ТАҢҒАЖАЙЫП ЖАНУАРЛАР
Ертеңгілік бұлыңғыр болғанымен жауын-шашынсыз және тұмансыз еді, сондықтан аңғарды аралап, зерттеуге еш кедергі келген жоқ. Арқасында қоржыны, иығында мылтығы бар төрт жиһангез терістікке бет алып жүріп кетті. Олар иттердің есті, иісшіл деген екеуін таңдап, өздерімен ертіп әкетті; оның біреуі қара да, біреуі ақ біріншісінің аты Крот, екіншісінікі – Белуха. Екеуі де жегін басы. Үшінші жегін басы Пеструханы ертіп жолдастарын шығарып салуға келе жатқан Никифоров таяу күндерге талғажау болса деп ізінше аң қағып қайтпақшы еді.
Күртіктен жырақтаған сайын көк қалыңдауға айналды, мүк енді шөпке алмасып, поляр қайыңының шоқтары, жатаған үйеңкі мен жерге жабысқан қызыл шырлы кездесті. Түске тармаса күннің көзі сығалап, өсімдік дүниесін бір серпілтіп тастады. Ішке ендеп кірген сайын шоқтар да еңселеніп, кәдімгі бал қарағайлар мен ақ қайыңдар, қызыл шырпылар алдан шығып, шөп арасында қызыл-жасыл гүлдер көз тартты. Биіктігі үш-төрт метр ағаштардан айналасы алаңқай, әжептәуір қалың тоғайлар түзілген.
Осындай тоғайлардың бірінен өткенде қарғылаулы иттер алға жұлқи-жұлқи тартып, ызықты да қалды. Жиһангездер мылтықтарын оңтайлап, абайлап басып тоғайдың шетіне келіп еді, алаңқайда жайылып жүрген үлкен табынды көрді. Шүйдесі өркеш сияқты біп-биік, жон арқасы қап-қара, құйрығы сабалақ қысқа сыпыртқы сияқты бір жануарлар. Біреуі басын көтеріп еді, егізге ұқсас екен, дөң маңдайдағы шаңырақ мүйізі алға қарай иірілген. Жануар бірдеңені сезді ме, мөңіреп қалып еді, бүкіл табын дүр ете түсті.
Бөгелуге болмайды, Горюнов жақын жүрген бір бұқаны көздеп атып сап еді, ол секіріп түсіп, тізерлеп жата кетті, қалғандары жалт берді, бірақ тұра қашқан жоқ. Кейбіреулерінің мүйізі қысқа әрі нәзік екен, арасында әр жастағы тайша – тана да жүр.
Аңшылар иттерін босатып, жүгіріп жаралы бұқаға келді. Адамдарды көріп табын тым-тырақай қаша жөнелді де, иттер Никифоров атып жаралаған бұзауды ұстап қалды. Кісілерді көре сала жаралы бұқа атып тұрып, ышқына өкіріп қарсы жүрді, өзі қан-жоса болып, басын тұқыртып, үшкір мүйізімен жайғап ештеңеге қарар түрі жоқ. Бір бүйірден абалап келген иттерге ол жалт бұрылғанда бұлар да екі оқты қадап үлгеріп еді, бұқа жерге гүрс етті.
Олжасын қоршап алып аңшылар оған таңырқай үңілді кеп.
– Қалай десеңдер де бұл біз ойлағандай, мускус өгізі емес, – деді Костяков. – Мұның жүні де қысқа, басы мен мүйізі де басқа.
– Иә, бұл мен зоологиялық бақтан көрген тағы тибет қодасына ұқсайды, – деді Горюнов.
– Ал мұнда, Солтүстікте ол тұқымдардың бірден-бір өкілі мускус егізі, яғни Оvibos моsсһаtus, – деп сөзге араласты Ордин, – оның өзі де Азияда емес, Солтүстік Америкада ғана.
– Сөзіңіздің жаны бар, бірақ бұл қойөгіз емес, оған дау жоқ.
– Зайыры, бұл бізге Санников жері тартар жұмбақтың және бірі, – деді Костяков. – Бәлки, бұны онкилондар өздерімен бірге ала келген шығар, оған қол жұмсап, меншік заңын бұзып тұрған болармыз.
– Жоқ, бұлар тағы жануарлар, – деді Горохов. Біздің жерде мұндайлар ешқашан болып көрген емес.
– Жұмбақты шешу үшін бұл бастың сүйегін тым құрымаса мүйізімен ала кетуіміз керек, – деді Горюнов. – Менің есімде қалғаны, қодастың мүйізі ұшына қарай көбірек иірілген әрі нәзіктеу еді, құйрығы қысқарақ және жүндесті.
Осы екі ортада Никифоров туғанына екі-үш апта болған бұзауды сүйрелеп алып та келді.
– Міне, бұл керемет дәмді қуырдақ болады, – деді ол. Бұзау етін жемегеніме көп болып еді.
– Қосқа қайтып бар да, Капитон, нартаны алып кел, – деп бұйырды Горюнов, – оған дейін біз мына еттерді бұза берейік.
Аласа орман танабының артында қара жардан айқын көрініп тұрған аппақ күртікті бетке алып Пеструханы ерткен Никифоров кері қайтты.
Қалғандары бұқа мен бұзаудың терісін іреуге кірісті де, Горюнов жануарлардың тұрқын өлшеп, түр-түсін жазып алып жатты. Адамдар олжасының бір бөлегін тастап кетер деп ойласа керек, алаңқайды айналып, төбеде күшігендер ұшып жүрді. Алайда олардың ойлағаны болмады, Никифоров әрі қосқа апарар жүкті жеңілдету үшін, әрі тойындырып алу үшін күллі итті ертіп келіпті. Қоштасарда оған атып алған аңның да, ұстаған жануарлардың да бас сүйегін мұз үңгірге жиып сақтай беру тапсырылды.
Төрт жиһангез әрі тартты. Жаңағыдай ішке кірген сайын ағаштар биіктеп, шөп шүйгінденіп сала берді: шынар, мойыл, терек, итмұрын, ырғай, тағы басқалар ұшырасты, кейбіреуі жапырақ жайып, гүл атып қалыпты. Горохов өсімдіктерге қызыға қарады, өйткені Казачьенің төңірегінде, тіпті бүкіл жағалауда мұндайды ол көрмеген, ал түстік жаққа ол барса, ылғи қыста ғана жолы түсетін-ді. 80 градус ендіктің тап түбінде Сібірде Поляр шеңберінен шықпай, мына секілді өсімдіктердің өсуі басқаларын да қайран қалдырды.
Барған сайын орман танабы мен далаңқы жер алма-кезек алмасып, қоюлана түсті, екі шоқтың бауырынан бағанадағыдай жайылып жатқан табын ұшырасты. Адамдарды көрісімен-ақ жануарлар тұра қашты. Бұл тағы өгіздерді аулайтын адамдардың бұл ойпатта бар екенін аңғартқандай еді. Алайда олардың отты қаруы жоқ секілді, себебі әлгі жануарлар мылтық даусына тіпті міз бақпайды. Аңғардың жиектен сегіз шақырым жерінде әлгі қара өгіздерден басқа бойы дәл сондай бір қоңыр хайуан кездесті. Біреуі басын көтеріп алғанда Горохов:
– Матвей Иванович, қараңызшы, мынау кәдімгі ат қой,– деп айғайлап жіберді.
– Ұқсасы ұқсас, сонда бұл үй жылқысы болды ма екен?
– Үй жылқысы болуы екіталай, бәрінің түр-түсі бірдей құбақан екен, қыр арқасы шоқтығына дейін қара жолақ, жалы мен құйрығы сидаң, құлағы ұп-ұзын, – деп сипаттап берді оны дүрбімен анықтап көрген Ордин.
– Онда бұлар Пржевальский Орталық Азияның бір қойнауынан тапқан тағы жылқыға ұқсас болғаны да, – деді Горюнов.
– Ал бұл поляр мұзының ортасы ғой. Тылсым жердің тағы бір жұмбағы десейші бұны, – деді Костяков.
– Қане, жақындап көрейікші өздеріне.
Орманды сағалап алаңқайды жиектей жүре отырып, олар жылқыға едәуір жақындады. Олар егіз тектілерден бөлек жайылып жүр. Шамасы, айғыры ма, үйірдің басы ма, бір ат басын әлсін-әлі көтеріп, алаңқайды шолып танауы делдиіп, ауаны иіскеді. Кенет кісілерді көріп қап, кісінеп жіберді, онысы есектің бақырғанына да ұқсас. Сол-ақ екен, жиырма шақты ірісі, оншақты құлыны бар, үйір басын көтеріп ап, құйрығын шаншып тұра шапты.
– Қап, қолдағы олжадан қағылдық-ау, – деп күрсінді Горохов. – Құлынның еті қандай дәмді десейші!
– Қажеті не оның? Бүгінге жетерлік ет бар, басы артық жүктің қажеті қанша. Және жазықсыз жануарларды қыра беріп, обал да.
– Ал қоллекция жинайтынымыз қайда? – деп қыстырылды Ордин.
– Жабайы жылқы күнде кездеспейді ғой, мүмкін, мұның тұқымдары бөлек шығар.
– Жай ғана тағы боп кеткен жылқылар ғой, – деген болжам жасады Костяков.
– Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Біздегі аттардың бәрі ақбоз, ал құбақан, бурыл жылқы деген ілуде бір, – деді Горохов.
– Тіпті түр-тұрпаты, мүсіні де бөлек, – деп қостады оны Горюнов.
– Зады, Санников жерінде әзір ашылмаған табиғи жағдайға орай атамзаманғы геологиялық кезеңнің қазір басқа елдерде құрып біткен жануарлары сақталған.
– Құдды Австралияда әлгі тағы ит, кенгуру сияқты қалталылар, қанатсыз құстар және өзге де тасқа айналған тірі жануарлар деп аталатын хайуанаттардың сақталғанындай,– деп түсіндірді Ордин.
– Сіз, мұнда мамонт, қылшық жүнді мүйізтұмсық, үңгір аюы және басқа да алғашқы қауым адамдарының тұстастары да өмір сүреді дерсіз, – деп күлді Костяков.
– Ол да ықтимал, тек адамдар құртып жібермесе, – деп жауап берді Горюнов.
– Санников жерінің қызықтылығы өзінің орны мен түріне қоса тасқа айналған тірі жануарлары сақталуымен де күшейе түседі десеңші, – деп сөзге араласты Ордин.
– Анау алаңқайдың ортасынан көрінген көлшімекке баралықшы, су сиырын кездестірмес пе екенбіз, – деп ойын-шыны аралас ұсыныс енгізді Костяков.
– Су сиыры тас дәуірдің еншісі емес, – деп түсінік берді Горюнов, – олар Африка өзендерінде қазір де өріп жүр, бұл арадан біз оны таба алмаймыз.
Алайда олар көлге жете алмады, оған жақындаған сайын жағасы қорыстанып, бетіне шөп өскенмен, асты мибатпаққа айналып, аяқты терең тарта бастады. Шамасы, бұрын көл едәуір үлкен болғанымен кейін тартылса керек. Сондықтан оның суын татудың да, балығы бар-жоғын анықтаудың да реті келген жоқ. Ал су сиыр туралы сөз қылудың қажеті шамалы-тын, себебі оның алып денесін мына мибатпақ бірден-ақ жұтып кетер еді.
Бұл алаңқайдан әрі жануарлар шиырлаған із қалмағанда, арасынан аяқ алып жүруі қиын қалың орман кезікті, әсіресе тұмсық батпас жас шыбықтары жол берер емес оның.
Жалғызаяқ сүрлеумен келе жатып жиһангездер алуан құстың көктемгі әнін, орман кептерінің гүркілін, талып жеткен көкек үнін есітті. Шұбар шымшық, ұзақ қарға мен сауысқан бары байқалады, алаңқайдан жем көздеп тас төбеде екі бүркіт қалықтап жүр.
Шынында да ғажайып ел! – деп тамсанды Горюнов. Солтүстік полюстің оныншы градусында емес, Сібірдің түстік алқабындағы бір жерде тұрмыз деп ойлап қалуға болады.
– Тапа-тал түс екеніне қарамай, күннің төмен тұрғаны ғана біздің дәл қазір Қиыр Сібірде екенімізді білдіргендей,– деді Ордин.
– Маған анау шеткі жотаның қап-қара найза шыңдары, оның алашабыр қары атамекенім Иркут жазығын елестетеді, оны жағалай жатқан Тункин тауларының да суреті осындай еді, – деді Костяков. – Ал өсімдіктері мен құстары тіпті қиялды баурап барады.
Ортасында көлі бар келесі алаңқайда жайылып жүрген өгіздер мен жылқыларды тамашалай түсу үшін тоғайдың бауырына тоқтап, ас пісірмекке аялдады. Көлден шығып алаңқайды кесіп ағатын бұлақтан таза су тапты. Тура жолдың үстіне тоқтап, оның алаңқайға шығар шетіне от жақты, қазан мен құманды мосыға іліп, шыбыққа шаншып, бұзау етінен шашлық шыжғыруға кірісті. Өздері жайылып жүрген жануарларды тамашалауға қолайлы жол жиегіндегі ағаштың түбіне жайғасты.
Кенет орманның түкпірінен таяп келе жатқан аяқ дүсірі естілді. Айран-асыр болған жиһангездер бұта түбіне бой тасалап үлгергенше сүрлеумен ышқына өкіріп бір қарақоңыр хайуан шапқылап өте шықты.
– Мыналары не пәле тағы? Неткен керемет! – деп міңгірледі шошып қалған Горохов.
– Тұмсығындағы үлкен мүйізін байқадыңыз ба? – деп сұрады одан кем таңданбаған Горюнов.
– Құйрығы құйтақандай торай құйрық, – деп қостады Костяков.
– Міне, ізі! – деп Ордин жолдың жуынды төккен жеріне түсіп қалған ізді көрсетті.
Іздің диаметрі он сегіз сантиметрге жуық, бірнеше тұяқ тиген жер едәуір шұңқыр боп қалыпты.
– Сонымен, тасқа айналған тірі жануарды тағы көріп тұрмыз – бұл ұзын қылшықты мүйізтұмсық, – деді Ордин.
– Тірлігі бар болсын, бұл тас түскіріңнің! – деп байбалам салды Костяков. – Бүкіл асымызды бүлдіріп кетті.
Шынында құйындай ұшқан мүйізтұмсық біраз лаңды салып кетіпті, сорпасы бар қазан бұтаның арасына ұшып, еті жерде жатыр, шашлықтар шанышқысымен қоса тапталып, құман төңкеріліп қалған.
– Аспаз, бәрін басынан баста! – деп мырс етті қазан мен құманды көтеріп суға кетіп бара жатқан Горохов.
– Жер-көкке сыймайтын бір пәле ғой! – деп міңгірледі шашылған етті жиыстырып жүрген Костяков, – жол аз болды ма екен шіркінге!
– Келесіде ақылдырақ болармыз, – деп күлді Горюнов. Аң жолынан аулағырақ орналасу керек еді.
– Тағы біреуі шауып келеді, – деп жан даусы шыққан Ордин бұтаның арасына беріп кетті, қалғандары да одан қалысқан жоқ.
Жаңағыдай ышқына өкіріп, бірнеше минуттың ішінде бірінің артынан бірі шапқылап және үш мүйізтұмсық өтті. Бұл жолы оларды анықтап көруге мүмкіндік болды. Тұмсығында үп-үлкен бір мүйізі, оның артында келтелеу тағы бір мүйізі бар алдыңғысы еркегі екен. Оның соңындағы сыңар мүйіздісі ұрғашысы болса керек, әрең ілесіп келе жатқан аяғы қып-қысқа баласында әлі мүйіз жоқ, үшеуін де сирек, бірақ ұзын қарақошқыл қылшық басқан.
– Енді сақтаныңдар, жігіттер! – деп ескертті Горюнов. Тегі, бұлар бір жыртқыштан қашып келеді. Мылтықтарыңды сайлаңдар!
Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, жолдан жыртқыштың өзі де көрінді, оның алпамсадай аса зор аю екенін айыру қиындық келтіре қоймады. Ол басын тұқыртып, иіскелеп екі жаққа кезек теңселіп шайқалақтап, жолдан түтіндеп жатқан отты көріп ол бірден тоқтай қалды да, басын көтеріп, азуын ақситып, қып-қызыл тілін көрсетті. Осы арада оған ту сыртынан иттер дүрсе қоя берді де, ол жалт бұрылып, гүж-гүж етіп жүгіре жөнелді.
– Ал, жолдастар, енді алаңқайға шығайық, – деп дауыстады Горюнов. – Әйтпесе хайуандар бұл арада тамақты пісіртпес те, пісірткенмен жайлап ішкізбес те.
– Қандай дәу аю! Мұндайды мен ғұмыры көрген емен,
– деді бұта арасынан шығып жатып Горохов.
– Білекті болса да, жүректі емес екен, иттерден зәресі ұшты, – деп күлді Ордин. – Біле білсеңдер, бұның жай жойқын қоңыр аю ғана емес, үңгір аюы, мүйізтұмсық пен мамонттың тұстасы екеніне, өз басым, кәміл сенемін. Көрдіңдер ғой, аузының қандай екенін!
– Яғни тасқа айналған тағы бір тіршілік иесі де. коллекциямыз тез көбейіп, кісі сенгісіз болып бара жатқаннан сау ма өзі! – деді Костяков.
– Иә, бұл қазба жануарларды табиғат аясында суретке түсіріп алмасақ, айтқанымызға ешкім сенбес, – деді Горюнов.
– Қап, фотография пластинқаларды аз алып шыққанымызды қарашы. Бірақ, кім білген, бұл Санников жерінің зоологиялық, дәлірек айтсақ, палеонтологиялық бақ екенін.
– Никита, енді сіздің дос-жар каюрларыңызға эксекю құстың тырнағы деп жүрген мүйізін мүйізтұмсықтың басынан көргеніңізді айтуыңызға болады.
– Бұл мақұлықты мен бұрын да көргенмін.
– Қайда, қашан? Бүгін түнде ме?
– Жоқ, бұл баяғыда болған. Янаға солдан келіп құятын Ачада өзеніне көктем кезінде жағалаудан құлаған осындай хайуанның суда жатқанын көргенмін. Менің көзіме түскенде көк түлкілер оның басының етін жеп, шабын жарып та тастаған екен. Біздің исправник губернаторға мәлімдеп, ол хайуанды алып келу үшін арнайы чиновник жіберген. Бірақ ол келгенге дейін әлгіден жұрнақ та қалмаған. Етін көк түлкі жеп, сүйегін су ағызып әкеткен-ді.
– Сирек олжалардың тағдыры әмісе осылай болады, – деп мақұлдады Горюнов. Оларды біреу көріп, басшыларға, одан Петербургке хабарлағанша, академия біліп, зерттеуге ғалым жібергенше көп айдың жүзі болады. Оған жыртқыштар мен ағын су қарап тұра ма! Осылай құрып кеткен керемет олжаларда сан жоқ.
– Ал сіз бен біз тәуірірек олжа табуға тиіспіз, – деді Ордин. – Қазба жануарлардың өлілерінің емес, тірілерінің терісі мен бас сүйегін және суретін апарсақ, одан артық не керек.
– Суреттерін апаруын апарармыз, ал тері мен бас сүйек жағы қиындау. Олардың өзі зіл қара тас және жер-көкке сыймайды, ал нарта бізде үшеу-ақ, – деп ескертті Костяков.
– Мына мамонт терісі мен бас сүйегін біздің көлікпен, әрине, жеткізе алмайсың! – деп күлді Горюнов.
– Зайыры, сіз тірі мамонтты да көреміз деп ойлайсыз-ау, деймін? – деп мысқылдай сұрады Костяков.
– Неге көрмеске?! Мұнда мүйізтұмсықтар рахат тіршілік құрып, өсіп-өніп жатса, мамонттың болуы да әбден мүмкін.
– Бұл арада болған болса, онкилондарыңыз оның тұқымын баяғыда-ақ тұздай құртқан шығар.
– Не үшін құртсын, оларға оның тісінің қажеті шамалы – сата қоярлық ешкім жоқ мұнда. Мамонтсыз құстар-ақ жетеді оларға. Оның үстіне бұл кереметті отты қарусыз қалай жықпақ.
– Ал тас дәуірде адамдар мамонтты қазіргіден де тұрпайы қарумен аулаған емес пе.
– Менің ойымша, Матвей Иванович, – деп сөзге Горохов араласты, – мұнда әлгі мамонт бар болды ма, онда оған бұл араның адамдары эксекю құсы сияқты киелі аң ретінде тағзым ететін болады.
– Әлбетте, әбден мүмкін, Никита. Сондықтан да мен ол хайуанды көрермін деп үміттенемін.
Кәкір-шүкірін жинап, олар алаңқайдың шетіне шығып, өзен маңына кеп от тұтатты. Алаңқай бос қапты – Тегі, мүйізтұмсықтар тасыр-тұсыр өтіп, барлық жануарларды үркітіп жіберсе керек.
– Тағы да тақырға отырғызып кетті! – деді Ордин. – Мен болсам, ас піскенше баураймен бой тасалап барып өгіздер мен жылқыларды суретке түсіріп аламын ғой деп дәмеленіп едім.
– Иә, құстар ғана қалыпты, қуырдақтан басқа неге жарайды бұлар, – деп Костяков көл үстінде ұшып жүрген үйректерді нұсқады.
