Қарағандының қайраушылары кім?
Қызылордада 1 мамырда кейінгі кезде көп көтеріліп жүрген «жер мәселесіне» байланысты бей-берекет бой көтерген белгіленбеген митинг жаппай тәртіпсіздік пен полициямен арадағы қақтығысқа ұласты. Кейбіреу жазықсыз жапа шекті.
Осындайда: «Қоғамдағы қақтығыс, жөнсіз жіктелу кімге керек? Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде Қызылорда көшелерінде қасақана ұйымдастырылған «мағынасыз әрі аяусыз» аласапыранның арандатушылары кімдер?» деген қисынды сұрақ туады.
Олардың кім екені соншалықты құпия да емес. Қоғамдық мүдденің көлеңкесін қалқаланған олардың көздегені — келешектегі қарабасының қамы. Шындығында, олар көксеген қоғамда парасатты және адал азаматтарға орын жоқ. Өйткені, олардың арманы — еліміз бен орталық-азия аймағын бауырластар бірін-бірі қырғынға ұшырататындай соғыс жағдайына келтіру. Оның не екенін көршілерімізден көріп отырмыз.
Сөз жоқ, жер мәселесі соншалықты маңызды, оған ешкім бей-жай қарай алмайды. Сондықтан, оған мамандардың да, қарапайым халықтың да сергек әрі сауатты, әсіресе шынайы жанашырлық көзқарасы қажет. Арандатушылар айтып жүргендей, жөнсіз қантөгіс қажет емес. Мәселенің мәнін толық түсінбеген тобырды құқық қорғаушыларға қайрап салу, басқа біреуге немесе көршіңе қол көтеру ешқандай адамгершілікке жатпайды.
Сорақысы сол, Қызылордадағы қалыптасқан жағдайды қиындата түсуді көздеген арандатушылар тіпті қасақана көзбояушылыққа барған. Олар таратқан бір суретте қанға бөгіп жерде жатқан жігітті көреміз. Олар таратқан өсекке сенсек, ол — митинг кезінде қаза тапқан төртеудің біреуі. Алайда, әлгі ұрлық үстінде ауылдастарының қолына түсіп, оңбай таяқ жеген қытайлық болып шықты. Оны кез-келген адам мынадан көруіне болады.

Мұндай митинг өткізуге өтінім Қарағандыда да берілді. Ұйымдастырушылардың ойынша ол 21 мамырда Жеңіс саябағындағы еліміздің бас мемлекеттік рәмізіне арналған алаңда өтуге тиіс. Түпкі ойлары түсінікті: жергілікті билік рұқсат еткен митингі мен жиын өткізетін орын таза басқа жер екенін жақсы білетін олар алдын-ала бәле іздеп отыр. Өйткені, ертең: «билік шындықтан қорқады!» деп, шу шығаруына таптырмайтын сылтау.

«Теңбіл төңкеріске» үндейтін идеялық рух берушілер кімдер? Біріншісі — ҚарМТУ-нің бұрынғы проректоры және «Ақжол» партиясының бұрынғы белсендісі Айтқожа Фазылов. Оны жақынырақ білу үшін әлеуметтік желідегі бетіне көз жүгіртсе жетіп жатыр — Отанына соншалықты өшіккен ондай адамды кездестіру қиын. Өзін оппозиционер етіп көрсетуге тырысқан ол кезінде мемлекет есебінен (сол үшін қызметінен қуылған) тұрмысын қалай түзегенін ел білмейді деп ойлайды. Бір қолының жұдырығымен әкімдікке айбат шеккен ол екінші қолының алақанын жайып сол әкімдіктен туысқандарына — қызмет, өзінің қажылыққа баруына, емделуіне, тағы басқа мұқтаждықтарына — қаражат сұраудан арланбайды.
Екіншісі — жергілікті кәсіпкер Ғалым Ақылбеков. Табиғаты өте тартысты тұлға. Бұл мырза «түрлі-түсті төңкеріс» идеясын белсенді уағыздайды, әлеуметтік желідегі өзінің бетінде Қазақстанда «Майданның» қайталанғанын қалайтынын ашық айтудан қымсынбайды. Бәлкім, ол мойнындағы қыруар қарыздан оңай құтылудың тиімді жолы елдің басына түскен нәубет деп ойлайтын болар?! Өйткені, бизнестегі серіктеріне, әсіресе, орталық базарда отыратындарға белшеден берешек екенін білеміз...
Үшіншісі — радикальды коммунист Сәкен Жүнісов. Ол 2000-жылдардың басында-ақ елде мемлекеттік төңкеріс жасауға шақырған. Сондай-ақ, «Қазақстандағы ұласпалы төңкерістің стратегиясы мен тактикасы» деген, ғылымға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» еңбектің авторы. 2003 жылы ұлы екеуі сот өкіліне күш қолданғаны үшін үш жылға сотталып, бас бостандығынан айырылған.
Төртіншісі — Сәуен (?) Сабырбаев деген біреу. Ол туралы белгілісі — есірткіге өте әуес. Есірткі заттарын сақтағыаны үшін 1998 жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, үш жылға сотталған.
Бесіншісі — Айсұлтан Жақыпов. Оның өмірбаяны да оңып тұрған жоқ. Шекара жасағында әскери борышын өтеп жүргенде 2003 жылы Талдықорған әскери горнизонының соты «Шекара қызметін атқару тәртібін бұзу» бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартқан.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» неде? Қайран қазекем айтқыш қой! Әлеуметтік маңызды мәселеге арналған жиынның басы-қасында кімдер жүргенін көргенде ата-бабадан қалған: «Өзің дуанасың, кімге тұлға болғандайсың?!» деген қанатты сөз еріксіз еске түседі...
