Студенттерге мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидасы туралы дәріс оқылды
Бүгін ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеттің оқытушылық құрамы және студент жастарымен бірге кездесу өткізді. Кездесуге Департамент басшысының орынбасары – тәртіптік Кеңес Төрағасы Камалов Бахтияр Камалұлы, университет ректоры Пірәлиев Серік Жайлауұлы және Алматы қаласының Мемлекеттік жастар саясатын дамыту фондының жетекшісі Сейітов Совет Сауытұлы қатысты.
Семинар барысында Бахтияр Камалұлы қатысушы студенттерге меритократия қағидасы, мемлекетік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың ерекшеліктеріне, халықаралық тәжірибелеріне жан-жақты түсіндірме берді. «Мемлекет басшысы жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде меритократия қағидасына және мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыруға баса назар аударды. Сондықтан, қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің біліктілігі мен жалпы әлеуметтік дәржесін көтерудің маңыздылығы артып келеді»,-деді Бахтияр Камалұлы.
Сонымен қатар, жиын барысында 2011 жылы университет ректорының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның құрылғаны белгілі болды. Аталмыш комиссия Төрағасының орынбасары Сейітжанов Әзімхан Фазылұлы комиссия құрылғаннан бастап университеттегі жемқорлық көріністері екі есеге азайғандығы жөнінде хабарлады.
Жиын соңында студент жастар және оқытушылылар сұрақтарын қойып, оларға жауап алды. Сұрақтар мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстан Республикасының заңнамаларына және ҚР Қылмыстық Кодексіне қатысты болды.

