Жаңа
«Жихадқа» шақырып жүргендер — такфиршілдер
Исламдағы кері ағымдар, солардың ішінде салафиттер әрекетінен Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау, Қарағанды облыстарында республиканың өзге аймақтарына қарағанда діни жағдайлардың шиеленісті өрбуі анық байқалады.
«Тура жолды» ұстанушы салафиттердің пікірінше, бүгінгі күнге дейін қазақтардың, дәстүрлі мұсылмандық жолды ұстанып келген өзгелердің де діни түсінік, ұстанымдары дұрыс емес. Олар дінге жаңалық енгізген «бидғатшылар», Аллаға серік қосқан «щирк» жасаушылар. Өз пікірлерін араб елдеріндегі, әсіресе Сауд Арабиясындағы «шейх» діни ғалымдардың айтқандарымен дәлелдеуді әдетке айналдырған. Яғни, қазіргі мұсылман жамағатының бұрынғы ата-баба діни жолымен жүрем дегені бекершілік. Ол адасуға алып барады дегенді алға тартады.
Осы пікірдегі салафиттер өз арасында шартты түрде «мадхалиттер», «суруриттер» деп бөлінген. Солардың қатарында дәстүрлі ханафи ұстанымдағы діндарларға ашық қарсы шығып, қазіргі мемлекеттік құрылым мен заңдарына қарсы «жихадқа» шақырып жүргендері, әрі сол жолда қанды оқиғаларды қолдайтындары - «такфиршілдер». Олар үшін атеист адам түгілі, күнделікті бес намазын қаза етпейтін қарапайым мұсылмандардың өзі «адасушы» қатарынан табылуы мүмкін. Олар қазіргі қоғамды тұрақсыздандыруға, өздерінің «жабық» ортасын құруға ұмтылыс жасауда. Тәкфиршілдер үшін ұлттық құндылықтар мен ерекшеліктер, салт-сана, дәстүрдің еш мәні жоқ.
Салафиттер қатарындағы мадхалиттер тәкфиршілдерге қарағанда билікке бағыну идеясын қолдап, мемлекеттік жүйені өзгертуді жақтамайды. Олардың басты идеологиясы адамдарды тура дін жолынан «адасқан», «жаңалық қосушы» деп айыптауға бағытталған. Сондай-ақ, олар Қазақстан аумағында тараған сопылық жолына төзімсіздікпен қарайды. Осы тұрғыдан келгенде біздің еліміз үшін «салафизм»-нің қандай түрі болмасын қоғамға жат ұстаным екендігін дәлелдеп жатудың қажеттілігі шамалы деп білеміз. Салафизм идеологиясын қолдаушылар өз қатарын көбейту жолында әртүрлі әдістерді, соның ішінде Интернет жүйесін епті пайдаланып, жымысқы әрекеттерін жалғастыруын тоқтата қоймаған.
Жалған уағыздарымен діндар жамағатты адастырып, қылмыстық жолға итермелеп отырған діни ұйымның бірі - «Хизб-ут-тахрир». Оның әректтері қоғамдағы этникааралық (еврей ұлты мен АҚШ азаматтарына қарсы) және конфессияаралық (христиандар мен басқа діндерге қарсы) қатынастарды бұзуға бағытталып, қоғам тыныштығын бұзуды көздейді. Ислам талаптары үстемдік ететін Халифат құру идеясын тықпалап, негізгі жұмыстарын халықтың тұрмысы нашар ортасында жүргізуге тырысады. Сондағы мақсаты - оларға материалды көмек көрсете отыра, өз қатарын толықтыру.
Діни экстремистік әрекеттердің Қазақстан жерінде бой көрсетуі әртүрлі жағдайлармен түсіндіріледі. Мәселен, ресейлік сарапшы А.Собяниннің пайымдауынша, ислам радикализмін тарату - мұсылман емес елдердің арнайы қызмет орындарының мақсатты ісі. Ал, ислам елдері ішінде радикалды исламды араб елдері мен Пакистан қолдайды.
Сондай-ақ Қазақстандағы діни ахуалдың өрбуі оның ішкі жағдайымен ғана емес, Орталық Азия және алыс-жақын басқа елдердегі саяси-әлеуметтік ахуалмен де байланысты деген де пікірлер айтылады. Әрина, біз бұл пікірлерді негіссіз деп айта алмаймыз. Сол себептен де біздің кеңестік кезеңде де мұсылмандық сенім әсерінен алыс ажырай қомаған көрші Орта Азия елдеріндегі қоғамдық-саяси жағдайдың қалыпты дамуына алаңдаушылықпен қарайтынымыз да рас. Қазіргі уақытта сол елдердің кейбірінде исламдық идеялармен бүркенген күштер мемлекеттік билікке оппозиция құрап саяси жолмен болсын, қарулы жолдармен болсын, билікті қолдарына алу мүмкіндіктерін қарастырып отырғаны да белгілі.
Исламды зерттеп жүрген ғалым-сарапшылар Қазақстандағы діндар жамағаттың ағымдарға бөліну себептерін, алдымен, әлеуметтік факторлармен байланыстырады. Яғни өмірден орнын таппаған, тұрмыс-тіршілігі нашар адамдар, көп жағдайда, көңіл жұбаныштарын діннен табуға тырысады. Осы оңтайлы жағдайларды өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған радикалды идеологияны таратушылар «отқа май құя түсіп», өз орнын таппай жүргендерге Құран сөздерін өздеріне қажетті мазмұнда түсіндіріп миларын улады, осылайша «тығырықтан шығар жолды» көрсеткен болады.
Діни экстремизмнің пайда болуы мен көріністері бұл күндері жан-жақты зерттеліп, оған қарсы тұрудың саяси-әлеуметтік, құқықтық тетіктері жасалды, әрі олар жылдан-жылға жетілдірілуде. Соның нәтижесінде бірқатар кері ағымдар қызметі тоқтатылып, олардың жымысқы әрекеттері жалпы халық алдында әшкереленді. Экстремистік және лаңкестік әрекеттері үшін қаншама азаматтар, солардың қатарында жастар бас бостандықтарынан айрылып, абақтыға жабылды.
Десек те, діни саладағы мәселелерді шешуде 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның пәрменділігі ерекше бағаланды. Соның негізінде Қазақстандағы діни бірлестіктердің қызметі заңды түрде реттеліп, діни топтар мен ұйымдардың өз бетімен әрекет етуінің жолы кесілді. Осы жұмыстарды ойдағыдай жүзеге асыра білген Дін істері агенттігі бүгінде басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып діни салдағы өзекті де өткір мәселерді шешу жолдарын Қазақстан Республикасы Үкіметі алдына қоюда. Солардың қатарында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс-тіршілігін жеңілдету мәселелеріне баса көңіл бөлінген.
Ғалым, сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта орын алып отырған мазхабты мойындамау, ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығару, «хижаб» мәселелерінің туындауын діни сауатсыздықтан іздеу қажет. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарды халықтың жалпы діни сауатын ашу, оларға зайырлы қоғам мен діннің ара қатынасын сауатты түсіндіре білуден бастаған жөн дейді. Осы пікірлердің негізсіз еместігіне көзін жеткізген Дін істер агенттігі кең діни ағарту, ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Ондай жұмыстар қоғамның барлық деңгейін қамтып, жоғары және орта оқу орындары студенттері мен оқушылары, қала, аудан, ауыл тұрғындары арасында, әскери бөлімшелерде, түзету орындарында өткізілуде. Насихат топтарына теолог ғалым, сарапшылардан, қоғамдық пәндер мамандары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының білікті имам, қызметкерлері тартылған. Атап өту керек, осы жүргізген жұмыстар нәтижесінде халықтың біраз бөлігінің кері діни ағымдар мен дәстүрлі ханафи ұстанымы жөнінде дұрыс ұғым қалыптасып, білім деңгейлері өсті.
Көпшілікті қамтитын шаралардың қатарында Дін істері агенттігі мен облыс әкімдіктері бірлесіп өткізіп отырған республикалық конференциялар мен семинарлар, «дөңгелек үстелдер» де атап өту орынды. Ол шараларға отандық ғалым, теологтармен қатар шет елдерден білікті мамандар шақырылуда. Олар еліміздің алыс аумақтарына дейін барып, дәрістер оқып, «ислам дініндегі мазхаб ұстаудың қажеттігі мен пайдасы», «салафизмнің зияны мен зардаптары», «жихадизм мен такфиршілдік идеологиясының исламмен сыйымсыздығы», «матуриди ақидасының ханафилік ілімнің жалғасы» тақырыптарында білімдерімен бөлісуде. Олар Қазақстанның дін саласындағы саясатына ризашылықпен қарап, осы елде қай діннің болмасын тіршілік етуіне қолайлы екендігін жасырмайды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, радикалды идеологияның таралуын құқықтық немесе күш көрсетумен ғана тоқтату мүмкін еместігін орынды түсінген Қазақстан жергілікті діни-рухани бірден-бір жолы дәстүрлі діни ұстанымды кеңінен дамытуға баса көңіл бөлуде. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысының белсенділігін арттыруға, діни қызметкерлері мен имамдары қатарының білікті мамандармен толықтырылуына тиісті қолдау көрсетуде. Мешіт имамдарының біліміне арнайы көңіл бөлініп, тиісті дайындық курстарында діни пәндермен қатар мемлекеттің құрылысы мен заңдарына қатысты пәндерден дәрістер оқытылуда.
Осылайша, діни экстремизм әрекеттері мен діни адасушылыққа жол бермеуде тұрғындар арасында діни ағартушылық тәрбиелеу жұмыстарына баса мән берілуде. Сонымен бірге атқарылып отырған жұмыстардың әсерлі болуында бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы мен рөлі ескерілуде. Оларда қазіргі күні атқарылған шараларды жарыққа шығарып хабарлаумен қатар, арнайы діни мәселелер, ұлттық құндылықтар төңірегінде бағдарламалар, ток-шоулар ұйымдастырылуда. Ақпараттық заманда өмірдегі келеңсіздіктер мен діни экстремизм идеологиялары, лаңкестікке жол бермеу, олардың алдын алуда БАҚ құралдарының орны мен мүмкіндіктері зор екендігі мәлім. Сондықтан оның жұмысы одан әрі белсендіре түспек.
Жалпы радикалды діни идеологияға қарсы тұра білу жан-жақты қарастырылған, кешенді іс-шараларды жүргізуді талап етеді. Осы және Елбасының 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы алға қойған міндеттерін ескере келіп, қазіргі күні «Қазақстан Республикасының 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасы» жасалды. Ендігі ретте онда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асырудың жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылуда.
Қазіргі кезде дінді тек жекелеген адамдарға ғана емес, мемлекет үшін де қажетті деп түсіне білген жөн. Өйткені қоғамда мүшелерінің бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасып дамуындағы діннің әлеуеті мен тәрбиелік рөлі мемлекет үшін қажетті, сондықтан ол дінді саяси-қоғамдық өмірден ығыстырып шығаруға, қысым көрсетуге ұмтылмайды. Ал мемлекеттің тұрақтылығы мен саяси-экономикалық жағдайының күшеюі діннің де қалыпты дамып, өз міндеттерін атқаруына мүмкіндік беретіні рас, әрі ол осыған мүдделі болуы керек. Осындай өзара келісім мен жарасымдыққа қол жеткізгенде біз қазіргі діни адасушылық пен алауыздыққа тойтарыс бере аларымыз анық.
Мекежанов Балтабай Уәжітұлы, ҚР Дін істері агенттігінің Ислам діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқарма бастығы
http://abai.kz/content/zhikhadka-shakyryp-zh-rgender-takfirshilder
http://din.gov.kz/kaz/press-sluzhba/publikacii/?cid=0&rid=1450
«Жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселелері»
Жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселелері
Еліміз егемендік алған жылдардан бастап қоғам өмірінде түрлі саяси, тарихи, экономикалық күрделі өзгерістер, сан-салалы бағыттарды қамтып, бүгінгі таңда әр түрлі этникалық топтар мен түрлі діни ағымдағы қоғамды қалыптастырды. Бұл Конституцияда жазылған азаматтарға берілген діни наным-сенім бостандығының жемісі. Өйткені, дін атаулының қоғамдық сананың қалыптасуы мен дамуында орны мен рөлі ерекше. Дін мәселесін тек қана құдайды танып, оған ғибадат жасау ғана деп түсіну жеткіліксіз. Қазіргі таңда мемлекетіміз дін мәселесінің күрделілігі мен маңыздылығын түсініп, діни қатынастарға, яғни дінге байланысты маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені, қандай да бір ұлттың басты құндылығының бірі, оның діни сенімі болып табылса, онда дін мен халықтың бірлігі бір-бірімен тікелей байланысты екенін уақыттың өзі дәлелдеді.
Қоғам өмірінде дін рөлінің артуы, діни ұйымдар белсенділігінің күшеюі мен қанат жаюы жағдайында жастардың дінге деген қызығушылығы артып келеді. Олар үшін әлемдік дәстүрлі діндердің рухани-адамгершіліктік мұрасы, оның мазмұны мен мәні үлкен мәнге ие. Бұған адамзаттың өркениетті дамуы мен рухани жаңғыруына қатысты күйіп тұрған мәселелерге анық та нақты жауаптардың болуы керектігін талап ететін, әлемдегі қалыптасқан тәртіп те ықпал етуде.
Қазіргі кезеңде мемлекетіміз үшін азаматтар бойындағы өзіндік қасиеттерге нұқсан келтірмей, жаңа қасиеттерді, дербестікті және таңдау мен шешім қабылдау жағдайындағы жауапкершілікті тұлға аралық барабар қарым-қатынас орнатуға, қоғамдағы тиімділікті арттыруға әсер ететін білім, білік, дағдыларды ұлттық мәдениет аясында қалыптастыру мәселесі тұр.
Бүгінгі біздің қоғамымыздың өткір мәселесінің бірі – діни экстремизм. Экстремизмнің қандай бір түрі болмасын, ол мемлекеттің тұтастығына, ұлттың қауіпсіздігіне, азаматтардың құқығына және бостандығына үлкен қауіп төндіреді. Кез келген ел үшін діни экстремизмнің ең қауіпті түрі дін атын жамылып, ұлттар және діндер арасына от салу. Мұның арты үлкен қақтығыстарға алып келетіні мәлім. Экстремистік әрекеттер мен ұйымдар Қазақстанда да пайда болып, өз лаңды істерін» атқарумен» көзге түсуде. Осы орайда Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында дін мәселесіне ерекше мән беріп, бірқатар тапсырмалар мен жауапкершіліктерді жүктеді. Атап өтсек:
- мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс;
- діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды күшейтуіміз керек;
- жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейту, өйткені кейбір сыртқы экстремистік күштер жастарымызды дұрыс жолдан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.
Осыған байланысты, жастар арасында толеранттық мінез-құлық қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оған қарсы әрекет ету шаралары негізінде қазіргі көп ұлтты елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда. Мемлекет жүргізіп отырған халықаралық келісім мен ұлтаралық бірлікті дамытуға бағытталған нақты саясат аға буын мен кіші буын арасындағы өзара түсіністікті, ең бастысы, ата-ана мен бала арасындағы бірлікті, жастардың ішкі мәдениетінің дамуын, ұлттық сана-сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық құндылық тұрғысынан қамтиды.
Қазіргі таңда деструктивті, кей жағдайда тіпті радикалды исламдық ағымдардың белсенді әрекеті елдің ұлттық өзіндік ерекшелігінен айырылып қалу қаупіне апарып соғуы мүмкін. Ол ең алдымен діндар жұртшылықтың біздің төл қазақ дәстүрлерінен бас тартып, оны жоққа шығарып, фундаменталды және радикалды идеялардың күшеюінен көрінісін табады. Сондықтан да мемлекеттің алдында тұрған басты мақсаттардың бірі - қоғамымызда діни процестердің саясаттануына жол бермеу.
Осы орайда, маңызды болған мәселенің бірі, бұл – дәстүрлі емес діни қозғалыстардың қызметтерін ретке келтіру. Себебі, олардың әрекеттері қоғамда кереғар көзқарастар туғызып келеді. Өйткені, қазіргі таңда ұлт және дін, тарих және дін, дәстүр және дін мәселесі де терең байыпталмай келеді. Дінді салтпен, дәстүрмен шатастырушылар көбейді.
Сондықтан жастарға рухани адамгершілік тәрбие беру басты назарда болуы тиіс. Жаңа жас буынның дүниетанымын қалыптастыру мен тәрбиелеуде ұлттық дәстүріміздегі адамгершілік пен ар-ұят ұстанымдарын бүгінгі заман талаптарына сай тиімді түрде қолдана алсақ, бұл ұлтжанды және иман жүзді ұрпақ қалыптастырудың негізі болады.
Жаңа қоғам қалыптастырудың жалпы әлеуметтік мәдени механизмінің мәнді бөлігі ретінде дәстүршілдік көрінеді. Этномәдени дәстүрді қайта жаңғырту, мәдени мұраны сақтау, ұлттық өзіндік ерекшелік және жалпыадамзаттық құндылықтардың арақатынасы бағдарламалары түбегейлі маңызға ие. Мәдени шындықтың өзі адамның өзіндік бірегейлігін айқындайды. Қазіргі заманауи өркениет жағдайында этникалық мәдениет ұлттық мәдениеттің ерекшелігін айқындайтын қабат болып табылады.
Жастардың рухани әлемінің жағдайы жастар үшін ғана емес, бүкіл қоғам өмірі үшін де маңызды орын алады, өйткені жастар біздің болашағымыз. Жастардың рухани мәдениетін құраушылардың бірі құндылықтық бағдарлар болып табылады яғни, белгілі-бір мәндерді өмірді ұйымдастырушы бастамалар ретінде қабылдау және өзін соған сәйке ұстау.
Адамның адамгершілігі – оның жоғары қасиеті. Оның негізгі белгілерінің бірі – өзі үшін ғана емес, ел, қоғам үшін өмір сүру, адамдық ар – намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға дайын болу. Арлы адам – ардақты адам. Адамгершіліктің асыл қасиеттері: Отансүйгіштік, мейірімді, адал, еңбекқор, ақылды, әділ, парасатты жас ұрпақтарымыздың бойынан табылуы тиіс. Басқаша айтқанда, бүгін біз тек өзара түсіністік пен сыйластықтың, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында ғана тіршілігімізді жалғастыра алмақпыз. Бұл үдеріс біздің әрқайсымыздың өз дінімізді, дәстүрімізді құрметтеуге, дәріптеуге кедергі болмайды. Өйткені, әрбір дін – ақиқатқа деген ұмтылыс.
Сондықтан да, еліміздің болашағы үшін жастарды тәрбиелеуде рухани құндылықтардың маңызы зор және біз күнделікті өмірде оларды қолданудың аясын кеңейтіп, үнемі назарда ұстап отыруымыз қажет.
Қорыта айтсам, жастарымыздың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық, әдептілік, ибалылық, төзімділік сынды қасиеттерді арттырып, олардың жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды толыққанды түсініп, өмірлік жолдарында ұстануына септігін тигізуге әсер етуіміз керек.
«Baq.kz» ақпараттық порталы. ҚР Дін істері агенттігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының ғылыми қызметкері С. Оспанованың «Жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселелері» атты мақаласы
http://din.gov.kz/kaz/press-sluzhba/publikacii/?cid=0&rid=1449
Құсбегілік – өнердің өресі
Орта ғасырлардағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен бес жүз сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге, арнайы он мың құсбегі ұстағанын жазады. Толығырақ http://el.kz/bm47337
Жастар «алаңы» ашылды!
Жақында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Жұмаділов Жарқын Түсіпбекұлы жаңадан ашылған www.aynaline.kz жастар сайтының Бас редакторы болып тағайындалды. Оның жетекшілігімен жас ұрпаққа арналған виртуалдық алаңда қандай жұмыстар, нендей шаралар іске асырылып жатқанын ұжым мүшелерінің өздері баяндайтын болады. «АйнаLine» редакциясына қош келдіңіз!

Жарқын Түсіпбекұлы, Бас редактор:
– ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес 2008 жылы 1 шілде күні құрылғаны белгілі. Биыл оның құрамы жаңарып, менің де мүше боп кіруіме ұсыныс жасалды. Мен одан бас тартқан жоқпын. Өйткені, өзімнің мамандығым саясаттанушы, бұған қоса, газетке саясат жөнінде басымырақ жазғаным болғандықтан және жастар саясаты туралы заңдар талқыланған кезде депутаттармен, жергілікті органдармен байланыс орнатып, сұхбаттар ұйымдастырғандықтан, белгілі бір багажым болды. Мүшелікке кіргелі Жас Кеңеске «Алаш айнасы», «Қазақ радиосы» мен өзімнің жеке блогтарымда қолымнан келгенімше ақпараттық қолдау көрсетуге тырыстым. Енді бұл істі aynaline.kz сайты арқылы да жалғастырмақ ойым бар. Жалпы, aynaline.kz сайты бүгінде өзінің толық күшіне еніп отыр деп айта алмаймын. Қазанның 1 жұлдызынан бастап шығып жатыр, бір-ақ ай қызмет жасауда. Алайда қоғамда қазақтілді ортаның кеңеюіне байланысты жастарға осындай қазақтілді ресурстың ашылуы керек еді, дәл уақытында ашылған сияқты. Өйткені бір-ақ айдың ішінде сайтымыздың біраз тұрақты оқырманды тауып отырғанын көріп отырмыз. Күн сайын жаңа тұтынушылар кіріп, жалпы 1 қазаннан осы күнге дейін дербес келушілер саны 5062-ге жетіп отыр.

Ерлан Оспан, контент-менеджер:
– aynaline.kz сайты биыл қазанның 1 жұлдызында қызмет ете бастады. Ол бұрынғы «Нұр Астана» атты жастарға арналған газеттің жалғасы. Соңғы тенденциялар мен рейтингтік мәліметтерге сүйене отырып, ұжымымыз сол газетті электронды нұсқаға көшіруді ұйғарды. aynaline.kz сайтының басты ерекшелігі – толықтай штабы бар, редакциялық режимде жұмыс істеуі. Сонымен қатар, біз қазақтілді оқырманның бірнеше тілді меңгерген сауатты екенін есепке алып отырмыз. Олардың дүниежүзілік ақпарат агенттіктерінің орысша немесе ағылшынша берілген ақпараттарының алуына еш кедергісі жоқ екендігін ескере отырып, біз сол материалдарды копирайтинг түрінде де, сілтеме арқылы да мейлінше аз беруге тырысамыз. Бүгінде біздің басты бағытымыз - авторлық материалдарды шығару. Бұған қоса, жастарға қарапайым мамандықтардың да еліміз үшін маңызды екенін жеткізу. Әрине, атақты Билл Гейтс сынды ірі тұлғалар жөніндегі материалдардың қызық екені даусыз. Алайда қоғамда тігіншілердің немесе дәнекершілердің де қажеттігі барын көрсетіп, кәсіби мамандықтарды насихаттау да мүддеміз. Сонымен қатар, біз терең ой тастайтын академиялық тілден бас тартып, сайтымызды қарапайым жастардың тілінде сөйлетуге тырысып жатырмыз. Әрине, жаргондарды қолданудан аулақпыз, дегенмен, қарапайым тілде жазу – редакциялық саясатымыз. Сайтымыз «Нұр Астана» газетінің тікелей жалғасы болғанымен де, біз жаңашылдық ұранымен сайтты «AynaLine» деп атап, ребрендинг жасаған болдық. 1 қарашаға дейін сайтымыз барлау үстінде, яғни бета режимінде жұмыс істеп келеді. Бірақ болашақта кері байланыс орнатылып, сайтымыздың жұмысы жастардың өздері дайынған материалдарының берілуіне негізделетін болады. Бұдан басқа да редакциямыздың көптеген жоспарлары, піспеген жобалары бар. Оларды қараша айының алғашқы апталарынан бастап көруге мүмкіндіктеріңіз болады.

Абай Отар, редакциядағы ең жас тілші:
– Бұрыннан «Нұр Астана» газетіне спорт тақырыбында жазып жүретінмін. Қазір aynaline.kz сайтының спорт бөлімін жүргіземін. Сайт әзірге бета режимінде жұмыс істеп тұрғандықтан, мүмкіншіліктер мен жоспарларды әлі пайдаланып отырғанымыз жоқ. Соған қарамастан, ауыз толтырып айтатын жетістігіміз бар. Мәселен, таяуда біздің қойған сұрағымызға лондондық «Арсенал» футбол клубынан ресми жауап келді. Әлемдегі үздік клубтың бірі АйнаLine-ға жауап бергені, әрине,біз үшін қуанышты жағдай. Спорт бөлімінің көтеретін жүгі ауыр ғой. Жастарды спортқа қызықтырып, бүкіл жаңалықтан хабар беріп отыру - біздің міндетіміз.

Арнұр Асқаров:
– Мен 2004 жылы «Нұр Астана» жастар газеті шыға бастағаннан бері, осы редакцияда жұмыс істеп келе жатқандардың бірімін. Қазір сайттың әдебиет бөліміне жауап беремін. Бүгінде газет сайтқа айналуына байланысты жұмыс қарқыны айтарлықтай өзгерді, онлайн режиміне көшіуіміз жеделдікті, ақпаратты барынша тез беруді талап етіп отыр. Оқырманымыздың санына және олардың әлеуметтік желілерде бізге беретін бағаға қарап, біздің еш жерде жарияланбаған, эксклюзивті материал беру ұстанымы дұрыс деген сенімдемін. Еліміздің барша жастарын белсенді болуға шақырамын. Әлемдегі әдеби тыныс-тіршілік жөнінде біліп, талғамын көтеру мен өзін рухани жағынан байытқысы келген азаматтарға aynaline.kz сайтын оқуды ұсынамын.

Айбек Тасқалиев:
– Өзім мәдениет тақырыбындағы мақалаларды 2007 жылдан бастап жазып келемін. Ал «Нұр Астана» газетінің шығармашылық тобына келгелі, 2009 жылдан бері өнерден бөлек, жастар мен әлеумет тақырыптарын да бірге алып жүрдім. Сондықтан қазіргі таңда маған өнер тақырыбында қалам тербеу соншалықты қиын, болмаса таңсық деп айта алмаймын. Өзіңізге белгілі, жастар газеті осы жылдың қазан айынан бастап сайтқа айналды. Сол себепті, жаңа жұмыс жүйесіне һәм форматқа көшіп жатырмыз. Күнбе-күн қарбалас... Әйткенмен, редакциядағылардың біразы жалындап тұрған жас болғандықтан, лезде бұған да бейімделіп кеттік деуге болады. Ендігі сайттағы жұмысымыз жөнінде кеңінен айтар болсам, мен әлгінде айтқан «Мәдениет» бөлімінің редактор-тілшісімін. Яғни, шоу-бизнес, кино, театр, бейнелеу өнері, сән, басқа да салаларға қатысты соңғы жаңалықтарды, өнер иелерімен жүргізілген сұхбаттарды, арнайы репортаждар мен фотобаяндарды ұсынып отырамын. Өз басым күн сайын солардың барлығын бірдей қамтуға мейлінше тырысатыным бар. Айталық, бүгін бір әнші туралы жазсақ, оның әріптесі туралы тағы бір материалды келесі күнге қалдырамыз. Мақсат – оқырманды жалықтырып алмау. Өйткені, бір зат адамды тез жалықтырады ғой... Мүмкіндігінше «тыңнан түрен салуға», жұртшылықтың таңдайын қақтыруға мүдделіміз. Сөйте тұра, қазақы таным-түсініктен, өзіміздің ділімізден аттап кетпеуді мақсат етеміз. Біздің оқырмандарымыз, негізінен, 16-29 жас аралығындағы қыз-жігіттер болғандықтан, оларға тәрбиелік мәні зор болатын дүниелерді ұсынғымыз келеді. Қанша айтқанмен, олар сол «жұлдыздарға» қарап бой түзеп, үлгі алады дегендей. Тоқтала кетерлік жайт, біздің бөлімде тек қазақ өнерпаздарына басымдық берілу үстінде. Өзімізде патриоттық рух басым. Шетелді басқалары да жаза жатар... Бүгінге дейін, бір айға жуық уақыттың ішінде мен жауап беретін бөлімде бірқатар шығармашылық адамдарымен сұхбаттар жарық көрді. Атап айтсам, Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Берік Айтжанов, Досжан Табылды, т.б. танымал тұлғалармен арада өрбіген әңгімеміз оқырмандар тарапынан жоғары бағаланып жатыр. Бұйыртса, алдағы уақытта да журналистерге «ұстатпайтын» шығармашылық адамдарымен сыр-сұхбат құрып, олардың үйінен репортаж ұсынбақ жоспарымыз бар. Олардың біразы жоспарға енгізіліп қойылған, әрқайсысы өз уақытын күтіп жатыр (күліп). Қысқасы, эксклюзивті сұхбаттар мен фоторепортаждарды оқып һәм көргеңіз келсе, біздің сайтты қарай жүріңіздер...

Қуаныш Жиенбай:
– Мен aynaline.kz сайтының шеф-редакторымын. Дайындалған мақалаларды үйлестіріп, ондағы грамматикалық, саяси қателіктерін түзетумен айналысамын. Олардың танымдық жағынан барынша құнды, қысқа да нұсқа болуын қадағалап отырамын. Менің қолым қойылмаса, материал сайтқа шықпайды. Қазіргі кезде редакциямызда қазақ әдебиетіндегі жаңалықтары, жаңадан шыққан кітаптарды, жас ақындардың шығармаларын насихаттау қолға алынған. Мысалы, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 89 жасқа келуіне байланысты мақала жарияланды. Бұдан басқа жақында ғана Төлен Әбдіковтың сұхбатын берген едік, оны бір күннің ішінде 200-ден астам оқырман оқып көрді. Бұл жақсы көрсеткіш қой.

Ғабдул-ғазиз Есенбаев:
– Өмір бойы газетте жұмыс істеген тәжірибелі журналистердің қатарындамын. Жастар жаңа технологияларды игеріп, интернетте жұмыс істеуді терең меңгерген болса, газетіміз сайтқа айналғаннан кейін аяқ астынан шәкірт болып шыға келдік. Материалдар талғап беріледі: 5-6 материалдың ішінен тек біреуі ғана жарияланатын кездер де болады. Өйткені бізде контентіміздің сапалық жағы ерекше назарға алынған, бұған қоса кез келген ақпаратты елден бұрын беруді көздеудеміз.

Ләззат Кемелбаева:
– Мен сайттың «Білім» бөлімін жүргіземін. Сайт ашылғанына көп болмаса да, біраз тапсырмалар алып, білім саласына қатысты материалдар дайындап үлгердім. Жұмысымыз студент-жастармен тығыз байланысты. Сондықтан еліміздегі жоғары оқу орындары мен шетелдік білім беру саласына қатысты мазмұнды материалдар мен тың жаңалықтар беруге тырысамыз. Жастар жөнінде айтар болсам, бүгінгі жастар шетінен білімді, интеллектері жоғары. Бұл, әрине, қуантады. «Ақыл – жастан» деп бекер айтылмаған ғой, олармен сөйлесіп отырып, тың идеяларды естіп, еріксіз таңғаламын. Дегенмен, білімнің артықтығы жоқ. Білімдерін әрдайым жетілдіріп жүрсе, ешкімнен кем болмайды. «Көштен қалмай, көшбасшылыққа ұмтылу керек» дегім келеді жастарға. Бір ғана саламен шектеліп қалмай, жан-жақты дамуы қажет. Өйткені, бүгінгі қоғам соны талап етеді. Жастардың жан-жақты болғаны өзіне де, елімізге де жақсы.

Мәриям Әбсаттар:
– Мен көбінесе сайттағы мәдени, шоу-бизнес пен киноға байланысты сараптамалар жазамын. Менің ойымша, интернет журналистиканың ұтар тұсы оның шекарасыздығында жатыр. XXI ғасырды ақпарат ғасыры деп білсек, сайттың арқасында жазғанымызды тек қазақстандықтар ғана емес, шетелде жүрген қаракөз қандастарымыз да оқуға мүмкіндік алып отыр. Бұл бізге бір-бірімізді жақын тануымызға ықпал етеді. Сондықтан қазіргі таңда сайттар көптеп қажет деп ойлаймын, әсіресе, қазақтілді сайттар. Газет-журналдарға қажеттілік жойылмаса да, жастарға мобильді нұсқа арқылы сайттағы ақпарат қолжетімді және тиімді болып келеді. Сайтымыз тың мәселерді және жастарға сіңімді болар-ау формаларды іздестіру барысында. Сондықтан оқырман қауым бізге өз бағасын әлі берер деген ойдамын.

Гүлшат Хамит:
– Біз жастарға көмек ретінде жақсы тетіктер жасалса екен деген ойдамыз, сондықтан да жастар саясатына да назар аударудамыз, пайдалы кеңестер беруге тырысамыз. «Қарны ашқанға балық емес, қармақ бер» деген қағиданы негізге ала отырып, жастарға пайдалы, керек кеңес беріп, бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Осындай мазмұндағы материалдарды дәстүрлі түрде шығаратын боламыз деп ойлаймын.

Құрметті қауым! Енді сіздер де aynaline.kz сайты жөнінде хабардарсыздар! Онда берілетін материалдарды бақылап, үнемі next буынына қажет ақпаратпен қамтылған болыңыздар!
Шаруа қожалығының басшысы өз жұмысшысын атып тастады.
Қарағанды облысының Шет ауданындағы қыстақтардың бірінде шаруа қожалығының басшысы жанжал кезінде өзінің жұмысшысын басқа қол астындағылардың көзінше атып тастады, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінен.
«29 қазан күні кешке Шет ауданындағы қыстақтардың бірінде шаруа қожалығының 34 жастағы басшысы өзінің жұмысшысымен сөзге келіп қалып, оны басқалардың көзінше атып салды. Алған жарақаттардан 38 жастағы ер адам бірнеше сағаттан кейін көз жұмды», - деп жазылған хабарламада.
Шаруа қожалығы басшысы оқ атқан 16 калибрлі мылтық оның атына тіркелген.
«Ұсталған ер адамның куәгерлер жеткілікті болғаннан кейін, өз кінәсін мойындаудан басқа шарасы қалмады. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деп қосты облыстың ІІД баспасөз қызметінен.
Алматы облысында шақырылушыларды әскер қатарына шығарып салды
Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті Талдықорған қаласында «Әскер қатарына шақырылушы күні» әскери-патриоттық акциясын өткізді.
Осы акция шеңберінде әскер қатарына шақырылып отырған жастарды әскери қызметке шығарып салу рәсімі болды. Салтанатты іс-шарада жас жігіттер алдында Қарулы Күштердің ардагерлері, жергілікті атқару органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері өнегелі сөздер сөйледі. Сондай-ақ салтанатты шығарып салу рәсіміне Талдықорған қаласының 28 мектебі мен 14 колледжінің оқушылары қатысты.
Бұл жолы Алматы облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті 26 әскер қатарына шақырылушыны іріктеп алды. Олар ҚР Республикалық ұланында қызмет ететін болады.
- Жетісулық жігіттер өз жерлестері мен туған-туыстарын жерге қаратпай, лайықты Отан қорғаушылары болатынына сенімдімін, - деді Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Мұрат Дарманқұлов.
Іс-шара шеңберінде әскерге шақырылушы жастарға арналған мерекелік концерт қойылды. Оған әскери бөлімдердің көркемөнерпаздар ұжымдары, Талдықорған гарнизонының әскери оркестрі мен К.Байсейітова атындағы Талдықорған музыкалық коледжінің студенттері қатысты.
«Әскер қатарына шақырылушы күні» әскери-патриоттық акциясы күзгі әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру аясында өтуде.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
«Арыстар». Шерхан Мұртаза. Шер ағаның шерлі әңгімесі... Сенбі күні, сағат 21:20-да өткізіп алмаңыздар!
Жетісулық волейболшылар Қазақстан кубогын 7-ші рет иеленді
Ел чемпионатының жеңімпазы және ел кубогының иегері ретінде жарысты бірден жартылай финалдан бастаған Талдықорғанның «Жетісуы» биыл да Қазақстан кубогын өзінде сақтап қалды. Олар бұл жолы алдымен алаң иелерін (21:25, 25:22, 25:21, 27:25), одан кейін алматылықтарды да дәл сондай 3:1 есебімен (25-19, 19:25, 29:27, 25:19) ұтты.
Ал жартылай финалда Павлодардың «Ертіс-Қазхромынан» 2:3 (25:20, 13:25, 25:19, 23:25, 10:15) басым түскен «Алматы» волейболшылары күміс жүлдегер атанды.
Жалпы Қазақстан кубогын бұған дейін 1999 жылы Астананың «Астана қанаты» иеленсе, 2000-2005, 2007 жылдары Алматының «Рахаты» 7 дүркін жеңіп алған болатын. Енді олардың рекордын Талдықорғанның «Жетісуы» қайталап отыр.
Хромтаулық волейболшы жігіттер тұңғыш рет Қазақстан кубогын иеленді
Хромтауда 27-28 қазан күндері волейболдан ерлер командалары арасында ХХІ Қазақстан кубогының жартылай және ақтық ойындары өтті. Бұған дейін 16-23 қазанда өз алаңыңындағы ширек финалда 4-орын алып, жартылай финалға әупірімдеп жүріп өткен алаң иелерінің «ТНК Қазхромы» өз жанкүйерлерін үлкен қуанышқа кенелтті.
Олар жартылай финалда «Конденсат-Жайықмұнай» (Орал), ал финалда «Алматы» командаларын 3:0 есебімен ойсырата ұтып, өз тарихында тұңғыш рет ел кубогын иеленді. Бұған дейін оған Алматы қаласының волейболшылары 7 рет, теміртаулықтар мен семейліктер — 2, қызылжарлықтар павлодарлықтар, талдықорғандықтар — 1 мәрте қол жеткізген болатын. Атап айтқанда алматылықтардан 1993 жылы «Азамат», 1997 жылы «РКС-2» 2003-2005 жылдары «Рахат-ЦСКА», 2007, 2008, 2011 жылдары «Алматы» командалары үздік шықты. Теміртаудың «Болаты» 1996 жылы, «Испат-Карметі» 1998 жылы, ал «Семей» 2001, 2002 жылдары және Талдықорғанның «Жетісуы» 1994 жылы, Қызылжардың «Дорожнигі» 1995 жылы және «Павлодар» командасы 2012 жылы жеңімпаз атанған еді. Биыл хромтаулықтар бірінші, алматылықтар екінші, оралдықтар үшінші орынға табан тіреді.

