Жаңа Бағдарлама туралы
Мен 2013 ж. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында 1-деңгейлік курстан өтіп Жаңа Бағдарлама бойынша білім алдым.
Жалпы алғанда, Жаңа Бағдарлама өзіме ұнайды. (Тек, енді қорытынды білім бағалау (ҰБТ) жүйесі мен мектептердің материалдық-техникалық базасын Жаңа Бағдарламаға сәйкестендіру қалып тұр).
Сондықтан, Жаңа Білім бағдарламасы туралы пікір айтуға толық моральдық құқым бар деп ойлаймын.
Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деген ұстанымды негізге ала отырып, жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын және өз білімдері мен дағдыларын күнделікті өмірде де қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау екендігі белгілі!
«Технологиялық, педагогикалық және мазмұндық білім арасындағы өзара байланысты іске асыруға қабілетті мұғалім жоғары деңгейдегі кәсіпқой болып табылады» (Мишра мен Кёлер) деген қағиданы еске ала отырып, Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-19 жылдарға арналған бағдарламасы туралы бірер сөз айтайын.
Тек оны қарсылық деп емес, Кембридж технологиясындағы 7 модульдің бірі «Сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің» әсері деп түсініңіздер.....
Бүкілхалықтық талқылаудан өтпегені болмаса, жалпы алғанда бірер бабынан басқасы ізгі ниеттен туған болар деп ойлаймын....
Дегенмен Бағдарламаны іске асыруға кедергі болатын маңызды факторларға тоқтала кетейін..
1. Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану
2019 жылға дейін мектептердің материалдық_техникалық_базасын жасақтап үлгеру мүмкін бе?
Интернетке қаражат табуға болар.
Ал соншама мектепке интерактивті тақталар орнату мен барлық оқу кабинеттерін компьютерлендіру мүмкін бе?
Мысалы мен 1.5 мың бала оқитын мектепте жұмыс істеймін. Осынша балаға бар болғаны 11-12 интерактивтік тақта бар. Олардың өзі 2009 - 2010 жылдары шығарылған тақталар. Бұзыла қалса, қосалқы бөлшек табу қиын және өте қымбат.
Пән мұғалімінен бөлек, осы құрал - жабдықтарға қызмет көрсететін инженер-мамандар ескерілді ме?.
Миллионға жуық тұрғыны бар облыс орталығындағы жағдай осылай болса, шалғай ауылдардағы мектептердің жағдайы қалай?
Облыс/аудан орталықтарында білім беру мекемелеріндегі компьютерлік-ақпараттық технологиясына Арнайы қызмет көрсету орталықтарын құру қарастырылды ма?
2. Кадр мәселесі.
"Кадр" көп, кадр тапшы.
ОҚО-ң мектептеріне келіп жатқан жас мамандардың барлығы дерлік өңірдегі аттарынан ат үркетін ашық (шашық) ЖОО-ң бітірушілері.
Шалғай ауылдар түгілі, облыс орталығында орналасқан "лицей" статусы бар мектепке 13 жылдан бері Алматы мен Астананың белді ЖОО-н бітірген жас маман келген емес.
Енді 2019 жылға дейінгі 2,5 жыл ішінде келе қояды деп ойлайсыз ба?.
Бағдарламаның мұғалім және азамат ретінде менің жеке өзімді қаттырақ ойландырған тұстары.
1. «Үштілділік» туралы
Ия, неше тіл білсең де артық емес.
Бірақ заңмен бекітілген Мемлекеттік тілді шын мәніндегі мемлекеттік ете алмай тұрған біздің жағдайымызда оны абайлап іске асыру керек.
А) Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады.
Ә) Үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші планда болса, енді үшінші планға сырғиды. Ата-ана алдымен шет тіліне көбірек назар аударатын болады.
Б) Балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыстілді қазақтар тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласы үшін ағылшын тілін басты назарда ұстайтын болады. Қазақ тілімен тереңірек айналысуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең бастысы енді оларда қазақ тілін үйренге деген мотивация қалмайды.Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?
В) Үштілдік туралы айта отырып, жоғары да айтып өткен мамандар мәселесіне қайта оралуға мәжбүр боламыз.
Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар мектепке барады ма?
Ауыл мектебінің жайы қалай болады?
Ол аудармашылықты таңдайды немесе ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға жұмысқа орналасуға тырысады. Нәтижесінде, мектепке ЖОО-н сүйретіліп әзер бітірген маман барады.
Үштілділікті қолдап отырған ірі шенеуніктер мен бизнесмендер ауылдарда соңғы рет қашан болыпты?
Болса, мектепке бас сұқты ма?
2. Бескүндік оқу жүйесіне көшу..
А) Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі.
Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет!
Ағзаға зорлық жүрмейді.
Оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың!
5 күндік оқыту жүйесіне өту үшін, кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқартылып, жұмыс сағатын ұзартуға тура келеді.
Бұрын орта есеппен 5-6 сабақ болса, енді 7-8 сабақ өтілетін болады.
Ә) Ал қандай пәндер қысқартылады?
Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді?
Болашақ маман дайындауға әсері қалай болмақ?
Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда, балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба?
В) Көпшілік ата-аналардың мектеп жасындағы баласына тәрбие беруі «Ішкіздім, жегіздім, киіндірдім» - деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқаны белгілі.
Жалғызілікті ана немесе әкелердің немесе бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған отбасылар мен балалары 2 күн үйде отыра алады ма?
Көше кезіп кетпесіне кім кепіл?
3. «Қамқоршылар Кеңесі» туралы
Мектептерде Батыс үлгісіндей материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, мектептің оқу бағдарламасын жасау мен кадр таңдау ісіне қатысатын «Қамқоршылар Кеңесін» құру үшін алдымен елде орта тап қалыптастырып алу керек. Бізде мектепке қомақты қаржылық қолдау көрсетуге материалдық және моральдық тұрғыда дайын шын мәніндегі орта тап бар ма?
Мұның арты балалары арқылы бопсалап, ата-аналардан жаппай ақша жинау болып кетпейді ме?
Дегенмен, бұрынғы тәжірибелерді еске түсірсек, бағдарламаны іске асыруға ең басты кедергі – бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау болуы мүмкін. 2013 ж. сол кездегі ҚР БжҒминистрінің орынбасары С.Шаяхметов деген үлкен мөлшердегі қаражатты талан-таражға салағаны үшін сотты болды.
Жақында ғана Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов Есеп комитеті жүргізген аудит кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігінен 1,8 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталғанын жария етті.
Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-19 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға 1.8 трлн қаржы қарастырылғанын ескерсек, қаупіміз орынсыз деп ешкім айта қоймас..
Сұрақ көп, жауап жоқ!
Шыныбекұлы Ө. - жоғары санатты ұстаз, 1-деңгейлі сертификат иегері, №41 мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Шымкент қ.

