Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ақмола облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың мәліметтері негізіндегі 2015 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстар және құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғаларға қатысты мониторинг

Сыбайлас жемқорлықтың нақты жай-күйін, оның пайда болуының, болмысының нақты себептері мен жағдайларын білмей, оған қарсы тиімді күрес жүргізу мүмкін емес.

Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік қызмет істері  министрінің          2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 16 бұйрығымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидаларын» басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаменті   (бұдан әрі - Департамент), 2015 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын және құқық бұзушылықтар жасаған мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғаларға қатысты  мәліметтерді өңдеді. Бұл мәліметтер  Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Ақмола облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасына  (бұдан әрі – ҚС және АЕБ ) тиісті сауал жіберу арқылы алынды.

2015 жылы  бес жылдық уақыт аралығын (2010-2014 ж.ж.) қамти отырып жүргізілген осы іспеттес жұмысты атап өткен жөн. Талдау қорытындылары орталық аппаратқа жіберілді және облыстағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қаупін анықтау және азайту үшін бастамашылық  талдаулар  жүргізуге негіз болды.

Талдаудың мақсаты: өңірдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін зерделеу, сыбайлас жемқорлыққа бейім құрылымдарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына  ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау.

Мәліметтерге жүргізілген талдау 2015 жылдың қарастырылған кезеңінде ҚС және АЕБ-де мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалар тарапынан 142 сыбайлас жемқорлық іс-әрекет фактілерінің тіркелгендігін көрсетті (соның ішінде аудандар мен қалалар кесінінде:  Көкшетау қ. – 43, Степногорск қ. – 2, Ақкөл – 12, Аршалы – 2, Астрахан -0, Атбасар – 3, Бурабай – 15, Бұланды – 0, Еңбекшілдер – 10, Егіндікөл – 10, Ерейментау – 4, Есіл – 4, Жақсы – 0, Жарқайың – 0,Зеренді – 4, Сандықтау – 3, Қорғалжын – 2, Целиноград – 12, Шортанды – 16).

2014 жылмен салыстырғанда (129 факт) тіркелген сыбайлас жемқорлық сипатындағы  әрекеттер санының 9,1%-ға ұлғайғанын атап өту керек.

Жауапкершілікке тартылған тұлғалардың басым бөлігі немесе 87%-ы – мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Талдау көрсеткендей, жауапкершілікке тартылғандардың жалпы санының   76%-ы ер адамдар болған. Бұл, әйел адамдардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне тұрақтылық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар, 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Ақмола облысындағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 63%-ын әйел адамдар құрайтынын атап өткен жөн.

Жауапкершілікке тартылғандардың жастық құрылымы төмендегі жастарды құрайды. 30 жасқа дейін 12 адам (5 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, 7 сыбайлас жемқорлық қылмыс), 30-дан 40-қа дейін – 61 адам (тиісінше 29 және 32), 40-тан 50-ге дейін – 61 адам (тиісінше 12 және 22), 50-ден үлкен – 34 адам (тиісінше 9 және 26).

Жауапкершілікке тартылғандардың үштен бірі басшылық құрамға жататынын атап өткен жөн. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық органдардың аумақтық бөлімшелерінің  арасында градация жүргізе отырып, басшылық құрамның жауапкершілікке тартылуының атқарушы құрамға қатынасы анықталды. Жергілікті органдар бойынша 87 фактінің 46-сында  (немесе 53%) басшылар жауапкершілікке тартылған (ауылдық округтердің әкімдері, дербес және аумақтық бөлімдердің басшылары, орталықтармен бақшалардың директорлары, т.б.), аумақтық бөлімшелер бойынша 55 фактінің ішінен басшыларды жауапкершілікке тартудың  6 эпизоды тіркелген.

І. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары

Сыбайлас жемқорлық іс-қимылдардың жалпы санының 87-сін  немесе 61,3%-ын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар құраған болса (2014ж. - 71), оның   55-і немесе  63,2% -ы жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерінің (Құрылыс басқармасы – 2, Дене тәрбиесі және спорт басқармасы – 3,  қалалар мен аудандардың әкімдерінің аппараттары - 15 (Целиноград ауданы – 4, Егіндікөл ауданы – 4, Еңбекшілдер ауданы – 3, Есіл ауданы – 2, Ерейментау ауданы – 1, Шортанды ауданы – 1), әкімдіктердің дербес бөлімдері – 35 факт, соның ішінде ауыл шаруашылығы бөлімдерінде  - 14 (Зеренді ауданы – 2, Сандықтау ауданы – 1,                                    Егіндікөл ауданы – 2, Ақкөл ауданы – 2, Атбасар ауданы  – 2, Шортанды ауданы – 2, Қорғалжын ауданы – 2, Бұланды ауданы – 1), сәулет және құрылыс бөлімдерінде - 5 (Көкшетау қ. – 2, Ақкөл ауданы – 3), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінде - 8 (Көкшетау қ. - 2, Степногорск қ. - 1, Еңбекшілдер ауданы – 1, Бурабай ауданы – 2, Астрахан ауданы – 1, Сандықтау ауданы – 1), білім бөлімдерінде - 2 (Аршалы ауданы – 1, Еңбекшілдер ауданы – 1), Зеренді ауданының ветеринария бөлімінде – 2, Ерейментау ауданының дене тәрбиесі және спорт бөлімінде  – 1, Сандықтау ауданының жер қатынастары бөлімінде – 1,   Ерейментау ауданының экономика және қаржы бөлімінде – 1, Есіл ауданының кәсіпкерлік  және өнеркәсіп бөлімінде  – 1), 24 немесе 27,6% орталық ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінің үлесінде  (ішкі істер органдары – 18 факт, ҚР АШМ АӨК Есіл аудандық аумақтық инспекциясы – 1, көліктік бақылау инспекциясы – 2, мемлекеттік кіріс органы – 2 (салықтық әкімшілендіру, салықтық тіркеу, салық есептілігін қабылдау және өңдеу бөлімі, ұйымдастыру-құқықтық жұмыс бөлімі) және 8 немесе 9,2% басқаларға қатысты (Орман шаруашылығы комитетінің Қорғалжын мемлекеттік қорығы -1, Мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекеме – 2,  Степногорск  қ. «№1 Балдырған бала бақшасы» МКҚК – 1, Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы – 1, Сандықтау балалар-жасөспірімдер спорт мектебі – 1, №1сервистік-техникалық колледж» - 1,  Бурабай ауданының «Бурабай ветсервис» ШЖҚ МКК  – 1).

Ауыл шаруашылығы саласынан мысал келтірейік (Департаменттің өз ақпараты). Бұл салада субсидиялауға қатысты нақты параметрлер мен талаптар белгіленіп, осы саланы реттейтін талаптарға жауап бермейтін мал мен ауыл шаруашылық өнімдері субсидиялауға жатпайтыны көрсетілген. Осыған қарамастан, «Бұланды ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ (бұдан әрі - Бөлім) белгіленген талаптарды өрескел бұзып, қызмет алушылардың мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруға субсидия бөлу жөніндегі талаптарға сәйкес келмейтін өтініштерін негізсіз қанағаттандырған.

Нақтылар болсақ, қызмет алушы    «Журавлевка-1» ЖШС субсидия көлемін арттыру мақсатында басқа мал шаруашылығын өндірушілердің малы туралы мәліметтерді қосып, жалған деректерді берген. Бөлім қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттеріне адал қарамауының салдарынан, мемлекет қаражатынан аты аталған ЖШС-не  3.024.000 тг.  субсидия заңсыз бөлінген. Бұл мәселе Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында қаралып, нәтижесінде  Бөлім бастығы А.Б. Камелиновқа  «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолданылды.

Талдау барысында алынған мәліметтер құқық бұзушылықтар кесініндегі фактілердің арақатынасын белгілеуге мүмкіндік берді. Қорытындысында жеке және заңды тұлғалардың  өтініштерін қараудың заңмен белгіленген тәртіптерінің бірнеше мәрте бұзылуының 43, шешімдер әзірлеу мен қабылдау барысында заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық жасаудың 15, материалдық мүдделерiн қанағаттандыруға байланысты мәселелердi шешу кезiнде өздерiнiң қызметтiк өкiлеттiгiн пайдаланудың– 13, ақпаратты (берiлуi заңдарда көзделген,оны кешiктiру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру) жеке және заңды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тартудың– 4,  жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасаудың – 4, мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету кезінде заңда көзделмеген артықшылықтар берудің– 3, қоғамдық қордан  мемлекеттік функцияларды атқарғаны үшін ақшалай сыйақы қабылдаудың – 1, «басқа»  ақы төленетін қызметпен айналысудың (педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда)– 1, ҚР  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексін бұзып, әкімшілік материалдарды бірнеше рет сотқа жіберудің– 1, өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаудың– 1, жеке және заңды тұлғалардан, заңнамада осы адамдардың беруi көзделмеген ақпаратты талап етудің   –  1 фактсіне жол берілген.

Аталған фактілер бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қолданды, соның ішінде 50 лауазымды тұлғаға қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», 32 тұлғаға қатысты -  «атқаратын лауазымынан шығару» және 5 тұлғаға қатысты – «лауазымын төмендету»  түріндегі жазалар қолданылған.

Тіркелген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының  жалпы санының 76-сын немесе 87,4%-ын мемлекеттік қызметшілер, 11-ін немесе 12,6%-ын –   басқа тұлғалар (орталық директорлары, бала бақша меңгерушілері және т.б.) жасаған.

II. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары

Талдаумен анықталғандай, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының  55 фактісі (2014ж. - 58) орын алып, олар бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық жазалау шаралары қолданылған  (Көкшетау қ. – 27, Ақкөл – 2, Атбасар – 2, Бурабай – 11, Целиноград – 10, Шортанды – 3). Оның 22 – лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, 10- пара алу,  9 – қызметтік жалғандық жасау, 8 –алаяқтық,  5 - пара беру,   4 – сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, 3 – билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану әркеттері болған.

Талдаумен сыбайлас жемқорлық қылмыстарының мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кесініндегі географиясы анықталып, төмендегідей болды.

Жергілікті атқарушы органдар – Құрылыс басқармасы – 1, Мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы –1, Білім басқармасы – 5, Мемлекеттік сәулеттік-құрылыс бақылау басқармасы – 1, қалалар мен аудандардың әкім аппараттары – 3, (Көкшетау қ. – 1, Степногорск қ. - 1, Шортанды ауданы – 1), әкімдіктердің дербес бөлімдері – 3 факт (Бурабай ауданының жер қатынастары бөлімі – 1, Бурабай ауданының сәулет бөлімі – 1,  Қорғалжын ауданының мәдениет бөлімі – 1);

Орталық ведомстволардың аумақтық бөлімшелері – ішкі істер органдары – 12, көліктік бақылау инспекциясы – 2,  Көкшетау (2) және Степногорск (4) қалаларының тұтынушылардың құқығын қорғау басқармалары – 6, Білім саласындағы бақылау департаменті – 1;

Басқалары – 20 (Степняк қ. орталықтандырылған кітапхана жүйесі – 1, Ерейментау қ. №2 орта мектеп лицейі – 1,  «Степняк Су» ШЖҚ МКК - 6,   «Біржан сал мәдениет үйі» ШЖҚ МКК - 1,      «Күншуақ»  бала бақшасы»  ШЖҚ МКК - 2,   «Солнышко» бала бақшасы» ШЖҚ МКК - 1,    «Пятигорское ДК» ШЖҚ МКК- 1,  Көкшетау қ. №1 ҚТК» - 1, «ЖерҒӨО» ШЖҚ РМК Ақмола филиалы – 2, Целиноград ауданының ЖерҒӨО – 1, Шортанды ауданының ЖерҒӨО – 1,  «Макинка» станциясы - 1, «Қазпочта» АҚ  Атбасар АПББ- 1).

III. Қорытынды

Материалды талдай келе, сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттердің негізгі бөлігі Көкшетау қ., Ақкөл, Бурабай, Целиноград, Шортанды аудандарына тиесілі екендігін айту керек.

Бұны аталған өңірлердің облыс орталығы Көкшетау қаласына, курорттық аймаққа, астаналық маңыздағы қала –  Астана қаласына  жақын орналасуымен және халықтың көп шоғырлануымен байланыстыруға болады. Өз кезегінде бұл жағдай азаматтардан келіп түсетін өтініштердің санына сөззсіз әсер етеді. Көп жағдайларда азаматтар қолданыстағы заңнамаларды біле бермейді, бұл олардың заңды дұрыс түсінбеуіне  және лауазымды тұлғалар тарапынан  өкілеттіктерін теріс пайдалануына әкеліп соғуда. Сонымен бірге, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің бір-біріне қайшы келуінің мысалдары жеткілікті. Өз кезегінде бұл азаматтарды  жаңылыстырады және қоғам тарапынан   негізді сын туғызуда.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі (63,2%) жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінің үлесінде. Тізімнің жетекші позициялары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (8), сәулет және құрылыс салаларында (5).

Құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың заңмен белгіленген тәртібінің бірнеше мәрте бұзылуына,

шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсетуге, сондай-ақ  материалдық мүдделерді қанағаттандыруға байланысты мәселелерді шешкен кезде қызметтік өкілеттіктерді пайдалануға қатысты орын алған.

«Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазаның ең көп қолданылған түрі ретінде танылып отыр.  Жазаның бұл түрі 50 лауазымды тұлғаға қатысты қолданылған.

Ал, қылмыстар арасында лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, пара алу, қызметтiк жалғандық жасау және алаяқтық қылмыстары алдыңғы орындарда.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кесініндегі сыбайлас жемқорлық географиясы денсаулық сақтау, құқық қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларына тиесілі.

Жергілікті атқарушы деңгейдегі басшылық құрамының жауапкершілікке тартылу пайызының жоғары екенін атап өту қажет (53%).

Бұл мән-жайлар қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлық іс-қимылдардың орын алуына жол бермейтін жағдайларды жасау міндеттері болып табылатын басшылардың өздері сыбайлас жемқорлық іс-қимылдарды жасайтынын айғақтайды.

Жауапқа тартылған тұлғалардың жас деңгейінің жалпылама мәліметтері сыбайлас жемқорлық жасау қаупіне аса бейімделген жас мөлшерін анықтауға мүмкіндік берді, бұл азаматтардың 30-дан 40 жасқа дейінгі өмір кезеңі (2014ж. – 23 адам, 2015ж. – 61 адам). Бұл жағдай шығыстардың көбеюіне (балаларды қажет және тиісті біліммен қамтамасыз ету), еңбек өтілінің ұлғаюына (жұмыстың ерекшеліктері мен өзгешеліктерін білу) және қажетті таныстықтарға  байланысты болуы мүмкін.

Осыған орай, барлық деңгейлердегі  басшылар өзінің  және мемлекеттік қызметтерді көрсететін, жұртшылықпен тікелей жұмыс істейтін кадрлардың біліктілігін тұрақты негізде арттыруы қажет. Аталған жағдайлар қызметкерлердің «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және т.б. Заңдардың талаптарын дұрыс білмеуін айғақтайды.

Барлық деңгейлердегі басшылардың тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі құқықтық және түсіндірме жұмысының жүргізілмеуі, сондай-ақ қарапайым бақылаудың жоқтығы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жасаудың басты себептері болып отыр.

Айтылғандарды қорытындыласақ, келесі аспектілерге назар аудару қажет.

Біріншіден, жүргізілген талдау орын алып отырған және жұртшылықтың пікіріне әсер ететін жағдайды түсінуге пайдалы. Бұл ақапарат өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған жүйелі шараларды жоспарлау кезінде және осы мәселе бойынша мәнді және нәтижелі  шешімдерді қабылдаған кезде маңызды.

Екіншіден, облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру, өңірлердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын жандандыру,  сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы қызметінің ақпараттық-насихаттық сүйемелденуін жандандыру қажет. Ол үшін Департаменттің тиісті қаржыландырылуы маңызды (осы бағытта айтарлықтай  жетістікке жеткен шет елдердің  тәжірибесін есепке ала отырып, мағыналық жүктеме мен ақпараттық мазмұны бар буклеттерді,  брошюраларды, күнтізбелерді, баннерлер және т.б. әзірлеу).

Үшіншіден, келесі мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды жүргізу қажет: Құрылыс басқармасы,Мемлекеттік сәулеттік-құрылыстық бақылау басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, сәулет және қала құрылысы бөлімі.

Сонымен қатар, жалпы сипаттағы шараларды қолдану қажет:

-       коррупциогендік нормалардың конституциялық еместігі. Бұл ретте адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сипаттайтын нормаларды санамағандағы азаматқа шектеу қоятын кез келген нормалар сыбайлас жемқорлық жағдайын тудыруы мүмкін. Коррупциогендік нормалар Адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын сөзсіз бұзады;

-       азаматтардың ақпараттық қамтамасыз етілуі. Бұған азаматтарға мәнін  анық  және жеңіл түсіндіру  үшін (олардың құқықтары мен міндеттері қандай, бұзушылықтардың салдары) заңдардың, регламенттердің, стандарттардың, ережелердің және  т.б. талдаулары енеді, осының арқасында азаматтар  өздерінің заңды құқықтар мен мүдделерін сенімді қорғай алады;

-       мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру (жылжымайтын мүлік сатып алуға пайызсыз кредиттер, жоғары дәрежедегі медициналық қызмет, қомақты зейнетақы). Бұл шараның  тез арада тиімділігі болмайды, алайда, шетелдік тәжірибе көрсеткендей, біршама уақыт өткеннен кейін мемлекеттік қызметтердің  және құжат айналымының сапалы түрде іске асырылуына себепкер болады.

0
0
1340

Осы тақырып бойынша

Ақмола облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың мәліметтері негізіндегі 2015 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстар және құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғаларға қатысты мониторинг - Yvision.kz