Алдын алу шаралары — жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың бір тірегі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департамент қызметкерлері қалалық Денсаулық сақтау басқармасы Жедел-жәрдем станциясының қызметкерлерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлде төзбеушілік» қағидасы жайлы дәріс оқыды.
Жедел жәрдем қызметкерлерінің айтуынша, адам өмірі қыл үстінде тұрған жайттарда сыбайлас жемқорлық көріністерінің болуы екі талай. Ал қызмет көрсету сапасы бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарған. «Мұның басты себебі жедел жәрдем бригадаларына қызметші тек үш апталық арнайы жаттығу мерзімінен өткеннен соң жұмысқа кіріседі»,-дейді станция бас дәрігері Оспанов Біржан.
Мемлекеттік қызметші мен азаматтардың арасындағы тікелей байланысты азайту сыбайлас жемқорлық көлемінің кемуіне мол септігін тигізеді. Бұл орайда мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық салалары электронды қызмет көрсету түріне өтіп жатқандығы туралы айтылды. Мысалы, қазіргі таңда e.gov.kz электронды үкімет сайтында кез-келген азамат түрлі анықтамалар алып, салық, коммуналды қызметтер мен жол жүр жүру ережесін бұзғаны жөнінде айыппұл төлей алады. «Ал дәрігерге жазылу қазіргі таңда толығымен электронды нұсқаға өткен»,-дейді Департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту бөлімінің қызметкері Елнар Игіліков.
Семинар-мәжіліс студент жастар - болашақ медицина қызметкерлері үшін де пайдалы болды. Жиын барысында арнайы бейне-баяндар қойылып, жастар сыбайлас жемқорлықтың адам өмірі үшін ғана емес, мемлекетіміз үшін де орасан зор зардап әкелетіндігіне көз жеткізді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2014 жылдың 26 наурызында бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясының басты міндеті халық арасында құқық бұзушылықтарға «мүлде төзбеушілік» сезімін дәріптей отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру болып табылады. Бұл орайда қазіргі таңда Алматы қаласы, жалпы еліміз бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатымен түсіндірме жұмыстары, құқықтық сауаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

