Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Алия November 11, 2012
3356
4
9
0

«Екпін» жобасында жаңа айдар — бүгінгі күннен бастап тарихи тұлғаларымыздың құрметіне аталған Алматы көшелеріне саяхаттап, қаламыздың көшелері арқылы еліміздің тарихына шолу жасауға бел буып отырмыз.

«Екпін» жобасында жаңа айдар — бүгінгі күннен бастап тарихи тұлғаларымыздың құрметіне аталған Алматы көшелеріне саяхаттап, қаламыздың көшелері арқылы еліміздің тарихына шолу жасауға бел буып отырмыз.

Сонау 60-жылдары көше мерекелерін өткізу дәстүрі болған екен. Оны Ораз Жандосов пен Юрий Гагарин атындағы көшелердің қиылысында орналасқан алаңда 1967 жылы Ораз Жандосовқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында Калинин аудандық партия комитетінің секретарі Ғ.Бибатырованың: «Бізде көше мерекелерін өткізу дәстүрге айналып отыр. Өйткені әр көшенің өзіндік тарихы бар. Олар өткендегі небір ерлік істердің куәсі болғандай» деген сөздері дәлелдейді.

Бұл мерекеде Ораз Жандосовтың қызметтесі коммунист Құсайынбек Әміров: «Мен Оразды жалынды большевик, іскер ұйымдастырушы, кішіпейіл дос, адал, абзал жан ретінде білемін. Онымен қызмет еткен кезім әлі жадымда. Ол революция ісіне студент кезінен араласып, Бокин, Виноградов, Бабаев сияқты жалынды коммунистермен бір сапта болды. Кейін ол Түркістан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, насихат және ұлт мәселелері бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Өлкелік партия Комитетінің секретарі, Жетісу облыстық Совет атқару комитетінің председателі қызметін атқарып жүргенде оны мен қамқоршы ретінде таныдым», - деп оның көзі тірісінде қандай жан болғандығын артынан қалған ұрпақтарына жеткізді.

Бүгінгі күні есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген көрнекті мемлекет қайраткері, ағартушы Алматы қаласында орналасқан Қазақтан Ұлттық кітапханасының алғашқы директоры болғандығын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Сондықтан да «Жандосов көшесі»  деген атпен белгілі көшеге есімі берілген Ораз Жандосов кім болғандығы туралы оқырмандарымызбен бөліспекпіз.

Жастай білім алып, қазақ халқының мүддесі үшін күрескен азаматтардың бірі - Жан­до­сов Ораз Қыйқымұлы 1889 жылы Ал­ма­ты об­лы­сы Қара­сай ауда­ны Қас­ке­лең қаласында дүниеге келген. 1908 жылы Вер­ный ер­лер гим­на­зи­ясына түсіп, оны 1918 жы­лы бітіріп шығады. Гимназия қабырғасында жүргенде-ақ патша үкіметінің қанаушылығына қарсы шығып, жасырын ұйымдармен байланыс орнатады. Сөйтіп 1916 жылы күрті болысындағы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастыруға белсене араласып, Бекболат Әшекеевпен қатар жүреді. Ол Тоқаш Бокин, Абдолла Розыбақиев, Мағазы Масанчи, Баһауатдин Шаһабутдиновтармен бірге Жетісу өңірінде Кеңес үкіметін орнату жолындағы күрестерді басқарған. Сондай-ақ өзі Жетісу облыстық әскери-революциялық комитеттің төрағасы болған жылдары Анненков әскерін Жетісудан қуып шыққан.

Ораз Жандосов қазақ халқының саяси және әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, оқу-ағарту ісін көтеру үшін аянбай тер төккен жан. Ол жергілікті халық пен сырттан көшіп келген өзге ұлт өкілдері арасындағы дау-жанжалдарды шешуде, ең алдымен, тұрақтылықты қолдайтын.

1919 жылдың шілде айында Жетісу облыстық партия комитетінің секретарі болып сайланады да, коммунистік мұсылмандар бюросының председателі болып қызмет атқарады.

Ол Ақтөбе қаласында өткен «Кеңестік және кеңестік емес қызметкерлердің» бүкілқазақтық конференциясына (1920 жылдың қаңтары) Жетісу делегациясын бастап барған. Сөйтіп Қырғыз Республикасын (Қазақ АССР-ын) құруға байланысты территориялық мәселелерді шешуге тікелей қатысқан.

Жетісу облревкомының төрағасы болған кезінде Жандосов 1921-1922 жылдардағы жер реформасын іске асыруда аса көрнекті рөл атқарды.

Орта Азияның ұлттық-мемлекеттік болып бөлінгенінен кейін, Қазақстанның партия басшыларының бірі болған Ораз Жандосов қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын одан «мәдениеттірек» шаруашылық түрлерінінің пайдасына «жер жағына тарылта түскен жөн» дейтін бодан кезден мұра болып қалған ескі түсініктен арылуға ықпал етті. Соның ішінде көшпенді және жартылай көшпенді қазақ жұртын жерге орналастыру экономикалық жағынан алғанда бірінші кезектегі мәселе екенін алға тартқан.

Қытаймен шекарадағы кең-байтақ Кеген ауданының партия басшысы болған жылы (1934 жылы) құлдыраған ауыл экономикасын қалпына келтіру жолындағы аз уақыт болса да теңдесі жоқ қарқынды да серпінді қызметі сол кезде ел аузында аңызға айналып кеткен екен.

Сондай-ақ «Үлкен террор» басталар алдындағы жағдайға қарамастан, Алматы облатком төрағасы (1935-1937 жылдары) қызметінде 30-жылдардың басындағы «қайта құрудан» кейінгі аштық пен қырғынды бастан кешкен халықтың тұрмысын қалпына келтіру, жақсарту жұмысына жан-тәнімен беріле кіріскен.

1928-1929 жылдары ҚазАССР Халық ағарту комиссариаты басшысы қызметінде болған жылдары Қазақ Халық ағарту комиссариатының білім беру саясатының басым бағыты болған бұқаралық мектептерге күнделікті қамқор жасаумен бірге Қазақстанды жаңа жағдайға сәйкестендіру, КСРО құрамында даму жолында жоғары білім берудің шешуші рөлін дұрыс бағалай білген. Аса қысқа мерзім ішінде Қазақстандағы алғашқы оқу орындары – Мемлекеттік университеттің, Мал дәрігерлік, ауылшаруашылық институттарының ашылуына көп жігер-күшін жұмсаған да осы Ораз Жандосов еді.

Ораз Жандосов 20-жылдардағы қазақтың ұлттық мәдениеті саласында да жасампаздық процесінің мазмұны мен дамуына жемісті ықпал еткен тұлға. Ол қазақ тіліндегі кеңестік мерзімді баспасөздің дамуы, кәсіби қазақ журналистикасының және жазушылық шығармашылықтың өрлеуі, қазақ драма театрының қалыптасуы, қазақ алфавитінің алғашқы (латындық) реформасының шығуына зор үлесін қосқан.
Сонымен қатар 20-30 жылдары кеңестік дәуірде бірінші болып қазақ ауылын социалистік өлшемде кеңінен зерттеуді қолына алып Қазақстан ғылымы тарихында да көрнекті ізін қалдырған.

Тіпті бұрынғы Верныйдың қазіргі Алматы қаласы болып өзгеруінің өзіне де осы Ораз Жандосов тікелей ат салысқан. Ол 1921 жылдың 5 ақпанында Верный атауын «Алматы» деп өзгертуге және Халық Комитетінің ішкі істер бөлімі арқылы Кеңестер Одағы барлық басылымдарына хабарлауға бұйрық шығарып, қол қойған.
Голощекин билікке келген жылдары Қазақстанның барлық өлкелерін жайлаған аштық жайында айтқан ашық мәлімдемелері, жеке мәселелерге байланысты тұжырымдары, халық қамын жеген оқыған азаматтармен пікірлес болуы Голощекин мен оның қасындағыларға ұнамаған. Содан оны билік қызметінен түсіріп, қудалай бастайды.

Алайда Республика басшысы болып Л.Мирзоян келгенде, ол Ораз Жандосовты қайтадан жауапты жұмыстарға тартады. Сөйтіп Ораз Жандосов 1935-1937 жылдары Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеп жүрген кезінде халықтың жоғын жоқтап, ұлттық мүддені көп көтергені үшін НКВД тарапынан 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылдың наурыз айында «халық жауы» ретінде жасырын түрде атылады.

Мәтін: Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

Оцените пост

9

Комментарии

4
жақсы жоба, ары қарай жалғастырсаңыз керемет болар еді
1
рахмет, бейсенбі сайын жазып отыруға тырысамыз.
0
Маған ұнады. Әсіресе, IT-ді түсіріп жақсы қылыпсыздар :)
Жалғастыра беріңіздер, іске сәт!!! Мүмкіндік болса, көшедегі ғимараттарды бастан аяқ түсірсеңіздер?! Алматыны білмейтіндер үшін қызығырақ болушы еді.
Показать комментарии