Мазмұнға өту

Жаңа

«Нұр Отан» партиясының қалалық қоғамдық қабылдау бөлмесі

«Нұр Отан» партиясының қалалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде қалалық кірістер бөлім басшысы Мұсаев Мейрам Мырзанұлы қала тұрғындарын қабылдады. Қабылдауда болған Биготанов Қайсар Сұлтанұлы өз тарапынан қойылған жеке сұрақтары бойынша толықтай жауап алды. «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының қоғамдық қабылдау жұмысы бүгінде тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерін анықтап, оларды оңтайлы шешу жолдарын қарастыруда жоғары маңызға ие. Сондықтан бүгінгі қоғамдық қабылдау кезінде көтерілген мәселелердің барлығы жауапсыз қалмай, жақын арада шешімін табады, – дейді Мейрам Мырзанұлы.

0
0
1523

Ақмола облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың мәліметтері негізіндегі 2015 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстар және құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғаларға қатысты мониторинг

Сыбайлас жемқорлықтың нақты жай-күйін, оның пайда болуының, болмысының нақты себептері мен жағдайларын білмей, оған қарсы тиімді күрес жүргізу мүмкін емес.

Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік қызмет істері  министрінің          2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 16 бұйрығымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидаларын» басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаменті   (бұдан әрі - Департамент), 2015 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын және құқық бұзушылықтар жасаған мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғаларға қатысты  мәліметтерді өңдеді. Бұл мәліметтер  Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Ақмола облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасына  (бұдан әрі – ҚС және АЕБ ) тиісті сауал жіберу арқылы алынды.

2015 жылы  бес жылдық уақыт аралығын (2010-2014 ж.ж.) қамти отырып жүргізілген осы іспеттес жұмысты атап өткен жөн. Талдау қорытындылары орталық аппаратқа жіберілді және облыстағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қаупін анықтау және азайту үшін бастамашылық  талдаулар  жүргізуге негіз болды.

Талдаудың мақсаты: өңірдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін зерделеу, сыбайлас жемқорлыққа бейім құрылымдарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына  ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау.

Мәліметтерге жүргізілген талдау 2015 жылдың қарастырылған кезеңінде ҚС және АЕБ-де мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалар тарапынан 142 сыбайлас жемқорлық іс-әрекет фактілерінің тіркелгендігін көрсетті (соның ішінде аудандар мен қалалар кесінінде:  Көкшетау қ. – 43, Степногорск қ. – 2, Ақкөл – 12, Аршалы – 2, Астрахан -0, Атбасар – 3, Бурабай – 15, Бұланды – 0, Еңбекшілдер – 10, Егіндікөл – 10, Ерейментау – 4, Есіл – 4, Жақсы – 0, Жарқайың – 0,Зеренді – 4, Сандықтау – 3, Қорғалжын – 2, Целиноград – 12, Шортанды – 16).

2014 жылмен салыстырғанда (129 факт) тіркелген сыбайлас жемқорлық сипатындағы  әрекеттер санының 9,1%-ға ұлғайғанын атап өту керек.

Жауапкершілікке тартылған тұлғалардың басым бөлігі немесе 87%-ы – мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Талдау көрсеткендей, жауапкершілікке тартылғандардың жалпы санының   76%-ы ер адамдар болған. Бұл, әйел адамдардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне тұрақтылық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар, 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Ақмола облысындағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 63%-ын әйел адамдар құрайтынын атап өткен жөн.

Жауапкершілікке тартылғандардың жастық құрылымы төмендегі жастарды құрайды. 30 жасқа дейін 12 адам (5 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, 7 сыбайлас жемқорлық қылмыс), 30-дан 40-қа дейін – 61 адам (тиісінше 29 және 32), 40-тан 50-ге дейін – 61 адам (тиісінше 12 және 22), 50-ден үлкен – 34 адам (тиісінше 9 және 26).

Жауапкершілікке тартылғандардың үштен бірі басшылық құрамға жататынын атап өткен жөн. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық органдардың аумақтық бөлімшелерінің  арасында градация жүргізе отырып, басшылық құрамның жауапкершілікке тартылуының атқарушы құрамға қатынасы анықталды. Жергілікті органдар бойынша 87 фактінің 46-сында  (немесе 53%) басшылар жауапкершілікке тартылған (ауылдық округтердің әкімдері, дербес және аумақтық бөлімдердің басшылары, орталықтармен бақшалардың директорлары, т.б.), аумақтық бөлімшелер бойынша 55 фактінің ішінен басшыларды жауапкершілікке тартудың  6 эпизоды тіркелген.

І. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары

Сыбайлас жемқорлық іс-қимылдардың жалпы санының 87-сін  немесе 61,3%-ын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар құраған болса (2014ж. - 71), оның   55-і немесе  63,2% -ы жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерінің (Құрылыс басқармасы – 2, Дене тәрбиесі және спорт басқармасы – 3,  қалалар мен аудандардың әкімдерінің аппараттары - 15 (Целиноград ауданы – 4, Егіндікөл ауданы – 4, Еңбекшілдер ауданы – 3, Есіл ауданы – 2, Ерейментау ауданы – 1, Шортанды ауданы – 1), әкімдіктердің дербес бөлімдері – 35 факт, соның ішінде ауыл шаруашылығы бөлімдерінде  - 14 (Зеренді ауданы – 2, Сандықтау ауданы – 1,                                    Егіндікөл ауданы – 2, Ақкөл ауданы – 2, Атбасар ауданы  – 2, Шортанды ауданы – 2, Қорғалжын ауданы – 2, Бұланды ауданы – 1), сәулет және құрылыс бөлімдерінде - 5 (Көкшетау қ. – 2, Ақкөл ауданы – 3), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінде - 8 (Көкшетау қ. - 2, Степногорск қ. - 1, Еңбекшілдер ауданы – 1, Бурабай ауданы – 2, Астрахан ауданы – 1, Сандықтау ауданы – 1), білім бөлімдерінде - 2 (Аршалы ауданы – 1, Еңбекшілдер ауданы – 1), Зеренді ауданының ветеринария бөлімінде – 2, Ерейментау ауданының дене тәрбиесі және спорт бөлімінде  – 1, Сандықтау ауданының жер қатынастары бөлімінде – 1,   Ерейментау ауданының экономика және қаржы бөлімінде – 1, Есіл ауданының кәсіпкерлік  және өнеркәсіп бөлімінде  – 1), 24 немесе 27,6% орталық ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінің үлесінде  (ішкі істер органдары – 18 факт, ҚР АШМ АӨК Есіл аудандық аумақтық инспекциясы – 1, көліктік бақылау инспекциясы – 2, мемлекеттік кіріс органы – 2 (салықтық әкімшілендіру, салықтық тіркеу, салық есептілігін қабылдау және өңдеу бөлімі, ұйымдастыру-құқықтық жұмыс бөлімі) және 8 немесе 9,2% басқаларға қатысты (Орман шаруашылығы комитетінің Қорғалжын мемлекеттік қорығы -1, Мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекеме – 2,  Степногорск  қ. «№1 Балдырған бала бақшасы» МКҚК – 1, Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы – 1, Сандықтау балалар-жасөспірімдер спорт мектебі – 1, №1сервистік-техникалық колледж» - 1,  Бурабай ауданының «Бурабай ветсервис» ШЖҚ МКК  – 1).

Ауыл шаруашылығы саласынан мысал келтірейік (Департаменттің өз ақпараты). Бұл салада субсидиялауға қатысты нақты параметрлер мен талаптар белгіленіп, осы саланы реттейтін талаптарға жауап бермейтін мал мен ауыл шаруашылық өнімдері субсидиялауға жатпайтыны көрсетілген. Осыған қарамастан, «Бұланды ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ (бұдан әрі - Бөлім) белгіленген талаптарды өрескел бұзып, қызмет алушылардың мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруға субсидия бөлу жөніндегі талаптарға сәйкес келмейтін өтініштерін негізсіз қанағаттандырған.

Нақтылар болсақ, қызмет алушы    «Журавлевка-1» ЖШС субсидия көлемін арттыру мақсатында басқа мал шаруашылығын өндірушілердің малы туралы мәліметтерді қосып, жалған деректерді берген. Бөлім қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттеріне адал қарамауының салдарынан, мемлекет қаражатынан аты аталған ЖШС-не  3.024.000 тг.  субсидия заңсыз бөлінген. Бұл мәселе Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында қаралып, нәтижесінде  Бөлім бастығы А.Б. Камелиновқа  «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолданылды.

Талдау барысында алынған мәліметтер құқық бұзушылықтар кесініндегі фактілердің арақатынасын белгілеуге мүмкіндік берді. Қорытындысында жеке және заңды тұлғалардың  өтініштерін қараудың заңмен белгіленген тәртіптерінің бірнеше мәрте бұзылуының 43, шешімдер әзірлеу мен қабылдау барысында заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық жасаудың 15, материалдық мүдделерiн қанағаттандыруға байланысты мәселелердi шешу кезiнде өздерiнiң қызметтiк өкiлеттiгiн пайдаланудың– 13, ақпаратты (берiлуi заңдарда көзделген,оны кешiктiру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру) жеке және заңды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тартудың– 4,  жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасаудың – 4, мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету кезінде заңда көзделмеген артықшылықтар берудің– 3, қоғамдық қордан  мемлекеттік функцияларды атқарғаны үшін ақшалай сыйақы қабылдаудың – 1, «басқа»  ақы төленетін қызметпен айналысудың (педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда)– 1, ҚР  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексін бұзып, әкімшілік материалдарды бірнеше рет сотқа жіберудің– 1, өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаудың– 1, жеке және заңды тұлғалардан, заңнамада осы адамдардың беруi көзделмеген ақпаратты талап етудің   –  1 фактсіне жол берілген.

Аталған фактілер бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қолданды, соның ішінде 50 лауазымды тұлғаға қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», 32 тұлғаға қатысты -  «атқаратын лауазымынан шығару» және 5 тұлғаға қатысты – «лауазымын төмендету»  түріндегі жазалар қолданылған.

Тіркелген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының  жалпы санының 76-сын немесе 87,4%-ын мемлекеттік қызметшілер, 11-ін немесе 12,6%-ын –   басқа тұлғалар (орталық директорлары, бала бақша меңгерушілері және т.б.) жасаған.

II. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары

Талдаумен анықталғандай, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының  55 фактісі (2014ж. - 58) орын алып, олар бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық жазалау шаралары қолданылған  (Көкшетау қ. – 27, Ақкөл – 2, Атбасар – 2, Бурабай – 11, Целиноград – 10, Шортанды – 3). Оның 22 – лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, 10- пара алу,  9 – қызметтік жалғандық жасау, 8 –алаяқтық,  5 - пара беру,   4 – сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, 3 – билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану әркеттері болған.

Талдаумен сыбайлас жемқорлық қылмыстарының мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кесініндегі географиясы анықталып, төмендегідей болды.

Жергілікті атқарушы органдар – Құрылыс басқармасы – 1, Мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы –1, Білім басқармасы – 5, Мемлекеттік сәулеттік-құрылыс бақылау басқармасы – 1, қалалар мен аудандардың әкім аппараттары – 3, (Көкшетау қ. – 1, Степногорск қ. - 1, Шортанды ауданы – 1), әкімдіктердің дербес бөлімдері – 3 факт (Бурабай ауданының жер қатынастары бөлімі – 1, Бурабай ауданының сәулет бөлімі – 1,  Қорғалжын ауданының мәдениет бөлімі – 1);

Орталық ведомстволардың аумақтық бөлімшелері – ішкі істер органдары – 12, көліктік бақылау инспекциясы – 2,  Көкшетау (2) және Степногорск (4) қалаларының тұтынушылардың құқығын қорғау басқармалары – 6, Білім саласындағы бақылау департаменті – 1;

Басқалары – 20 (Степняк қ. орталықтандырылған кітапхана жүйесі – 1, Ерейментау қ. №2 орта мектеп лицейі – 1,  «Степняк Су» ШЖҚ МКК - 6,   «Біржан сал мәдениет үйі» ШЖҚ МКК - 1,      «Күншуақ»  бала бақшасы»  ШЖҚ МКК - 2,   «Солнышко» бала бақшасы» ШЖҚ МКК - 1,    «Пятигорское ДК» ШЖҚ МКК- 1,  Көкшетау қ. №1 ҚТК» - 1, «ЖерҒӨО» ШЖҚ РМК Ақмола филиалы – 2, Целиноград ауданының ЖерҒӨО – 1, Шортанды ауданының ЖерҒӨО – 1,  «Макинка» станциясы - 1, «Қазпочта» АҚ  Атбасар АПББ- 1).

III. Қорытынды

Материалды талдай келе, сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттердің негізгі бөлігі Көкшетау қ., Ақкөл, Бурабай, Целиноград, Шортанды аудандарына тиесілі екендігін айту керек.

Бұны аталған өңірлердің облыс орталығы Көкшетау қаласына, курорттық аймаққа, астаналық маңыздағы қала –  Астана қаласына  жақын орналасуымен және халықтың көп шоғырлануымен байланыстыруға болады. Өз кезегінде бұл жағдай азаматтардан келіп түсетін өтініштердің санына сөззсіз әсер етеді. Көп жағдайларда азаматтар қолданыстағы заңнамаларды біле бермейді, бұл олардың заңды дұрыс түсінбеуіне  және лауазымды тұлғалар тарапынан  өкілеттіктерін теріс пайдалануына әкеліп соғуда. Сонымен бірге, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің бір-біріне қайшы келуінің мысалдары жеткілікті. Өз кезегінде бұл азаматтарды  жаңылыстырады және қоғам тарапынан   негізді сын туғызуда.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі (63,2%) жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінің үлесінде. Тізімнің жетекші позициялары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (8), сәулет және құрылыс салаларында (5).

Құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың заңмен белгіленген тәртібінің бірнеше мәрте бұзылуына,

шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсетуге, сондай-ақ  материалдық мүдделерді қанағаттандыруға байланысты мәселелерді шешкен кезде қызметтік өкілеттіктерді пайдалануға қатысты орын алған.

«Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазаның ең көп қолданылған түрі ретінде танылып отыр.  Жазаның бұл түрі 50 лауазымды тұлғаға қатысты қолданылған.

Ал, қылмыстар арасында лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, пара алу, қызметтiк жалғандық жасау және алаяқтық қылмыстары алдыңғы орындарда.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кесініндегі сыбайлас жемқорлық географиясы денсаулық сақтау, құқық қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларына тиесілі.

Жергілікті атқарушы деңгейдегі басшылық құрамының жауапкершілікке тартылу пайызының жоғары екенін атап өту қажет (53%).

Бұл мән-жайлар қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлық іс-қимылдардың орын алуына жол бермейтін жағдайларды жасау міндеттері болып табылатын басшылардың өздері сыбайлас жемқорлық іс-қимылдарды жасайтынын айғақтайды.

Жауапқа тартылған тұлғалардың жас деңгейінің жалпылама мәліметтері сыбайлас жемқорлық жасау қаупіне аса бейімделген жас мөлшерін анықтауға мүмкіндік берді, бұл азаматтардың 30-дан 40 жасқа дейінгі өмір кезеңі (2014ж. – 23 адам, 2015ж. – 61 адам). Бұл жағдай шығыстардың көбеюіне (балаларды қажет және тиісті біліммен қамтамасыз ету), еңбек өтілінің ұлғаюына (жұмыстың ерекшеліктері мен өзгешеліктерін білу) және қажетті таныстықтарға  байланысты болуы мүмкін.

Осыған орай, барлық деңгейлердегі  басшылар өзінің  және мемлекеттік қызметтерді көрсететін, жұртшылықпен тікелей жұмыс істейтін кадрлардың біліктілігін тұрақты негізде арттыруы қажет. Аталған жағдайлар қызметкерлердің «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және т.б. Заңдардың талаптарын дұрыс білмеуін айғақтайды.

Барлық деңгейлердегі басшылардың тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі құқықтық және түсіндірме жұмысының жүргізілмеуі, сондай-ақ қарапайым бақылаудың жоқтығы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жасаудың басты себептері болып отыр.

Айтылғандарды қорытындыласақ, келесі аспектілерге назар аудару қажет.

Біріншіден, жүргізілген талдау орын алып отырған және жұртшылықтың пікіріне әсер ететін жағдайды түсінуге пайдалы. Бұл ақапарат өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған жүйелі шараларды жоспарлау кезінде және осы мәселе бойынша мәнді және нәтижелі  шешімдерді қабылдаған кезде маңызды.

Екіншіден, облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру, өңірлердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын жандандыру,  сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы қызметінің ақпараттық-насихаттық сүйемелденуін жандандыру қажет. Ол үшін Департаменттің тиісті қаржыландырылуы маңызды (осы бағытта айтарлықтай  жетістікке жеткен шет елдердің  тәжірибесін есепке ала отырып, мағыналық жүктеме мен ақпараттық мазмұны бар буклеттерді,  брошюраларды, күнтізбелерді, баннерлер және т.б. әзірлеу).

Үшіншіден, келесі мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды жүргізу қажет: Құрылыс басқармасы,Мемлекеттік сәулеттік-құрылыстық бақылау басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, сәулет және қала құрылысы бөлімі.

Сонымен қатар, жалпы сипаттағы шараларды қолдану қажет:

-       коррупциогендік нормалардың конституциялық еместігі. Бұл ретте адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сипаттайтын нормаларды санамағандағы азаматқа шектеу қоятын кез келген нормалар сыбайлас жемқорлық жағдайын тудыруы мүмкін. Коррупциогендік нормалар Адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын сөзсіз бұзады;

-       азаматтардың ақпараттық қамтамасыз етілуі. Бұған азаматтарға мәнін  анық  және жеңіл түсіндіру  үшін (олардың құқықтары мен міндеттері қандай, бұзушылықтардың салдары) заңдардың, регламенттердің, стандарттардың, ережелердің және  т.б. талдаулары енеді, осының арқасында азаматтар  өздерінің заңды құқықтар мен мүдделерін сенімді қорғай алады;

-       мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру (жылжымайтын мүлік сатып алуға пайызсыз кредиттер, жоғары дәрежедегі медициналық қызмет, қомақты зейнетақы). Бұл шараның  тез арада тиімділігі болмайды, алайда, шетелдік тәжірибе көрсеткендей, біршама уақыт өткеннен кейін мемлекеттік қызметтердің  және құжат айналымының сапалы түрде іске асырылуына себепкер болады.

0
0
1383

«25 қайырымды іс» республикалық қайырымдылық акциясы жалғасын табуда.


«Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының ұйымдастыруымен, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асыру мақсатында «25 қайырымды іс» акциясы аясында ҰОС және еңбек, тыл ардегерлеріне көмек көрсетуді қолға алды. Бұл жолы акциямен ҰОС ардагері, Талдықорған қаласының құрметті азаматы Хасан Хисматұлы Боранбаевты 9-Мамыр Ұлы Отан соғысы күні қарсаңында мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті. Мерекелік құттықтау, жылы лебізді тілектермен қоса күнделікті тұрмыста тұтынантын азық-түліктің бірнеше түрімен қамтамасыз етті. Ардагер құрмет көрсетіп, елеп-ескерген партия қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. 
Атап өтеттін болсақ, аталмыш акция 2016 жылы партия жобасын жүзеге асырудағы маңызды бағыттың бірі – ҰОС, тыл ардагерлері, жалғызбасты қарттардың әлеуметтік-мәдени өмірлерінің толыққанды болуын қамтамасыз ету болып табылады. 
Нұротандықтар ардагерлерімізді ардақтауға қатысты шаралардың барлығында белсенділік танытуда. Акция аясында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің аулаларында, партиялық жоба аясында қаламызда орналасқан «Жеңіс», «Жастар» мен орталық саябақтарды тазалау жұмыстарын жүргізуде. ‪#‎25қайырымдыіс‬ ‪#‎Ардагерлердіардақтайық‬‪#‎НұрОтан‬ ‪#‎Талдықорған‬

2
0
1466

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында сәби өлімінің көрсеткіші 3 есеге төмендеді

Қазақстанда тәуелсіздік жылдары диагностикалау мен нәрестенің бойындағы патологияларды ерте кезеңде анықтаудың заманауи тәсілдерін қолдану нәтижесінде сәби өлімін 1991 жылы 1000 тірі туылғандарға шаққанда 27,4-тен 2015 жылы 9,39-ке дейін 3 есеге төмендеді.

Республикада күн сайын 1 мыңнан астам, жыл сайын 400 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 3%-ға өсті. Елімізде сәби өлімін азайтуға бағытталған шаралардың нәтижесінде салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған балалар өмір сүруге мүмкіндік алды. 5 жылда салмағы 1500 граммға дейінгі санаттағы балалардың тіршілікке қабілеттілігі 30%-ға өсіп, 60%-ға жуық көрсеткішті құрап отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірі туу мен өлі туу өлшемдерін енгізуді есепке ала отырып елімізде стационарлық қызметті, тәжірибеге үнемді, қолжетімді, қарапайым, халықаралық технологиялардың дәлелді медицинасына негізделген тиімді перинаталды күтімді, балалық жас ауруларды біріктіріп қарастыруды нығайту мен жетілдіру шаралары басталды.

Еліміздің барлық өңірлерінде тиімді перинаталды көмекті енгізу бойынша оқыту орталықтары жұмыс істеуде.

Перинаталды көмек көрсетуде бірегей тәсілдерді қолдануды қамтамасыз ету мақсатында 300-ден астам емханалық хаттамалар халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, бекітілді, сонымен бірге, медициналық қызметкерлер оқытылып, медициналық ЖОО-да оқу және жұмыс бағдарламалары өзгертілді.

Дамудың туабітті кемістіктерін уақытылы анықтау үшін генетикалық және ультрадыбыстық скрининг жасалады. Перзентхана деңгейінде нәрестелердің есту қабілеті кемістіктерін анықтау бойынша скрининг енгізілген.

Неонатальды хирургияның дамуына қарай 3 жылда ота жасалған нәрестелер көрсеткіші 50%-ға ұлғайып, хирургиялық патологиядан қайтыс болған нәрестелер көрсеткіші 2010 жылмен салыстырғанда 40%-ға төмендеді.

Туабітті жүрек-қантамырлар жүйесі кемістігін түзету бойынша түбегейлі хирургиялық оталар сәтті жүзеге асырылып келеді. Бүгінде Астана және Алматы қалаларындағы ғылыми орталықтарда нәрестелерге «ашық жүрекке» ота жасалуда, сонымен қатар, жүрек кемістігін интервенциалды, аз инвазивті тәслдермен түзету шаралары іске асырылуда.

Айта кету керек, ана мен сәби денсаулығы еліміздің демографиялық, экономикалық, еңбек, әлеуметтік, мәдени және қорғаныс әлеуетінің негізін қалыптастырады. Сондықтан жа, ана мен бала денсаулығын қорғау – республикадағы денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

 
0
0
542

Жас маманға тәлімгерден қолдау бар

Ағымдағы жылғы 3 мамырда Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің жергілікті департаментімен «Солтүстік Қазақстан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ ұжымында семинар өткізілді. Кездесуде мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласын реттейтін заңнамада орын алған өзгерістер, әңгіме арқауына айналды.

Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Е.Ф. Степаненко мекеме қызметкерлерін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының негізгі жаңашылдықтарымен таныстырып, тәлімгерлік институтының жүзеге асырылу тетіктеріне кеңінен тоқталып өтті. Бұдан былай, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған маман жұмыс орнына «судай сіңуі» үшін, оған сол мекеменің тәжірибелі қызметкері тәлімгер ретінде тағайындалатын болады.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтану ережелері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шаралар туралы сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының қызметкері кездесу барысында тыңғылықты баяндады.

Семинар кезінде келіп түскен сауалдардың барлығына Департамент өкілдері тиісті түсіндірмелерін берді.

 
0
0
442

Ел есінде!

«Елу жылда ел жаңарады»- дейді қазақ.Ал Ұлы Отан соғысының аяқталғанына быил 71 жыл  болады. Қазір, әсіресе жастар арасында «Соғыста Гитлер жеңгенде тамаша өмір сүретін едік» деген ойға сыймайтын сөз жүр.  Освенцим, Майданек, Бухенвальд – бұл өлім лагерлері дүние жүзіне мәлім. Гитлердің саясаты бойынша еврейлер, цығандар, азиаттар, яғни төменгі раса өкілдері жер бетінде қалмау керек еді. Миллиондаған адамзат пешке тірідей жағылды, адам өліктерінің тау болып үйіліп жатқанын, адам тәніне жасалған жан түршігерлік тәжірибелердің болғанын білеміз. Жеңіске жеткен жағдайда Гитлер осы науқанды жалғастырар еді. Қазақ даласында немістердің жоспары бойынша Освенцим, Майданек, Бухенвальд сыяқты қазақтарды жағып тастайтын пештері бар өлім лагерлері салынатын еді. Сондықтан ата-бабамызға мың да бір рахмет!

Жалында туған жас ұрпақ,

Жандырып жауды өртеген,

Жеңістің жалауы желбіреп,

Рейхстагқа туды көтерген.

Еңбегін естен шығарма,

Көненің көзін көрместен,

Тағзым ет ата-бабаңа,

Соларсыз өмір сүрмес пе ең?

«Қазбек Бейсебаевтың фотокнигасынан»

 

Ал, мына порталда өте қызық мақала бар, оқыңыз.

http://istory.kz/2992/zhetygen-moego-pradeda

 
0
0
598

Киіктерге ел бойынша санақ жүргізіліп жатыр

Зерттеушілер әлі күнге нақты тоқтамға келген жоқ. Қатары сиреген ақбөкендерге Ауыл шаруашылығы министрлігі санақ жүргізді.

Астанадан 160 шақырым қашықтықтағы Баршын тас жолында Ауыл шаруашылығы министрлігі тікұшақпен Бетпақдалаға қарай бет алып, жылына бір рет киіктерге санақ жүргізеді.

Сәкен Сейфуллин сахараның ботакөзіне балаған ақбөкендердің былтыр 150 мыңнан астамы өлді. Қынадай қырылған киіктерді Бетпақдала әлі күнге жоқтайтындай. Кезінде төскейінде жүз мыңдап жортқан жануардың бүгін жүздік шоғырын көзіңіз сирек шалады. Ауыл шаруашылығы министрлігі сәуірдің басынан санақ жүргізуді бастаған. Орал мен Ақтөбедегі ақбөкендер түгенделді. Енді Бетпақдаладағы жануардың есебі жүргізіліп жатыр.

Нариман Жүнісов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары:

- Былтырғыдай киіктердің қырылуы қайталануы мүмкін деген де қауіп бар. Ондай жағдайда біз қолға алған жұмыстардың бәрі еш кетеді. Сондықтан бір емес, бірнеше рет Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институына ғылыми ұсыным берсін деген өтініш айттық. Біз техникалық жағынан қолдау көрсетуге дайынбыз.

Баяғы жартас – сол жартас. Білім және ғылым министрлігі әлі күнге ғылыми ұсыным бере алмай отыр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты 2012-2014 жылдарға жалпы сомасы 332 млн теңгені құраған тапсырыс алған. Бірақ ілкімді зерттеу нәтижесі жоқ. Киіктерді дендеген кесел пастереллезден деген болжам айтылды. Бірақ оған не түрткі болды? Ол әлі күнге экологиялық жұмбақ болып тұр. Шетелдік мамандар да бұл іске білек сыбана кіріскен болатын. Бірақ олар да соңғы қорытындыларын айтуға асықпайды.

Штеффен Цутер, Франкфурт экологиялық қауымдастығының сарапшысы:

- Бактериялар токсин туғызды. Токсиннің кесірінен киіктер өлді. Бірақ ол бактериялардың қайдан пайда болғаны бізге түсініксіз болып тұр. Оны анықтау үшін зерттеушілер тыңғылықты жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы бірнеше жылдан бері санақ жүргізуге атсалысып келеді. Киіктер жүретін аумақты электронды картаға түсіріп, бағыт-бағдарларын бақылауда ұстайды.

Альберт Сәлімгереев, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілі:

- Биыл біз жаңа тікұшақты пайдаланып жатырмыз. Киіктерді есептеуге арналған арнайы құрылғы орнаттық. Өйткені әрқайсысын жекелей санау мүмкін емес. Оған қоса фото және бейнетүсірілім жасаймыз. Байқағанымыз, былтырғыдай емес, киіктердің қатары сиреген.

Мамыр – киіктердің төлдейтін маусымы. Сондықтан сақтық шаралары екі есе күшейтіліп жатыр. Өйткені бұл кезеңде браконьерлер де түз тағысын атуға шығады. Былтыр 107 қылмыстық іс қозғалса, ал жыл басынан бері киік атқан 20 қарақшы қолға түскен. Ақбөкендерге жүргізілген санақтың қорытындысы келер айдың басында белгілі болады.

 

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Ерлан Наурызбаев


Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/118407-zh-rgizilip-zhatyr

0
0
420

Қарағандының қайраушылары кім?

Қызылордада 1 мамырда кейінгі кезде көп көтеріліп жүрген «жер мәселесіне» байланысты бей-берекет бой көтерген белгіленбеген митинг жаппай тәртіпсіздік пен полициямен арадағы қақтығысқа ұласты. Кейбіреу жазықсыз жапа шекті.

Осындайда: «Қоғамдағы қақтығыс, жөнсіз жіктелу кімге керек? Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде Қызылорда көшелерінде қасақана ұйымдастырылған «мағынасыз әрі аяусыз» аласапыранның арандатушылары кімдер?» деген қисынды сұрақ туады.

Олардың кім екені соншалықты құпия да емес. Қоғамдық мүдденің көлеңкесін қалқаланған олардың көздегені — келешектегі қарабасының қамы. Шындығында, олар көксеген қоғамда парасатты және адал азаматтарға орын жоқ. Өйткені, олардың арманы — еліміз бен орталық-азия аймағын бауырластар бірін-бірі қырғынға ұшырататындай соғыс жағдайына келтіру. Оның не екенін көршілерімізден көріп отырмыз.

Сөз жоқ, жер мәселесі соншалықты маңызды, оған ешкім бей-жай қарай алмайды. Сондықтан, оған мамандардың да, қарапайым халықтың да сергек әрі сауатты, әсіресе шынайы жанашырлық көзқарасы қажет. Арандатушылар айтып жүргендей, жөнсіз қантөгіс қажет емес. Мәселенің мәнін толық түсінбеген тобырды құқық қорғаушыларға қайрап салу, басқа біреуге немесе көршіңе қол көтеру ешқандай адамгершілікке жатпайды.

Сорақысы сол, Қызылордадағы қалыптасқан жағдайды қиындата түсуді көздеген арандатушылар тіпті қасақана көзбояушылыққа барған. Олар таратқан бір суретте қанға бөгіп жерде жатқан жігітті көреміз. Олар таратқан өсекке сенсек, ол — митинг кезінде қаза тапқан төртеудің біреуі. Алайда, әлгі ұрлық үстінде ауылдастарының қолына түсіп, оңбай таяқ жеген қытайлық болып шықты. Оны кез-келген адам мынадан көруіне болады.

Мұндай митинг өткізуге өтінім Қарағандыда да берілді. Ұйымдастырушылардың ойынша ол 21 мамырда Жеңіс саябағындағы еліміздің бас мемлекеттік рәмізіне арналған алаңда өтуге тиіс. Түпкі ойлары түсінікті: жергілікті билік рұқсат еткен митингі мен жиын өткізетін орын таза басқа жер екенін жақсы білетін олар алдын-ала бәле іздеп отыр. Өйткені, ертең: «билік шындықтан қорқады!» деп, шу шығаруына таптырмайтын сылтау.

«Теңбіл төңкеріске» үндейтін идеялық рух берушілер кімдер? Біріншісі — ҚарМТУ-нің бұрынғы проректоры және «Ақжол» партиясының бұрынғы белсендісі Айтқожа Фазылов. Оны жақынырақ білу үшін әлеуметтік желідегі бетіне көз жүгіртсе жетіп жатыр — Отанына соншалықты өшіккен ондай адамды кездестіру қиын. Өзін оппозиционер етіп көрсетуге тырысқан ол кезінде мемлекет есебінен (сол үшін қызметінен қуылған) тұрмысын қалай түзегенін ел білмейді деп ойлайды. Бір қолының жұдырығымен әкімдікке айбат шеккен ол екінші қолының алақанын жайып сол әкімдіктен туысқандарына — қызмет, өзінің қажылыққа баруына, емделуіне, тағы басқа мұқтаждықтарына — қаражат сұраудан арланбайды.

Екіншісі — жергілікті кәсіпкер Ғалым Ақылбеков. Табиғаты өте тартысты тұлға. Бұл мырза «түрлі-түсті төңкеріс» идеясын белсенді уағыздайды, әлеуметтік желідегі өзінің бетінде Қазақстанда «Майданның» қайталанғанын қалайтынын ашық айтудан қымсынбайды. Бәлкім, ол мойнындағы қыруар қарыздан оңай құтылудың тиімді жолы елдің басына түскен нәубет деп ойлайтын болар?! Өйткені, бизнестегі серіктеріне, әсіресе, орталық базарда отыратындарға белшеден берешек екенін білеміз...

Үшіншісі — радикальды коммунист Сәкен Жүнісов. Ол 2000-жылдардың басында-ақ елде мемлекеттік төңкеріс жасауға шақырған. Сондай-ақ, «Қазақстандағы ұласпалы төңкерістің стратегиясы мен тактикасы» деген, ғылымға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» еңбектің авторы. 2003 жылы ұлы екеуі сот өкіліне күш қолданғаны үшін үш жылға сотталып, бас бостандығынан айырылған.

Төртіншісі — Сәуен (?) Сабырбаев деген біреу. Ол туралы белгілісі — есірткіге өте әуес. Есірткі заттарын сақтағыаны үшін 1998 жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, үш жылға сотталған.

Бесіншісі — Айсұлтан Жақыпов. Оның өмірбаяны да оңып тұрған жоқ. Шекара жасағында әскери борышын өтеп жүргенде 2003 жылы Талдықорған әскери горнизонының соты «Шекара қызметін атқару тәртібін бұзу» бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартқан.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» неде? Қайран қазекем айтқыш қой! Әлеуметтік маңызды мәселеге арналған жиынның басы-қасында кімдер жүргенін көргенде ата-бабадан қалған: «Өзің дуанасың, кімге тұлға болғандайсың?!» деген қанатты сөз еріксіз еске түседі...

 
0
0
826

«Қытайдан қорқамын!»

"Қытайдан қорқамын"-деп көз жасы көл болған қызды неге жұбата алмаймыз?! Кішкентай ойын баласы болсада өз қорқынышын жасыра алмаған қызды айтсаңшы. КСРО уақытында дүниеге келген анасына: "Сен қорлық көрмей өстің менің Қытай болғым келмейді"-деп еңіреп отыр, бар-жоғы 9- сынып оқушысы. Есімде жоқ бірақ оқығаным бар еді  "Қазақ еліне қызыл құрт түседі"- деген сөзді. Бірақ мен  де сол кезде қызыл құртты қытайлықтарға теңегенім бар еді.

Анасы бәлкім барлық аналар сияқты:"Қызым қытайдың заттардын жей бермей, мектепте ыстық тамақ алып іш"- дейтіні бар шығар. Содан білсе керек кішкентай қыз еліміздегі барлық тауарлардың Қытай елінен келетіндігін. Осындай қарқында жүре берсек, бір күні өзімізді де басып алады деп айтқысы келсе керек.  Қорыққанынан Бөгенбай, Қабанбай сияқты алып батырларымыз көз алдына елестеген шығар. Бірақ, қазіргі уақытта бірден қолына найза мен қылыш алып шығатын батыр емес, дипломатиялық жолмен  дұрыс шешім шығаратын батыр керек. Сондай батырлардың бірі табылып, қаршадай қыздың қорқынышын жеңіп, үрейін Қытайлықтырдан алыстата түссе деймін.

1
0
471

Маңызды мамандықтардың бірі — «Қоғаммен байланыс»

Бүгінде билік жүйесі жаңа ғылыми технологияны пайдаланып, ғаламтор желісі, элекртонды қызмет түрлері  сияқты адам санасы тудырған жетістіктермен  жүзеге асырылуда. Жаһандану заманында халық пен билікті бір-бірімен байланыста ұстау үшін екі жақтық көзқараспен санасатын мамандар қажет. Мемлекет пен қарапайым жұртшылық арасындағы дәнекерші «Қоғаммен байланыс»  саласы.

«Кімде ақпарат болса сол әлемді билейді» демекші, ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырған кез келген мемлекет -  ақпараттық мамандықтар дайындайтын салаға аса үлкен мән беруі керек. PR-маманының кәсіби құзіреті – коммуникативтілік, креативтілік, шығармашылық көзқарас, жазу қабілеті, іскерлік қарым-қатынас, сөйлеу мәдениеті, шешендік өнер, көпшілікпен тез тіл табысу, идеяларды тәжірибе жүзінде жүзеге асыру екендігі мәлім. Еліміздегі қоғаммен байланыс мамандарының саны бес мыңнан асып жығылады. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кәсіби тұрғыда жұмыс істей алатын кадрларға деген сұраныс бар.


Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Халықаралық бизнес университетінде (UIB) қоғаммен  байланыс мамандығы бойынша сапалы білім беруге қажетті материалдық-техникалық база мен кәсіби оқытушылар құрамы бар. Қазақстанда қоғаммен  байланыс бойынша мамандар даярлау жөніндегі білім беру бағдарламасы сыннан өткен жүйеге сүйенеді, оған жоғары университеттік білім ауқымындағы іргелі жалпы білімдік пәндер, сондай-ақ үш негізгі бөліктен – жалпыгуманитарлық пәндерден, журналистік және мамандық пәндерінен тұратын, мамандықтың білім кешенін түзуге бағытталған пәндердің қомақты тізімі кіреді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2009 жылы PR мамандарының, қауымдастығы өкілдерінің, журналистика факультеті БАҚ менеджменті жарнамасы кафедрасы ұстаздарының  күшімен  қоғаммен байланыс мамандығы қайта қалпына келтірілді. Осыған орай қара шаңырақ 2010 жылы  еліміздің түкпір-түкпірінен келген  түлектерді  PR мамандығы бойынша қабылдай бастады. Ал бұл мамандық бүгінде еліміздің экономикалық өркендеуіне өте қажет қызмет түрі болып отыр.

Журналистика факультетінде білім алатын студенттер де «қоғаммен байланыс» пәнінен шет қалмай келеді. PR мен журналистика мамандықтарына ортақ нәрсе көп, мәселен оқуды тәмәмдаған жастар мемлекеттік мекемелерде, әралуан меншік түріндегі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарда баспасөз хатшысы, жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесші болып жұмыс істей алады. Журналистер үшін  екінші курстан бастап PR  пәні таңдау сабағы ретінде жүргізілсе, үшінші курсқа толықтай жалпы пән болып оқытылуда. Бұл дәрісті PR мамандығының қыр-сырына қанық ұлағатты ұстаз - Иманалиев Жалғас Оспанәліұлы оқиды. Ең алғашқы күннен-ақ мұғалім тоқсан студентке толы аудиторияны баурап алды. Болашақ журналист  жастармен бірден тіл табысып, өзін ұстаз ретінде сыйлата білу үшін  шешендік өнері мен ұстаздық қабілетін көрсете білді.

 

Аталмыш пәннен алған білім көл көсір.  Есте қалатын тапсырма, әрі Қазақстандағы шағын бизнесті дамыту бағдарламасына сәйкес жасаған  кішігірім бизнес жобалар. Жұмысты   жасау арқылы тәлімгерлер өздерін шынайы пиаршы маман сезінгені олардың жобаны керемет құлшыныспен орындауынан көрініс тапты.   Іскерлік жоспардың ерекшелігі  тек қазақтың ұлттық ойындарын, тағамдарын, қолөнерін насихаттап, мәдениетімізді жаңғыртуда. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрді жастардың көзқарасымен ұмытылмастай ете білу, олардың өз қазынамыздың қаншалықты құнды екендігін түсінуіне жол ашты. Мәселен, бұл жобаны жасау үшін кез келген  студент жан-жақты ойланып,  бір-бірін қайталамау үшін тың дүниелерді іздеді. Студент ізденуші десек, оны бағыттап отыратын ұстаз екенін естен шығармау керек.

Жансая Скакова

0
0
1555