Студент жастар мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге қызығушылық танытуда
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студент жастарымен және оқытушылық құрамымен кездесу өткізді.
Жиынға агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Камалов Бахтияр Камалұлы, аталмыш жоғарғы оқу орынының ректоры Нүкетаева Динар Жүсіпәліқызы және Алматы қаласының жастар саясатын дамыту фондының жетекшісі Сейітов Совет Сауытұлы қатысты.
Бахтияр Камалов студент жастарға еліміздің мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын толығымен түсіндіріп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге шақырды. «Қазіргі таңда жас мемлекеттік қызметшілерге өз біліктілігін көтеріп, қажетті құнды тәжірибе жинақтауы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған»,-деді Департамент басшысының орынбасары Бахтияр Камалов. Сонымен қатар, жиналған қауымға Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде Қазақстанның мемлекеттілігін күшейтуге бағытталған мемлекеттік органдардың есептілігі мен ашықтығы туралы институцианалды реформалардың маңыздылығы туралы да айтылды.
Аталмыш жоғарғы оқу орынының ректоры Нүкетаева Динар Жүсіпәліқызы университеттің оқу процессі толығымен электронды жүйеге аударылып, оның көмегімен студенттер мен олардың ата-аналары оқу процессін бақылай алатындығын мәлімдеді. Мұнымен қоса, Алматы қаласының жастар саясатын дамыту фондының жетекшісі Сейітов Совет Сауытұлы жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы рөліне де біраз тоқталып өтті.
Жиын соңында студенттер Бахтияр Камаловқа бірнеше сұрақ қойып, өздерінің болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.

