Мазмұнға өту

Жаңа

«Ғаламтор тұңғиық мұхит! Тереңінен маржанды да, сайтанды да табуға болады!»

Кеше сөзіне билік құлақ түретін бір азамат тарапынан  әлеуметтік желіні (ВК) жабу туралы ұсыныс тасталды.

Тиым салу тұйықтан шығар жол ма?

Кеңес заманында өскен біздер тиым салудың неше түрін көрдік.

Коммунистер неше түрлі тұншықтырғыштарды пайдаланып, шетелдік ақпарат көздеріне тиым салғысы келді.

Әлі есімде, 1980 ж. Ауғанстаннан әскерге қол-аяғы бүтін кеткен құрдастарымның денелері салынған алғашқы табыттар келе бастады.

Табытты ашып көруге рұқсат жоқ еді.

Атынан ат үркетін атышулы КГБ-ң қызметкерлері табыт көмілгенше қасынан бір елі кетпейтін.

«Ит қорыған жерге өш» десеңіз  де, «Запретный плод сладок» десеңіз де патша көңіліңіз білсін...

Сол Кеңес-Ауған соғысы қызып тұрғанда  30 сом стипендияма кішкентай ғана  транзистор сатып алып, ғырылдатып, пышылдатып АҚШ-ң Би-Би-Си, Қытайдың Синьхуа радиоларын тыңдадым. Түн жарымынан кейін ғана дауыс  біршама жақсы естілетін. Ауғанстан жерінде не болып жатқанын сол арқылы білдік.

1981 жылы тоқырау өз шыңына жетіп алғаш рет темекі тапшылығы байқалды.

Шылымқорлар аттың тезегінен бастап, шөп-шалам, тіпті құрғақ шайды газетке орап шеккенін көрдік.

1985 жылдан бастап, коммунистер маскүнемдікпен күресті бастады. 1986 жылдан бастап, арақ-шарап зауыттары шетінен жабыла бастады...

Қала түгілі, бір орысы жоқ таза қазақ ауылдарында самогон аппараттары пайда болды. Одан өзге үйде  брага, шарап жасау кең етек алды.

Сондықтан өз басым тиым салу деген мен үшін күлкілі...

Керісінше, барлық мектепті интернеттендіруді жеделдету қажет.

Жаңа Білім Бағдарламасындағы  7 модульдің бірі  «Білім беруде АКТ пайдалану».

Оқушыларды интернеттен ақпаратты табуға, өңдеуге және пайдалануға дағдыландыру қажет.

Интернетті барлық сабақта дерлік пайдалануға болады.

Басқа пәндерді айтпағанда, қазір біреулер қажетсіз деп жүрген  еңбек сабағының өзінде қолөнершілердің ютубтағы  роликтері арқылы  түрлі бұйымдарды жасатуға болады.

Денешынықтыру сабағында тақырыпқа байланысты бірауық интернет қосып спорт техникасы мен әдістерін көрсетуге болады.

«Шаш ал десе, бас алатын» шенеуніктердің де бар екені дау туғызбас...

Тиым салудың орнына , керісінше ғылым мен технологияның жетістіктерін оқу-тәрбие жұмыстарында кеңінен пайдалану қажет.

Мемлекет қаласа, кез-келген әлеуметтік желіні бақылауға ала алады.

Мектепте бала интернетке мұғалімнің бақылауымен кірсе, үйде үлкендердің қадағалауында болуы тиіс.

 

Жалпы,  «Тиым салу» деген сөзді абайлап пайданған  жөн.

Қай бір күні М.Құлмұхамед қару-жарақ саудасына тиым салу туралы әңгіме айтып қалды.

Осы орайда еске түсіп отыр. 1980 жылдары біздің 60 үйлі ауылымызда 2 өнертапқыш бала болды.

Екеуінің де алғашқы ірі табыстары – қолдан пистолет жасады.  Тіпті тауарларын сатады екен деген де сөз шықты. Соңында әлгі баланың бірінен пистолет сатып алған біреу бір қылмыспен ұсталып, әлгі бала да істі болды.  Кәмелетке толмағаны мен беделді ағасының арқасында әупірімдеп сотталмай қалды.  (Біреуі тіпті эфирмен ұшатын кішкене самолет жасап ұшырғаны  есімде).

   
0
0
1133

Түнгі ой))

Осы бір арнайы журналистикада оқымағаннан кейін, математиканы жақсы көріп, (программист) бағдарламашы болғаннан кейін, әңгімелерді деп айтсам болатын шығар, жазбаяқ қойсам деймін. Сол шыдап жүрдім, бірақ бүгін кеудеге сыймай кеткен дүниелерді осы жақа түсірмесем, кімге айтамын? Күнделікке жазушы едім, бірақ қаламсаппен жазғаннан көрі, пернетақтамен жазғаным жылдам болар.

Қазір түнгі 1:30 шамасы болып қалды. Дала тып-тыныш, үрген ит пен, шақырған әтештің даусынан бөлек, судың тамшылағаны, менің пернетақтаны басқан дыбыстар шығып жатыр.

Есейген кезде шешімнің бәрін өзім қабылдаймын, билік өз қолымда болады деп ойлаушы едім. Бірақ есейсек те әке-шеше шешіміне қарсы шыға алмайды екенсің. Оны қойып,  атаң мен апаңның бір шыққан шешімдерінен кейін тіпті бір ауыз әріп те айта алмай қаласың. Бұны не үшін жазып жатыр дейсіздерғой... Себебі, биыл университетті бітірдім. Осы төрт жылда басқа студенттер сияқты бір артық қыдырып көрмеппін. Алматыда тұрсамда өз көшемнен басқа жерлерді білмеймін. Студент болғаннан кейін туған күн, группамен қыдыру деген сияқтылар болып тұрады. Сол кезде группамыздың барлығы қыдырып бірге жүргенде, мен үйде отырамын. Барлығы маған өкпесін білдіреді. Ата анам "жоқ!" , "бармайсын!", "үйде отыр, сабағыңды оқып", "емтиханыңа дайындал!", "жұмыстарыңды бітір!" деп жатса не дейсің енді. Группамен емтиханға дайындалғанда, университетке қатысты іс шара болса оларға жібереді. Ал былай бөлек қыдыруға түк бір қолдамайдығой. "Бір нәрсеге ұрынасың", "Қазір адамға адам сенетін заман емес", "Хабарлардан қаншама қыздардың жоқ боп кеткенін көріп жатырсыңғой", "Оданда сол уақытта өзге тіл үйрен", "Еңбек істе" т.б. айтатын ақылдары көп.  Бұрында бұрқырап, ашуланып, жылап алушы едім. Әзір үйреніп қалдым. Алайда, бәрі бір группадан қалғаннан кейін кеудеңде бір ауыр зіл пайда болады екен. Бүгінде сол ертең соңғы рет группаластарым бірге тауға шығайын деп жатыр. Ал мені тағы да жібермеді -алдағы емтиханыңа дайындал, күнің бітіп бара жатқан жоққой, деп. Бір шетінен достарыммен, құрбыларыммен қатты барғым келіп отыр, бір шетінен ата-анамды ренжіткім келіп тұрған жоқ, тағы қарсы шығып, қаhарларына қалмайын деп... Сомен солай. Қысқасы, мен үлкейсем де әлі өзім шешім шығара алмайтын адаммын =((

Қазір жүз рет ойланып, толғанып отырсам да ата-анамның шешімі өзгермейді. Құр уақыт кетіріп, жылағым келіп отырғанша, сабырға келіп, кітабымды оқиын.

Төрт жылда атамның шығарған қорытындысы "мыжымасыңғой". Мыжыма емеспін, елдің көңіліне көп қараймын. Ана жақты да, мына жақты да ренжіткім келмейді. Өзімнің жүрегіме жаным ашиды, байқұс ішкі жан дүнием басқалар үшін, өз шешімін құрбан етіп, тұншыға береді.

 
2
0
1017

Батыс Қазақстандықтар Мемлекеттік қызмет істері Министрі Т.С.Донақовтың есебін тыңдады

2016 жылдың 8 маусымда Батыс Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдары, бизнес және квазимемлекеттік сектор, БАҚ, бюджеттік сала өкілдері мен ардагерлер, ЖОО түлектері және мемлекеттік қызметшілер Мемлекеттік қызмет істері министрі Т.С.Донақовтың халық алдындағы есебін тыңдады.

 

0
0
219

БҚО-да мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі спартакиада өткізілді

2016 жылдың 2-4 маусымында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай және мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті, дене шынықтыру және спорт басқармасы және облыстық кәсіподақпен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өткізілді.

Аталған спартакиаданың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту және қатысушылардың спорттық шеберліктері мен біліктіліктерін көтеру.

Спорттық сайыстарға облыстық, қалалық және аудандық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерінен құралған 18 команда қатысты.

Олар футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат және басқа да спорт түрлерінен сайысты.

Ашылу салтанатында Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы М.С.Нұртазин сөз сөйлеп, команда қатысушыларына нәтижелі сайыс үшін алғысын білдіріп, мемлекеттік қызметшілердің бірлігі мемлекеттік аппараттың кәсібилігін көрнекі көрсететіндігін атап өтті. Сондай-ақ, ол қол жеткізілген жетістікте тоқтап қалмай, одан әрі спорттық және де кәсіби биіктіктерді бағындыруды тіледі.

Қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары М.Тоғжанов және облыстық кәсіподақтар төрағасы Т.Т.Мерғалиев та құттықтады.

Спорттық сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Мемлекеттік кірістер Комитетінің БҚО бойынша Департаментінің командасы олжаласа, Зеленов аудандық командасы облыстық әкімдіктің командасын оза шауып, екінші орынға ие болды. Ал үшінші орынды облыстық әкімдік иеленді.

Мемлекеттік қызметшілердің арасында бірлік пен командалық рухты нығайтуға шақырған спорттық сайыс достық пен өзара түсіністік рухында өтті.

 

0
0
511

Жоғарғы Сот Төрағасы Маңғыстау облыстық сотында судьялар кеңесінің жұмысына қатысты

Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің қатысуымен Маңғыстау облыстық сотында ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша кеңес өтті.

Іс-шараға облыстық қалалық және аудандық соттардың судьялары, сондай-ақ Судьялар одағы филиалы мен Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшылығы қатысты.

Кеңес шеңберінде өңір соттары, Судьялар әдебі жөніндегі комиссия мен Судьялар одағының Маңғыстау облыстық филиалы жұмысының қорытындылары талқыланды.

Кеңеске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қ.Мәми: «2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Мемлекетімізді, экономикамыз бен қоғамды дамыту үшін түбегейлі жаңа құқықтық орта құруға мүмкіндік беретін 59 заң күшіне енді. Ұлт Жоспарына сәйкес Жоғарғы Сотқа жүктелген реформаның барлық 11 қадамы заңнамалық тұрғыдан іске асты. Бұл жаңашылдықтардың барлығы отандық сот жүйесін барынша жаңғырта түседі» - деді.

Жүргізілген реформалардың нәтижесінде сот ісін жүргізу айтарлықтай жеңілдеп, түпкілікті сот шешімдерін қабылдау уақытын барынша қысқартуға мүмкіндік берді. Мәселен, ағымдағы жылдың 5 айында әрбір екінші азаматтық іс оңайлатылған сот ісін жүргізу тәртібінде қаралды, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу бойынша қаралған қылмыстық істердің саны 37%-ға артты.

Тергеу судьялары қараған санкциялау туралы материалдардың саны шамамен 3 есеге артқан. Олардың жартысына жуығы тергеу судьяларының жаңа өкілеттіктерімен байланысты.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері мен біліктілік талаптары қатаңдатылды. Біліктілік емтихандарын тапсыру рәсімдері күшейтілді, соның ішінде психологиялық тестілеудің рөлі артты. Кандидаттың алған білімін практикада қолдану мүмкіндігін тексеруге басымдық беріліп отыр. Бұған қоса, кандидаттарды полиграф аппараты арқылы зерттеу жүйесі енгізілді. Аудандық соттар төрағалары лауазымына кандидаттарды іріктеудің конкурстық тәртібі қолданысқа енгізілді.

Жоғарғы Сот Төрағасы: «2016 жылы 1220 судья бағалаудан өтеді.  Барлықтарыңызға айтарым, бұл мәселеде ерекше дайындық қажет. Ешкімге де босаңсуға жол жоқ» деп, ерекше айтып өтті.

Қ.Мәми Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы әзірленгенін, ол 2016 жылдың күзінде өтетін Судьялардың жетінші съезінде қабылданады деп жоспарланып отырғандығын айтты. Кодекс жобасы судьялар қауымдастығымен келісілген және Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында мақұлданған. Кодекс жобасына қатысты Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясы сарапшыларының алдын-ала қорытындысы алынды. Ол ағымдағы жылғы 10 маусымда Венецияда (Италия) өтетін Комиссияның 107 жалпы отырысының шеңберінде бекітіледі деп күтілуде.

Өз сөзінде Қ.Мәми облыс соттары жұмысының қорытындысын шығарып, кейбір кемшіліктерді атап өтті. Қазіргі таңда соттардың ғимараттары жайлы,  судьялардың тұрғын үй мәселелері шешілуде.  Барлық сот отырысы залдары аудио-бейне тіркеу жүйесімен жабдықталып, жаңғыртылды. Татуластыру рәсімдерін қолдана отырып қаралған азаматтық істердің саны 3 есеге, келісімдік іс жүргізу бойынша 17 есеге артқанын атап өткен жөн.

Кеңес қорытындысы бойынша облыстық соттың басшылығы мен судьяларына сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, судья әдебі нормаларын сақтау, БАҚ-пен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты жақсарту бойынша бірқатар ағымдық сипаттағы міндеттер жүктелді.

0
0
726

«Әлихан Жолы» Семей қаласында

Биыл БҰҰ-ның Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) Басты конференциясының 38 сессиясында  Ә. Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойын тойлау ұсынысын қабылдады. Осы шешімге негізделе отырып, Павлодар облысы жастар саясаты басқармасының «Жастар Бастамаларын Дамыту Орталығы» КММ-сі «Әлихан жолы» атты республикалық жеті күндік саяхатқа аттанған болатын. «Әлихан Жолы» делегациясы маусым айының 7- сі күні Павлодар қаласынан жолға шығып, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласына келіп тоқтады.

Экспедиция ұжымының осы өлкеге тоқтаған себебі, Алаш Орданы құрғаны тарихтан белгілі. М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж меңгерушісі: Жанаева Шағангүл Алдамжарқызы ыстық ықыласпен қарсы алып, оқу орнымен таныстырды. Жоба жетекшілерімен бірге Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтары қойылды. Оқу орнының студенттерімен кездесу өтті.

«Алихан жолы» жобасының ұйымдастыруымен қала жастары шағын концерт тамашалады.   Семей қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы паркіне барып, естелік суретке түсті.

 
1
0
1815

Петропавл қ. әкімі аппаратында өзекті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы тікелей сұхбат

Облысымызда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жүйесін жетілдіру жөніндегі бекітілген бірігіп жасалатын іс-шаралар Жоспарына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қызмет істері Департаментінің бастамасы бойынша, а.ж. 7 маусымында Петропавл қ. әкімі аппаратында қаланың жергілікті атқарушы органдарының жауапты қызметкерлерімен өзекті мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселесі бойынша жұмыс кездесуі өтті.

Жұмыс кездесуі департамент басшысының орынбасары – әдеп жөніндегі кеңес меңгерушісі Ж.Ж. Жұмабаевтің кіріспе сөзінен басталды, ол жиналғандардың назарын мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде бұзушылық жасалатынына назар аударды, ішінара тексеру тізімін іріктеу бойынша негізгі тәуекел критерийлері дәрежелерін ашып айтты.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде бар мәселелер туралы Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы М.Қ. Қасымов баяндады, онымен мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жоғарылату жөніндегі жұмысты күшейту, осы қызметті реттейтін нормативті-құқықтық актілерді зерделеу бойынша іс-шаралар қабылдау ұсынылды.

Мемлекеттік органдардың өкілдері мемлекеттік қызметтерді алу кезінде көптеген мәселелер бойыша сұрақтар қойылды, мысалы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалыс беру бойынша жалпы оқыту қорынан қаражаттың реттелуі. Сонымен қатар жер қатынастары бөлімінің мамандары бар мемлекеттік қызметтер рәсімдерін жетілдіру мақсатында бір композиттік қызмет біріктіру бойынша ұсыныс енгізілді.

Қойылған сұрақтарға жауаптар берілді, сонымен қатар, қосымша зерделеуді қажет ететін сұрақтар бейінді Министрліктерге бағытталады.

Кездесу қорытындысы бойынша қажетті ұсыныстар қабылданды.

 
0
0
374

«Абыздан жеткен асыл сый» акциясы Шәкәрім қажы жәдігерлерімен бастау алды.

«Абыздан жеткен асыл сый» акциясы Шәкәрім қажы жәдігерлерімен  бастау алды.

2016 жылдың 3 мамыр күні «Абыздан жеткен асыл сый» акциясы басталуына орай баспасөз конференциясын өткізді. Баспасөз конференциясында Ернұр Әзімбаев шаңырағында сақталған ақын, философ, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының өзі тұтынған және өз қолымен жасаған баға жетпес бұйымдарын көпшілік алдында салтанатты түрде мұражайға тарту етті. Атап айтқанда: сойыл, ағаштан оймышталып жасалған саптыаяқ. Сонымен қатар шақша, фотосуреттер, кітаптар, Шәкәрім қажының жасаған ою-өрнек үлгісінің көшірмелері, сырмақ сыйға тартылды. Мұражайға сыйға берілген бұл жәдігерлер баға жетпес құндылығымен ерекшеленеді. Ш.Құдайбердіұлы жазықсыз жазаға ұшырағаннан кейін, жеке сақталған заттары осы күнге дейін табылмай келіп еді. Саятқорада жалғыз тұрып, шығармашылықпен айналысқан ақынның аңшылықпен, саяткершілікпен айналысқаны белгілі. Сыйға тартқан осы шоқпарды талай рет аңшылықта ұстағаны сөзсіз. Сонымен бірге, Ернұр Әзімбаев құнды жәдігерлердің бүгінгі таңда ешбір мұражайда жоқтығын атап өтті.

«Мен, Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы, Тобықты Ырғызбай, Өскенбайдың Мырзатай деген ағасынан тараймыз. Мырзатайдан Жұман, оның 9 ұлының біреуі Әзімбай. Жұман атамыз «Абай жолына»  кірген адам. Шәкәрім атылғанда немере ағайыны Әзімбаев Қыдыр, Әзімбаев Шыңғыс ақынның көп дүниелерін алып қалады. Бала кезімде Шәкәрім төсегінде жатып жүрдім. Мен кішкентай кезімде 10 жасқа дейін мына үлкен әкемнің баласы болдым, Шәкәрім төсегі деп Қыдыр атаммен бірге жатып жүрдім. Шоқпарды үлкен атамыз Қыдыр өмір бойы ұстап отыратыны көз алдымда. «Ой жарықтық Шәкәрім» деп айтып отыратын. Ол кезде бәрі Шәкәрім атын айтуға қорқатын, бірақ біздің үйде қорықпай айта беретінбіз»,- деді Е.Мұсабайұлы.

Жәдігерлердің музей қорына табысталуы еліміздің бай тарихы үшін, абайтану, шәкәрімтану, музейтану үшін елеулі жаңалық.

Бас қосуға Семей қаласынан көрме ұйымдастыру үшін арнайы келген Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының жетекші ғылыми қызметкері М.Мұхамедова қазіргі таңда Шәкәрімнің жеке заттарының Абай мұражайында да жоқ екендігін айта келіп, бұл жәдігерлердің аса құндылығына тоқталды. Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Көпбаев Берік Көпбайұлы баға жетпес жәдігерлерді сақтап жеткізген Е.Әзімбаевқа ризашылығын білдірді. Баспасөз конференциясына қаламыздың БАҚ өкілдері және мұражай қызметкерлері қатысты.

«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры Ж.Әубәкір аталған іс-шараның маңыздылығына тоқтала кетіп, Ернұр ағамызға алғысын білдірді.

Осылайша, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген жәдігерлер енді музей төрінен орын алды. Болашақта «Абыздан жеткен асыл сый» акциясы өз жалғасын табады.

 
1
0
1186

Мемлекеттік қызмет істері министрі халық алдында есеп берді

Ағымдағы жылғы 8 маусымда Астана уақытымен 11:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрі Т.С. Донақовтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Аталған шара жұртшылыққа барынша қолжетімді болу үшін еліміздің интернет-порталдарында тікелей көрсетілімдер ұйымдастырылды. Министрдің баяндамасын Қызылжар тұрғындары облыс әкімдігінде ұйымдастырылған бейнеконференц байланыс арқылы көруге мүмкіндік алды.

Кездесуде Талғат Советбекұлы еліміздегі мемлекеттік қызметтің ахуалы, сондай-ақ министрлік қызметінің басым бағыттары жайында баяндады.

Талғат Донақовтың айтуынша, мемлекеттік қызметшілер өздеріне халық тарапынан білдірілген айрықша сенімді ақтаулары, көмекке жүгінген тұрғындарға сапалы қызмет көрсетулері тиіс.

Сондай-ақ ол мемлекет пен азаматтардың өзара байланысы нығаюы үшін мемлекеттік қызмет жүйесі есеп беру үрдісін дәстүрге айналдырып, транспорентті, тиімді, дебюрократиялық және тұрғындардың мұқтаждықтарымен санасатын орган болуға одан әрі ұмтылатын болады деді.

Есеп беру бөлігі аяқталған соң ниет білдіргендер министрге өз сауалдарын жолдады.

Алғашқы есеп беруін түйіндеген Талғат Донақов, тұрғындарға белсенділіктері үшін алғысын білдіріп, кездесу барысында жауап беруге үлгермеген сұрақтарға міндетті түрде тиісті түсіндірмелерін беруге уәде берді.

Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ресми сайтындағы арнайы «СҰРАҚ-ЖАУАП» айдарына азаматтардан жүзден астам өтініш келіп түсті.

 
0
0
514

Студенттік білім беру кредиті

Бүгінде ҰБТ тапсырған көптеген талапкерлер «Егер білім грантын ала алмасам, не істеймін?», «ЖОО-да оқу үшін ақшаны қайдан табамын? Оқуға қалай төлеймін?» деген сұрақтармен бас қатыруда.

Шешімсіз жағдай болмайды. Сондықтан, бұл мәселенің де шешімі бар, ол – білім беру кредиті. Ендеше білім беру кредитін қайдан, қандай шарттарда алуға болатынын және білім беру кредиттерінің әдеттегі кепілзатсыз несиелерден несімен ерекшеленетінін түсіндіріп өтейік. Мұны білу шынымен өте маңызды!

Әр банктің шарттары әртүрлі және пайыздық мөлшерлемелер де жылдық           10 %-дан, несиелеу мерзімі 10-12 жылға дейін.

Веб-сайт: www.fincenter.kz.

1
0
798