Алматы көшелері: Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлы көшесі

Алия 2012 M11 12
3143
10
13
0

«Алматы көшелеріне саяхат» айдарының кезекті саны белгілі қоғам қайраткері, ғалым-механик, техника ғылымдарының докторы Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлының атына берілген көшеге арналмақ.


«Алматы көшелеріне саяхат» айдарының кезекті саны белгілі қоғам қайраткері, ғалым-механик, техника ғылымдарының докторы Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлының атына берілген көшеге арналмақ.


Ө.Жолдасбеков көшесі Медеу ауданындағы Самал-1 және Самал-2 ықшамаудандарының арасында орналасқан. 1990-шы жылдары салынған бұл көше Достық даңғылынан бастап Фурманов көшесіне дейін жалғасып жатыр. Оның ұзындығы 700 метр.

Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлы 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қызылсу ауылында дүниеге келген. Бала кезінен техникаға жақын Өмірбек мектепті тәмәмдағаннан кейін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1954 жылы бітіріп шығады. Содан кейін Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтына оқытушы болып келеді. Оқытушыдан аға оқытушы болып, одан механика факультетінің деканы болып, 1958 жылға дейін аталған мекемеде қызмет етеді.

Араға біраз жылдар салып 1964 жылы қазіргі Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне проректор болып тағайындалады. Сол қызметте жүріп 1970 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ректор болып қызметінен жоғарылайды. 1986 жылға дейін ҚазҰУ студенттер қалашығының салынуына ұйытқы болып, университетте жаңа кафедралардың негізін қалайды. Сөйтіп ҚазҰУ-дың Кеңес Одағындағы жетекші жоғарғы оқу орындарының біріне айналуына үлкен септігін тигізеді.

1986-1988 жылдар аралығында ҚазҰУ-дың «Қолданбалы механика» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет еткен.

1991 жылы қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының негізін қалаушылардың бірі Өмірбек Жолдасбеков сол жылы дүние жүзі мойындаған ғалым ретінде Мәскеу қаласындағы Халықаралық Инженерлік академияның академигі мен вице-президенті болып сайланады. Ал 1992-1994 жылдар аралығында ҚР Инженерлік академиясының академигі мен президенті болды. Осы аралықта Пәкістанның Инженерлік академиясының құрметті академигі, Ислам елдерінің инженерлік академиялары Федерациясының вице-президенті және АҚШ-ның инженер-механиктер Қауымдастығының толық мүшесі болған.

Өмірбек Жолдасбеков жазық және кеңістіктік жоғары класты механизмдер мен манипуляциялауыш құрылғылардың графиктік-аналитикалық және аналитикалық теориясын негіздеп, соның нәтижесінде әлемдік практикадағы теңдесі жоқ жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейферлік, жүк қармауыш және манипуляциялауыш құрылғыларды ойлап тауып, өндіріске енгізіп, ғылымға үлкен еңбегін сіңірді.
1995 жылы ғалым Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатында 1 жылдай еңбек етіп, 1996 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, әрі Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрағасы болып жұмыс істейді.
Сонымен қатар Өмірбек Жолдасбеков ең алғашқы болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасап, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазған. Осы салада жазған 380 ғылыми жұмысының 14-і монография, 24-і оқу-әдістемелік құралдар. Ол 102-і КСРО және 10 шетелдік патенттің авторы.

Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған тұлға Өмірбек Жолдасбековтың атына көзі тірісінде Д.Қонаев 162-ші үйде және ҚазҰУ-дың ғимаратында мемориалды тақта қойылған. Ғалымның атымен аталатын Студенттер сарайы маңында 2011 жылдың наурыз айында ескерткіш орнатылды. Оның атында сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министірлігінің «Механика және машинатану институты», ҚР Инжинерлік академиясында премия мен 2003 жылдан бастап жас ғалымдарға (студенттерге) тағайындалатын жылдық шәкіртақы, Шымкент, Тараз қалаларындағы орта мектептер мен Шымкент, Алматы қалаларында көшелер аталынады.












Мәтін: Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Оцените пост

13

Комментарии

2
Керемет. Жақсы репортаж. Осылай халық белгілі азаматтармен танысады. Сонымен қатар, қаланы біледі.
1
Құдіретті тұлға екен. Репортажға рахмет
1
Көп фактілер туралы білмеппін осыған дейін, рахмет:)
1
осы көшеде 20 жыл тұрған үйім орналасқан, орысша айтқанда, Алматыдағы ең "уютный" көшелердің бірі.
0
Осындай көрінген адамға көше бере берсек, көше де арзандап, саудаға айналып кетер.
Показать комментарии
Дальше