Алматы көшелері: Мұқан Төлебаев көшесі

Алия 2013 M04 11
3375
5
8
0

«Алматы көшелеріне саяхат» айдарының кезекті материалы жақында 100 жылдық мерейтойы аталынып өткен көрнекті композитор, қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері Мұқан..

Бүгін «Екпіннің» «Алматы көшелеріне саяхат» айдарының кезекті материалы жақында 100 жылдық мерейтойы аталынып өткен көрнекті композитор, қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері Мұқан Төлебаевтың құрметіне аталған көшеге арналады.

Мұқан Төлебаев көшесі XIX ғасырдың 60-70 жылдары қалыптаса бастаған. Райымбек батыр даңғылынан басталып оңтүстікке қарай Абай даңғылына дейін созылып жатыр. Фурманов пен Қонаев көшелерінің аралығында орналасқан. Мәметова, Мақатаев, Гоголь, Қазбек би, Төле би, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Жамбыл, Шевченко, Құрманғазы көшелерін қиып өтеді. Бұрынғы атаулары - Сергиополь, Фонтан көшесі.

1868 жылы бұл көшенің бойына кірпіштен екі қабатты үйлер салынып, көше бойына ағаштар мен бұталар өсірілген аллея жасалынып, тротуарларды жағалай көп жылдық ағаштар отырғызылып, бұл ауданға сол заманның шенеуніктері, офицерлер, қолөнершілер қоныстана бастаған. 1900 жылы бұл көшенің Абай даңғылымен түйіскен жерінде алғашқы субұрқақ жүргізілген.

Жалпы Төлебаев көшенің бойында кезінде 1 Май атындағы тігін өндірістік бірлестігі, Алматы зергерлік бұйымдар зауыты, “Жетісу” аяқ киім өндірістік бірлестігі, Қазақстан композиторлар Одағы, СССР музыка қоры (қазақ бөлімшесі) болған. Сондай-ақ мұнда маңызды мәдени-тарихи ескерткіштер - Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтың әдеби-мемориалды мұражай үйлері, есімі дүние жүзіне мәшһүр болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлының мұражай үйлері орналасқан.

Мұқан Төлебаев көшесінде 1963-1973 жылдары, #131 үйде Совет Одағының Батыры, жазушы, СССР Педагогика ғылымдары академиясының академигі Мәлік Ғабдуллин, #138 үйде ҚазССР-нің еңбек сіңірген құрылысшысы, архитектор Төлеу Бәсенов, #149 үйде ҚазССР халық артисі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құрманбек Жандарбеков тұрған.

Бұл көше жайында журналист Ораз Қауғабаев өзінің “Төлебаев көшесі немесе Алматының әсем саябақ, кезінде көлік жүрмейтін көшесі болған атақты даңғылдың тұрғындары туралы “эссе-естелігінде”:

“Қазақтың жақсы мен жайсаңдары, марғасқа жазушылары мен ғұлама ғалымдары және қоғам қайраткері тұрған Алматыдағы Мұқан Төлебаев атындағы көшемен көп жүрдім. Серуеңдедім, қыдырдым. Өйткені, жұмысқа баратын жолым осы көше бойындағы тротуар мен ағаштардың саясы еді. Ұлы Мұхаң (М.Әуезов) мен атақты Сәбит Мұқановтың мұражайлары, сырттан терезе пердесі көрініп тұратын Димекеңнің пәтері мен балконы уақыт өткен сайын, мені өзіне тартады. Қазірде неге екені белгісіз, анда-санда осы көшемен жүріп, серуендеуді жаным сүйеді. Өйткені, мұнда даулы “тас-қорған”, иттері абалаған зәулім хансарайлары жоқ. Патша Қонаев тұрған үйдің өзі ерекше көрінбейді. Көше жағы түгел ашық. Сәндік ағаштардан басқа жарқырап көзге түсетін ешнәрсе жоқ” деп еске алады.

Қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі Мұқан (азан шақырып қойған есімі - Мұхамедсәлім) Төлебаев 1913 жылдың 13 наурызында Алматы облысы Бөрлітөбе ауданы Қарашыған ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Болашақ композитордың анасы Тәжібала Ақшалова өлең жазып, музыка шығарған, асқан шеберлікпен халық әндерін орындаған өте дарынды әйел болған. Алайда кішкентай Мұқанның музыкаға деген талантын байқап, оны ашуға үлкен ықпал еткен оның ағасы танымал музыкант, әрі ақын Апырбай Әуелбаев. Апырбай ағасынан 6 жасында домбырада ойнауды үйренген Мұқан жастайынан өлең жазып, ән айтып өзінің шығармашылық талантын айқын көрсете бастайды. Ауылында орта мектепті аяқтағаннан кейін, Алматы педагогикалық училищесіне түсіп, оны 1933 жылы аяқтап шығады. 1936 жылы Бөрлітөбеде өнерпаздар байқауы өтіп, сол жерден үздік деген 10 адам таңдалынып, олар сол кездегі республикамыздың астанасы Алматы қаласына жіберіледі.

Мәскеуге оқуға жіберу үшін таңдау жүргізілген бұл байқауда өнерімен көзге түске Мұқан Мәскеуге жолдама алады. Осылай Мұқанның Еуропа музыка мәдениетімен танысуы басталады. Мәскеу консерваториясында білім алып жүрген Мұқан оқуын әнші ретінде емес, композитор ретінде жалғастыруды жөн көріп, екі жыл оқуынан кейін вокал сыныбынан композиторлыққа ауысып, атақты сазгерлер Борис Шехтер мен Рейнгольд Глиэрден дәріс алады. Сол жылдары Мұқан өз күшін композицияда байқап көріп, қазақ әндерін өңдеумен айналыса бастайды. Оның ең алғашқы өңдеген әндерінің бірі халық әні “Барқыт, қалқам”. Одан кейін «Әудем жер», «Ғалия» сынды қазақ әндерін өңдеп, өзінің алғашқы туындыларын, ән-романстарын жаза бастайды.

1941 жылы Мәскеудегі оқуын бітірген уақыт Ұлы Отан соғысының басталуымен сәйкес келіп, Мұқан да халық жасағы құрамымен соғысқа аттанбақ болады. Алайда денсаулығына байланысты соғысқа қатыса алмаған ол елге қайта оралады. Сөйтіп соғыс жылдары композитор “Тос, мені тос” және “Кестелі орамал” туындыларын дүниеге әкелді. Алматыда жүрген уақытында 1941-1946 жылдар аралығында Евгений Брусиловскийден композиция сабақтарын алады. 1945 жылы Мұқан Төлебаев ҚазКСР-нің халық артистері, композиторлар Латиф Хамиди мен Евгений Брусиловскиймен бірге Қазақ КСР-і Әнұранына музыка жазып шығады.

1946 жылы композитор, осы күнгі қазақ операсының классикалық үлгісіне айналған «Біржан-Сара» (либреттосын жазған Қ.Жұмалиев) операсын жазды. Мұқанның композиторлық дарынының шырқау шыңы болған бұл туындының тұсаукесері аса табысты өтіп, спектакльдің композиторы, орындаушылардың екі құрамы да (бірінші құрам - А. Үмбетбаев пен К. Байсейітова, екінші құрам – Б. Досымжанов пен Ш.Бейсекова), суретшісі (А. Ненашев), режиссері (Қ. Жандарбеков) КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болады. Ал 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі аясында “Біржан-Сара” операсы орындалып, Сараның рөлін сомдаған Роза Жаманова мен композитор Мұқан Төлебаевқа КСРО халық әртісі атағы беріледі.

Мұқан Төлебаев өмірінің соңына дейін 100-ден аса музыкалық шығармаларды дүниеге алып келген.Сонымен қатар ол  оркестрлік және камералық шығармалар, өлеңдер, романстар жазып, халық әндерін өңдеген.

Музыкасы еуропалық үлгідегі кәсіби шеберліктің биік деңгейінен орын алуымен ерекшеленетін, композиторлық стилі ұлттық дәстүр арнасында қалыптасқан тұлға, қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері Мұқан Төлебаев 1960 жылдың 2 сәуірінде Алматы қаласында көз жұмған.

Еліміздің аумағында Мұқан Төлебаевқа арналып бірнеше ескерткіштер және мемориалды тақталар қойылған. Алматы қаласында Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі бар.

Бүгінгі “Алматы көшелеріне саяхат” айдарымыздың соңын Ораз Қауғабаевтың сөзімен аяқтасақ: “Тылсым табиғат” аясы, басы Абай даңғылынан басталатын “көше саябақпен” қазірде мен жиі жүремін. Алматының бұрынғы “рух - жүрегі”, жақсылары мен жайсаңдарының мекені мені осында келуге мәжбүр етеді. Әсіресе, Димекең үйінің жанынан өтіп, Қонаев мұражайына келу маған көптен бері әдетке айналды. Айтпақшы, Димекең үйі үлкен даңғыл емес “саябақ - көшенің” қақ ортасында тұр. Ұлылардың рухын жаңғыртып тұрған Төлебаев көшесінің кіндігі дәл осы жер. Димекең өз қолымен отырғызған шамшат ағашы осы маңда көктеп, бүр жарып, өсіп тұр...”

Мәтін: Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

Бұл айдарда жарияланған материалдардың толық тізімі:

Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Ораз Жандосов көшесі

Өмірбек Жолдасбеков көшесі

Абдолла Розыбакиев көшесі

Тайыр Жароков көшесі

Жұмағали Сайын көшесі

Досмұхамедов көшесі

Нұрмақов Нығмет көшесі

Бағаутдин Шағабутдинов

Ғани Мұратбаев көшесі

Зейін Шашкин көшесі

Сырбай Мәуленов көшесі

Мағазы Масанчи көшесі

Оцените пост

8

Комментарии

2
Кішкентай кезімде, біздің ауылдың(Бөрлітөбе ауданы, Лепсі кенті) бір жотасында, ақ кірпіштен қаланған, "Мұқан аға сексен жаста" деген Мұқан ағаның туған күніне арналған жазу бар еді.. Содан бері 20 жыл өткен ба?
1
Осы Төлебаев көшесіне барсам тынығып қаламын. Күн жылы кезде арнайы келетінмін.
1
тарихи көше
1
Menin jaqsy koretin kowem. Sol jerde qydyrganda ozimdi Muqagalidin dosi, zamandasi retinde sezinem :)
+ Vel aidaganga ingaili!
Показать комментарии
Дальше