Маңызды мамандықтардың бірі — «Қоғаммен байланыс»
Бүгінде билік жүйесі жаңа ғылыми технологияны пайдаланып, ғаламтор желісі, элекртонды қызмет түрлері сияқты адам санасы тудырған жетістіктермен жүзеге асырылуда. Жаһандану заманында халық пен билікті бір-бірімен байланыста ұстау үшін екі жақтық көзқараспен санасатын мамандар қажет. Мемлекет пен қарапайым жұртшылық арасындағы дәнекерші «Қоғаммен байланыс» саласы.
«Кімде ақпарат болса сол әлемді билейді» демекші, ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырған кез келген мемлекет - ақпараттық мамандықтар дайындайтын салаға аса үлкен мән беруі керек. PR-маманының кәсіби құзіреті – коммуникативтілік, креативтілік, шығармашылық көзқарас, жазу қабілеті, іскерлік қарым-қатынас, сөйлеу мәдениеті, шешендік өнер, көпшілікпен тез тіл табысу, идеяларды тәжірибе жүзінде жүзеге асыру екендігі мәлім. Еліміздегі қоғаммен байланыс мамандарының саны бес мыңнан асып жығылады. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кәсіби тұрғыда жұмыс істей алатын кадрларға деген сұраныс бар.

Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Халықаралық бизнес университетінде (UIB) қоғаммен байланыс мамандығы бойынша сапалы білім беруге қажетті материалдық-техникалық база мен кәсіби оқытушылар құрамы бар. Қазақстанда қоғаммен байланыс бойынша мамандар даярлау жөніндегі білім беру бағдарламасы сыннан өткен жүйеге сүйенеді, оған жоғары университеттік білім ауқымындағы іргелі жалпы білімдік пәндер, сондай-ақ үш негізгі бөліктен – жалпыгуманитарлық пәндерден, журналистік және мамандық пәндерінен тұратын, мамандықтың білім кешенін түзуге бағытталған пәндердің қомақты тізімі кіреді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2009 жылы PR мамандарының, қауымдастығы өкілдерінің, журналистика факультеті БАҚ менеджменті жарнамасы кафедрасы ұстаздарының күшімен қоғаммен байланыс мамандығы қайта қалпына келтірілді. Осыған орай қара шаңырақ 2010 жылы еліміздің түкпір-түкпірінен келген түлектерді PR мамандығы бойынша қабылдай бастады. Ал бұл мамандық бүгінде еліміздің экономикалық өркендеуіне өте қажет қызмет түрі болып отыр.
Журналистика факультетінде білім алатын студенттер де «қоғаммен байланыс» пәнінен шет қалмай келеді. PR мен журналистика мамандықтарына ортақ нәрсе көп, мәселен оқуды тәмәмдаған жастар мемлекеттік мекемелерде, әралуан меншік түріндегі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарда баспасөз хатшысы, жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесші болып жұмыс істей алады. Журналистер үшін екінші курстан бастап PR пәні таңдау сабағы ретінде жүргізілсе, үшінші курсқа толықтай жалпы пән болып оқытылуда. Бұл дәрісті PR мамандығының қыр-сырына қанық ұлағатты ұстаз - Иманалиев Жалғас Оспанәліұлы оқиды. Ең алғашқы күннен-ақ мұғалім тоқсан студентке толы аудиторияны баурап алды. Болашақ журналист жастармен бірден тіл табысып, өзін ұстаз ретінде сыйлата білу үшін шешендік өнері мен ұстаздық қабілетін көрсете білді.

Аталмыш пәннен алған білім көл көсір. Есте қалатын тапсырма, әрі Қазақстандағы шағын бизнесті дамыту бағдарламасына сәйкес жасаған кішігірім бизнес жобалар. Жұмысты жасау арқылы тәлімгерлер өздерін шынайы пиаршы маман сезінгені олардың жобаны керемет құлшыныспен орындауынан көрініс тапты. Іскерлік жоспардың ерекшелігі тек қазақтың ұлттық ойындарын, тағамдарын, қолөнерін насихаттап, мәдениетімізді жаңғыртуда. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрді жастардың көзқарасымен ұмытылмастай ете білу, олардың өз қазынамыздың қаншалықты құнды екендігін түсінуіне жол ашты. Мәселен, бұл жобаны жасау үшін кез келген студент жан-жақты ойланып, бір-бірін қайталамау үшін тың дүниелерді іздеді. Студент ізденуші десек, оны бағыттап отыратын ұстаз екенін естен шығармау керек.
Жансая Скакова
