Мазмұнға өту

Жаңа

Дычконың шаршы алаңға қайта оралуы өзіне байланысты — Мырзағали Айтжанов

Дычко

Дычконың жағдайы Қа­зақс­тан боксының барлық жан­күйер­лерін алаңдатып отыр.

Деген­мен, ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Дычконың халі жақсарғанын айтып сендіруде, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.

«Ваня қазір өзіне келді. Денсау­лы­ғы жақсы. Алайда оның шаршы алаңдағы болашағы өзіне ғана байланысты. Әлбетте, физикалық тұрғыда біз оны жар­ты жылдың ішінде-ақ қайта бабына келтіре аламыз. Бірақ психологиялық тұрғыдан алғанда бұл нокауттан қорытындыны өзі шығаруы тиіс. Жалпы, өз басым, мұндай боксшы­ны жоғалтып алғым келмейді. Әлі жас. Өмірі алда. Егер бабына қайта келсе, әлем чемпионаттарында да, Олимпиада ойындарында да жеңіске жететін болады. Біз оған 2014 жылдың сәуіріне дейін уақыт береміз. Демалсын, тынық­сын, барлығын ұмытсын. Одан кейін не боларын көреміз. Бір­неше турнирге қатыстырамыз да, алдағы уақытта оған үміт артуға бола ма, жоқ па соны шешеміз. Бәрі жақсы болса, Дычко келесі жылы жазғы Азия ойындарына қатысады», — дейді Мырзағали Құ­ланұлы.

   
0
0
663

«Барыс» клубы В.Крикуновтың командасымен ойнайды

Бүгін Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Нефтехимик» (Ресей, Нижнекамск) командасын қабылдайды.

Бүгінде Нижнекамск қаласының хоккей клубын «Барыстың» экс-бапкері Владимир Крикунов жаттықтырады. Ол үшін биылғы чемпионат сәтті басталды. Команда алғашқы ойында «Ақ Барсты» (Қазан) жеңді. Алайда кейінгі уақытта 8 рет қатарынан ұтылды. Ал соңғы екі матчта «Нефтехимик» хоккей клубы «Юграны» 6:3 есебімен ұтса, «Автомобилистке» (2:3) жол беріп қойды. Қазір бұл команда Жоғары хоккей лигасының жалпы турнирлік кестесінде 23-ші орында тұр. Оның еншісінде 23 ұпай бар. «Барыстың» ұпай саны екі есе артық — 46. Сырт алаңда өткізген соңғы төрт ойында команда өз қарсыластарын жеңе білді. Бірақ өз алаңында болған екі матчта «Металлург» (Магнитогорск) және «Тракторға» (Челябі) жол беріп қойды. Соған қарамастан, Астана қаласының хоккей клубы жалпы турнирік кестенің 4-ші орнын сақтап келеді.

Айта кетейік, бүгінгі ойын кешкі сағат 19:00-де басталады. Оны «KAZsport» телеарнасы тікелей эфир арқылы көрсетеді.

   
АСТАНА. ҚазАқпарат - Автор: Арман Асқаров
 
0
0
196

«Алтын доптан» үміткерлер белгілі болды

«Алтын доп»

Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) «Алтын доптан» үміткер аяқ доп шеберлерінің тізімін жариялады. Бұл туралы қауымдастықтың ресми сайты хабарлап отыр.

«Алтын допқа» үміткерлер арасында 2012/2013 маусымдағы Чемпиондар Лигасының жеңімпазы мюнхендік «Бавария» сапынан 6 бірдей футболшы еніп отыр.

«Алтын допқа» үміткерлер тізімі:

Гарет Бэйл («Реал», Уэльс), Луис Суарес («Ливерпуль», Уругвай), Эдинсон Кавани («ПСЖ», Уругвай), Радамель Фалькао («Монако», Колумбия), Эден Азар («Челси», Бельгия), Златан Ибрагимович («ПСЖ», Швеция), Андрес Иньеста, Хави (екеуі де — «Барселона», Испания), Филипп Лам, Бастиан Швайнштайгер, Томас Мюллер, Мануэль Нойер (барлығы да — «Бавария», Германия), Месут Озил («Арсенал», Германия), Роберт Левандовский («Боруссия», Польша), Лионель Месси («Барселона», Аргентина), Тиаго Силва («ПСЖ», Бразилия), Неймар («Барселона», Бразилия), Андреа Пирло («Ювентус»,Италия), Франк Рибери («Бавария», Франция), Робин ван Перси («Манчестер Юнайтед», Нидерланды), Арьен Роббен («Бавария», Нидерланды), Криштиану Роналду («Реал», Португалия), Яя Туре («Манчестер Сити», Кот-д’Ивуар).

Сонымен қатар 2013 жылдың үздік бапкеріне 10 үміткердің де есімдері белгілі болды. Олардың қатарында экс-бапкерлер сэр Алекс Фергюсон (Манчестер Юнайтед) мен Юпп Хайкес (Бавария) те бар.

2013 жылдың үздік бапкеріне үміткерлер:

Карло Анчелотти («Пари Сен-Жермен»/»Реал»), Рафаэль Бенитес («Челси»/»Наполи»), Антонио Конте («Ювентус»), Висенте дель Боске (Испания ұлттық құрамасы), Алекс Фергюсон («Манчестер Юнайтед» экс-бапкері), Юпп Хайнкес (Бавария» экс-бапкері), Юрген Клопп («Боруссия» Д), Жозе Моуринью («Реал»/»Челси»), Луис Фелипе Сколари (Бразилия ұлттық құрамасы), Арсен Венгер («Арсенал»).

«Алтын доп» иегері ұлттық құрамалардың бас бапкері мен команда капитаны, және ФИФА қауымдастығына мүше бір тілшінің дауыс беруі арқылы анықталады. Желтоқсан айының басында басты үміткер 3 футболшының есімі белгілі болмақ. Ал «Алтын доп» иегері мен жылдың үздік футболшысын ФИФА 13 қаңтарда Цюрихтегі салтанатты кеште мәлімдейтін болады.

Естеріңізге сала кететін болсақ, үш жыл бойы бұл мәртебелі атақты Лионель Месси иеленіп келеді. Ал өткен жылдың ең үздік бапкері болып Испания ұлттық құрамасының маманы Висенте дель Боске танылған болатын.

 
0
0
570

Лаура Мырзақоңырованың «Дәмді Әлемі»

Айжан Кәрібаева

журналист

Лаура Мырзақоңырова Ақтау қаласында тұратын қазақтың қарапайым қызы. Қазірде Маңғыстау облысы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ал бос уақытында жанұясын тәтті тағамдарымен қуантып, оның жасалу жолдарын басқа да қыз-келіншектермен өз блогында бөлісіп отырады. Бүгінде Лаура бізге damdialem.blogspot.com блогы жайлы айтып беріп, арнайы «Екпін» үшін ерекше бір тәттісінің жасалу жолын көрсетті.


- Жалпы аспаздық блогын жүргізу идеясы қалай келді? Блогты қашаннан бастап жүргізе бастадыңыз?

- Барлығы инстаграмға әзірлеген тағамдарымның және тәттілерімнің суреттерін қоюдан басталды. Инстаграмдағы достарым сурет қойған сайын рецепт сұрайтын болды, рецепті бір жаздым, екі жаздым, соңында өзім шаршап кетіп, ойыма бір блог ашу келді. Сөйтіп компьютер алдына отырып, бірден блог ашуды жөн көрдім. Блогты қалай атарымды білмей, таңға дейін отырғаным әлі есімде (күліп). Ұйқы қысып бара жатса да, "блогты ашпай, ұйықтамаймын" дедім, әйтеуір таңға жақын "Дәмді әлем" деген атау ойыма сап ете түсіп, блогымды сонымен солай атап кеттім. Міне, осы айда блогыма 1 жыл болды, 1 жылдың ішінде 100 рецепт салып үлгеріппін.

- Блог жүргізудің жалпы өзіңізге қандай пайдасы тиеді?

- Негізі блогтың маған тиер ешқандай пайдасы жоқ, бұл тек менің хоббиім және де қыз-келіншектерге көмек болсын деген ниет!

- Қанша жасыңыздан бастап тағам әзірлеуді үйрендіңіз? Біреу үйретті ме?

- Алғаш рет тамақты 3-сыныпта оқып жүргенімде, яғни 9 жасымда жасағанмын, інім "дұрыс піспеген" деп сын айтқан еді. Жалпы әр қыз баланың тағам пісіруде алғашқы ұстазы анасы болады, менің де алғашқы ұстазым ол - аяулы анам! Анам - аспаз! Бала кезімнен үнемі қасында жүріп, неше түрлі тағамдарды жасауды үйрендім ол кісіден.

- Көбінесе қай елдің асханасы ұнайды? Қандай тамақтарды жасағанды ұнатасыз?

- Маған ащы тағамдар ұнайды, сондықтан қытай тағамдарын жаным сүйеді. Үйде де анда-санда қытайдың тағамдарын жасап тұрамын, себебі жолдасым да ұнатады. Көбінесе қою тағамдардан гөрі сорпаны жақсы көремін, қажет болса аптасына 7 рет болса да жасай беруші едім.

- Блогыңыздағы жеңіл рецептерді қайдан табасыз?

- Негізі тағамдарды бала кезімнен жақсы жасасам да, тәттілерді пісіруді күйеуге шыққан соң бастадым. Басында көмекшім интернет болды, гуглдан шықпайтын едім, кейін кейбір рецептер ойдан да шыға беретін болды, бірақ кейде ерекше бір нәрсе пісіргім келсе, интернеттен қарайтынымды жасырмаймын.

- Жалпы өз тәжірибеңізден шыққан тамақ жасаудағы 1-2 құпияларыңызбен бөліссеңіз?

- Тамақ жасау да бір өнер! Бірақ кез келген адам, тамақты Аллаһтың атымен, яғни "Бисмиллаһ" сөзімен бастаса, жасалған тағамның дәмді болатынына күмәнім жоқ.
Құпияға келер болсақ, тағамның ең маңызды бөлігі ет екені бәрімізге мәлім, яғни тағамның дәмді болып-болмауы еттің дәмді пісуіне байланысты.

Бір-екі рет қыздар менен қуырылған еттің жасалу жолын сұраған болатын. Негізі құпия дейтіндей құпия емес, кеңес дейінші, етті қызған майға салып қуыру керек, 2-3 минут қуырғаннан кейін тұз салу қажет, кейбіреулері ет қатайып кетеді деп, тұзды ет піскеннен кейін салуға кеңес беріп жатады, бірақ маған сеніңіздер, бірден тұз салсаңыз, ет піскенше тұзы сіңіп, дәмі керемет болады. Сонымен етті қуыру барысында тұздап, өзінің шырыны шығып, таусылғанша қатты отта пісіру керек. Шырыны таусылып, ет қазанға жабыса бастағаннан бастап, 1 стақан су құйып, отты баяулатып, жай отта суы таусылғанша пісіресіз, барлық құпия осы!

- Басқа да қандай хоббиларыңыз бар?

- Жұмыстан келгенімде тек қана тамақ жасауға және балаларға қарауға ғана әлім жетеді, сондықтан хобби дейтіндей басқа нәрселерге көңіл бөлмеймін де. Бірақ анда-санда ән айтып қоямын, бала кезімдегі арманым әнші болу еді.

- Тамақ жасауды қиынсынатын немесе қолымнан келмейді дейтін қыздардың құлшынысын арттыру үшін қандай кеңес айтар едіңіз?

- Қыз-келіншектерге айтар кеңесім, тәтті тағам әзірлеу кез келгендеріңіздің қолынан келеді, тек ең бастысы ықылас болуы керек. Бір жасағаннан бәрі керемет болып шыға келмейді, менде де кезінде дәмсіз тағамдар, езіліп кеткен күріш, күйіп кеткен ет, шикі піскен тәттілер болды, бірақ оған қарамастан мен қайта-қайта сол тағамды жақсы шыққанға дейін жасай бердім, менің қолымнан келді, ендеше сіздердің де қолдарыңыздан келеді деген сөз! Ең бастысы, нәтиже шыққанға дейін еңбек ету, сол кезде көздеріңізді жұмып тұрып-ақ дәмді тағам жасап, қазір мен ұқсап, басқа қыз-келіншектерге кеңес беріп отырасыздар.

Бұл тортты арнайы "Екпін" журналы үшін жасадым.

Торттың түрі шынымен де бархатқа ұқсайды. Дәмі де түріне сай жақсы деп айта аламын. Дастарханыңыздың сәні болады. Сондықтан осы тортты жасап қонақтарыңыздың қуанышына бөленіңіз!


Құрамы:

Жұмыртқа - 4 дана

Қант - 1 стақан

Сүт - 1 стақан

Маргарин - 200гр

Ұн - 2,5 стақан

Разрыхлитель - 1

Ванилин - 1

Қызыл бояғыш (пищевой краситель) - 0,5 шай қасық


Кремі үшін:

Ақуыз - 2 дана

Қант - 1,5 стақан

Лимон тамшысы 4-5

Су - 0,75 мл


Арасына:

Консервіленген жемістер

Киви - 2 дана

Үстіне - қант пудрасы


Алдымен жұмыртқаға қант салып, миксермен көпіртіп араластырамыз.


Маргаринді ерітіп,


көпірген жұмыртқа және қантқа құйып,


араластыра береміз.


Енді сүт құямыз.


оны да араластырып,


бояғыш саламыз.



Барлығы қызыл түске боялғанға дейін араластырамыз.


Ұн салып,


араластырамыз.


Формамызға құйып, 180°-та 45 минут шамасында пісіреміз.


Салқындағанша күтеміз, үстінгі артық биіктеу бөлігін кесіп алып тастаймыз.


Блендерға салып,


ұсақтаймыз.


Дайын тәттімізді екіге бөліп,


кивиді тураймыз.


Консервідегі жемістер осындай!


Осылай дайындап қоямыз да,


крем дайындаймыз. Кремді дайындау жолы damdialem.blogspot.com'да бар. Бірінші ақуызды миксермен көпіртіп, шамамен 7-8 минут араластырамыз. Ақуыз аппақ қардай болып қоюлануы керек. 1,5 стақан қантқа 0,75 мл су құйып, лимон тамшыларын тамызып қайнатамыз. Қайнату уақыты 5-10 минут арасында болады. Яғни шәрбеттің түсі біраз сарғайып қоюланса, дайын деген сөз! Сол қайнаған шәрбетті аппақ ақуыздың үстіне жайлап құйып тұрып, миксермен тоқтамастан араластырамыз. Крем әбден қоюланғанша тоқтатпау керек. Сонымен төмендегідей қою крем шығуы тиіс.


Екіге бөлінген тәттінің үстіне крем жағып жемістерімізді жайғастырып, екінші бөлігімен жабамыз да,


осының үстіне крем жағамыз. Мен үстіңгі кесілген бөлігін астына жібердім де, астын үстіне қараттым, сондықтан беті тегіс болып тұр суретте.


Тәттімізді толықтай креммен қаптап тастаймыз.


Ұнтақтарды жанына және үстіне сеуіп, қаптаймыз.


Енді жазуды бетіне қалай түсіру керектігін түсіндіріп кетейін. Бір қағазға керекті жазуды жазып,


ойып алып тастаймыз.


Дайын торттың үстіне


қағазымызды қойып,

қант пудрасын сеуіп шығамыз.


Осындай жазу шығады.

8
8
9401

Бесік жыры, «Әлди, әлди бөпешім»

Өлең авторы – Айгүл Сағымбайқызы

 

Әлди, әлди бөпешім,

Әнімді айтып берейін.

Аялап, сені жүрейін,

Өскеніңді, көрейін.

 

Былдырлаған тіліңнен,

Айналайын бөпешім.

Таптым, бақыт өзіңнен,

Ұйықтай ғой, енді көкешім.

 

Сұрап алдым Алладан,

Тапқан жоқпын даладан.

Өзіңде ғой бар арман,

Болдың бізге сен жалған.

 

Әлди, әлди бөпешім,

Бақыт саған тілегім.

Ұйықтайғой енді көкешім,

Алтын менің бөпешім.

1
1
38480

Астанада әскерге шақырылған бозбалаларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті

Мұхамеджан Таласов, ҚР Қарулы күштері Бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы:
Бүгін елордада жас жігіттерді әскер қатарына шақырып салу үшін жиналдық. Биыл әскер қатарына, Қорғаныс министрлігіне 1500 адам шақырылды. Барлығының білімдері жоғары, психологиялық тексеруден өткен. Арасындағы ең жақсылары бүгін сапта тұр.

Салтанатты шара «Отан  Ана»  ескерткішіне гүл себетін қойып, 1 минуттық үнсіздікпен басталды. Іс-шараға әскерге дейінгі және әскер жасындағы 2000 астам бозбала қатысты. Жалпы, биыл әскерге еліміз бойынша 1500 азамат шақырылса, оның ішінде 380-і Астанадан.

Бақытжан Кабиев, жас сарбаз:
Мен Еуразия Ұлттық университетін бітірдім. Өзім – астаналықпын. Әскерге біріншіден, Отанымды қорғап, өзімнің жауынгерлік міндетімді атқару үшін бара жатырмын. Екіншіден, жоғары оқу орнын құқықтану мамандығы бойынша бітірдім. Ал, мамандығым бойынша жұмысқа орналасу үшін әскери билет қажет. Сол себепті де әскерге аттанып барамын.

Шұғыл әскери қызметін өтеуге шақырылғандарды шығарып салу рәсімі «Астана жастары мен әскер - біртұтас» атты әскери – патриоттық  акциямен жалғасын тапты. Акция барысында әскери техника, атыс қару-жарақтары, әскери киім үлгілерінің  көрмесі өтті. Сонымен қатар, жас сарбаздар мен алаңға келушілер ҚР ҰҚК «Арыстан» арнайы жасағы, ҚР ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі, ҚР ҚМ «Қалқан» бірінші арнайы  мақсаттағы десанттық шабуылдаушы батальоны арнайы оқу-жаттығу әдістерін көрсетті.  Сондай-ақ, алаңға келушілер әскери ботқадан дәм татты.

ASTANA.KZ

0
0
678

Қазақстан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Алматы өңірлік гарнизонында жұмыс сапарымен болып қайтты

Аэроұтқыр әскерлердің қолбасшысы генерал-майор Дәулет Оспанов Министрге Аэроұтқыр әскерлердің бөлімдеріндегі істің ағымдағы жай-күйі – жеке құрамның жауынгерлік даярлығы, бөлімдердің техникалық жарақтандырылуы туралы баяндап, 38-десанттық-шабуыл бригадасының инфрақұрылымымен таныстырды.

Әділбек Жақсыбеков қазақстандық бітімгершілік бригадасының жеке құрамымен кездесіп, әңгімелесті.

-    Сіздер Қазақстан әскерінің элитасы болып табыласыздар. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – еліміздің Президенті Аэроұтқыр әскерлерге ерекше көңіл бөледі және біздің армиямыздың ұтқыр әрі кәсіби болуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Сіздердің «Дала қыраны» және «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығуларына қатысуларыңыз беделді шетелдік сарапшылардың жоғары бағасын алып, Қазақстан армиясының соңғы жылдар ішінде сапалық жаңа көрсеткіштерге қол жеткізгенін дәлелдеді, - деп Әділбек Жақсыбеков атап өтті.

Министр Аэроұтқыр әскерлер тыныс-тіршілігінің барлық аспектілерін тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауында ұстайтынын атап өтті. Екі жыл бұрын ҚР ҚК Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының алдына Аэроұтқыр әскерлерінің Алматы және Қапшағай гарнизондарындағы инфрақұрылымын дамыту жөнінде міндет қойылған болатын. Бүгінде дамытудың түйінді мәселелері шешілген, Әділбек Жақсыбеков байқағандай бұл бағытта биылғы жылдың басынан бері орасан зор ауқымда жұмыс атқарылған.

ҚР ҚК Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы генерал-майор Николай Қуатов Министрді жоғары  оқу орнының спорт кешенінің күрделі жөндеу барысымен таныстырды. - Елбасының жолдауында жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес жоғары оқу орындары оқыту әдістемесін жаңғыртып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және білім берудің қазіргі заманғы онлайн жүйелерін белсенді түрде дамытуы тиіс. Курсанттардың дене даярлығы жоғары деңгейде болуы қажет., ал біз сол үшін жағдай жасаумен қатар дене даярлығының қазіргі заманғы стандарттарын қолдануымыз қажет, - деп Әділбек Жақсыбеков жоғары оқу орнының басшылығымен болған кездесуде атап өтті. (Анықтама ретінде: Құрлық әскерлерінің институты батальон және рота буынындағы офицерлерді, сондай-ақ батальон және рота сержанттарын курстық даярлау жүргізеді).

Армия орталық спорт клубының аумағында да ауқымды құрылыс қанат жайған.  ҚР Қорғаныс министрі барлық салынып және жөнделіп жатқан нысандарды аралап көрді. – АОСК офицерлерінің есімдерін қазастандықтар мақтанышпен атайды. Капитандар Серік Сәпиев пен Ольга Рыпакова олимпиадалық алтын медальдарымен Қазақстанды әлемге паш етті. Біржан Жақыпов бокстан әлем чемпионатында ел қоржынына алтын жүлде әкелді.  Армия спорты әрқашан биікте болуы үшін болашақ олимпиядашылар жаттығатын спорттық базалар барлық халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс. Сондықтан да бұл мәселе менің тікелей бақылауымда және біз АОСК барлық спорттық базаларын жаңарту жөнінде орасан үлкен жұмыс атқардық, - деп Әділбек Жақсыбеков атап өтті.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
349

Теріс діни ағымдардың ортақ белгілері

«Baq.kz» ақпараттық порталы. ҚР Дін істері агенттігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері А.Омаровтың «Теріс діни ағымдардың ортақ белгілері» атты мақаласы

Жат діни ағымдарды дәстүрлі діндерден айыра білу – зайырлы қоғам жағдайында діни сауаттылық деңгейінің басты өлшемінің бірі болып табылады. Кез келген діннің негізін иман (Жаратушыға жүрекпен нану) және тағат (сыртқы ғибадат) деген екі бөлік құрайды. Иман – ақыл мен адамшылықтың бәрін де сиғызады. Ал, тағаттың шеңбері тар, ол шеңбер белгілі бір әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қалыптастырудан аса алмайды.

Айтайын дегенім, халықтың дін құмарлығы иман мен тағаттың реттілігі мен арасалмағы сақталу тұрғысынан тексеріліп, реттеліп отыруға тиісті. Мәселен, тағаттың дамуы жоғары болып, ал иманның кенжелеп қалуы жақсылыққа апармайды. Осымен, тақырыбымызға келейік. Шын дінді шатақ діннен айырудың тәсілдерін халыққа жеткізу дінтанушы мамандардың маңызды міндеті. Төменде үш тәсілді қарастырмақпыз.

Інжілдің де, Құранның да өзегі – мейірім, әділет. «Дін де осы шын ойласаң, тағат та осы» дейді Абай. Дәстүрлі діннің ешбірі «қатігез бол, жамандық жаса» демейді. Егер мешітке намаз оқуға барып жүрген мектеп жасындағы немесе студент балаңыздың мінез-құлқынан қатігездік белгілері байқалса, айталық, ата-ананың тілін алудан бас тартса, оқу үлгерімі төмендесе, онда болды, бітті, мұны жат діни ағымның теріс ықпалы деуге әбден болады. Ал, егер оның ісінде қайырымдылық, жүзінде мейірімділік көбейсе, былайша айтқанда, жүрегі жұмсара бастаса, әңгіме мүлде басқа. Солай болуға тиісті қалыпты жағдай міне, осы. Өйткені, адам жүрегі Тәңіріні танып-білу, хикметін сезу арқылы жұмсарады. «Жүрегі жұмсақ білген құл» (Абай). Міне, жоғарыда айтылған иман мен тағаттың арақатынасы осы арада бой көрсетеді.

Сонымен, жат ағымдардың әуелгі белгісі – адам жүрегіне төзімділік пен сүйіспеншіліктің емес, өзімшілдік пен қатігездіктің дәнін себуі. Айғақ іздеп, алысқа ат айдаудың қажеті шамалы, қазіргі таңда намаз оқып тұрған, өзін кәміл мұсылман, өзгелерді кәпір санайтын, түсі суық «салафист» діндарды кез келген мешіттен көзіңіз көреді. Шынында «кәпір» сөзінің араб тіліндегі төл мағынасы «мейірімсіз» (сауаты таяз кісі оның «дінсіз» деген терминдік мағынасын ғана біледі).

Шатақ діндерге тән келесі белгі – дәстүрлі дінді қабылдамай, оның жергілікті ерекшеліктеріне өре түрегеліп, қарсы тұруы. Бұл христиандық және исламдық діни топтарға ортақ әрекет. Әрбірі өзінің «ілімін», Құдайға табыну рәсімдерін ұсынып әлек. Сол себепті олар сектаға жатады. Өкінішке қарай, қалыптасқан діни дәстүрді бұзуға, тәркі етуге бағытталған жаңашыл, төңкерісшіл рух жастардың қызығушылығын тудырып, ой-санасын тез жаулап алады. Демек, Қазақстандағы діни ағымдардың қайсысы еліміздегі екі дәстүрлі дінді (ислам, православие) қабылдамаса, сол арқылы қоғам тұтастығына жік түсірсе, сол ағымды жат немесе шатақ дейміз. Дәстүрлі дінді терістеп, оның жамағатынан өздеріне мүше тарту әрекетін «прозелитизм» дейді.

Енді шын дінді шатақ діннен айырудың үшінші белгісіне келейік. Әр халыққа отбасылық және ұлттық құндылықтар тән. Егер қай дін, қай ағым болмасын жергілікті әдет-ғұрыпты сыйламаса, оларды сыртқа тебетін болса, бұл оның шатақ дін екенінің айқын айғағы. Ғылым тілінде бұл дертті «космополитизм» дейді.

Кейбір ислами топтардың ұлттық мәдениетімізден мұсылманшылықты бөліп алып, екеуін соғыстыра бастағаны белгілі. Олардан «Сендер кімсіңдер?» десең, «Мұсылманбыз» дейді, «Ұлтың кім?» десең, «Ұлтымыз жоқ, біз мұсылманбыз» дейді. Мұның аты қоғам тұтастығына жік түсіру емей не. Діндегі «біз» және «олар» деген бөлініс пен кешегі кеңестік дәуірдегі «бай» және «кедей» деп екі тапқа бөліну арасында айырма шамалы.

Сол сияқты ері – бір, әйелі – екінші дінде болса, бұл жақсылыққа бастамайды. «Иегова куәгерлері», «Кришна Санасы», «Муна Шіркеуі» сияқты жат ағымдар талай отбасының күйреуіне өз «үлестерін» қосты. Жалпысында, жаңа діни қозғалыс өкілдері өздерін Құдайдың әмірі мен ізгі хабарын таратушылармыз деп біледі. Сөйте тұра, әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан, мейірім, әділетке қызмет ететін салт-санасын, тәрбиелік жүйесін күйретіп жүргенін өздері де аңдамайды.

Теріс ағымдарға тән негізгі үш белгі – нышан осылар.

Қайталап айтқанда, Құдайға таза құлшылық қылу желеуімен адам санасына қатігездік идеясын (адамды туысынан, туған жерге сүйіспеншіліктен айыру) сіңдіру, бір діндегілерді «біз және олар» деп бөлу және ұлттық мәдениетті тәркі ету (космополиттік көзқарасты уағыздау) барлық секталар мен шатақ діндердің ортақ сипаты һәм қаруы болып табылады. Сондықтан, оларды әшкерелеу экстремизммен күресудің басты бағыты.

Қазақтың ағайыншылық қасиеті мыңдаған жылдар сақталды. Інжіл мен Құранды тек мейірімділік, әділет, ғылым жайлы аяттар ғана көктей өтеді. Ендеше бұлардан тыс идеяларды тықпалау, оларды қасақана бұрмалау білместік һәм киелі мәтінді теріс оқығандық болады.

Сөз соңы, зайырлы мемлекет тағатты емес, иманды бекіту, өсіруге мүдделі. Басқаша айтқанда, діндарлықтың орнына ғылымды және қоғамның интеллектуалдық байлығын арттыру маңызды. Сондай-ақ, осы заманның талабы – жастарды ғылым-білімге үйір қылу, адал еңбекке баулу екені талассыз ақиқат.

Асан Омаров, ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері

http://din.gov.kz/kaz/press-sluzhba/publikacii/?cid=0&rid=1448

0
0
1762

Дін істері агенттігінің төраға орынбасары М.Әзілханов Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Омер Бурхан Тузельмен кездесті

2013 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төраға орынбасары Әзілханов Марат Алмасұлы Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Омер Бурхан Тузельмен кездесті.

Кездесу барысында Түркиямен дін саласындағы кейінгі ынтымақтастық пен Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы Діни істер басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумды әзірлеу мәселелері қарастырылды.

 
0
0
469

Елімізде жол-көлік оқиғаларының өсуіне автокөлік паркінің артуы да әсер етуде — ҚР ІІМ.

Жыл басынан бері 15 мың жол-көлік оқиғалары болды. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 60 пайызға жуық деңгейге жоғары. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха айтты. Оның сөзіне қарағанда, осы ахуалдың бірқатар себептері бар. Мәселен, соңғы жылдары елімізде автокөлік паркі күрт артып отыр. 2007 жылы 2 миллионнан астам автокөлік болса, бүгінде көлік саны 4 млн.100 мыңға жетіп отыр.    Осы орайда комитет басшысы республикадағы жол инфрақұрылымы өткен ғасырдағы көлік ағымына есептелгенін, ал қазіргі кезде тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндігін сөз етті. «Қалалардағы инфрақұрылымдар бойынша кемшін тұстар баршылық. Атап айтқанда жер асты және жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері өте аз. Қалалардағы көшелердің ені бойынша мәселелер бар. Сонымен қатар республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарға қатысты жасайтын шешімдер керек. Бүгінде жолдар жөнделіп, жақсы жолдар салынуда. Алайда, тиісті инфрақұрылым мен қауіпсіздік жағдайлары қалыс келе жатыр. Сондықтан да бұл себеп-салдар жолдарда апаттылықтың артуына алып келеді»,-деді ол.
И. Лепеха жер асты және жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері негізінен Астана мен Алматы қалаларында қамтылғанын, ал қалған облыс орталықтарында жоқтың қасы екенін сөз етті.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы 11 қазанда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың мерт болуы көрсеткіштерінің өсуіне алаңдаушылық білдірген еді.
«Қараңыздар, өткен жылы жолдарда 2145 адам қаза тапты. Осы жылдың 9 айында 2273 адам мерт болды», - деді ҚР Президенті отырыс барысында. Ал жарақат алғандар - 22 мыңға жеткен.
Сонымен қатар Елбасы жол ережесін бұзушыларға қатысты заң талаптарын күшейту қажеттігін баса айта келе: «Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші - қылмыскер. Оны бізде бар заңмен барынша қатаң жазалау керек немесе бұл заңдарды күшейту қажет», - деді.
Осы ретте ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымов қазіргі заңға сәйкес жаза қатаңдатылғандығын баса айтты.
«Қауіпсіздік кеңесімен біздерге тағы не істеу керектігін ойластыр. Бұл - барып тұрған тәртіпсіздік. Адамдардан айырылудамыз. Біз мында оларды емдеп, олардың санын әрі өмір сүру ұзақтығын арттырғымыз келеді. Ал жолда олар мерт болуда»,- деді Елбасы.

0
0
506