Алматы облысында шақырылушыларды әскер қатарына шығарып салды
Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті Талдықорған қаласында «Әскер қатарына шақырылушы күні» әскери-патриоттық акциясын өткізді.
Осы акция шеңберінде әскер қатарына шақырылып отырған жастарды әскери қызметке шығарып салу рәсімі болды. Салтанатты іс-шарада жас жігіттер алдында Қарулы Күштердің ардагерлері, жергілікті атқару органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері өнегелі сөздер сөйледі. Сондай-ақ салтанатты шығарып салу рәсіміне Талдықорған қаласының 28 мектебі мен 14 колледжінің оқушылары қатысты.
Бұл жолы Алматы облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті 26 әскер қатарына шақырылушыны іріктеп алды. Олар ҚР Республикалық ұланында қызмет ететін болады.
- Жетісулық жігіттер өз жерлестері мен туған-туыстарын жерге қаратпай, лайықты Отан қорғаушылары болатынына сенімдімін, - деді Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Мұрат Дарманқұлов.
Іс-шара шеңберінде әскерге шақырылушы жастарға арналған мерекелік концерт қойылды. Оған әскери бөлімдердің көркемөнерпаздар ұжымдары, Талдықорған гарнизонының әскери оркестрі мен К.Байсейітова атындағы Талдықорған музыкалық коледжінің студенттері қатысты.
«Әскер қатарына шақырылушы күні» әскери-патриоттық акциясы күзгі әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру аясында өтуде.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
