты себебі жедел жәрдем бригадаларына қызметші тек үш апталық арнайы жаттығу мерзімінен өткеннен соң жұмысқа кіріседі»,-дейді станция бас дәрігері Оспанов Біржан.

Мемлекеттік қызметші мен азаматтардың арасындағы тікелей байланысты азайту сыбайлас жемқорлық көлемінің кемуіне мол септігін тигізеді. Бұл орайда мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық салалары электронды қызмет көрсету түріне өтіп жатқандығы туралы айтылды. Мысалы, қазіргі таңда e.gov.kz электронды үкімет сайтында кез-келген азамат түрлі анықтамалар алып, салық, коммуналды қызметтер мен жол жүр жүру ережесін бұзғаны жөнінде айыппұл төлей алады. «Ал дәрігерге жазылу қазіргі таңда толығымен электронды нұсқаға өткен»,-дейді Департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту бөлімінің қызметкері Елнар Игіліков.

Семинар-мәжіліс студент жастар - болашақ медицина қызметкерлері үшін де пайдалы болды. Жиын барысында арнайы бейне-баяндар қойылып, жастар сыбайлас жемқорлықтың адам өмірі үшін ғана емес, мемлекетіміз үшін де орасан зор зардап әкелетіндігіне көз жеткізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2014 жылдың 26 наурызында бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясының басты міндеті халық арасында құқық бұзушылықтарға «мүлде төзбеушілік» сезімін дәріптей отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру болып табылады. Бұл орайда қазіргі таңда Алматы қаласы, жалпы еліміз бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатымен түсіндірме жұмыстары, құқықтық сауаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

0
0
325

Жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру Алматы қаласы бойынша МҚІжСЖҚІА басым міндеті

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласының мемлекеттік бизнес колледжінде жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатымен дәріс өткізді. Кезедсуге аталмыш оқу орынының студенттері, оқытушылық құрам және Білім Басқармасының өкілдері қатысты.

Семинар-мәжілісті ашқан Агенттік Департаментінің өкілі Елнар Игіліков жастарға ҚР Қылмыстық Кодексінің, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің тиісті баптарын және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясын түсіндірді.  Сонымен қатар, бүгінгі кездесуде қатысушылар қажетті заңнамалардан өз білімдерін сұрақ-жауап арқылы тексеріп көрді.

Колледж директоры Қасымова Гүлфайруз Кабденқызы колледж оқытушылары мен студенттері жыл басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық қажетті заңнамамен, ар-намыс Кодексімен таныстырылатынын айтты. Сонымен қатар, арыз-шағымдар үшін жәшіктермен бірге колледжде «сенім телефоны» да жұмыс жасайтыны белгілі болды.

Жиын соңында Білім Басқармасының кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жылқыбаева Ләззәт Әуесханқызы қазіргі таңда әр студент сапалы білімнің өзі үшін қажеттілігін түсініп, сол себепті де жемқорлық жайлаған ортада оқығысы келмейтінін айтты. «Бұл жайт ұстаздар қауымы үшін де, оқу орындарының оң мәртебесін сақтағысы келетін директор, ректорлар үшін де өз қарамағында жемқорлықты болдырмауға деген ынта-жігерін арттырады»,- деді өз сөзінде Ләззәт Жылқыбаева.

0
0
682

Студенттерге мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидасы туралы дәріс оқылды

Бүгін ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеттің оқытушылық құрамы және студент жастарымен бірге кездесу өткізді. Кездесуге Департамент басшысының орынбасары – тәртіптік Кеңес Төрағасы Камалов Бахтияр Камалұлы, университет ректоры Пірәлиев Серік Жайлауұлы және Алматы қаласының Мемлекеттік жастар саясатын дамыту фондының жетекшісі Сейітов Совет Сауытұлы қатысты.

Семинар барысында Бахтияр Камалұлы қатысушы студенттерге меритократия қағидасы, мемлекетік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың ерекшеліктеріне, халықаралық тәжірибелеріне жан-жақты түсіндірме берді. «Мемлекет басшысы жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде меритократия қағидасына және мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыруға баса назар аударды. Сондықтан, қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің біліктілігі мен жалпы әлеуметтік дәржесін көтерудің маңыздылығы артып келеді»,-деді Бахтияр Камалұлы.

Сонымен қатар, жиын барысында 2011 жылы университет ректорының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның құрылғаны белгілі болды. Аталмыш комиссия Төрағасының орынбасары Сейітжанов Әзімхан Фазылұлы комиссия құрылғаннан бастап университеттегі жемқорлық көріністері екі есеге азайғандығы жөнінде хабарлады.

Жиын соңында студент жастар және оқытушылылар сұрақтарын қойып, оларға жауап алды. Сұрақтар мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстан Республикасының заңнамаларына және ҚР Қылмыстық Кодексіне қатысты болды.

0
0
819

Алматы қалалық Департаментінің жанындағы Қоғамдық Кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету сапасын талқылады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті жанындағы Қоғамдық Кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

Күн тәртібінде мемлекеттік органдар тарапынан 2014 жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтерді қоғамдық бақылауының нәтижелері және Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызметтерді ішкі бақылаудың жай-күйі туралы мәселелер қаралды.

Әлеуметтік зерттеу нәтижелерінің негізінде Қоғамдық Кеңес мүшесі – «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық фондының директоры Көбеева Алтынай Құрманәліқызы мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына толыққанды сипаттама берді.

Өз баяндамасында ол электронды қызметтер мен мобильді ХҚО-ның қолжетімділіктерін бағалау туралы әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сәйкес, халықтың электронды қызметтерді пайдаланудан қанағаттану деңгейі мүмкін болатын 10 баллдан 7,9 баллды құрағанын айтты.

Мұнымен бірге, зерттеу нәтижелерін талдау барысында  сауалнамаға қатысқандардың 31%-ында мемлекеттік қызметті электронды нұсқада алу мүмкіндігі болған. Дегенмен, электронды нұсқадағы мемлекеттік қызметті алушылар көлемі 19%-ды құрады. Осыған орай, Алтынай Көбеева электронды нұсқада алынатын мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыру және оны түрлендіру туралы ұсыныс жасады.

Алматы қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді бақылау және ақпараттық технологияларды жетілдіру бөлімінің басшысы Сүйіндіков Мейрам Серікұлы өз баяндамасында Алматы қаласының әкімшілігі тарапынан 2014 жылы 15 миллион 340 мың мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтты. Бұл көрсеткішкіш өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 40%-ға жоғары. Мұнымен бірге, ол халыққа қызмет көрсету орталықтары тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету көлемінің 137%-ға артқанын айтып өтті.

Қоғамдық Кеңес мүшесі – Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Артур Котенев кәсіпкерлікке тиісті жағдай жасау мақсатында 2015 жылдың 2 сәуірінен бастап кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылатынын мәлімдеді. «Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлер үшін мүмкін болатын барлық жағдайды қамтамасыз ету. Мұндай кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді, түрлі рұқсат қағаздарды алу үшін барлық тиісті көмек көрсетілетін болады, және де ол үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті болмайды»,-деді Артур Котенев.

Қоғамдық Кеңес мүшесі – мемлекеттік және жергілікті басқару институтының ректоры Тоқтыбеков Әбікен Әбілұлы мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы кемшіліктерді анықтау үшін ғылыми зерттеу жасауды ұсынды.

Баяндамалардан соң, Қоғамдық Кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, жергілікті атқару органдарының басшылары мемлекеттік қызмет көрсету саласында кемшіліктерді жоюдың түрлі жолдары мен оның мерзімдері туралы ақпарат берді.

0
0
473

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департамент басшысы интернет қолданушыларының сұрақтарына жауап берді

Қазақстан бойынша үш миллионнан астам қолданушысы бар «NUR.KZ» ақпараттық порталында өткізілген бұл интернет-конференция барысында мемлекеттік қызметке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Олардың арасында мемлекеттік қызметке орналасудың реті, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жемқорлық, сыбайлас жемқорлықпен күресте халықаралық тәжірибе туралы сұрақтар болды. Сонымен қатар, Шаттық Өтеев агенттік Департаментінің алдында тұрған мақсат-міндеттері мен қазіргі атқарып жатқан жұмыстары жайлы сұрақтарға да жауап берді.

Онлайн-конференция барысында сұрақтармен қатар, қатысушылар өз ұсыныстарын да көптеп білдірді. Ұсыныстардың басым көпшілігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шараларын өткізу туралы болды.   Қойылған сұрақтарға жауап беру барысында Департамент басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясының және Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің қажетті бөлімдеріне де түсініктеме берді.

Интернет-портал қолданушылары қажетті жағдайда қайда хабарласу керек екендігі туралы бірнеше сұрақ қойды. Мұндай сұрақтарға жауап ретінде Департамент басшысы біріңғай тегін 1494 call-орталығының және агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаментінің кезекші бөлімінің 278-73-00 телефон нөмірлерін берді. Мұнымен бірге, Департамент басшылығының азаматтарды жеке қабылдауына қатысқысы келетін интернет-қолданушыларға жеке қабылдау уақыттары жөнінде мәлімет берілді.

Интернет-кеңістік мемлекеттік органдар мен қоғам арасында тікелей әрі ашық түрде тілдесудің бірегей, тиімді құралы болып табылады.  2014 жылдың 26 желтоқсанында Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясына сәйкес халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында интернет-кеңістікті қолдануды жиілету көзделген.

0
0
323

Студент жастар мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге қызығушылық танытуда

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студент жастарымен және оқытушылық құрамымен кездесу өткізді.

Жиынға агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Камалов Бахтияр Камалұлы, аталмыш жоғарғы оқу орынының ректоры Нүкетаева Динар Жүсіпәліқызы және Алматы қаласының жастар саясатын дамыту фондының жетекшісі Сейітов Совет Сауытұлы қатысты.

Бахтияр Камалов студент жастарға еліміздің мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын толығымен түсіндіріп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге шақырды. «Қазіргі таңда жас мемлекеттік қызметшілерге өз біліктілігін көтеріп, қажетті құнды тәжірибе жинақтауы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған»,-деді Департамент басшысының орынбасары Бахтияр Камалов. Сонымен қатар, жиналған қауымға Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде Қазақстанның мемлекеттілігін күшейтуге бағытталған мемлекеттік органдардың есептілігі мен ашықтығы туралы институцианалды реформалардың маңыздылығы туралы да айтылды.

Аталмыш жоғарғы оқу орынының ректоры Нүкетаева Динар Жүсіпәліқызы университеттің оқу процессі толығымен электронды жүйеге аударылып, оның көмегімен студенттер мен олардың ата-аналары оқу процессін бақылай алатындығын мәлімдеді. Мұнымен қоса, Алматы қаласының жастар саясатын дамыту фондының жетекшісі Сейітов Совет Сауытұлы жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы рөліне де біраз тоқталып өтті.

Жиын соңында студенттер Бахтияр Камаловқа бірнеше сұрақ қойып, өздерінің болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.

0
0
764

Агенттік Департаменті Алматы қаласының мектептерінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласының Бостандық ауданының мектеп және мектепке дейін білім беру мекемелері басшыларымен бірге «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары» атты семинар-мәжіліс өткізді.

Кездесу барысында қатысушыларға 2014 жылғы 26 желтоқсанда Елбасының Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 стратегиясы, ағымдағы жылғы бірінші қаңтардан бастап қолданыста жүрген жаңа қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстерінің тиісті бөлімдері түсіндірілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметті көрсету барысында азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін ҚР Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заңына да түсіндірме берілді. «Азаматтардың өз құқықтарын білуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізі болып табылады»,-деді агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және қоғаммен өзара ықпалдастық бөлімінің басшысы Мақсатхан Анапин.

Кезекпен сөз алған Алматы қаласы Бостандық ауданының білім бөлімінің басшысы Жұманов Қайрат Ізбасарұлы оқушылардың және мектеп ұстаздарының арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі іс-шаралардың өтіп тұратындығын мәлімдеді. Атап айтқанда, «мен сыбайлас жемқорлықты қалай түсінемін» атты семинар-мәжілістер жүргізіліп отырады. Бұл орайда ол оқушыларға мұндай ақпараттың өз жастарына сай өткізілетінін айтып өтті.

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаменті қоғаммен ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін мәлімдеп келеді. Аптасына үш рет Департамент басшылығы қала азаматтары үшін жеке қабылдаулар ұйымдастырып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, сыбайлас жемқорлық, жемқорлық жағдайын туғызатын кейбір заңнамалық нормалар жөніндегі арыз-шағымдар мен ұсыныстарды қарастырады.

Қалалық білім Басқармасының өкілі Наурызбаева Гүлжәмиля Қаратайқызы 2015 жылдың 25 ақпанында білім Басқармасы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті арасында жасалған Келісімнің маңызына тоқталды. «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясында басты міндет сыбайлас жемқорлықтың алдын алу екендігі көрсетілген. Сондықтан, аталмыш екі орган арасында білім беру мекемелерінде осы секілді түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде өткізу туралы Келісімге қол қойылды»,-деді Гүлжәмиля Наурызбаева.

Сонымен қатар, «Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыру механизмдері» атты баяндамасында, қоғам белсендісі Әуелбай Мұхит жас ұрпаққа тәрбие беруде халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын сақтаудың маңызы зор деп көрсетіп, сыбайлас жемқорлықтың халқымызға мүлде жат қылық екенін айтып жеткізді.

Кездесу соңында Департамент қызметкерлері қатысушыларға сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, ол үшін жаза тартқан белгілі тұлғалар жайлы бейне-роликтер көрсетіп, олардың қателіктерін қайталамауға шақырды.

0
0
592

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаменті басшысының азаматтарды жеке қабыладауы өтті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің басшысы Өтеев Шаттық Тынымбайұлы «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке қабыладуын өткізді.

Қабылдауға келген азаматтар агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаменті басшысына өз өтініштерінің мәнін толықтай түсіндіруге мүмкіндік алды. Өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік қызметшілердің әрекетсіздіктеріне қатысты болды. Сонымен қатар, жеке қабылдауға құқық қорғау органдарының кейбір қызметшілерінің жұмысына қатысты арыздармен де келген азаматтар болды. Барлық өтініштер жіті тексеріліп, заңнамаға сйкес тиісті шаралар қолданылатын болады,-деді Шаттық Өтеев.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің басшысы азаматтарды жеке қабылдауы бойынша өтініштерді қарастырып, жақын арада тиісті жауап берілуін Департаменттің тиісті бөлімшелеріне тапсырды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің басшылығы апта сайын азаматтарды жеке қабылдауын өткізіп тұрады, оның ішінде Департамент ғимаратынан тыс жерлерде де азаматтарды жеке қабыладу өткізіледі.

2007 жылдың 12 қаңтарындағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі» туралы Қазақстан Республикасының Заңының 13-бабына сәйкес, мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемiнде бiр рет тиiстi мемлекеттiк органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн, оның iшiнде осы органдардың қызметкерлерiн жеке қабылдауды жүргiзуге мiндеттi.

0
0
674

Алматыда медицина саласында жемқорлықтың алдын алу бойынша семинар-мәжіліс өткізілді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері  және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті қалалық денсаулық сақтау Басқармасы №12 клиникалық аурухана қызметкерлерімен бірге семинар-жиын өткізді.

Жиын барысында сөз алған агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және қоғаммен өзара ықпалдастық бөлімінің басшысы Анапин Мақсатхан Анапияұлы сыбайлас жемқорлықтың зардаптары, Қазақстан Республикасының жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясы мен Қылмыстық Кодексінің тиісті баптарына түсіндірме берді. «Қазіргі таңда Алматы қаласының денсаулық сақтау Басқармасы мемлекеттік қызметтің 12 түрін көрсетеді. Бұл орайда, агенттіктің Алматы қалалық  Департаменті тарапынан мемлекеттік медициналық мекемелерде медициналық қызметтердің заң аясында тиісті жоғары дәрежеде көрсетілуін қамтамасыз ету үшін бірқатар тексеріс жұмыстары жүргізілуде»,-деді Анапин Мақсатхан.

Басты мақсаты мемлекеттік мемлекеттік қызметті көрсету барысында жемқорлық қылмысының жасалуына себеп болатын жағдайларды анықтау болып табылатын агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаментіндегі сыбайлас жемқорлық жағдайларын талдау бөлімі туралы да біраз айтылды

Кезекпен сөз алған Алматы қаласының денсаулық сақтау Басқармасының өкілі Дәулет Әбдірахманов мемлекеттік қызмет сапасын көтеру  мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатымен өткізіліп жатқан шараларға тоқталды. Атап айтқанда, қазіргі таңда Басқарма жанынан ем алушы азаматтардың құқығын қорғайтын, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алумен айналысатын  қоғамдық Кеңес жұмыс жасайтыны белгілі болды.

Жиын соңында аталмыш медициналық мекеменің бас дәрігерінің орынбасары Әбдірова Тамара Мұтәлімқызы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Президенттің халыққа Жолдауы жүктеген міндеттерді жиналған жұртшылыққа түсіндіріп, халықтың әлеуметтік жағдайының оңалуы жемқорлық көріністерінің кемуіне септігін тигізетінін, ал жемқорлық деңгейінің төмендеуі ел эконмикасына шетел инвестицияның құюлуына жол ашатынын айтты.

Халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің басты міндеттерінің қатарында.

Осы себепті агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаменті тарапынан медцина қызметкерлері үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұндай іс-шаралар барысында медицина мамандарына Елбасының 2014 жылы 26 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі және жалпы жемқорлықтың қоғам үшін зардаптары түсіндіріледі.

 

0
0
717