«Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының тұсаукесер рәсімі туралы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалған 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклоры топтамасының тұсаукесер рәсімін өткізді. Шараның басты мақсаты – халқымыздың ұлттық мақтанышы саналатын аса бай фольклорын қалың жұртшылыққа, ел-жұртқа толықтай таныстыру, фольклорымыздың түр жағынан да, мазмұн жағынан да, жанрлары мен көркемдігі жағынан да баға жетпес асыл мұрасын бүкіл жаһанға паш ету. Қазақ фольклоры – халықпен бірге жасасып келе жатқан зор руханият. Ол – қазақ қоғамы үшін бұрын да, қазір де үлкен мәдени, тарихи тағылымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Баяғы дәстүрлі қоғамда фольклор әрі әдебиеттің, әрі өнердің, әрі педагогиканың қ…



