Перейти к содержимому
Обложка сообщества Qaz

ТАБЫЛДЫ!

XX тарау

 

ТАБЫЛДЫ!

 

Ал енді осы ғажайып қызық хикаяның ішіндегі ең таңқаларлық жайт турасында баяндамақпын. Бұл жайт өмірде адам күтпеген неше түрлі оқиғалардың ұшырай беретініне айғақ сияқты.

Өзімнің серіктерімнен оқ бойы озық, жазирадан шығып, аңызақ қарыған шөлге ене бере құмға сіңіп жоғалатын жыланшықтың жағасымен келе жатқам. Кенет өз көзіме өзім сенбей тұра қалдым. Таңырқар жөнім бар: менен жиырма ярдтай жерде, зәулім інжір ағаштың саясында, көгалда, өзенге бет бере кіп-кішкентай, әп-әдемі лашық тұр. Кафрлардың бұтақтан тоқып, шөппен қамсап жасайтын балағандары сияқты, бірақ кірер аузында жай қуыс емес, кәдімгі есік бар.

“Бұл не пәле! – деп ойладым мен. – Бұл араға лашық қайдан келді?”

Сөйткенімше болмады, есік ашылып, іштен ақсаңдай басып ұзын, қап-қара қаба сақалды, үстіне аң терісінен киім киген ақ адам шыға келді. Сірә, күн өтіп, ақылымнан алжасқан шығармын деп ойладым. Лашық! Оны аз десеңіз, ақ адам! Бұл – мүмкін емес жайт. Бұл өлкеге ешқашан ешбір ақ түсті аңшы келіп көрмеген, бұл иен далада адам тұруы тіпті де мүмкін емес.

Мен жұмбақ адамға көзім бақырайып, таңырқай қарадым. Тері киім киген ақ адам да маған есі шыға, тесіле қарап қапты.

Бұл екі ортада менің қасыма сэр Генри мен Гуд та жетті.

– Анаң қараңдаршы, достарым, – дедім мен. – Мен

ақылымнан алжастым ба, әлде біздің алдымызда шынында да ақ адам тұр ма?

Сэр Генри мен Гуд мен нұсқаған жаққа қарады. Сол сәтте қаба сақалды бейтаныс ақ адам оқыс айқайлады да, қиралаңдай басып, бері қарай тұра жүгірді. Бірақ бізге бірнеше қадам қалғанда есінен танып құлап түсті.

Сэр Генри бір-ақ секіріп, оның қасына жетіп барды.

– О, тәңірім, – деді ол қатты дауыстап. – Мынау –

менің інім Джордж ғой!

Сол кезде лашықтан үсті-басын аң терісі жапқан, қолында

мылтығы бар тағы бір адам жүгіріп шықты. Біздің қасымызға жете бере мені көріп, ол да бақырып жіберген.

– Макумазан! – дейді ентіге айқайлап. – Мені таныдың ба? Мен аңшы Джиммін ғой! Сен баасқа арнап берген қағазды жоғалтып алдым. Міне, екі жылдан бері осы жерде тұрамыз.

Сөйдеді де, қуаныштан еңіреп жылап, менің аяғымның астына жата кетіп, ерсілі-қарсылы домалай бастады.

– Ай көк соққан ашық ауыз! – дедім мен. – Сені жақсылап таяқтап алған жөн болар еді!

Бұл екі арада қарасақал да есін жиып, басын көтерді. Сэр Генри екеуі үн-түнсіз қайта-қайта сілкілеп қол қысысумен болған. Сірә, қуаныштан ауыздарына сөз түспесе керек. Ағайынды екеуінің неден ренжіскенін сэр Генриден сұраған емес едім. Бірақ олар әлдебір қыздың әлегінен араздасса керек деп топшылаймын. Мейлі, әуелде араздық неден қозса да, дәл қазір екеуі өткенді мүлде ұмытып, риясыз қауышып отыр.

– Жан бауырым, – деді ақырында сэр Генри. – Сені баяғыда-ақ өліп қалған шығар деп қорқып ем. Мен сені Сүлеймен тауының арғы бетінен іздедім ғой. Енді, міне, ойламаған жерден табылдың. Кәрі күшіген құсап, иен шөлдің ортасындағы жазираға ұя сап, үй тігіп, жайғасып алыпсың.

– Осыдан екі жылдай бұрын мен Соломон тауынан асып түсуге талап еттім, – деді жасқаншақтай шыққан дауыс. Ана тілінде көптен бері сөйлемегені танылады. – Бірақ осы араға жеткенде үлкен тас түсіп, аяғым сынды. Сондықтан алға қарай жүре алмадым, Ситанди крааліне де қайта алмадым.

Осы кезде мен екеуінің қасына келдім.

– Саламатпысыз, мистер Невилль. Мені ұмытқан жоқсыз ба?

– Құдайым-ау! – деді ол дауыстап. – Шынымен-ақ мынау Куатермэн бе? Апыр-ай, ә! Гуд та осында тұр ғой? Сүйеңдер мені, достарым, қайтадан басым айналып барады... Осының бәрі түс сияқты... Әбден үміт үзіп, дүниеден түңілген кезде келген неткен бақыт!

Кешқұрым ашық аспан астында алаулай жағылған от басында алқа-қотан отырған соң Джордж өз басынан өткен жайтты хикаялап берді. Әртүрлі оқиғаларға бай әңгіменің ұзын ырғасы мынадай еді.

Джордж Сүлеймен тауына жетпек оймен осыдан екі жыл бұрын Ситанди краалінен аттанады. Джимге мен берген қағазды алмапты. Тіпті миғұла Джим қағазды жоғалтып алғандықтан ол туралы күні бүгінге дейін ештеңе естімепті де. Алайда түземдіктер сілтеген жоба бойынша Джордж Сау-ханша тауын емес, осыдан екі-үш күн бұрын біз басып өткен асуды бетке алып жүреді. Сөз жоқ, бұл – кәрі да Сильвестраның картасында белгіленген жолдан әлдеқайда жеңіл жол еді.

Шөлде Джим екеуі көп қиыншылық көреді, бірақ ақыр түбінде аман-есен осы жазираға жетеді.

Сол күні Джордж Куртис үлкен бақытсыздыққа ұшырайды. Өзен жағасында демалып отырған екен. Джим жартасты қабақ басында, тас арасынан уыты жоқ жабайы аралардың (мұндай аралар шөлде ғана ұшырасады) балын жинап жүреді. Сөйтіп жүргенде ол қопарған тастардың бірі оқыста төмен домалайды да, Джордж Куртистің оң аяғын жаншып сындырып кетеді.

Аяқ жазылғанмен, Джордж ақсақ боп қалады. Енді ұзақ жол жүруге шамасы келмейді. Сондықтан Ситандиге қайта оралам деп шөл азабынан өлгенше, осы жазирада жатып өлген жөн деген ойға бекінеді.

Екеуі тамақтан тарықпайды. Өйткені оқ-дәрісі мол екен. Жазираға аң өте көп келеді, әсіресе, түнде суат басы қарақұрым боп кетеді. Олар аңды атып та алады, қақпан, тұзақ құрып та алады. Етін жейді, терісін киім етіп (өз үстіндегі киімдері тозған соң) киеді.

– Сонымен, – деді өзінің сөзін аяқтай келе Джордж Куртис, – Джим екеуміз иен шөл ортасындағы осы жазирада Робинзон Крузо мен Жұма құсап екі жыл тұрдық. Бәлки, әлдебір түземдік аңшылар ғайыптан жазираға кеп қалар, солардың көмегімен елге жетерміз деп үміттендік. Бірақ екі жыл бойы тірі жан көрмедім. Ақыры, сырттан жәрдем келер деген үмітіміз үзілді де, кеше мынадай шешімге тоқтадық. Джим мені тастап, көмек сұрауға Ситанди крааліне барады, ол аман-есен қайтып оралады деп ойлауға үмітіміз аз еді, әйткенмен басқа шара қалмаған. Міне, енді мына сен, – деді Джордж сэр Генриге қарап, – мұнда жүр деп, көремін деп күтпеген сен ғайыптан пайда бола қалдың. Өзің де ойламаған иен түзден мені ұшыраттың. Сені бауырың баяғыда-ақ ұмытып, Англияда жайма-шуақ өмір кешіп жатыр деп ойлаушы ем.

Мен бұрын-соңды естіген әңгімелердің ішіндегі ең ғаламат хикая, міне, осы. Ал осындай таңғажайып хикаяның осыншама сәтті кездесумен тәмамдалғанын айтсаңшы!

Осыдан соң сэр Генри де өз кезегінде біздің басымыздан өткен хикаялардың ең негізгілерін қысқаша баяндап шықты. Әңгіме үстінде түн ортасы ауғанша отырдық.

– Құдайға шүкір, – деді Джордж Куртис мен бірнеше асыл тасты көрсеткенде, – бастан өткен осыншама бейнеттің төлеміне ешкімге керегі жоқ менен басқа да бірдеңе тапқандарың жақсы болған.

Сэр Генри күлді.

– Тастың бәрі Куатермэн мен Гудқа тиесілі. Алдын ала

келісіміміз бойынша, жолда тапқан барлық олжаны сол екеуі ғана бөлісуге тиіс.

Бұл сөзден соң мен ойланып қалдым. Артынша Гудпен сөйлесіп алдым да, сэр Генриге барлық асыл тастың үштен бір бөлігін алуға ұсыныс жасадым. Егер өзі алғысы келмесе, бұл тастар Джордж Куртиске берілгені жөн. Шынында, қазынаны іздеу жолында бәрімізден артық азап шеккен сол ғой. Ақыры үгіттеп-үгіттеп, сэр Генриді осыған көндірдік. Бірақ біздің шешіміміз туралы Джордж көп кейін естіді.

***

Осымен әңгімемді де тәмамдасам деймін. Шөл арқылы Ситанди крааліне қайта оралған сапарымыз өте ауыр болды. Басқа қиындықтардың үстіне біз Джордж Куртисті сүйемелдеп отыруға тиіс едік. Сүйектері күлпарша боп уатылып кеткен жіліншік әбден жазылмаған екен, жол үстінде сынығы қайта шығып, көп бейнет шекті.

Не керек, ақыр аяғында шөлден де өттік. Сапар жайын тәптіштеп айтып жатудың қажеті бола қоймас, өйткені бұл осыдан бұрын бастан өткен бейнетімізді, шеккен михнаттарымызды қайталап айтып шыққанға пара-пар.

Ситандиге жеткен соң біз өзіміз тығып кеткен мылтықтарды, оқ-дәрі және басқа мүкамалдарымызды тегіс өз орнынан таптық. Дүние-мүлкімізді қарауылдауға тапсырылған кәрі жалдап біздің аман-есен оралғанымызға қатты күйінді.

Арада алты ай өткенде Дурбан түбінде, Береадағы менің кішкене үйіме де көп бейнет шекпей, аман-есен жеттік.

Міне, осы үйде отырып өзім бастан кешкен барлық хикаяны қағаз бетіне түсірдім. Қызыққа да, қауіп-қатерге де толы ұзақ өмірімде басымнан өткерген ең ғажайып саяхатыма куә болған үлкенді-кішілі барлық оқырманмен де осы арада қоштаспақпын.

P.S. Соңғы сөзімді жазып бола бергенде менің апельсин серуенбағымды кесіп өтіп, үйге қарай беттеген кафрды көрдім. Қолында басы айырылған таяқ ұшына қысып алған хаты бар.

Бұл хат сэр Генриден екен. Біздің әңгімемізге қатысы болғандықтан толық келтірейін.

Брейли-Холл, Йоркшир.

 

Қымбатты Куатермэн!

 

Соңғы пошталардың бірімен сізге Джордж, Гуд үшеуміздің аман-есен Англияға жеткеніміз туралы хабарлаған едім.

Саутгемптонға түсісімен бөгелместен Лондонға аттандық. Келесі күні-ақ Гудтың қандай сырбаз күйге енгенін көрсеңіз! Тап-таза қырынған, үстінде бойына құйып қойғандай қонып тұрған тамаша фрак, т. т. Біз паркке серуенге шықтық. Сол арада таныстарымыздың кейбіріне ұшырасқан едік. Мен оның “сүйріктей сұлу аппақ аяғы” туралы хикаяны айтып бердім,

Бұл – оның жүйкесіне тиетін әңгіме боп тұр. Әсіресе, бір у тілді журналист осы туралы беделді газетке жазғаннан бері.

Енді шаруа жайына көшейін. Гуд екеуміз асыл тастардың нарқын біліп беруді “Стритер” ювелир фирмасынан өтінген едік. Олардың қаншаға бағалағанын айтудың өзіне қорқам. Сансыз сома. Мұның өзі де тек шамамен бағалағандағы құны көрінеді. Бұрын-соңды мұншама көп, мұншама әсем тастарға ұшыраспаған едік десті. Ең ірі бір-екеуі болмаса, қалған алмастардың барлығы да мөлтек таза көрінеді, ең таңдаулы бразилия гауһарларынан артық болмаса, кем емес дейді.

Мен бұл тастарды фирмаларыңыз сатып ала ма деп ем, олар шамамыз жетпейді десті. Базар нарқын түсірмес үшін бөлшектеп өткізуге кеңес берді. Әйткенмен фирма тастың аз ғана бөлігіне жүз сексен мың фунт стерлинг ұсынып отыр.

Куатермэн, Англияға келіп, бұл шаруамен өзіңіз айналысқаныңыз жөн. Оның үстіне, менің ініме қалайда ғажайып сыйлық жасап, асыл тастардың тура үштен бірін тарту етпек ойдасыз.

Ал Гудқа келсек, ол мүлде ақылынан адасқандай халде: бар уақыты айна алдында қырынып, тарануға, әсемденіп-сәнденуге кетеді. Бірақ әлі күнге Фулатаны ұмытпаған сияқты. Англияға келгеннен бері сыр мен сымбат тұрғысынан алғанда, Фулатамен тайталас бірде-бір әйел көрмедім деп маған капитанның өзі де айтты.

Отаныңызға қайтып оралып, маған таяу жерге орын тепкеніңіз жөн болар еді, көне көз досым! Өз өміріңізде аз бейнет шеккен жоқсыз ғой, ал қазір дәулетті адамсыз. Менің мекенжайыммен жапсарлас тұрған қоныс сатылады. Сізге ұнайтынына күмәнім жоқ. Келіңіз, мүмкіндігінше тезірек келгеніңіз жөн!

Ал басымыздан өткен хикметтер туралы хикаяны кеме үстінде аяқтарсыз. Біз тамыр-таныстарымызға бұл төңіректе ешқандай әңгіме айтқамыз жоқ, бәрібір сенбес дедік.

Егер кеңесімді қабыл алып, қызыл жұмыртқа мейрамы қарсаңында келсеңіз, қатты өтінем, біздің үйге түсіңіз. Осы кезде Джордж бен Гуд та келмек. Қызықтыру үшін айтайын, сіздің ұлыңыз да осында болады. Сіздің Гарриіңіз аң аулауға бір аптаға маған келіп те кетті. Жұрттың бәріне ұнады. Салқынқанды, байсалды жігіт екен: аң аулап жүрген кезде бір уыс бытырамен мені дәл сирақтан қағып түсіргені, барлық бытыраны кесіп, тесіп дегендей, өзі алып шықты. Және ең соңында аңшылардың ішінде студент медиктің болғаны қандай жақсы дегенін қайтерсіз.

Көріскенше, қартым! Бұдан ары үгіттемей-ақ қояйын. Бірақ сіздің тым құрыса кәрі досыңыздың көңілін аулау үшін келетініңізге сенем.

Генри Куртис.

 

P.S. Хиуа сорлыны қақ айырып өлтірген алып пілдің азу тістерін холлға, маған өзіңіз сыйлаған буйвол мүйізінің үстіне қағып қойдым. Қандай тамаша. Ал өзім Тваланың басын шапқан айбалта жазу үстелімнің үстіне ілінді. Берен сауыттарды әкете алмағанымыз қандай өкінішті!

Г.К.

 

Бүгін сейсенбі. Кеме жұма күні жүреді. Сэр Генридің шақыруын қабыл алып, сол кемемен Англияға аттанып кетсем деймін. Тым құрыса, ұлым Гарриді көру үшін. Және осы хикаяны кітап етіп бастыру үшін. Өйткені бұл істі бөтен адамға сеніп тапсырғым келмейді.

 

Аллан Куатермэн

 
0
0
564

Еще по теме