Перейти к содержимому
Обложка сообщества Qaz

ВАМПУЛАРМЕН ТҰҢҒЫШ ТАНЫСТЫҚ

Аюдың басын еттен арылтып, қоймаға жасыруға тиіс Никифоровты жалғыз қалдырып, жиһангездер ойпатты жиектей отырып терістік-шығысқа бет алды. Алғашқы сапардан таныс жерлерді көктей өтіп, түске тармаса олар бір ашық алаңға шықты. Оның дымқыл топырағынан көлге таяу тұста өгіз бен жылқы тұяғына қоса жалаңаяқ адам ізін тапты. Бұл онкилон ізі емес, себебі олар аяқкиімсіз жүрмейді. Және мынау табанның таңбасы тым үлкен, башпайлары әдеттегіден әлдеқайда ұзын, бірінші және екінші башпайларының арасы едәуір алшақ.

Терістік-шығысқа қарай кеткен ізге иттерді салып жиһангездер тағы да екі алаңқайдан асып, үшіншісіне жақындағанда шуылдаған дауыстар есітті. Иттерді қарғысынан жетелеп, орман бауырына абайлай жетіп жазыққа көз тастап еді: вампулар жүр. Сегіз адам шөпте жатқан бір қараны айналып билеп жүр, онысы соғып алған ірі хайуан болса керек. Вампулар түгел тыр жалаңаш, денесі қоңырлау, түкті. Жалбыраған шашы иығына түсіп, бет-аузын келте сақал-мұрт басқан. Бір қолына қысқа найза ұстап, бір қолында – шоқпары, бір орнында секіріп, аяғын алға, артқа сілтеп, қолын сермеп билеп жүр. Би ырғағымен «Ой-го-го!», «Ай-ду-ду!» деп бірер сөзді әлсін-әлсін қайталап, айғайлай береді.

Би он минутқа созылды, сосын вампулар олжасын айнала қоршап, терісін сыпыра бастады. Қызығы, енді келді: әрқайсысы қаны сорғалаған жылы еттен кесіп-кесіп алып қарбыта асай бастады. Қарны тойғасын ғана олар олжасының қолын қол, жілігін жілік етіп, қара кесек тұсын кесіп алып теріге орап, жетеуі алаңқайды басып, шығысқа қарай жөнелді, сегізіншісі қалған етті күзетіп орнында қалды, төбесінде екі бүркіт оған қайта-қайта шүйіліп қалықтап жүр. Жүресінен отырып ап етке құныға түскен күзетші төрт кісі мен екі иттің ту сыртынан білдіртпей жетіп келгенін байқамай қалды. Крот ыр-р ете қалғанда ғана жалт қарады. Әуелі ол тұра-ақ зытпақшы еді, бұрын көрмеген, онкилондарға еш ұқсастығы жоқ адамдарға аңтарылып, олардың кезене ұстаған жылтыр таяқтарына, қасына ерген қасқыр сияқта екі мақұлығына қарап, пышағын түсіріп алып, қолында бір кесек еті, қорыққанынан қалшылдап отырды да қойды.

Тереңге орналасқан кішкентай шүңірек көзі оның аласа маңдайын екі доғаға ұсатып көрсетеді, аңқиған аузынан аппақ тісі ақсиып, кесек азулары байқалады, қысқа иегі жүзіне тағылық таңбасын тепкізіп тұр. Ұзынша ақ таяқша өткізілген танауы делдиіп, мұрны жапырайып жатыр, құлағы ұп-ұзын, сүйектен дөңгелетіп жасаған сырғасымағы оны созып иығына түсіріп тұр. Мойнында аю мен қабан тісінен тізілген алқасы бар.Вампу мен жиһангездер бірнеше минут бойы үн-түнсіз бір-біріне карасты да қалды.

Кенет тағы адам атып тұрып, жартылай бұзылған өгіз етін бір-ақ аттап, дұшпан жоқ жақпен кеудесін алға төсеп ата жөнелді.

– Қап, айырылып қалдық-ау! – деп өкінді Костяков. – Ұстап алып қолын байлап бірге ала кету керек еді.

– Оңайлықпен байлата қойса! – деп күлді Горюнов. – Бұлшық еті мен тісі қандай екенін көрдіңіз бе? Біздің оған төртеулеп әліміз жетпейтіні хақ. Ол біреуіміздің желкемізді үзіп, не кеңірдегімізді орып кетер еді.

– Ұстаған күнде де оны қайда апарамыз? – деп сұрады Ордин.

– Тұтқында ұстап байқап, тілін түсінуге тырысар едік, мінез-құлқын зерттер едік. Көне тас дәуір адамының тілі мен мінез-құлқын зерттегеннен қызық не бар. Әне, қаруы қалыпты, қараңыздаршы.

Вампу найзасы мен шоқпарын шөпте қалдырып кетіпті. Найзасының ұзындығы бір метрдей, сабы түп-түзу ақ қайың, сәл үңгіген ұшына өрескел сомдалған ұзынша шақпақ тас қыстырып, түсіп қалмас үшін оны көн қайыспен шандып бекітіп қойған. Шоқпары әлгіден жуыр ағаштың түп жағы, сыпталған түбірінің жуандығы түйілген жұдырықтай.

Шоқпардың ұзындығы жетпіс сантиметрдей, әлеуетті қолда, әсіресе, қол төбелеске таптырмайтын қаһарлы қару мұнымен кісінің басын күлпәрше ғып, өгіз иә жылқыны талдырып түсіруге болады. Бұрынырақ кеткен вампудан қалған басқа шоқпардың басына үшкір, қырлы шақпақ тас байлаған, онысы ірі хайуанның басына тисе, тесіп өтетін түрі бар.

Өгіз өлімтігінің бір жақ қабырғасының еті тұтас сылынып, алдыңғы, артқы аяқтары шауып алыныпты. Алайда жерде әлі де жарты еті мен басы жатыр. Әлгі адамдар, сөз жоқ, өз олжасына қайта оралуға тиіс.

– Меніңше, олар мұнда оралмайды: қашқын көргенін айтып үрейлерін ұшыруға тиіс, – деген болжам айтты Горюнов.

– Бәлкім, олар бізді көруге, болмаса аулап алуға әдейілеп оралар да, – деді Костяков.

– Жасырынып күте тұрайық, сөйтіп олардың тұрағын көріп алайық, – деп ұсыныс жасады Ордин.

– Егер олар бізді ізімізге түсіп тауып алса ше? Сірә, олар тәжірибелі ізші болуы керек, – деді Горюнов.

– Із тастау үшін әуелі батысқа өтейік, содан орман ішімен айналып екінші жақтан шығалық.

Осы ақылға көніп, ет пен қаруға тимей, жиһангездер алаңқайдың терістік бетіне қайта жасырынды. Тегінде, тұрақтары онша алыс болмаса керек, бақылаушылар алаңқайдың шығыс бетіндегі бұта қозғалып, арасынан барлаушының дудар басын шалып қалды. Өлексеге екі бүркіт қонып, шоқып жатыр, екеуі бөлек жатқан ішек-қарынмен отыр. Бұдан вампулар алаңқайда еш адам жоғын бірден байқаса керек, бұта арасынан отыз шақты адам қаптап шыға келді, арасында оншақты әйелдері де бар. Олар жүгіре басып өлексеге келді. Бірінен кейін бірі жалп етіп ұшқан бүркіттер алаңқайды шыр айналып, төбеде әлі қалықтап жүр.

Вампулар өлексені айналып, еттің мұрты бұзылмағанына, қару-жарақтың орнынан қозғалмағанына қарап, қарадай үрей шақырған қашқынға күлісіп жатқан сияқты. Шамасы, олар оған бірдеңе елестеген, онкилондар болса етті тастап кетпек былай тұрсын, күзетшісінің де жоқтауын бір-ақ асырады деп тұрса керек. Қашқын ақталып керемет адамдардың қай арада қалай тұрғанын көрсетіп, иттің қандай екенін түсіндіріп, оның даусына салып үріп те қойды. Сонан соң ғана бірнеше адам өлексенің төңірегін тінтіп, жиһангездердің ізін тапса керек, сол кеткен жаққа беттеді. Қалған вампулар етке айналып, қалың ми сүйегін сындырып, ішек-қарынды аршып алды. Оны арқалап әйелдер кері тұрақтарына оралды да, еркектер із кесіп кеткендердің соңынан жүгіріп, жолдасының зәресін ұшырған бейтаныстарды қуып жетуге жанталасты. Алаңқайда өгіздің қабырғасы мен омыртқасы ғана қаңқайып, бүркіттер шоқитын да ештеңе қалмады.

– Мұнысы жақсы болды! – деп қуанып кетті Костяков.

– Еркектері кетті, біз енді тұрақтарында қалған әйелдеріне қонаққа барамыз.

– Еркектері қайтып келіп сыбағамызды берсін деймісің?!– деп мырс етті Горюнов.

– Бәрібір бізге енді алға жүруге болмайды: олар біздің онкилондар тұрағына баратын жолымызбен тартып, олай барсақ, беттесіп қаламыз. Онан да тұрақтарын көріп алып, түстіктен айналып кетейік.

Тағы адамдар тұрағындағы тұрмысты көру ниеті сақтықты жеңіп, сүрлеуге түсіп, төртеуі де шығысқа қарай тартты. Жерге тамған қан ізі оларға әйелдер жүрген жолын нұсқап тұр. Көп кешікпей алдан айғай мен күлкі естілді, олар тасаланып келіп шағын алаңқайдың ортасынан тағылар тұрағын тапты. Уақытша ма, әлде жазғысы ма, әйтеуір жалғыз теректің түбінен тұрақ теуіпті. От жанып жатыр, айналасында әр жастағы әйелдер мен балалар отыр. Әйелдерінің бойы ерлерінен едәуір аласа, бірақ олардан сымбаттырақ, түгі де аз, әсіресе кеуде жағы жалаңаштау. Оның есесіне шашы ұзын, бірақ қобырап жатыр, танауына өткізген таяқша мен астыңғы ерніне, құлағына тағылған ақ дөңгелекшелер болмаса, жүзі жылырақ көрінгендей, қоңыр мойнында алқа ағараңдайды. Киім дегеннен бірінде де тұлдыр жоқ. Балаларының шашы да, түгі де аздау.

Етті таяқшаға шаншып, отқа сәл ғана ұстап, вампулар жеп жатыр. От басына тақау үлкен тас жатыр, соған салып, үстінен екінші таспен ұрып, әйелдер миды шағып, борпылдатып сора бастады. Айғай-сүрең салып, мәз боп күліп, бәрі кәреге батып жатыр.

Әбден тойып алып әйелдер қалған етті бұтаққа іліп, екеуі теріні жерге төсеп, шақпақ қырғышпен оның шөлі мен қан-жынын сыли бастады. Басқалары от басына көсіліп, көңілі жайланып мызғуға кірісті. Балалар да бірін-бірі қуалап асыр салып жүр: біреуі шөпке аунап, мәре-сәре болса, біреуі маймылға ұқсап, ағашқа шығып, айғай салады.

– Ал біз шыға келсек қайтеді? – деп сұрады Костяков.

– Олар ғой қорқып, тым-тырақай қашады, біз тұрағын көріп, коллекцияға қару-жарағын, үй заттарын аламыз.

– Олар қашпай, корғанысқа көшсе ше? Кексе әйелдердің өзі жиырма шақты, әрқайсысының күші біздің кез келгенімізден артық, – деп қарсылық білдірді Горюнов.

– Мылтықты аспанға атсақ, қорқып тұра қашары шәксіз. Бұлай да бір тәжірибе жасап көру қызық көрінді де,жиһангездер қаруын кезеп бұта арасынан шыға келіп, тұп-тура тағылар тұрағына бет алды, иттер төрт тағандап ойнап жүрген балаларды аңның өзінше бір түрі ме деп абалай қуды. Мұның әсері мықты болды. Әйелдер атып тұрып, от пен теректің айналасына топырлады, алдында ғана қашқыннан есіткен ғажайып адамдарға қарап, аузын ашып аңырды да қалды бәрі. Балалардың иттен зәресі ұшып, қашып келіп әйелдердің артына тығылды. Алайда әйелдер есін шапшаң жинап, найза мен шоқпарға жармасты. Біреуі ырылдаған екі иттің ортасында құлап қалған баласына ұмтылды. Әйел найзамен шанышқанша Горюнов иттерді шақырып алып үлгерді.

– Көріп тұрсыңдар ғой, қашу бұлардың қаперінде жоқ, қайта бізге атқалы найзаларын оңтайлап, көтеріп алды, – деп ескертті Ордин.

– Кешігіп қалмай, атуға тура келер. Егер біз кері бұрылсақ, қорықты деп ойлап, артымыздан тап беруі мүмкін, – деді Костяков.

– Иә, ойынды бастауын бастаған екенбіз, енді ұтып шығу керек, – деді Горюнов. – Екі оқты әйелдердің басынан асыра атып, екеуін сақтықта ұстайық.

Костяков пен Ордин атып қалды, әсері адам айтқысыз болды: өздеріне қаратқан жылтыр таяқтан жарқ етіп шыққан от пен түтінді көріп, гүрс еткен дыбысты есіткен бойда әйелдер найзалары мен шоқпарларын тастай беріп, тізерлеп жата кетті де, зар еңіреп жалбарынып, жалына қолын жайды, балалар өкіріп қоя берді.

– Жарайды, мұны мен күткен жоқ ем! – деп дауыстап жіберді Костяков. – Олар тұра қашып, біз қалағанымызды алатын шығармыз деп ойлағанмын.

– Енді оларға ептеп жақындап, құдай болып көрінуіміз ғана қалды, – деп ұсыныс айтты Ордин.

– Қай құдай, олардың найзасы мен шоқпарын қымқыратын құдай ма? Одан да алдымен мылтықты оқтап алалық.

Мылтықтарын оқтап алып, жиһангездер салмақпен басып тізерлеп жатқан әйелдерге жақындады. Он-ақ қадам қалғанда, балалар дүрбелең туғызып, үрейленіп орманға қарай тұра қашты. Бірінен соң бірі әйелдер де солардың соңынан тартты. Орнында бетін жерге төсеп, тұла денесі дірілдеп, бір ғана әйел қалды.

Жақындап келіп жиһангездер оған үңіле қарады. Оның арқасын қысқа сирек түк басыпты, табаны мен алақанында ештеңе жоқ. Табанының терісі қалыңдығы мен қаттылығы жөнінен мүйізге ұқсайды, үлкен башпайы басқаларынан бөлек оқшау тұр, арқасына қарағанда балтыры мен білегінің жүні қалың. Алдынан қарағанда түгі аз, беті мен кеудесі тіпті тап-таза, бірақ сақал-мұрт болмаған соң кем иегі еркектерге қарағанда көзге көбірек ұрады, оның есесіне көзінің үстіндегі доға білінер-білінбес. Алайда ат жағы, шүңірек көзі, таяқша өткізілген жапырайған мұрны, дөңгелек ақ сүйекпен дүрдите тартылған ерні сұлулықтың ауылын онан алыстатып тұр. Сабын, тарақ дегенді ғұмыры білмей қобырай дудыраған шашының арасында шөп сабағы ма, жапырақ па – әйтеуір жоқтан өзгенің бәрі жүр. Ал бұлшық еттері әйелдің әлеуетті екенін аңғартып-ақ тұр.Бейшара әйел ақыры тыншыды, бақса, оның бір аяғы мықты қайыспен терең қағылған қазыққа тас қып байлап тасталған екен. Оның басқа әйелдермен неліктен бірге қашпағанының себебі енді айқындалды. Зайыры, ол бірдеңе үшін жазаланса керек.

Екі шоқпар, екі найза, май баттасып, қанмен күреңіткен дөрекілеу ағаш аяқ пен қырғыш алып, оған әйелдің мойнындағы алқасын қосып ала кетуге айналғанда, бәрін Горюнов кідіртті.

– Мынауымыз тұп-тура тонау болып шықты. Әйелдерді өлердей қорқытып, аз ғана мүлкін сыпырып алып кеткеніміз жөн болар ма екен?

– Ой, бұл бас пайдасы емес, ғылым үшін ғой, – деп қарсыласты Костяков.

– Дегенмен жақсы емес. Орнына бірдеңе қалдырып кету керек.

Қоржындарын ақтарып, кішкентай айна, шыны моншақ, сынық бәкі мен дәрінің темір қалбырын алып, оған екі бос гильзаны қосып, әлі де көзін жұмып жатқан әйелдің қолының қасына тастады. Содан сон білдіртпей басып орманның бауырына барып жасырынды да, бақылауға кірісті.

Біраз уақыт құлаққа ұрған танадай тыныш болып тұрды. Содан соң әлгі әйел басын көтеріп, бейсауат адамдар кеткеніне, өзіне еш залал келтірмегеніне көзі жетіп, айнала бір қарап алды да, екі саусағын аузына салып, ұзақ ысқырды. Жауап ретінде орман жақтан да ысқырық естіліп, ұзамай әйелдер жүгіріп бірінен соң бірі келе бастады. Олар жақындағанша жаңағы әйел жерде жатқан, жалтырап көз тартатын заттарды көріп, бірақ бас салуға қорқып, қолын соза беріп, күйдіріп кететіндей тартып алып, әуре болды. Ақыры, жеңсігі жеңіп, заттарды кезек-кезек ұстап, аудара қарап, иіскеп, таңдана шыңғырып жіберді. Жүгіріп жеткендер де оларды қолдан-қолға түсірмей, айғайласып, дауласып жатты. Алқасынан айырылған әйел шыны моншақты мойнына сала беремін дегенде, екі әйел кеп таласып тартты да, жібі үзіліп моншақтар жерге домалап кетті. Бәрі үйме-жүйме болып, моншақты теріп, қолына түскендері оны аузына тығып, әлек-шәлегі шықты.

– Біздің сыйлығымыз бәле боп жабысып, әйелдер өзара төбелеспесе жарайды ғой, – деп күлді Горохов.

Алайда жиһангездер олардың дауы мен бөлісінің ақырын күткен жоқ, вампуларға жолығып қалмас үшін түстік-шығысты бетке алып тартып берді. Түнде бір алаңқайға қонуға тура келді де, Амнундактың қосына ертеңіне түске таман жетті. Ол ертемен әр бағытқа жоқшылар жіберіп, ақ адамдар адасып кетті ме екен, әлде уәдесін бұзып, тайып тұрды ма екен, – деп қауіптеніп отыр еді. Меймандардың қолынан вампулардың найзасы мен шоқпарын танып, олардың қайда болғанын білгенде, бейқамдықтары үшін қатты кейіді. Онкилондар төртеуден-төртеу вампулардың жеріне аяқ басуға ешқашан тәуекел етпес еді деп ескертті.

Жаңа жайын өздері жоқта сақадай-сай етіп қойса да жиһангездер ол күні көсемнің жертөлесіне қонып шықты. Бастан-аяқ онкилондарша тұрмас үшін олар осы жолы базадан шай-қант, киім-кешек, ыдыс-аяқ ала келіп, дұрысырақ өмір сүруді ойлады.

 

0
0
510

Еще по теме