Мазмұнға өту

Жаңа

«Шапағат» клубының ұйымдастыруымен 25-ші қазан Филология факультетінің ғимаратында дәстүрлі қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

"Шапағат" клубының ұйымдастыруымен 25-ші қазан Филология факультетінің ғимаратында дәстүрлі қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің мақсаты мүмкінділігі жектеулі жандарға қол ұшын соза отырып, жастарды мейірімділікке шақыру. Жәрмеңкеде қазақтың ұлттық тағамдарымен қатар өзгеде ұлттардың тағамдары қойылды.  Келушілен өздерінің ізгі ниеттерін білдірді.

 


0
0
793

Қазақ тілін үйренуде жаңа әдіс

Ювиде қазақ тілін үйренгісі келетін жастардың көптігіне сенімім мол, сол қазақ тілін үйренгісі келетін жандарға арналған бағдарлама жайлы ой салсам деп ем...

Телеарнадағы қазақ тілін үйренетін бағдарламаларды көрген кезде кәдімгідей күлкім келетін... Мүмкін, қазақ тілін өзім білгесін үйрету әдістері бір түрлі көрінгеннен кейін шығар... Ал сол бағдарламалардың шынымен қазақ тілін үйреткендерін көрдіңіздер ме? Себебі, ешкім ол бағдарламалар қорытындысын шығарып, бағдарлама бойынша қанша адам тіл үйреніп қанша адамға көмектескенін бақыламаған еді... 

Кейде осы тіл мәселелсін көтерген кезде бізде тек айқайлау бар да, нақты іс жоқтай боп көрінетін. Әлі де тіл мәселесі қазақ елінде жүрсек те өзекті тақырыпқа айналып отыр. Шынымды айтсам телеарналардағы тіл туралы бағдарламалар неге нақты іс әрекетке көшпейді екен деген ой келетін...

Алдыңғы жазбамнан байқасаңыздар, мен 1- Евразия каналына барған ем. Сонда қазақ тілі және қазақ тілді бағдарламалар жөнінде сөйлескен едік. Ол кісілер маған 4 - қарашадан жаңа  «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде!» атты бағдарлама шығатынын хабарлады. Рас, алдыңғы бағдарламалар сияқты бағдарлама көз алдыма келе қалды, жасырмаймын... Ойымды ашып айтпағаныммен олар менің ойымды оқып қойған сияқты өз бағдарламалары туралы айтып берді...

Бағдарлама қазақ тілін үйретуге бағытталған. Ерекшелігі: қазақ тілін үйренуге деген құштарлығы бар әр ұлттың өкілінен әр түрлі жастағы әр түрлі маман таңдалынып алынып, қазақ тілін үйретуде жаңа әдіспен тіл үйретуді бастайды. Яғни, бұрынғыдай әр сөздің қазақшасы қалай екенін мың қайталап, оны қалай есте сақтау жолдары көрсетілмейді. Бағдарлама да қазақ тілі мамандары мен бірге ті үйренушілер мен журналистердің өздері де қатысады. Оларға жаңа методика мен тіл үйретіп қана қоймай арнайы тақырыпта пікірталас ұйымдастырылып, арнайы қазақ тілінде сұрақ-жауап бөлімі мен бірге арнайы үй тапсырмасы беріліп тексерілетін болады. Ең қызығы: оқу уақыты аяқталғаннан кейін олар арнайы тест тапсырады, яғни тікелей сауда орталықтарына, банк, ауруханаларға барып арнайы қазақ тілінде қызмет сұрап, қызмет көрсету кезінде қазақ тілінде сөйлесетін болады. Халықпен қазақ тілінде сөйлесу деңгейі тексеріліп, бағдарлама жеңімпазы анықталады...

Шынымен де, бұл біздің елде алғашқы қолданылып отырған әдіс, маған ұнады! Жеңімпаз анықталатын болса деймін, қандай сыйлық береді екен соңында???

0
0
758

Латын әліпбиіне көшу – тарихпен қош айтысу

Қазіргі уақытта еліміздің басты проблемасына айналып отырған ең өзекті тақырыптардың бірі – әліпбиіміздің өзгеруі, яғни қалыптасқан дәстүрді бұзып, кириллицадан латын әрпіне көшу. Ең өзекті деуіміздің де себебі сол, жоғарыда отырған шенеуніктер, министрлер бұл мәселеге кенедей қадалуда. Ал бұны қарапайым халық қолдай ма, әлде қарсы ма, мұнымен санасып жатқан ешкім жоқ.

Қазақстан халқы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері, бүгінгі қолданыста жүрген кириллицадан латын алфавитіне көшу мәселесі жөнінде пікірлер біресе жиі, біресе саябырси айтылып келеді. Қазіргі қолданыстағы кириллица – қазақ тарихындағы төртінші алфавит екені бәрімізге мәлім. Сонау сақ дәуірі, түркі дәуірі кезеңіндегі ата-бабалаларымыз өздері ойлап тауып, енгізген, құрастырған алфавиттен басқалары бодандықтың кебімен күштеп енгізілді. Түркі заманынан мұра болып қалған осынау құндылық «руно» жазуы еді. Одан кейін араб шапқыншылығы кезеңінде елімізге араб жазуы (төте жазу) ислам дінімен қатар келді. Латын және кириллицаны Кеңес үкіметі енгізді. Мақсат – алфавитке көшу арқылы қазақ халқымызды рухани есеңгіретіп, халықтық болмыс, ұстанымдарынан айырып, мәңгүрт етіп алдарына салып айдап өз дегендерін жүзеге асыру еді. «Ресей тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан артық іс болмас» деген Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы жарық көрген «Қазақ» газетіндегі жанайқайы бекер емес-ті.

Мемлекетті тезірек латын әліпбиіне көшіруге асықтырған мамандар басты аргумент ретінде мына бір төрт жайтты келтіреді.

Біріншіден, (олардың айтуы бойынша) заманауи озық технологиялар, әлемдік соңғы үлгідегі техника, машина, ғаламтор жүйесі, маркетинг, сауда брендтері, компьютер қызметтері толықтай латын тілінде болғаны себепті, қазақ тілі заман көшіне икемсіздік танытып, бірте-бірте өркениеттен алыстап барады.

Жоғарыдағылардың айтуынша, қазақ тілін латын алфавитіне аударса, жаңа реформалауға мүмкіндік туып, индустрия дамымақшы.

Латын алфавитіне көшуді жақтаушы кейбір қандас бауырларымыз: «Егер солай етсек техника тілін меңгеру оңайланады», - дейді. Осы жерден бір сұрақ туындайды. Сонда халқымыз техника тілін қолдануда өзге мемлекеттерден артта қалу дәрежесінде ме?.. Әлде сол бір дүниені меңгереміз деп, осыншалықты асыл қазыналарымыз бен құндылықтарымызды, салт-дәстүр, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды, том-том болған шежіре-тарихымызды әп-сәтте алфавит ауытыру арқылы жоймақшымыз ба? Бұндай қастандыққа қалай барамыз? Артта қалған өскелең ұрпақ ше? Бойына не сіңірмекші?

Бұл – біраз уақытты қажет ететін, ауыр да қиын жұмыс. Осы уақытқа дейін жазылған барлық қолжазба, кітап атаулы еліміздің мұрағатында компьютерлік нұсқада жазылып сақталған. Ал ол жазбаларды латын алфавитіне техника көмегімен аудара салу әрине, жеңіл. Дегенмен, қажырлы еңбекті талап етеді.

Техниканы меңгеріп, әлемдік дамыған мемлекеттермен тең жәрежеде болу үшін латын алфавитіне көшу. Айтуға оңай, алайда, дамыған мемлекет дәрежесіне көтерілу мұнымен шешіле қоярлық іс емес. Бұл үшін алфавит ауыстыру тиіс емес. Мәселен, Жапония, Қытай, Корея елдері латын әрпін қолданбай әлемдік деңгейге өз иероглифтерімен-ақ байланысқа шығуда. “HONDA”, “SONY”, “LENOVO”, “SAMSUNG” компанияларының жетекшілері болып табылатын бұл елдер өз төл жазуын, иероглифтерін компьютерлерінен алып тастап, латын алфавитіне көшпей-ақ біраз биікке өрледі.

Екіншіден, көркем сөздерге бай қазақ елінің әліпбиінде қосарланған әріптер бар. Мысалы: «Я», «Ю», «Ц», жіңішкелік белгісі, т.б. Бұлардың барлығы да бізге орыс алфавитінен енген. Ал біз оларды латын алфавитіне аудару арқылы ол әріптерден құтыла аламыз немесе екі латын әріпін біріктіру арқылы бір дыбысты білдіре аламыз. Мәселен, «ң» әрпін латынша «ng», «ч» әрпін «ch», «ғ» әрпін «gh» екі әріптің қосарлануы арқылы қолданамыз. Олардың айтуынша, бұл – әлемге тарыдай шашылған этникалық қазақтардың қолданатын әріпі, ортақ әліпби оларды біріктіріп, тұтастандырады. Осылайша рухани өзегінен айырылмауына жағдай жасайды. Бұл – үшінші, яғни шет ел қазақтарының қолданатын алфавиті – латын әріпі. Ал олармен байланысқа шығу үшін, неге оларға өз ана тіліміздің қаріптерін қолданбасқа, неге соны үйренбеске? Ал осыншама жан-жаққа шашылған азғантай қандастарымыз үшін, 17 миллион халқы бар еліміз неліктен алфавит ауыстыруы тиіс? Әлде жоғарыдағылардың көздегені – шет ел ме? Неліктен көпшілік аз ғана қауым үшін тарих бетін қайтадан ашпақ?

«Дүниежүзінде қанша елде қазақ диаспорасы бар, сонша нұсқа бар деуге болады», - дейді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқытушысы Дәуренбек Әубәкір. Маманның айтуына қарағанда, латын әліпбиі сонымен бірге қазақ тілін үйрену методикасын жеңілдетіп, азаматтарды артық жұмыстан арылтады, құтқарады.

Бұл мәселелерді жете зерттеген мамандардың айтуынша, қазір латын әліпбиінің 11 нұсқасы бар. Тіл мамандары осы шаруалармен егжей-тегжейлі зерттеп, осы уақытта латын әрпіне көшкен өзге түркі тілдес халықтардың тәжірибесін ескеріп, жобаның дайын екендіктерін айтады.

Президентіміз әліпбиіміздің толықтай латын тіліне көшуін 2025 жылға қарай жүзеге асыруды көздеп отыр. Бірақ бұл мәселегекейбір азаматтарымыз наразылығын танытуда. Мұхтар Шаханов ағамыздың өзі: «Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқын екіге бөледі» деп, халқымыздың болашағы үшін шыбын жаны қиналып, шырылдап жүр. Айтқан сөзінің де жаны бар, астарында ақиқат жатқаны рас. Бұл мәселе елде қарама-қайшы пікірлі екі таптың пайда болуына әкеп соқтырады. Тіпті жақын көршілеріміз Өзбекстан мен Әзірбайжан халықтарынң әліпбиі өзгеруі себепті бұрынғы жазылған тарихтарына көз жүгірте алмай отыруы да соңғы кездерде мәлім болуда, себебі – латын алфавитіне көшу арқылы кириллицаны ұмытқан. Осы сөздерімізге мына бір проблема айқын дәлел. Латын әрпіне ауысу – оңай шаруа емес. Бұл еліміз үшін өте ерте қадам. Себебі тарихымызды енді-енді айқындап жатқанда, бұл – теріс қадам басушылық. Әріптерімізді азайтамыз деп, болашағымызды бұлыңғырландырып, тарихымызды өшіріп алмасақ игі еді.

 
1
0
2416

Қазіргі жастар – болашақ ата-ана

Әлеуметтік проблеманың елімізде белең алған түрі – жастардың некелесіп, артынан қайта айрылысуы. Бұл мәселе қаламызда да өршіп тұр. Бұның өзіндік бірнеше себептері де бар. Отбасы және неке туралы заңға байланысты қазіргі жастар арасындағы неке құру үшін қажетті жағдай – екі жастың да кәмелетке келуі, яғни 18 жасқа толуы болып есептеледі. Халқымыз да осы жас мөлшерін дұрыс деп санайды, бұл уақытқа дейін ұлын үйлендіруге, қызын ұзатпауға тырысады. Себебі, әрбір ата-ана ұл-қызының оқу бітіріп, өз бетінше өмір сүруге дайын болған кезде ғана үйленіп, үй болуын қалайды. Орта мектепті 17-18 жасқа толмай, жоғарғы оқу орнын 21-22 жасқа толмай бітіре алмайтындықтан, сонымен қатар өмірлік жарын таңдау жастардың өз қалауында болуы себебі, неке құру деңгейі қазіргі уақытта бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есеге атты. Бір байқағанымыз, жастарымыздың отбасылық өмірге ерте қадам басуында. Бұған не себеп екенін анықтап білу де қиын. Бұл әр түрлі пікір тудырарлық мәселе екені мәлім.

Қаламызда жастардың арасындағы алғашқы неке құру жасы негізінен 18 бен 25-тің аралығында болып отыр. Кейде бұл шамадан әрлі-берлі ауытқуы да мүмкін. Қыз балалар негізінен 20 жасқа дейін тұрмыс құруды қалайды, әрине олар үшін бұл неке құрудың нағыз уақыты болуы да мүмкін. Ал, ер балалар керісінше, әскер қатарында қызмет ету борышын өтеп қайтқаннан кейін үй болуды дұрыс деп санайды. Мұның өзі де қазіргі заман талабына сай қалыптасқан негізгі фактор.

Отбасын құруда жастардың, болашақ  ерлі-зайыптылардың  бір-бірін  толық  танып,  бір-бірімен  жақсы  түсіністік  қарым-қатынаста  болуы  өте маңызды. Кез келген  отбасында,  жас ерлі-зайыптылар  арасында  түрлі экономикалық,  әлеуметтік  және  жеке  тұлғалық  ерекшеліктеріне  байланысты  түрлі  мәселелер  болады.  Сол  мәселе  салдарынан  отбасында  ұрыс-керіс, қақтығыс,  дау-жанжал  болып,  оның  аяғы  отбасының  ыдырауына  әкеп  соғады. Міне осы факторлар жаңа отау құрған ерлі-зайыптылардың қайта ажырасуын тездетеді.

Ажырасуға бірден-бір себеп – жастардың асығыстығы немесе болашақ жарын дұрыс таңдай алмау себебі. Нақтырақ айтсақ, жастарымыз діни талаптарға мән бере бермейді. Бұл – бірінші. Екіншіден, жастардың болашақ жарын ата-анасының қалауымен таңдауы немесе ата-анасының жар таңдауға араласуы деп айтсақ да болады. Ата-анаға қарсы шығу, ренжіту дұрыс емес әрине, бірақ та өмірдегі ең басты қадамды, ең басты таңдауды болашақ ерлі-зайыптылар өздері таңдауы тиіс. Себебі жастар – болашақ ата-ана.

 
1
0
649

Қорықтың басты мәселесі

Арал қаласындағы ерекше орындар туралы сөз еткенде, оның аумағында орналасқан Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығына тоқталмай өтпеске болмайды. Бұл қасиетті мекен бір кездері Арал теңізінің бергі жағалауындағы өзінше бір арал болатын. Кейінгі жылдары теңіз суының күрт тартылуына байланысты ол бертін келе құрлықпен қосылып кетіп, өзінің арал ретіндегі статусын жоғалтып алды. Ашық аспан аясынан ойып тұрып орын алатын бұл қорық қазіргі таңда Қазақстандағы белгілі алты мемлекеттік қорықтың қатарында жан-жануарларды қорғау мақсатында жұмыс жасап келеді.

Барсакелмес қорығы Арал теңізінің солтүстік-батыс бөлігіндегі өзі аттас шөлейтті аралда орналасқан. Бұл қорық 1929 жылы тапсырма беруші орган ретінде құрылып, араға он жыл салып, 1939 жылы 10 желтоқсан күні мемлекеттік қорық мәртебесіне ие болады. Сол бір жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің шығарған №973 қаулысы негізінде бұл құрылымның тұрақ тепкен жері өте қолайлы мекен болатын. Оның ең биік бөлігі теңіз деңгейінен 100 метрге дейін баратын.

Қорықтың жалпы көлемі 160,8 мың гектар жерді қамтиды. Қорықтың басты мақсаты - жалпы табиғат кешенімен қатар саны азайып бара жатқан ақбөкен мен қарақұйрықты қорғау. Бүрын Аралда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 257 түрі өссе, соңғы кезде олардың саны тіпті азайып, кейбіреулері жойылып кету қаупінде. Қорыққа шөлді аймаққа тіршілік етуге бейімделген жануарлар тән. Негізгі қорғалатын аңдар: ақбөкен, қарақұйрық және құлан. Жануарлар әлемімен қоса өсімдіктер әлемінің түрлері бұнда өте сирек кездеседі. Өсімдік атаулының 256-дан астам түрлері және малдар, аңдар, сүтқоректілер және қос мекенділер тіршілік етеді.  Теңіздің тартылып, құрғауына байланысты судың тұздылық мөлшері нормадан асып, шектен шықты. Тұщы су – тұрмыстық қолданысқа қажетті зат. Ал судың құрамының күрт өзгеруі табиғи апатқа әкеліп соқтыруы да мүмкін. Қазіргі таңда тұщы судың жоқтығы мал шаруашылығына қиындық әкелуде.

Барсакелмес қорығының басқа қорықтардан басты артықшылығы – елімізде сирек кездесетін құландардың тіршілік етуі. Барсакелмес – құландар мекені. Әу басында мұндағы қорықтың өзі негізінен табиғатта сиреп бара жатқан осы аңның түрін сақтап қалу үшін құрылған еді. Құландар осыншама кең байтақ жерімізде өте сирек. 1953-1964 жылдар аралығында 9 құлан Түрікменстанның Бадхыз қорығынан осында әкелініп жіберілген. Ал 1982 – 1991 жылдар аралығында 260-тан астам құландар республиканың басқа қорықтарына ауыстырылған. Қазіргі таңда жылдық қорытынды бойынша құлан саны 20-25 басқа көбейді. Азайған құландарды көбейтуді басты назарға алуымыз керек.

Енді Барсакелмес қорығының дәл қазіргі таңдағы жұмыс сипатына келсек. Бірақ, тұяқты аңдардың бұл қорық аумағынан тысқары кетіп қалатындығына байланысты 500 мың гектардай алқап бақылауға алынған. Бұрынғы теңіз табаны және онымен жалғас жерлерден құралатын осынау атырап күзет әдісімен қадағаланады. Мұндағы құландар саны да біртіндеп өсіп келеді. Бір кездері тіпті санаулы болып қалған бұл аңның мұндағы қарасы бүгінде 100-ден асты. Егер құланның өте баяу өсетіндігін ескерсек, бұл өсімнің өзінің жоғары қарқынды екенін байқауымызға болады.

Барсакелмес қорығының қазіргі таңдағы басты мәселесі - 100-150 000 га және 400 000 га жерді сақтап, өсімдіктерді көбейту. Бұл – өте дұрыс шешім. Теңіз кеуіп, орны құрғап, өсімдік атаулының мүлдем азаюы қорық аумағында көптеп кездеседі. Өсімдік біткеннің азаюы – таза ауаның ластануы. Ластанған ауа тіршілікке қолайсыз. Бұл мәселеге аудан басшылығы да оң көзбен қарап, қолдан келген барлық шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Гүлденген қала атануымыз үшін қолдан келген іске барынша ұмтылуымыз қажет.

 
1
0
1222

Өкінішке толы матчтар немесе соңғы уақыт синдромы

Қазақ футболына биыл 100 жыл толды деп жатырмыз. Аз уақыт емес әрине, бүтіндей бір мемлекеттің құрылып, қалыптаса алатынындай ұзақ мерзім. Атандай бір ғасыр. Еліміздің осы уақыттарға дейін не көріп, нені бастан өткергені баршамызға мәлім. Сол уақыттармен түйдей құрдас деп айтсақ, артық айтқанымыз емес. Айтып-айтпай не керек, сол ұзақ мерзімнің ішінде қазақ футболы сан құбылды, мың түрленді. Бірде өзінің сала-құлаш ойынымен (ащы да болса шындық) елдің көңілінен шықпай жатса, бірде жақсы ойын мәнерімен жеңіске жетіп, жанкүйерлердің ынта-ықыласына бөленді. Бірақ шаттанып, кеудемізді қуаныш кернеген сәттерден гөрі, жүзімізден сол қуаныштан жиырылған езулердің жоғалған сәттері көп болды. «Әттеген-ай!» дейтін кездеріміз де өте көп. Сөздің шыны керек, ұлттық құрамамыздың әрбір ойынының алдында «Мүмкін ұтып қалармыз» деген күмәншіл сенім әрбір қазақтың көкейінде орын алары анық. Кейбіріміз мүлдем бөлек ойдамыз. «Өй, қайтесің Қазақстанның футболын қарап? Бекер көресің, ақыры жеңілеміз, өзің білесің». Міне, осындай сөздерден кейін футбол тұрмақ, еліңе деген сүйіспеншілік сезімің де төмендейді. Қазақ болып туғаныңа өкінесің. (қазақ аяқдопшыларының намысына осылай тию керек) Ойлаймын, неге осы ой бізді мазалауы керек? Керісінше, құрамамызға үміт артып, жеңетініне толықтай неге сенбеске? Неге жігер бермеске?.. Бізден де (яғни жанкүйерлерден де) қате бар, жетіп артылады.
Мен бұл жерде бапкер жайлы, құрамамыздағы қаптаған легионерлер немесе құрама сапында қазақ ойыншыларынан гөрі өзге ұлт өкілдерінің көп болуы жайлы сөздерді қозғамай-ақ қояйын. Олар жайлы баршамызға мәлім. Сан түрлі мақалалар да жазылды, эфирлерден де айтылды. Құрамамыздың сапында кемінде 2-3 қазақ доп тебеді. Бұл не масқара? Бұны аңғарған өзге мемлекеттің азаматтары сол қазақтарды құрамадағы легионерлер деп ойлауы әбден мүмкін. Ал 90 минут бойы құр жүгіретін орыстарды елдің намысы деген мүлдем алаңдатпайды. Себебі, олар қазақ емес. Бойларын намыс кернеп жатқан олар жоқ. Жалақысын уақытылы алып тұрса болғаны, оларды алаңдатары осы ғана. Ұялғаннан жерге кірер бір ойыншыны көрген емеспін. Кей сұхбаттарда: «Сәттілік жетіспеді, бағымыз жанбады. Келесі ойында барымызды саламыз» деп, құр уәдемен ауыз бекіте салады. Бұл сөздің де құтысы қашқанына қай заман? Сонда қай уақытта бағымыз жанбақшы? Қай кезде сәттілік жетіспек? Әй, қайдам!!!...(өзегім өртенуде)

Енді қазақ футболының тарихынан ойып тұрып орын аларлықтай матчтар туралы сөз етсек. Құрамамыздың әрбір ойыны үшін жанымыз күйіп-піседі, әрине. Бірақ жеңіп тұрып, сол жеңісті уысымызда ұстай алмауымыз жиі қайталанады. Ойыншыларымыздың физикалық ахуалы нашар ма, әлде футболға деген махаббаттары ойын соңына дейін басылып қалады ма, не керек, әйтеуір құрамамыз жеңіле береді. Сонымен қатар бізді алаңдататын ең үлкен жайт – соңғы уақыт синдромы. Яғни, матчтың соңына қарай бір доп біздің қақпаға міндетті түрде кіреді. Бұл - қалыптасқан дәстүр ма деп ойлаймын. Ойыншыларымыз 80-минуттан асқаннан кейін саябырси бастайды. Жеңіп тұрып, жеңіледі немесе ұпай бөлісіп тұрып, есе жібереді. Мейлі ұлттық құрамамыз болсын, мейлі клубтық ұжымдарымыз болсын.  Мәселен, еліміздің мақтанышы «Ақтөбе» футбол клубы 2009-2010 жылдардағы чемпиондар лигасының 3-квалификациялық раундында Израильдік «Маккаби-Хайфа» клубымен кездесу өткізіп, 3-4 есебімен жеңісті қолдан беріп қойды. Бұл қос ойынның алғашқысы өз жерімізде 0-0 есебімен аяқталған болатын. Келесі ойын қонақтар жерінде өтті. Есеп 3-4. Алғашқы уақыттардан белсенділік танытқан жерлестеріміз ойын барысын өз қолдарына алғанымен, артынша жеңілістің ащы дәмін татты. Есеп ашып, есепті ұлғайтқанмен, 2-таймда 4 голдың қақпамызға қалай домалағанын да көрдік. Себебі де мәлім, ауа-райының тым қапырық болуы. Суыққа үйренген біздікілер үшін бұл үлкен проблема еді. Израильдік команданың бұл жолы айы оңынан туды.

Бұндай синдром 2012 жылы тағы да қайталанды. Бұл жолы ұлттық құрамамызда. Бразилиядас өтетін 2014 жылғы Әлем Чемпионатына іріктеу сындарында Қазақстан құрамасы Ирландия құрамасымен бір топқа түсті. Алғашқы кездесу 2012 жылдың 7-қыркүйегінде «Астана-аренада» болды. Матч екі команданың кезекті шабуылдарынан басталған болатын. 37-минутта құрамамыздың капитаны Нұрдәулетов есеп ашып, команданы алға сүйреді. Әттең осы счет ойын соңына дейін сақталмады. 2-тайм да басталды, біршама қауіпті соққылар да жасалды. Ақыры 89-минутта қақпамыздың алдында ойын тәртібі бұзылып, пенальти белгіленді... Есеп 1-1. Осылай сақталса, жақсы ғо. Оған ілесе, араға дәл 1 минут салып қақпамыздың торы тағы да бір бүлк етті. Ал сол бір сәтте, матчты тамашалап отырған әрбір қазақтың жүрегі бүлк етпек түгілі, сыздап, қақ айрылардай болып кетті...

Айтып тізе берер болсақ, ондай мачтар көп-ақ. Оны айтып қозғап жатқанымның да себебі бар, ағайындар. Ондай ойындар қайта қайталанбаса, осы ойындар бізге сабақ болса екен деймін. Тағы айтарым, жақында ғана өткен Швеция-Қазақстан арасындағы кездесуде біздің асығымыз тағы да алшысынан түспей қалды. Иә, мойындамасқа да шара жоқ, Швеция құрамасы бізден мықты. Сөзсіз мықты. Бірақ енді ойын басталмай жатып гол жіберу деген не масқара?! Әлде, соңғы уақыт синдромы алғашқы уақытқа көшкен бе? Бұл өте ұят жағдай болды. 26-секундта Ибрагимович соққан голдан кейін қаншама соққылар да орындалды. Бізден де, олардың тарапынан да. Ал соғылған голдан кейін, 90 минут бойы доптың емес, шведтердің соңдарынан жүгірдік.  Бұлай жалғаса берсе, футболымыз дамымақ түгілі, құрдымға кетері анық. Ашығын айтқанда, бізге Азияға оралған дұрыс секілді. Қорытарым осы.

 
1
0
520

Мемлекеттік тіл сайысы: Сарыөзектегі әскерилер бас жүлде иегері

Сарыөзек әскери гарнизонының әскери қызметшілерінен құралған «Шаңырақ» командасы Қазақстан халықтары тілдері күніне орай он бес әкімшілік округ арасындағы өткізілген байқауда бас жүлдені жеңіп алды.

Байқауға қатысушылар ұсынылған мақал-мәтелдерді қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аудару арқылы оларды меңгеру деңгейлерін паш етті. Үш турдан тұратын байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және қолданыс аясын кеңейту болды.

Сайыс соңында он бес команда ішінен суырылып шыққан әскерилер старшина Қуат Ибраимов, 3-сыныпты сержант Азамат Байысқақов, старшина Жұмағазы Ахметов және сержант Қарлығаш Мұстафаева, сержант Гүлжан Сейдахметовалардан тұратын команда өздерінің нағыз тіл жанашырлары екенін танытты, әскерлердегі мемлекеттік тілді дамытудың шоқтығы жоғары екенін делелдеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінің бүкіл жеке құрамы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ««Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саясаты» атты жолдауына сәйкес үштұғырлы тіл саясатын қолдап, осы мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізуде.

Мұндай іс-шаралар Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында, әскер түрлері мен тектерінде, әскери бөлімдерде өткізілді. Бұл еліміздің рухани бірлігі мен халықтар достығын нығайтуға қосылатын ауқымды үлес екені белгілі.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

 
0
0
497

«Қазақстанда» шетелдік телехикаялар үлесі азаяды

2013 жылдың 11-қарашасынан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының хабар тарату кестесі өзгереді. Ұлттық телеарна шетелдік телехикаялардың қомақты бөлігін азайтып, отандық телехикаялардың санын арттыруды көздейді, деп хабарлады баспасөз қызметі.

Отандық жобалар мен телехикаялардың санын арттыру - бұл әлемдік үрдіс. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының басшылығы отандық телехикаялардың көлемін ұлғайтып қана қоймай, олардың сапасын да арттыруды көздейді. «Қазақстан»ҰТА 2006 жылы алғаш рет түрік және корей телехикаяларын көрермен назарына ұсынды. 2009 жылы Ұлттық телеарна тұңғыш отандық өнім «Ағайынды» телехикаясын көрсетті. 7 жыл ішінде телеарнаның ішкі өнімдерінің саны да, сапасы да үздіксіз артып, отандық телехикаялардың қомақты мұрағаты қалыптасты. Солардың ішінде «Туған елдің түтіні», «Ұлжан», «Парыз», «Көк тарландары», «Өмір өткелдері» және т.б телехикаяларды көрермендер жылы қабылдады.

«Қазақстан» ҰТА-ның арнайы тапсырысымен түсірілген телехикаялардың рейтингі 2011 жылдан бастап тұрақты түрде өсіп келеді. ТНС Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, 2011 жылдың 1 қыркүйегі мен 2013 жылдың тамыз айы аралығында толықтай қазақ тілінде хабар таратуға көшкен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының рейтингісі 100 мыңнан жоғары тұрғындары бар елді мекендер арасында 55 пайызға орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен  47 пайызға пайызға өсті.

Рейтингтің өсуіне отандық телехикаялардың қосқан үлесі аз емес. 2009-2013 жылдар аралығында отандық телехикаялар өз аудиториясын қалыптастыру арқылы тұрақты көрермендер санын ұлғайтуға ықпал етті.

 
0
0
764

«Жастар кадрлық резерві — 2013» жобасы

 

«Жастар кадрлық резерві – 2013» жобасы

2013 жылдың қараша айының 1 және 4 аралығында Ақмола облысында «Жастар кадрлық резерві - 2013» жобасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бірінші білім беру модулі өткізілуде.

2013 жылдың 25 қыркүйегімен 5 қазан аралығында еліміздің барлық аймақтарында өткізілген сұхбаттасу қорытындылары бойынша 345 үміткерден 65 қатысушы таңдалып алынды.

Бірінші білім беру модуліне қатысу үшін іріктелген қатысушыларға жеке жоба дайындау қажет болатын, жобаны ұсыну және қорғау 1 қарашаға белгіленген.

Бірінші білім беру модулі бағдарламасының аясында қатысушыларға ынталандыру, өмірді стратегиялық жоспарлау, жетістікке жету жолдарын басқару, өнімді инновациялық белсенділікті арттыру, функционалды презентация дағдыларына үйрету, ой-өрісті дамыту және сынап талдау салаларына арналған семинар сабақтары өткізілетін болады. Сонымен қатар, қатысушыларды тестілеуден өткізіп, жүзеге асыруда тәжірибелік мәні бар жеке жобаларды қорғау жүргізіледі.

Семинар сабағын Ресей Федерациясында ынталандыру және мақсаттарды жоспарлау саласындағы жетекші мамандардың бірі, жаттықтырушы Татьяна Погосова өткізеді. Ол 500 астам жеке жетістіктер тақырыбына арналған тренингтер сондай-ақ, корпоративтік теренингтер өткізген. Жаттықтырушыларды дайындайтын арнайы бағдарламалар жасап, ондаған жаттықтырушыларды дайындаған. Оның тренингтеріне 25000 астам адам қатысқан.

Бірінші білім беру модулінің қорытындысы бойынша 32 лайықты қатысушы жобаның келесі деңгейіне шақырылатын болады.

Жастар кадрлық резерві бұл – қызметтік өсуге ынталанған, кәсіптік дағдылары және басқару біліктіліктері жоғары мамандардың республикалық деректер базасы. Жоба отандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарын аяқтаған 29 жасқа дейінгі аналитикалық ойлау қабілеті жоғары және көшбасшылық құндылықтары айқын жас азаматтарды оқытуға бағытталған.

Жоба жайлы толық ақпаратты 8 71 72 707 716 телефон нөмірі бойынша  немесе zhasotan.kz  сайтынан алуға болады.


0
0
1451

Кіші мамандардың курстық даярлығы аяқталды

«Отар» 40-әскери базасының оқу орталығында Қазақстан Қарулы Күштерінің кіші мамандарын оқытудың кезекті курсы аяқталды.

Дене даярлығы, мемлекеттік-құқықтық және жауынгерлік даярлық пәндері бойынша емтихандарды табысты тапсырған курсанттар алған мамандықтары бойынша әрі қарай кіші командирлердің лауазымдарында қызмет атқару үшін әскери бөлімдерге жіберілетін болады.

Курстық даярлықтан өтуге іріктеп алынған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері жарты жыл бойы САУ2С-3 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысының зеңбірек командирі, механик-жүргізушісі, миномет командирі, барлау және нысана көрсету бастықтары, бөлімше командирі – топогеодезистер, командир-есептеушілер, жаяу әскер жауынгерлік машинасының механик-жүргізушілері, көздеуші-операторлары, БТР механик-жүргізушілері, Т-72 танкінің механик жүргізушілері сияқты мамандықтар бойынша дайындықтан өтті.

Кіші командирлерді даярлау кезінде қарудың әр түрінен атуға, жауынгерлік машиналарды жүргізуге және курсанттардың дене даярлығын дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Оқу орталығында даярлықтан өткен жас курсанттар білімдерін тек жауынгерлік даярлық пәндерімен толықтырып қана қоймай, түрлі іс-шаралар барысында өздерінің спорттық және шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жауынгерлік даярлық пәндері бойынша емтихандардан табысты өткен курсанттар курстық даярлықты аяқтағандары туралы куәліктер алды.

Салтанатты шараның соңына қарай барлық қатысушыларға арналып Гарнизондық Офицерлер үйінде концерт қойылды.

www.strategy2050.kz

0
0
399