«Іскерлік журналистикада» Іскерлік сәт
Осы уақытқа дейін әрбір блогтұғырдан жылт етіп бір блог ашатын болдық, амал қанша. Өзімнің есебімше бұл 4-шісі секілді. Әрқайсысына тіркеліп, блог жүргізіп, кейінірек аяқсыз қалдырып кеттік. Барлығының әр түрлі себептері болды. Оның бәрін айтып отырудың қажеті шамалы. Әрі сіздерге де қызық емес. Блоктар жолындағы соңғы аялдамам осы болмақ бұйырса.
Айтайын дегенім бұл емес, осы аптаның ішінде журналист ағам Ербол Азанбектің бастамасымен "Іскерлік журналистика" клубын құрдық. Клубтың құрамында ҚазҰУ-дың 15 болашақ студент журналистері бар. Мақсатымыз қазақ журналистикасында экономика саласы бойынша жазатын журналистерді дайындап шығу. Жалпы қоғамға белгілі журналистика саласында экономика және бизнес тақырыбына қалам тербейтін журналисттер жоқтың қасы. Бұйыртса, ағымдағы жылы бұл олқылықтың орнын толтырмақшымыз. Мақсат-мұратымыз осы. Жоспарымыз бар.
Кеше алғашқы тренигімізді бастап жібердік. Осынау блогтұғырдың 2010 жылдан бергі тұрғыны Бақытжан Бұхарбаев ағамыз блоктың қыр-сырын үйретіп, егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп берді. Негізінде әуелден блогтұғырдан аз-маз хабарым болған соң, Бақытжан ағамның айтқандарының 80 пайызын біледі екенмін. Өз басым богта қалай танымал болу керектігін, не жазу, не жазбау керек, контентті қалай табуға болады деген сияқты біршама дүние үйрендім. Қой енді көп созбай, әдептен озбай осы жерден тоқтайын. Үй осы, кіріп тұрыңыздар. Жазбамнан дәм татып тұрыңыздар. Әрине қонаққа құры келіп, құры кетпей "Лайк" баса кетіңіздер, лайықты оқырман қатарын қоса кетіңіздер! Мен де сол үдеден шығып бағайын. "Біздің міндет - мінсіз қызмет" болғай әманда!
