Ақпарат
«Іскерлік журналистика» клубы іске кірісті

Ел арасындағы «Қазақтілді журналистер экономиканы сөйлете алмайды» деген жаңсақ пікір әлі де болса жойылмай келеді. Бір ғана мысал, қазақ тілінде жарық көретін экономикалық-іскерлік басылымдар «Қазақстан ZAMAN», «Қазақстан Іскері», «Экономика» газеттерінің бас редакторлары бизнес-экономика тақырыбында жаза алатын кәсіби қазақтілді журналистердің жетіспейтіндігін айтып, бірнеше рет «дабыл» қаққан болатын. Дәл осы тақырыпта шебер жазатын журналистерді дайындау мақсатында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы, журналист Ербол Азанбектің тікелей жетекшілігімен «Іскерлік журналистика» клубы құрылып, өз жұмысын бастап жіберді.
Құрамы 15 студент-журналистерден тұратын клубтың алғашқы дәрісі «блог» жайлы болды. Бірнеше жылдан бері «Мәдениет» тақырыбында қалам қаузап жүрген танымал блогер Бақытжан Бұхарбаев өзінің тәжірибесімен бөлісіп, блогер ретінде танымал болудың әдіс-тәсілдерін үйретті. Бүгінде ең оңтайлы, ауқымы кең, оқырманы көп блог жүйесі ретінде клуб мүшелеріне yvision.kz-ке тіркелуді ұсынды. Сонымен қатар, дәл осы блог жүйесінің көптеген пайдалы тұстары барын атап өтті. Блог-мәтінді әлеуметтік желілер арқылы таратып, оның оқырманының көп болуын қамтамасыз етудің жолдарын да көрсетіп берді. Бақытжан Бұхарбаев өз сөзінде yvision.kz-тің бас парақшасына шығу үшін тынбай еңбектену қажеттілігін айтты. «Блог жүйеде де негізгі мәселелердің бірі қазақтілділер мен орыстілді блогерлердің бір-біріне қарсы коментарийлер беріп, көп конфликтке келетіні. Мәселені бұлай екі жаққа бұрмалау шешімсіздікке алып барып, оқырмандардың басын қатырады» - дейді дәріс өту барысында.
Менің жеке сарабым бойынша yvision.kz-те қазақтілді блогерлердің саны 10%-ға да жетпейді. Мұндағы қазақтілді блог-мәтіндердің саны мен сапасын арттырып, қазақ тілін 50/50%-ға жеткізу «Іскерлік журналистика» клубының тағы бір мақсаты болып қалмақ. Қазірдің өзінде клуб мүшелері сайтқа тіркеліп, іске белсене кірісіп кеткен. Президентіміз Н.Назарбаев «Мемлекеттік тіл барлық жерде, барлық салада қолдануы керек» деген болатын. Yvision.kz басшылығы да мемлекеттік тілге мән беріп, қазақтілді блог-мәтіндерді бас парақшаға жиіп шығарып тұрса, мұның өзі мемлекеттік тілдің қолданылу ауқымын біршама кеңейтіп тастаған болар еді. Ендеше, ісін жаңа бастаған «Іскерлік журналистика» клубына «іске сәт!» тілейміз!..
