Мазмұнға өту

Жаңа

Сыбайлас жемқорлық деген не?

Ағымдағы жылдың 13 маусымында «Адал жол - Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны аясында Шортанды ауданының  №5 Бозайғыр   агротехникалық колледжінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі ақпараттық саптүзеу өткізілді.

Колледж студенттері арасында «Сыбайлас жемқорлыққа жастардың көзқарасы» тақырыбындағы плакаттар байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты – студенттердің әділдік, адалдық, парасаттылық идеалдарына және кез келген құқыққа қайшы, адамгершілікке жатпайтын іс-қимылға  бағдарлау.

Оқушыларды сыбайлас жемқорлық көріністерімен: мәнімен, себептерімен, салдарымен таныстыру мақсатында колледжде «Бір адамға арналған ізгілік, ал басқалары ше?», «Әділдік деген не?», «Заң және оны сақтаудың қажеттілігі», «Теңқұқықтық деген не?», «Менің сыбайлас жемқорлыққа көзқарасым», «Мен және менің құқықтарым» тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді.

Іс-шаралар слайдтар мен «Балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбындағы әлеуметтік бейнероликтердің көрсетілімімен  сүйемелденді.

0
0
1026

Жаңа Бағдарлама туралы

Мен 2013 ж. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында 1-деңгейлік курстан өтіп  Жаңа Бағдарлама  бойынша білім алдым.

Жалпы алғанда, Жаңа Бағдарлама өзіме ұнайды. (Тек, енді қорытынды білім бағалау (ҰБТ) жүйесі мен мектептердің материалдық-техникалық базасын Жаңа Бағдарламаға сәйкестендіру қалып тұр).

Сондықтан, Жаңа Білім бағдарламасы туралы пікір айтуға  толық моральдық құқым бар деп ойлаймын.

Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деген ұстанымды негізге ала отырып, жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын және өз білімдері мен дағдыларын күнделікті өмірде де қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау екендігі белгілі!

«Технологиялық, педагогикалық және мазмұндық білім  арасындағы өзара байланысты іске асыруға қабілетті мұғалім жоғары деңгейдегі кәсіпқой болып табылады» (Мишра мен Кёлер) деген қағиданы еске ала отырып,  Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-19 жылдарға арналған ‪‎бағдарламасы туралы бірер сөз айтайын.

Тек оны қарсылық деп емес, Кембридж технологиясындағы 7 модульдің бірі «Сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің» әсері деп түсініңіздер.....

Бүкілхалықтық талқылаудан өтпегені болмаса, жалпы алғанда бірер бабынан басқасы ізгі ниеттен туған болар деп ойлаймын....

Дегенмен Бағдарламаны іске асыруға  ‪‎кедергі болатын маңызды факторларға тоқтала кетейін..

 

1. Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану

2019 жылға дейін мектептердің ‪материалдық_техникалық_базасын жасақтап үлгеру мүмкін бе?

Интернетке қаражат табуға болар.

Ал соншама мектепке интерактивті тақталар орнату мен барлық оқу кабинеттерін компьютерлендіру мүмкін бе?

Мысалы мен 1.5 мың бала оқитын мектепте жұмыс істеймін. Осынша балаға бар болғаны 11-12 интерактивтік тақта бар. Олардың өзі 2009 - 2010 жылдары шығарылған тақталар. Бұзыла қалса, қосалқы бөлшек табу қиын және өте қымбат.

Пән мұғалімінен бөлек, осы құрал - жабдықтарға қызмет көрсететін инженер-мамандар ескерілді ме?.

Миллионға жуық тұрғыны бар облыс орталығындағы жағдай осылай болса, шалғай ауылдардағы мектептердің жағдайы қалай?

Облыс/аудан орталықтарында білім беру мекемелеріндегі компьютерлік-ақпараттық технологиясына Арнайы қызмет көрсету орталықтарын құру қарастырылды ма?

 

2. ‪Кадр мәселесі.

"Кадр" көп, кадр тапшы.

ОҚО-ң мектептеріне келіп жатқан жас мамандардың барлығы дерлік өңірдегі аттарынан ат үркетін ашық (шашық) ЖОО-ң бітірушілері.

Шалғай ауылдар түгілі, облыс орталығында орналасқан "лицей" статусы бар мектепке 13 жылдан бері Алматы мен Астананың белді ЖОО-н бітірген жас маман келген емес.

 

Енді 2019 жылға дейінгі 2,5 жыл ішінде келе қояды деп ойлайсыз ба?.

Бағдарламаның мұғалім және азамат ретінде менің жеке өзімді қаттырақ ойландырған тұстары.

 

1. ‪        «Үштілділік» туралы

Ия, неше тіл білсең де артық емес.

Бірақ заңмен бекітілген Мемлекеттік тілді шын мәніндегі мемлекеттік ете алмай тұрған біздің жағдайымызда оны абайлап іске асыру керек.

А) Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады.

Ә) Үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші планда болса, енді үшінші планға сырғиды. Ата-ана алдымен  шет тіліне көбірек назар аударатын болады.

Б) Балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыстілді қазақтар тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласы үшін ағылшын  тілін басты назарда ұстайтын болады. Қазақ тілімен тереңірек айналысуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең бастысы  енді оларда қазақ тілін үйренге деген мотивация қалмайды.Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?

В) Үштілдік туралы айта отырып, жоғары да айтып өткен  мамандар мәселесіне қайта оралуға мәжбүр боламыз.

Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар  мектепке барады ма?

 

Ауыл мектебінің жайы қалай болады?

Ол аудармашылықты таңдайды немесе ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға жұмысқа орналасуға тырысады. Нәтижесінде, мектепке ЖОО-н сүйретіліп әзер бітірген маман барады.

Үштілділікті қолдап отырған ірі шенеуніктер мен бизнесмендер ауылдарда соңғы рет қашан болыпты?

Болса, мектепке бас сұқты ма?

 

2. ‪Бескүндік оқу жүйесіне көшу..

А) Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі.

Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет!

Ағзаға зорлық жүрмейді.

Оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың!

5 күндік оқыту жүйесіне өту үшін, кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқартылып, жұмыс сағатын ұзартуға тура келеді.

Бұрын орта есеппен 5-6 сабақ болса, енді 7-8 сабақ өтілетін болады.

Ә) Ал қандай пәндер қысқартылады?

Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді?

Болашақ маман дайындауға әсері қалай болмақ?

Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда, балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба?

В) Көпшілік ата-аналардың мектеп жасындағы баласына тәрбие беруі «Ішкіздім, жегіздім, киіндірдім» - деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқаны белгілі.

Жалғызілікті ана немесе әкелердің немесе бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған отбасылар мен балалары 2 күн үйде отыра алады ма?

Көше кезіп кетпесіне кім кепіл?

 

3. «Қамқоршылар Кеңесі» туралы

Мектептерде Батыс үлгісіндей материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, мектептің оқу бағдарламасын жасау мен кадр таңдау ісіне қатысатын  «Қамқоршылар Кеңесін» құру үшін алдымен елде орта тап қалыптастырып алу керек. Бізде мектепке қомақты қаржылық қолдау көрсетуге материалдық және моральдық тұрғыда дайын  шын мәніндегі орта тап бар ма?

Мұның арты балалары арқылы бопсалап, ата-аналардан жаппай ақша жинау болып кетпейді ме?

 

Дегенмен,  бұрынғы тәжірибелерді еске түсірсек, бағдарламаны іске асыруға ең басты кедергі – бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау болуы мүмкін. 2013 ж. сол кездегі ҚР  БжҒминистрінің орынбасары С.Шаяхметов деген үлкен мөлшердегі қаражатты талан-таражға салағаны үшін сотты болды.

Жақында ғана Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов Есеп комитеті жүргізген аудит кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігінен 1,8 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталғанын  жария етті.

Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-19 жылдарға арналған ‪‎бағдарламасын іске асыруға 1.8 трлн қаржы қарастырылғанын ескерсек, қаупіміз орынсыз деп ешкім айта қоймас..

   

Сұрақ көп, жауап жоқ!

   

Шыныбекұлы Ө. - жоғары санатты ұстаз, 1-деңгейлі сертификат иегері, №41 мектептің тарих пәнінің мұғалімі,  Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Шымкент қ.

   

 
1
1
4915

Баян Есентаева туралы бірер сөз

Әр адамның басында әртүрлі жағдай болады, өмірде негізі жау сырттан келмейтіні түсінікті, дәл қасыңдағы адам Сіз ойлағандай емес, бір қиыншылық тудыруы мүмкін, әрине адамның күні адаммен екені белгілі жайт, бірақ рухы мықты адамдар да қателесіп жатады. Дәл сондай жағдай Баян Есентаеваның басына түскен сияқты. Кінә қою оңай. Алайда өз басым Баянды соңғы фильмдері үшін емес, алғашқы классикалық фильмдегі рөлі үшін жақсы көремін. Баян менің түсінігімше қиыншықтан шығу жолындағы қазақ әйелінің образы сияқты. Иә, қиыншылыққа, күйеуінің озбырлығына төзе білді, десек те олардың арасындағы түсінбеушілік түбі осындай қиын жағдайға алып келді. Баянның тағы бір еңбегі ол - қазақ эстрада өнерін өзіміздің бағалауымызға себеп болуы.

Тез сауығып кетсін деп тілей отырып, оның қатысуымен Талғат Теменов ағамыз түсірген "Махаббат бекеті" фильмін тағы бір қарап қояйықшы!

http://kazakh-films.net/maxabbat-beketi-stanciya-lyubvi/

Фото Интернеттен алынды!

-1
0
1465

Италақаз бен ауыл иті

Италақаздың күшігі туралы аңыз Қазақстанның барлық жерінде кездесетіні белгілі, әртүрлі нұсқалары да бар болуы мүмкін, бірақ кішкентай кезімізде естіген әңгіме жадымыздан әсте кетпейді.

Мына суреттегі италақаз (кейбіреулер – сарыалақаз деп те атайды, негізі италақаздың өзі тегін құс болмаса керек, себебі біресе үйрекке біресе қазға ұқсайды) деп аталатын қара-ала құстың балапаны болады (бірақ меніңше бұл су құсына ұқсайтын сияқты, сондықтан құстың бұл емес, Қазақстанда сирек кездесетін «құмай» атты түрі болуы мүмкін деп топшылаймын).

«Италақаздың бәлен жылда бірақ рет кездесетін, алғашқы басып шыққан жұмыртқасынан құмай тазы туады» деседі көнекөз қариялар. Өзі ұяға емес, елсіз жердегі іннің ішіне, қасқырдың немесе аюдың ескі апандарына, я болмаса таудың үңгірлеріне жұмытқалайды. Италақаз жылына екі-ақ жұмыртқа салады, соның бірінен күшік шығады екен. Бір италақаз өмірінде бір-ақ рет күшіктейді. Егер де италақаз қай жұмыртқадан күшік шығарын білсе, енесі оны уыз күйінде жарып тастайды. Егер жара алмаса, қабыршықтан  шыққан   күшік   көзін   аша   салысымен-ақ аңға ұмтылады. Әрі жүйрік, әрі күшті болғандықтан алмайтын аңы болмайды екен.

Аңыз болар, бірақ аңыз түбі шындық деп сенгім келеді.

Ал, осы қыста Қарағаш деген жерде қойшы ауылда отырған Таңат ағамның итіне (шынымды айтсам қандай иттің қандай тұқым екенін де білмеймін) қасқырдың қаншығы келіп, екеуі шағылысып, ауыл адамдарының зәресін алды. О заман да бұл заман дала түзінен ауыл иттері қорқатын еді. Қасқыр шапқанда қорқау иттер шөмелеге, қораның төбесіне шығып кететін, ал батылдары айқаса бастайды. Мына көріністе керісінше, қасқырдың қаншығы ауыл итіне келіп мойын ұсынып, өз еркімен берілгенін кім көрген? Иттің сырттаны осы болар, шамалы қасқыр ауыл маңына жолмайтыны шын. Бір қызығы ауыл төңірегіндегі қасқырлар сырттың қасқырын ауылға тақатпайды екен.

Бұл иттің (төбет болар деп болжадым) қаншыққа қалай ұнағанын кім білген, қысты күні Қабырға өзенің екі жағалауынан бір-бірін тауып алып, дала кезіп жүргенде талай кісінің зәресін алған. Бірақ адамға тиген залалы тағы жоқ. Бірнеше рет кісілер көріп, мылтықпен атамын деп оқталғанда тура алдынан шыға келіп, олардың сасып қалып, түк бітірмей келгені бөлек әңгіме.

Дегенмен сақтықта қорлық жоқ деп, «ертең ит пен қасқырдың шағылысуынан туған күшік қойшы ауылға маза бермейді» деген оймен қаншық оққа байланды.

Міне, кейде аңыз бен шындықтың, италақаз бен құмайдың, дала дүзі мен сырттанның, қырдағы қазақ өмірінің ұштасып жататын осындай жақтары бар.

Кейіпкер иттің фотосынан басқа суреттер Интернеттен алынды!

 
2
0
8067

«Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда!»

Ағымдағы жылдың 13 маусымы күні Шортанды ауданында «Адал жол - Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны шеңберінде «Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда!» тақырыбындағы жастар дэнс-мобы өткізілді..

ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамашылығымен іске асырылған  шараны    «Шортанды ауданы жастарының ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатымен таныстыру, бұл өз ретінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.

Жастардың қатысуымен өткен ырғақты дэнс-мобқа 20 шақты адам қатысты.

0
0
971

Қазақстан Олимпиаданың 98 жолдамасын жеңіп алды

Бүгін, 13 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиадалық ойындарға қатысу құқығына 98 жолдаманы жеңіп алды. Бұл туралы Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясынан хабарланды.

Сонымен, жеңіл атлетикадан еліміздің еншісінде 20 жолдама, байдарка мен каноэде есуден - 11, бокс (ерлер) - 10, ауыр атлетика - 10, еркін күрес - 5, әйелдер күресі - 4, оқпен ату - 4, теннис - 3, грек-рим күресі - 3, таеквондо - 3, дзюдо (ерлер) - 3, дзюдо (әйедер) - 2, әйелдер боксы - 2, велошоссе - 2, садақ атудан - 2 жолдама бар.

Мұнымен қоса, Қазақстан спортшылары академиялық ескек есуден - 2, мәнерлеп жүзуден - 1, жүзу - 2, қазіргі бессайыс - 1, стендтік ату - 1, велотрек - 1, семсерлесу - 1, үстел теннисі - 1, көркем гимнастика - 1, еспе слалом - 1, батутта секіру - 1, сондай-ақ ашық суда жүзуден 1 жолдаманы жеңіп алды.

Жалпы, 27 спорт түрінен еліміздің спортшылары Олимпиаданың 98 жолдамасына ие болды.

 
0
0
249

Астаналық делегация Жаһандық әйелдер саммитіне қатысты

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова 9-11 маусымда Варшавада (Польша) өткен жыл сайынғы Жаһандық әйелдер саммитіне қатысты.

Елорданың ресми сайтының хабарлауынша, биылғы саммит «Әйелдер - сандық технологиялар дәуірінде инклюзивті экономиканы құру үшін» тақырыбымен өткен.

Оған 70-тен астам елден 1 мыңнан астам табысты кәсіпкер пен саясаткер әйелдер осы беделді алаңда өз тәжірибелерімен әрі пікірлерімен алмасты. Бұл саммит мемлекеттік және жеке өмірдің барлық салаларында тиімді дамуға қол жеткізудегі жаңа креативті ойлармен алмасу мүмкіндігін бере алатын аса маңызды іс-шара болып табылады.

«Бүгінгі таңда бизнестегі басшы әйелдердің үлесі 42%-ға жетіп отыр және бұл көрсеткіш тұрақты түрде артып келеді. Астанада бұл үрдіс ШОБ саласында ерекше байқалады, сондықтан озық тәжірибені меңгеруге және жетістіктермен бөлісуге мүмкіндік тудыратын осы сияқты форумдарды өткізу өте орынды» - деп баяндады «Қалалардың болашағы» атты форумда Қазақстанды таныстыру барысында М. Бектұрова.

Астана әкімі орынбасарының Варшаваға сапары барысында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Польша елордасының Вице-Президенті М. Ольшевскимен кездесу ұйымдастырылып, оның барысында Астана мен Варшава арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың мәселелері талқыланды. Тараптар қалалық әкімдіктер арасындағы серіктестіктің ахуалы мен әлеуетін жоғары бағалады. Қаланы дамыту ісіндегі бай тәжірибені ескере отырып, 2020 жылға дейінгі арнайы ынтымақтастық бағдарламасына қол қою туралы келісімге келді. Сонымен қатар, осы құжат экономикалық және инвестициялық серіктестікті дамытуға бағытталған шараларды қамтитын болады. Алдағы уақыттаВаршавада өткізілетін НАТО Саммиті аясында поляк тарапы ірі халықаралық шараларды жоғары деңгейде, соның ішінде ЭКСПО-2017 өткізу бойынша Астананың тәжірибесін зерделеуге қызығушылық танытты.

М. Бектұрова Польшаның Даму министрлігінде өткен кездесуде поляк бизнес өкілдеріне Астананың инвестициялық шарттары мен басымды жобалары туралы баяндап берді. Бұл кездесу Қазақстан Елшілігі үстіміздегі жылдың мамыр айында ұйымдастырған Польша Даму Вице-министрі Р. Домагальски-Лабэндзки және Астана қаласының Әкімдігі арасындағы келіссөздердің жалғасы болды. Семинарға Қазақстанда жұмыс істейтін және ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырған Польшаның 18 компаниясы қатысты. Кездесу қорытындылары бойынша тараптар Польшаның құрылыс кластерімен белсенді ықпалдастық орнатуға уағдаласты, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, баламалы энергетика, ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу және көлік-логистикалық жобалары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу туралы келісімге қол жеткізді.

 
0
0
331

Шегіртке зиянкестерімен күресу үшін 4,6 млрд. теңге бөлінді

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

13.06.16 ж.                                                                                            Астана қ.

Ағымдағы жылдың қолайлы ауа райы көктемгі егісті оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқтауға мүмкіндік берді.
Облыстар әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша ағымдағы жылдың 11 маусымына ауылшаруашылығы дақылдары 17,5 млн. га себілді, бұл 2016 жылдың жаздық егісінің
95% құрайды.

Жаздық масақты дәнді дақылдар шамамен
14,5 млн. га алқабына себіліп, толығымен аяқталды. Майлылар 1,9 млн. га астам алқапта (99,2%), көпжылдық шөптер – 329,2 мың га (100,2%), көкөніс-бақша – 227,9 мың га (104,0%), картоп – 182,9 мың га (99,3%), мақта –
108,2 мың га (97,8%) және қант қызылшасы – 12,0 мың га (97,2%) себілді. Кейбір облыстарда майлы дақылдар, көпжылдық шөптер егісі, көкөніс және картоп отырғызу аяқталмаған.

2016 жылғы өнімге 2,4 млн. тонна ауылшаруашылығы дақылдардын тұқымы себілген, оның ішінде дәнді дақылдар тұқымы – 2 млн. тонна, майлы дақылдар – 57 мың тонна, жемшөп дақылдары – 24,7 мың тонна, картоп – 338,4 мың тонна.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға екінші деңгейлі банктер және «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еңшілес ұйымдары арқылы 60 млрд. теңге бюджеттік несие берілген. Ағымдағы жылдың 9 маусымдағы жағдай бойынша 55,7 млрд. теңге сомасында 1666 өтінім қаржыландырылды.

Сонымен қоса, барлық бағыттар бойынша өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға 35 млрд. теңге бөлінді.

2016 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердін қажетті дизель отынының көлемі 366,8 мың тонна мөлшерінде айқындалды. Ағымдағы жылдың 10 маусымдағы жағдай бойынша 308,4 мың тонна (84%) жөнелтілді.

Саланы химияландыруын дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Ағымдағы жылы минералдық тынайтқыштар мен гербицидтердін құнын арзандатуға 26,6 млрд. теңге бағытталды.

Айрықша қауіпті зиянкес организмдермен күресуді жүргізу үшін шамамен 5,2 млн. га алқапта химиялық өндеу жүргізуге мүмкіндік беретін республикалық бюджеттен 4,6 млрд. теңге бөлінген болатын.

 

ҚР АШМ баспасөз қызметі
+7 (7172) 55-57-65
E:[email protected]
W: www.mgov.kz

 
0
0
455

Тарихтан тартқан тағылым

Ағымдағы жылдың 8 маусым күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Тарихтан тартқан тағылым» тақырыбындағы фотокөрме ашылды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тарихтан тартқан тағылым» фотокөрмесінің ашылу салтанатына «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ж.Әубәкір, музей қызметкерлері және қала қонақтары қатысты.
Көрме экпозициясына музей қорында сақталған 50-ден астам фотосуреттер қойылды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 1985-1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер кабинетінің басшысы кезіндегі Түркістанға келген сапарынан фотосуреттер, ұлықтау рәсімінен көріністер, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал (1992ж), Сүлеймен Демирел (1993ж), Ахмет Сезар (2000ж), Абдулла Гүл (2010ж), Р.Т. Ердоған (2015ж), Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовпен (1994, 1997, 1999 жж), келген сапарлары, 2002 жылы Түркістанда өткен ІІ-ші дүниежүзілік қазақтар құрылтайы, және де 2005ж, 2010ж, 2011 жылдары келген ресми сапарларынан сыр шерткен сырлы да тарихи фотосуреттері қойылды. Сонымен қатар, бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Б.Саттархановпен, «Мерейлі отбасы – 2014» республикалық байқауының жеңімпазы түркістандық Е.Бимағамбетовтың фотосуреттері көрмеден көрініс тапты. 
Көрме көпшілік назарына бір ай көлемінде жұмыс жасайды.

0
0
538

Сыр сақшыларының спорттық сайысы

Қоғамдағы кез келген қадамның көпшілік назарынан тыс қалмайтыны анық. Бұл жәйт Сыр сақшылары өмірінен де айқын аңғарылады. Қызылорда полицейлерінің аймақ тыныштығы мен қоғамдық тәртібін сақтаудағы жетістіктері жұртшылық көңілінен шығуда. Осыған орай, ағымдағы жылдың 11 маусымында Қызылорда ОІІД аппараты және Жергілікті полиция қызметі бөліністерінің қызметкерлері арасында эстафеталық жүгіруден жарыс өткізілді. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» толуына және «23 маусым – Қазақстан полициясы күні» кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған спорттың қызметтік-қолданбалы және жеңіл атлетикалық жекелей, командалық эстафеталық жарыстар.

Командалық есеп бойынша 1 орынды Криминалды полиция басқармасы және жедел криминалистика саласының қызметкерлерінен құралған құрама командасы, 2 орынды Техникалық қызмет басқармасы мен Ақпараттық аналитикалық орталық басқармасының құрама командасы, 3 орынды Жергілікті полиция қызметінің командасы иеленді.

Жарыс соңында «Тағзым» алаңында жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер жарыс кубогымен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі

 
0
0
407