Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Агенттік Департаменті Алматы қаласының мектептерінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласының Бостандық ауданының мектеп және мектепке дейін білім беру мекемелері басшыларымен бірге «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары» атты семинар-мәжіліс өткізді.

Кездесу барысында қатысушыларға 2014 жылғы 26 желтоқсанда Елбасының Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 стратегиясы, ағымдағы жылғы бірінші қаңтардан бастап қолданыста жүрген жаңа қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстерінің тиісті бөлімдері түсіндірілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметті көрсету барысында азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін ҚР Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заңына да түсіндірме берілді. «Азаматтардың өз құқықтарын білуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізі болып табылады»,-деді агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және қоғаммен өзара ықпалдастық бөлімінің басшысы Мақсатхан Анапин.

Кезекпен сөз алған Алматы қаласы Бостандық ауданының білім бөлімінің басшысы Жұманов Қайрат Ізбасарұлы оқушылардың және мектеп ұстаздарының арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі іс-шаралардың өтіп тұратындығын мәлімдеді. Атап айтқанда, «мен сыбайлас жемқорлықты қалай түсінемін» атты семинар-мәжілістер жүргізіліп отырады. Бұл орайда ол оқушыларға мұндай ақпараттың өз жастарына сай өткізілетінін айтып өтті.

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаменті қоғаммен ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін мәлімдеп келеді. Аптасына үш рет Департамент басшылығы қала азаматтары үшін жеке қабылдаулар ұйымдастырып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, сыбайлас жемқорлық, жемқорлық жағдайын туғызатын кейбір заңнамалық нормалар жөніндегі арыз-шағымдар мен ұсыныстарды қарастырады.

Қалалық білім Басқармасының өкілі Наурызбаева Гүлжәмиля Қаратайқызы 2015 жылдың 25 ақпанында білім Басқармасы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті арасында жасалған Келісімнің маңызына тоқталды. «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 Стратегиясында басты міндет сыбайлас жемқорлықтың алдын алу екендігі көрсетілген. Сондықтан, аталмыш екі орган арасында білім беру мекемелерінде осы секілді түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде өткізу туралы Келісімге қол қойылды»,-деді Гүлжәмиля Наурызбаева.

Сонымен қатар, «Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыру механизмдері» атты баяндамасында, қоғам белсендісі Әуелбай Мұхит жас ұрпаққа тәрбие беруде халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын сақтаудың маңызы зор деп көрсетіп, сыбайлас жемқорлықтың халқымызға мүлде жат қылық екенін айтып жеткізді.

Кездесу соңында Департамент қызметкерлері қатысушыларға сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, ол үшін жаза тартқан белгілі тұлғалар жайлы бейне-роликтер көрсетіп, олардың қателіктерін қайталамауға шақырды.

0
0
547

Осы тақырып бойынша