Мазмұнға өту

Жаңа

Қызылордалық боксшылар «Төрт Астана турнирінде» бас жүлдені жеңіп алды


Қызылорда қаласында бокстан «Төрт Астана турнирі» болып өтті. Оған тарихтың әр кезеңінде Қазақстанның бас қаласы атанған Орынбор, Қызылорда, Алматы және Астана қалаларының құрама командалары қатысты. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Турнирдің бірінші күні Қызылорда командасы Орынбор қаласының құрамасын 7:1 есебімен ұтты. Ал Алматы боксшылары астаналықтардан басым түсті. Сондықтан екінші күні финалда Сыр өңірі мен Жетісу өлкесінің былғары қолғап шеберлері бірінші орынның тағдырын шешті. Онда қызылордалықтар 6:4 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің жеңімпазы атанды. Ал үшінші орын үшін таласқа түскен Орынбор мен Астана спортшыларының бәсекесі тең аяқталды.

Турнирдің қорытындысында орынборлық Габил Махметов «Үздік техникасы үшін», астаналық Игорь Шанин «Жеңіске деген жігері үшін» жүлделеріне ие болды. Сол сияқты Серік Әбденәлиев (Алматы), Аман Ақшолақов (Ақтөбе) және Аман Әжібаев (Арыс) «Үздік төреші» атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға кубок, диплом және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Биыл бірінші рет тұсауын кескен «Төрт Астана турнирі» келесі жылы Ресей Федерациясының Орынбор қаласында өтетін болды.

   

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Автор: Жаңагүл Сердалы

 
0
0
591

«Шахтер» топтық кезеңде «Маккабимен» 2:2 есебімен тең түсті


Қарағандылық «Шахтер» Еуропа Лигасының топтық кезеңінде израильдық «Маккабимен» 2:2 есебімен тең түсті.

Ойынның алғашқы минутынан-ақ «Шахтер» Боян Шарановтың қақпасына шабуылды үдетті. Бірақ израильдықтар да қарап қалмады. Дегенмен әлдымен Андрей Финонченко, содан кейін Евгений Тарасов қонақтар қақпасына доп соғып, алғашқы таймды 2:0 есебімен аяқтады.

Ойынның екінші жартысында қонақтар құрамын екі адамға жаңартып, белсендірек қимылдай бастады. Осындай шабуылдардың бірінде Хэн Эзра доп айырмашылығын қысқартып үлгірді. Ойының соңына қарай Алон Турджеманның соққан добы есепті теңестіріп кетті. «Шахтер» футболшылары сөйтіп, жеңісті қолдан шығарып алды. Есеп 2.2 есебімен тең аяқталды.

Енді қарағандылықтар Астанада 24 қазанда «Аз Алкмаармен» кездеседі.

«Шахтер» (Қарағанды, Қазақстан) — «Маккаби» (Хайфа, Израиль) 2:2 (2:0)

Голы: Финонченко 40 (1:0), Тарасов 45 (2:0), Эзра 54 (2:1), Турджеман 79 (2:2)

 
0
0
303

Астаналық марафоншылар Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына орай 280 шақырым жол жүгіріп өтпек


Астаналық марафоншылар
Бүгін елордадан Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына орай «Қазақ елі» монументінің алдынан «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің 15 марафоншысы Көкшетау қаласына дейінгі 280 шақырымдық жолға аттанды. Олардың жастары 25 пен 45 аралығында. Марафоншылар 280 шақырымдық жолды артқа тастап, 5 қазан күні Көкшетаудағы Абылай хан алаңына жететін болады. Дәл осы күні облыс орталығында Қазақтың ұлы ханына арналған салтанатты шаралар өткізіледі.

«Жаппай жүгіру эстафета принципі бойынша, яғни әрбір 5 шақырым сайын бір-бірін алмастыру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар марафоншылар өздерімен бірге Қазақстанның туын алып жүріп, оны Көкшетаудың орталық алаңына жеткізетін болады. Біздермен бірге арнайы автобус пен жол полициясының экипажы еріп отырады. Марафоншылар Бурабайға апаратын жаңа тас жолдың бойымен жүгіріп, кейін Көкшетауға оралады», — деді «Желтоқсан ақиқаты» ҚБ төрағасы Нүкен Бейсенғазы.

Оның атап өтуінше, аталған шараны мемлекеттік органдар мен қатар бизнес құрылымдарда белсене қолдау білдірген.

«Мұндай марафонды ұйымдастыру жастардың ұлттық тарихты зерделеуге, оның ішінде талантты стратег әрі көреген басшы ретінде халық жадында сақталып қалған Абылай хан сынды ұлы тұлғалардың тағдырына қосышма қызығушылық тудыратын болады», — деді ол.

     
АСТАНА. ҚазАқпарат - Автор: Марлан Жиембай
 
0
0
442

Ереванда қазақстандық «KADEX» көрмесі талқыланды

Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты Ұйымына мүше-мемлекеттер әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекетаралық комиссиясының (ӘЭЫМК) 11-отырысына Қазақстан Қорғаныс министрлігінің делегациясы қатысты. Қазақстандық делегацияға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Оқас Сапаров жетекшілік етті.

Комиссия жұмысына Армения Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Артур Багдасарян, ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан ӘЭЫМК ұлттық бөлімдерінің  басшылары қатысты.

Комиссия ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері жөніндегі Келісімді одан әрі жетілдіру сұрақтарын қарастырды.

Комиссия отырысының қарсаңында ӘЭЫМК Төрағасының жанындағы ұлттық бөлімдерінің жұмыс тобы сарапшыларының ӘЭЫМК жанындағы Іскерлер кеңесінің кеңесі өткізілді. Өткізілген жиналыстың басты тақырыбы 2014 жылы Қазақстанда өтетін халықаралық қару-жарақ, әскери-техникалық мүлік «KADEX-2014» көрмесі болды. Бұл  Астана қаласында  осымен үшінші рет өткізілетін қазақстандық көрме. Алғаш рет ол 2010 жылы жалауын көтерді. «KADEX» көрмесі көрермендер  тарапынан, қатысушылар мен қонақтар жағынан құпталды.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты Ұйымына мүше-мемлекеттер әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекетаралық комиссиясының 10-шы мерейтойлық отырысы өткен жылы Астана қаласында ұйымдастырылғандығын атап өткен жөн.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты Ұйымына мүше-мемлекеттер әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекетаралық комиссиясының биылғы отырысы сыйластық пен сындарлы жағдайда өтіп, келесі отырыста талқыланатын сұрақтардың барлығы түгелдей қарастырылды.

 

ҚР ҚМ баспасөз қызметі

0
0
385

Қазақстан Қорғаныс министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді шаралар қабылдауда

Бүгін Қазақстан қорғаныс ведомствосында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бағдат Майкеевтің төрағалығымен ҚР Қарулы Күштеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуын бақылау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

2013 жылдың басынан бері қорғаныс ведомствосында Мемлекет басшысы – ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысының бастамасымен жасалған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялық жоспар шеңберінде үлкен жұмыстар атқарылды.

Ол жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Б. Майкеев:
– Қорғаныс министрлігі әскерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған барлық шараларды қабылдауда. Комиссия әскери ортада сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға мүмкіндік беретін ҚР Қарулы Күштеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуы бойынша бұдан да тиімді жұмыс істеуі керек. Командирлер жеке құрамға осы проблеманың мүмкін болатын нақты зардаптарын жеткізіп, әскери қызметшілердің құқықтық мәдениеті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруы керек, – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша 2013 жылдың 8 айында Қарулы Күштерде 16 сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған (Анықтама: 2013 жылдың 8 айында республикада 1452 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген). Жалпыреспубликалық статистикаға жүгінсек, әскерлерде 8 ай ішінде жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, армияның жауынгерлік қабілетіне кері әсер ететін жүйелі сипаты жоқ екендігін дәлелдейді.

Кеңеске қатысушылар 2014 жылға арналған Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстардың тиімділігін арттыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарын талқылады. Бұл құжат жауапты лауазымдарға қабылданар алдында міндеттемелер қабылдай отырып, айрықша жоғары талапты бекітетін лауазымдар тізімін ұлғайтатын болады.

Жоспарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы үшін арнайы тексеруді жүргізетін механизмдер де қарастырылған. Бұл ретте осындай тексерістен өтпеген тұлғалар әскери қызметтен шығарылатын болады.

– Комиссияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізген іс-шаралары тек жазалаумен ғана шектелмек емес, әскерлерде жемқорлыққа қарсы тұру механизмдерін жасау болып табылады. Әскери қызметшілер әскери қызметтерін лайықты жағдайда өткеру керек.Біз бүгін Қарулы Күштердің беделіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуына байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқыладық. Қорғаныс министрлігінің басшылығы қабылдаған әскерлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар туралы әрбір әскери қызметшіге жеткізіп отыруымыз керек, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Б. Майкеев.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
518

Музыка «шежірешісі»

 

Hаум Григорьевич Шафер есімді жайсаң мінезді жанды өңірде білмейтіндер  кемде-кем. Жұртшылыққа Нами Гитин есімімен таныс ол - әлемдегі ең ірі күйтабақ музейінің негізін қалаушы, музыкатанушы, әдебиеттанушы. Наум Григорьевичтің бала кезінен жинақтап, көзінің қарашығындай сақтаған күйтабақтары бүгінде тұтас мұражайға айналған.

Павлодардағы Н.Шафердің мұражай-үйіне бас сұқсаңыз, әлемдегі бес құрлық халықтарының музыка қорын көрер едіңіз. Мұнда 27 мың патефон пластинкасы, магнитофон жазбаларының 1500 данасы және 1500 аудиокассета сақталған.

Алғашқы күйтабақтар

– Наум Григорьевич, мамандығыңыз филолог екенін білеміз. Ал кәсібіңіз һәм нәсібіңіз – музыка екен...

– Өмірімді музыкамен байланыстыру бақытын маңдайыма тағдырдың өзі жазды. Дегенмен, мен үшін музыка мен әдебиет – егіз ұғым. Бүйірім музыкаға бұрып тұрса да, бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Сол заманда бұл оқу ордасы еліміздегі жалғыз жоғары білім ошағы болатын. Студенттік шағымда Пушкиннің, Абайдың, неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің шығармаларына «шөлім қанбайтын». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің, атақты композитор Евгений Брусиловскийдің дәрістерін тыңдадым. Ән жазумен де әуестендім. Негізінен, Исаак Дунаевскийдің шығармашылығына ден қойдым. Бүгінгі таңда жеке коллекциямда оның 400 күйтабағы сақтаулы.

–  Қанша шығарма жаздыңыз?

– Қоржынымда 300-ге жуық туынды бар. Филология факультетінде оқып жүргенімде Е.Брусиловскиймен жүздесу бақытына ие болдым. Бір күні ол мені шақырып алып:                  «Наум, музыкаға бет бұрсаң қайтеді? Әдеби шығармалар кітапханаларда мәңгілікке сақталар. Ал аудио немесе бейнекассеталарға жазылған музыкалық шығармалардың дәурені өтер. Сондықтан, заман үнін талай ұрпаққа жеткізер патефон күйтабақтарын жинаған жөн болар» деген ақыл-кеңесін берді. Бастапқыда қызығушылық білдіргеніммен, соншалықты құлақ аса қоймадым. Кейін бұл сөздердің мәнін түсіндім. Патефон пластинкаларына жазылған әлемнің музыка жауһарларын жинау пешенеме жазылғанын сонда түсіндім.

– Бұл кәсіпке қашаннан бері әуессіз?

– Мұны өмірлік ісім десем де болады. Жалпы, әуестігім балалық шағымнан бастау алды. Мен 1931 жылы Молдованың Кишинев қаласында дүниеге келдім. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары ата-анам депортация зобалаңына ұшырап, Қазақстанға жер аударылды. Қазақ елінің шекарасынан өтерде бізге салмағы 100 келідей жүкті алуға рұқсат берді. Ата-анамның неке қиюларына орай туған-туыстары сыйға тартқан 30 күйтабақ пен америкалық патефон бар болатын. Ес білгелі бері менің ойым далада емес, патефондағы әуенде болды. Шекарадан шығарда екі көзім жасқа толып, әлгі пластинкаларды қойныма тыққаным әлі есімде. Олардың ішінде орыс әндері, атақты композитор Глинканың романстары және түрлі би әуендері болды. Сөйтіп, қазақ жеріне күйтабақтарымды бірге алып келдім! Бұл - 1904 жылғы «Отче наш» атты күйтабақ болатын. Соғыс кезінде 10 жасар бала едім. Жастығыма қарамастан, қара жұмысқа араласып, еңбектендім. Заман мектебінен өттім. Біз қоныстанған ауыл «Новый быт» деп аталған еді. Бұл елді мекен көптеген ұлттарға пана болды. Орта мектепті Ақмола облысында тәмамдадым. Алдымен Ақмола             және Шығыс Қазақстан облыстарында мектеп мұғалімі болып еңбек еттім. 1964 жылдан Павлодардағы педагоги¬калық институттың доценті, кейін профессоры атандым. Бүгінгі күні институтта филологиядан дәріс оқимын.

– Жоғарыда қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің дәрістеріне қатыстым деп айттыңыз. Бұл кездесу туралы да білгіміз келеді.

– Бұрынғы Киров атындағы институтта оқып жүргенімде қазақ бөлімдеріне «Абайтану» бойынша дәріс оқытылатын. М.Әуезовтің дәрістеріне біз де қатысуды жөн санап, қазақ студенттерімен ілесіп баратынмын. Абайдың тілін үйренгім келді. Біз ғана емес, тарих, физика-математика факультетінің студенттері де Мұхтар ағамыздың дәрістерінен қалмайтын. Жалпы, бұл - ұзақ әңгіме. Оны айтудан жалықпаймын. Бұл – өмірімнің ұмытылмас сәттері.

Иманжүсіптің әні жазылған

– Әлемдегі ең ірі патефон пластинкалары мұражайын құруды қашан қолға алдыңыз?

– Коллекциямдағы ең көне күйтабақ 1898 жылға тиесілі. Фонотекалық қорда, бұлардан бөлек, жылдар бойы жинақтаған кітаптар, аудио және бейне кассеталар баршылық. Олардың қатарында әлем бойынша сирек кездесетін пластинкалар бар. Өнердегі ұстазым Евгений Брусиловскийдің жол сілтеуімен талай қазақ ауылдарын аралап, халықпен тілдестім. Көңіліме жақын әуендерді жинастырдым. Тағдыр тәлкегімен Қазақ жеріне қоныс тепкен ұлттардың халық музыкасын жинауды мақсат еттім. Қазіргі таңда коллекциямда дүниедегі бес құрлық халықтарының тіліндегі музыкалық туындылар бар. Біле білсеңіз, қазақ тілінде алғашқы рет жазылған күйтабақ та мұражайда тұр! Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуар азаматтардың шығар-малары жетерлік. Тіпті, атақты сазгер, палуан Иманжүсіп Құтпанұлының ұмыт бола бастаған «Ерейментау», «Сарымойын» әндері жазылған күйтабақтар бар.

– Қазақ тіліндегі алғашқы күйтабақ  жайында айтыңызшы?

– Ол түпнұсқа күйінде сақталған. 1936 жылы қазақтың бірінші күйтабағына жазылған Құрман-ғазының «Кеңес» күйін Жаппас Қаламбаев пен Лұқпан Мұхитовтың орындауында мұражайдың концерттік залынан тыңдауға болады. Бұдан бөлек, «Күләш Байсейітова ән шырқайды», «Жамал Омарова ән салады» атты жинақтарым қалың тыңдарманға қолжетімді. Келіп, емін-еркін тыңдаймын деушілерге есігіміз әрдайым ашық. Қазір қорда Роза Бағланованың жас кезінде жазылған, алайда, көпшілік біле бермейтін әндері бар. Бұл – шыны күйтабаққа жазыл¬ған үш минуттық туынды. Евгений Брусиловскийдің әнін алтын дауысты бұлбұлымыз Роза Бағланова 1940-шы жылдары орындапты. Әншінің өнеріне тәнті болған Брусиловский оған «Қыз арманы» деген әнді арнағаны тарихтан белгілі. Пластинкасының сыртында әншінің суреті де бар. Мұндай пластинканы еш жерден таппайсыз!

– Қорда Бибігүл Төлегенованың әндері де бар ғой?

– Біздің мұражайда Бибігүл Төлегенова да ән шырқайды. «Алтын ай астында» атты өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары патефон күйтабақтарынан көшірілген жазбаларда өнерпаздың орындауын-дағы қазақ, орыс, неміс, татар, армян, латыш, қырғыз, украин тілдеріндегі әндер жазылған.

– Наум Григорьевич, арманыңыз қандай?

– Менің есіміммен аталған мұражай – мемлекеттің қамқор-лығында болғанына шүкіршілік етемін. Бастапқыда бұл мұраны өзімнің кішкентай пәтерімде сақтап келгенмін. Пластинкаларды сақтау – үлкен жауапкершілікті қажет ететін шаруа. Шыны керек, сақтау ережелерін бұзуға тура келді. Орын тапшы болатын. Осы орайда бір қызықты жайтты айтып өтейін. Бірде Омбы облысының басшылығы пластинка қоры туралы хабардар болып, қызығушылық білдірді. Олар маған Омбыға көшіп барып, сол жерде мұражай ашуды ұсынды. Алайда,  мен бас тарттым. Өйткені, осы құндылықтарға қамқор болатын жомарт азаматтар өзімізден табылды. Менің арманым біреу, ол – өзімнің маңдай теріммен жинап, қастерлеп, бүгінгі күнге жеткізген мол мұрамды келер ұрпаққа жеткізу. Әр күйтабақ – жеке әлем! Оны таныту – менің өмірлік мұратым.

Мұражайға  келген адамның күйтабаққа жазылған әуезді үнді патефон арқылы тыңдауына болады. Техниканың қарыштап дамыған заманында көне патефон жазбаларын тыңдаудың өзі қызық әрі ерекше әсерге бөлейді. Таңдай қағасың, таңданасың. Наум Шафермен жарқын әңгімеміздің соңында сонау 1945 жылы Шөже ақынның орындауындағы Ұлы  Жеңіске арналған «Айналайын, Сталин» әнін патефон арқылы тыңдап, тамсанып қайттық.

 


3
0
1183

Әділбек Жақсыбеков: Қазақстан қорғаныс министрлігі Беларусь қорғаныс өнеркәсібі кешендерімен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын

Бүгін Астанада, ҚР Қорғаныс министрлігінде қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков Беларусь Республикасы Мемлекеттік әскери-өндірістік комитетінің төрағасы Сергей Гурлевпен кездесті. Кездесу Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Қазақстан Республикасына ресми сапары шеңберінде өтті.

Тараптар әскери-техникалық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Аталған саладағы екіжақты қарым-қатынасты реттеуші және оның дамуына ықпал ететін маңызды орган ретінде әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-беларусь кіші комиссиясы жұмысының қарқынына оң баға берді.

Кездесуде Әділбек Жақсыбеков:
– Қазақстан Қорғаныс министрлігі Беларусь қорғаныс өнеркәсібі кешендерімен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Біз ел аумағында қазақстан-беларусь бірлескен кәсіпорындарын салуға мүдделіміз,  – деп атап өтті.

Кездесуде Қазақстан Қарулы Күштерінің ұшақтарына беларусь кәсіпорындарында, сондай-ақ Астанада салынатын авиациялық-техникалық орталықта техникалық қызмет көрсету бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту талқыланды.

Әділбек Жақсыбеков пен Сергей Гурлев қазақстан-беларусь екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдарды белсендіру туралы әңгімелесті.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
713