Жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру Алматы қаласы бойынша МҚІжСЖҚІА басым міндеті
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласының мемлекеттік бизнес колледжінде жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатымен дәріс өткізді. Кезедсуге аталмыш оқу орынының студенттері, оқытушылық құрам және Білім Басқармасының өкілдері қатысты.
Семинар-мәжілісті ашқан Агенттік Департаментінің өкілі Елнар Игіліков жастарға ҚР Қылмыстық Кодексінің, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің тиісті баптарын және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясын түсіндірді. Сонымен қатар, бүгінгі кездесуде қатысушылар қажетті заңнамалардан өз білімдерін сұрақ-жауап арқылы тексеріп көрді.
Колледж директоры Қасымова Гүлфайруз Кабденқызы колледж оқытушылары мен студенттері жыл басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық қажетті заңнамамен, ар-намыс Кодексімен таныстырылатынын айтты. Сонымен қатар, арыз-шағымдар үшін жәшіктермен бірге колледжде «сенім телефоны» да жұмыс жасайтыны белгілі болды.
Жиын соңында Білім Басқармасының кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жылқыбаева Ләззәт Әуесханқызы қазіргі таңда әр студент сапалы білімнің өзі үшін қажеттілігін түсініп, сол себепті де жемқорлық жайлаған ортада оқығысы келмейтінін айтты. «Бұл жайт ұстаздар қауымы үшін де, оқу орындарының оң мәртебесін сақтағысы келетін директор, ректорлар үшін де өз қарамағында жемқорлықты болдырмауға деген ынта-жігерін арттырады»,- деді өз сөзінде Ләззәт Жылқыбаева.

