Перейти к содержимому
Обложка сообщества Qaz

Сонаршылар тобында

С. Бегалин

Сонаршылар тобында

Шоқан бүгiн әжесiнiң аулына барып қайтты. Жолда ауылға жетем дегенше, жапалақтап қар жауып кеттi. Алғашқы жауған қарды қызықтай үстiнiң қарын түсiрместен үйiне кiрген Шоқанды көрiп Жақып.

– Өй, өзiң қарға аунадың ба? Немене, аңнан келдiң бе? Сен бiлесiң бе, атекем бүгiн аттарын тағалатып жолдастарына, құсбегi Қожбанға «құсың бабында ма?» дедi. Ертең бүркiт салуға шығады, – деп өзi бiлген жаңалығын жеткiздi. Жақыптың айтқан жаңалықтарын жүре тыңдаған Шоқан шешiнiп, әкесiнiң үйiне барды. Әкесi үйiнде жоқ екен. Онда отырған үлкен кiсiлерге әдеппен сәлем бердi де, бүркiт тұратын бөлмеге келдi. Құс-бегi Қожбан мен әкесi екеуi «Сары балапан» деген бүркiттi қолдарына алып, томағасын сыпырып әр жерiн ұстап көрiп отыр.

– Атеке, аңға шығасыз ба? – дедi Шоқан сыпайы ғана күлiмдеп.

– Иә, иә, бұйырса ертең күн сонар болар деп отырмыз. Шығамыз.

– Қандай аңға саласыңдар құсты?

– Түлкi, түлкiге саламыз.

– Онда, мен де барайыншы.

– Оқу ше? Оқу қалады ғой.

– Бiр күндi молдадан сұранам.

– Тоңбайсың ба? Аңшылар тауға шығады, оған жүре аласың ба?

– Тоңбайым. Мен кiшкене емеспiн ғой. Әжемнiң жiгiт болдың дегенi қайда.

– Ә, ә, әжең айтса жарайды. Бiрақ, молдаңмен келiс, жылы киiн. Онда атыңды Бейсенге айтып тағалаттыр, – деп Шыңғыс баласына рұқсатын да, тапсырмасын да бердi.

Ел орынға отыра берген кезде сәлем берiп Қанғожа кiрiп келдi.

– Уа, сәлемшiлер, жоғары шығыңдар, – деп Шыңғыс iнiсiне ағалық ажар бiлдiре құрмет көрсеттi. Төре-лердiң кiшiсi үлкенiне «алда ярлап» қолын кеудесiне ұстап иiлетiн әдетiн iстеп, Қанғожа ағасына қолын берiп келiп отырды. Қанғожаның қасындағы жолдасы тар-ғыл арланға серiктестiре жетектеген тағы бiр арлан тазы ұстаған жiгiтпен ауыз үйде қалып қойды.

– Иә, иә, ауыл амандық па? Әпекем сау ма? Қалай кештетiп... – деп Шыңғыс жол босын айтты.

– Бәрi де амандық. Әпекем жақсы. Бiз осы жақтан жылқыға бiр-екi рет қасқыр шауып, мазалап жүр деген соң, мына тазыларды алып қасқыр қууға шығып едiк. Күн райы өзгерiп қар жауғансын, сiздер бүркiт салуға шығатын болар деп әдейi кештетiп келдiк. Қысқы тамақ деген секiлдi, – деп Қанғожа жымия күлдi.

– Иә, иә, бiз әзiрленiп отырмыз. Қанша қасқыр алдыңдар?

– Қара қатқақ болып, iзсiз қасқырға ит те қоса алмай, өзiмiз де ұшыраса алмадық. Екi күндей бос жүрiс болды. Жаманадырдан бiр қасқыр көрiнiп едi, көл сағасына түсiп маңайлатпады, – дедi Қанғожа жай сөйлеп.

– Ә, өздерiң бiраз қасқыр аулаудан қажып қалған екенсiңдер ғой. Онда жақсы, иттерiңдi ат тiзесiне салып жүдетiп алған жоқсыңдар ма? Бiзбен аңға шығам десең, жолдастарың иттерiн күтiп ауылда болар. Бүркiт пен иттiң қабаттасуы жазым болады, – деп Шыңғыс өз ойын айтты.

– Ол дұрыс болар. Сiздiң Сарыбалапанның өнерiн алаңсыз көрелiк, – деген сөзiн Қанғожа әзiлдей айтты.

Қонақтар тамағын жеп болып, ел жатуға қамдан-ған кезде, таяудағы жылқы қосынан бiр жылқышы асығыс келiп хабар бердi. «Әлгi қызылiңiрде жылқыға бiр ұя қасқыр шауып, бiр жабағыны жаралап кеттi. Түн болып кеттi, жылқыны тастап қуа алмадық. Мына көмбе сонарда ұтырласып қуып бетiн қайырмаса, сiрә, ұялы қасқыр қосқа маза бермес деп келiп тұрмын», – дедi.

– Ал, iздегенiң табылды. Қасқырыңды қу! Бiздiң ауылдан да, жылқышыдан да кiсi ерт, аттарың әлсiресе жарау айғырлардан ат жаңалаңдар, – деп Шыңғыс iнiсiне қысқасынан бұйрық бердi.

– Күйшi көкеме күй тартқызбадық, – деп Шоқан Қанғожаның күйiн тыңдауға құмартты.

– Иә, ол қасқырын соғып әкелсiн, бiз түлкi алдырайық, сонан соң көкеңнiң күйiн күндiз-түнi тарттырамыз, – деп Шыңғыс баласының тiлегiн кейiнге қалдырды.

Күнiмен жапалақтап жауған қар ел орынға отыра басылды. Қайта-қайта далаға кiсi шығарып күн райын бақылатқан Шыңғыс:

– Сәтi болса, нағыз қан сонар болады. Жел лебi күншығыстан бiлiнiп түр ғой. Боран болмайды. Жер бетiнде тiрi аң болса, iзi бадырайып жатады, – деп жатарда құсшысына да, атшы, асшыларға да таңғы жеңiл ұйқы қалғанда атқа мiнетiнiн тапсырды. Шоқан әке бөлмесiнде әзiрлiкпен жатты. Әншейiнде Шоқан жүр-ген жерден қалмаймын дейтiн сотқар Жақып бүгiн ерте ұйықтап қалды. Әбубәкiр молда да, «бiр күнге азатлық» деп Шоқан тiлегiне бөгеттiк iстеген жоқ.

Аңшылар атқа қонғанда, таң алдындағы алғашқы ақша қардың ызғырығы, жылы үйден шыққан адамдар-ға тiксiне суық тидi. Жылы киiнген Шоқан суық, жылы деген сөздi аузына алған жоқ. Қалайда сыр бiлдiрмей, аңшы тобына iлесу бар ойы. Алғашқы ауылдан шыққан бетiнде аттарына бой жаздыра, өздерi де ат қызуымен бойларын жылыта желе жортып «Күркетiккен» адырына қарай тартып келедi. Шоқанның астындағы ойнақтаған жеңiл жүрiстi Қызқарасы аңшылардың алды-артын орап басымен алысады.

– Шоқан, ана биiк адырға жеткен соң, қағушы етекте қалып, Қожбан мен бiз ең биiкке шығып, бүркiт ұстаймыз, ол кезде атыңның басына ие бол. Даусыңды шығарма. Егер де көзiңе түлкi көрiнсе, ақырын сыбырлап айт, – деп Шыңғыс баласына өзi бiлген аңшылар әдiсiн айтты. Жаздағы қаршыға, тұйғын салу сияқты құс алдырғаны болмаса, қысқы бүркiт салу тамашасына тұңғыш шыққан Шоқан, әрбiр аңшының атқа отырысына дейiн, Қожбанның бүркiт ұстаған қалпына қарап ылғи тамашалауда.

– Ал, осы жерде айрыламыз. Бiз төремен анау төбеге шығамыз. Қүркетiккеннiң жалғыз биiк бүркiт ұстар шоқысы сол. Бiз сол жерден бой көрсеткенше, сендер мына балақтан iз кесiңдер. Бiрақ сай-сайға кiрiп қиқу-лап қақпаңдар, – деп Қожбан ендiгi билiктi өзiне ала, ақырын сөйлеп барлық аңшыларға әмiр бердi.

– Ал, төре, бiз кеттiк, таң да бозарып қалды. Тезiрек жүрiп тұрғыға шығалық, – деп Қожбан жорта жөнелдi. Шоқанның қара бестiсi басымен алысып ала жөнеледi. Тiзгiнiн қымти ұстап, әке айтқан тәртiптi бұлжытпай орындауға тырысып Шоқан да жортып келедi. Алғашқыдай емес, атының басын өзiне бағындырып ширап алды.

Бүркiтшiлер тобы төбеге шығып, бүркiттiң томағасын сыпырған кезде, шығыс жақтан құланиектеп көте-рiлген таң сәулесi айналаны айқындап қалып едi. Ойдағы қағушылар да бұларды көре салып, сай-сайды көбелеп дыбыстай бастады. Шоқанның екi көзi Қожбанның қолындағы бүркiтте, Қожбан бүркiттiң томағасын сыпырып алғанда, бiр сiлкiнiп алып, шаншыла, бүкiл атырапқа құйқылжи қарады. Қырағы өткiр көзiн әрбiр бұта, сай-сайға қадай, қабақ қақпастан аспан әлемiне мойнын соза бiр қарап алып, жүнiн жыға қалды. Сонша болмады Қожбанның қолынан етпетiнен түсе лап қойды. Қожбан қолын көтере сiлтеп қалды, қыран құйқылжи ұшып атып аспанға шықты

– Әне, көрдiң бе, Қожбан, түлкi! – деп Шыңғыс қолындағы дүрбiсiмен Күркетiккен адырының күншығыс тепсеңiне үңiле қарап отыр.

– Иә, көрдiм. Сарыбалапан да солай құйылды. Я, сәт, қанды басын берi тарт, – деп Қожбан атын жан-басқа тартып жiберiп, тура ойға қарай шаба жөнелдi.

– Балам, байқа, шаппа. Бiз жай баралық, – деп Шыңғыс Қожбанмен iлесе жөнелем деген Шоқанды шақырып алды. Адырды қырқалай, құстың ұшқан бетiнен көз айырмай келе жатқан Шыңғыс, бiр қырқада атының басын тартып тұра қалды. Қожбанның шауып жөнелген бетiнен көз айырмай бiресе құсқа, бiресе түлкi көрiндi деген жобаға қарап келе жатқан Шоқан әкесiнiң қасына келiп:

– Атеке, қайда, бүркiт алды ма түлкiнi? – дедi.

– Жо-жо, әлi түскен жоқ. Әй, түлкi қу ғой, қорым-ға кiрмесе жарар едi, – деп Шыңғыс дүрбiсiн қайта-қайта жөндеп қадалып тұр. – Әнi, түстi бiлем. Қап, ана қу iлдiрмей кеттi ме, – деп Шыңғыс сасқалақтап атының басын жiберiп тура қырдың басына қарай шапты. Әкесiнiң жобасымен жүгiртiп келе жатқан Шоқан:

– Атеке, бүркiт қонған жоқ, әнi, қайта айналып көкке шықты, – дедi.

– Иә, иә, көрiп келем. Түйiлiп барғанымен түсер жерi жайсыз болған ғой. Ендi қайтер екен. Түлкi, түлкi, – деп Шыңғыс осы жерде тiптi сасқалақтап қайталайтын әдетiмен дегбiрсiзденiп келедi. Құйғытып кеткен Қожбан түлкi елес берген тепсеңнен барып шықты.

Сонша болмады қайқаң етiп аспанға атып шыққан бүркiт қайта құйылып жерге қарай ақты.

– Иә, сәт, қанды басың, – деп Шыңғыс атын тебiнiп жiберiп қырқаны жоталай жүгiрте жөнелдi. Қызқараның тұқыра ұмтылған қарқынына жiбермей, Шоқан да шауып келедi.

– Алды бiлем, – деп Шыңғыс тұра қалып дүрбiсiн қайта қолына алды.

– Атеке, әнi алды-алды, – деп, Шоқан бүркiттiң түлкiге түскенiн әкесiнен бұрын көрiп, тұра шаба жөнелдi.

– Тоқта, Шоқан, байқа, жығыласың. Алдың терең құз, – деп Шыңғыс айқайлап келедi.

Қызқараның ағындаған басына ие бола алмай, Шоқан құйғытып барады.

– Өрге тарт, өрге тарт, – деп Шыңғыс түлкiден бұрын баласының жайымен есi шықты.

Дес бергенде Шоқан Қызқараның басын қарсы бетке бұрып әрең билеп алды. Құйысқандаған сайлы ер-тоқым мойнына кетпептi. Баласының қасына келе Шыңғыс шылбырынан iлiп алып өзiмен қатарластыра сар желдiре бүркiт пен түлкi айқасқан өзектiң қабағына шыға келдi. Қожбан да келiп аттан түсiп, Сарыбалапан бүрiп алған түлкiнiң белiн сындырып тастап, қыран-ға тiлiн суыртып отыр екен. Сол жерде қағушылар да келiп қалды.

Көз шығардай аппақ қардың үстiнде қызыл орман түлкiнi, жауырыны бүлкiлдеп, астына жұмарлай бас-қан қанды көз қыранға Шоқан таңдана да, қызыға да, ойлана да қарауда. Тiлiн суыртып, Қожбан бүркiттен түлкiнi босатып алып, құйрығынан ұстап қарға олай бiр, былай бiр аунатып:

– Iшiмiзден жолы үлкен Шоқанжан ғой. Әжеңе той iстетемiз. Тырнақ алды аң байланып, атқа мiнгенiң, – деп Шоқанның қанжығасына байлап жатты.

– Иә, иә, Қожекең дұрыс айтады. Той сол кiсiнiкi, – деген сөзiн Шыңғыс қуана да, сүйсiне де айтты. Ол екi түрлi мақтан үстiнде тұр. Алғашқы сонарға алып шыққан бүркiтi сәттi болып түлкi алды. Оның өзiнiң тұңғышы Шоқан жолы үлкен болып байланып тұр. Ол iшiнен осындай жақсы күндер бола берсiн деп қуануда.

– Ал, Қожеке. Иә, тағы түлкi қараймыз ба? Жоқ, ауылға ораламыз ба? – деген Шыңғыс сұрағына Қожбан құсты қолына қондырып, томағасын кигiзiп, жемсауын, сайын ұстап көрiп:

– Сендерге осы түлкiден басқа iз кездестi ме? – деп қағушылардан сұрады.

– Бiр iз кездесiп едi, ол ана бiр өзекте тышқан аңдыған ба, бiраз айналып жүрiптi де, ана Қоянсоққанның жалына тартып кетiптi. Басқа iз кездескен жоқ.

– Әлi уақыт ерте, құстың тартқан қызылы көп емес, тояттаған жоқ. Онда. Төре алыссынбаса, сол түлкiнiң iзiне түсiп көрелiк. Iздi байқадыңдар ма, таң алдында жортып па, жоқ ерте жортып па? – деп Қожбан құсты қолына алып, атына мiндi.

– Ол арасын бiз анықтап қарамаппыз. Онда бiз қазiр анықталық, сiздер солай қарай тарта берiңiздер, – дедi кексе ұзын қара сақалды Әжiбай.

– Иә, солай болсын. Ал, төре, бiз жүрелiк. Бiрақ, iздi анықтағаннан кейiн сендер хабар берiңдер, беталды жүрiс болмасын. Егер iз iңiрдегi болса, онда түлкi Қоянсоққанға жатпайды. Ол Қособаға тартады. Олай болса, оған әуре болмай ауылға ораламыз, баланы тоңдырып алармыз. Тағы сонар болады ғой. Осы атыраптағы түлкi болса қайда кетер дейсiң. – Осыны айтты да, Қожбан Әжiбайға, Шыңғысқа қарады.

– Иә, ол дұрыс, дұрыс, – деп Шыңғыс Қожбанмен қатарласа Қоянсоққан адырына бет алды. Қожбанның қағушыларға зейiл де сергек тәртiп беруiн Шоқан үнсiз абайлап әке қатарында жортып келедi. Бұлар Күр-кетiккен адырынан жазыққа түскен кезде, қағушының бiрi атой бере қолын бұлғады.

– Немене, аналар тағы жаңа iз көрдi ме, неге атой бердi екен? – деп Қожбан да, Шыңғыс та қолын бұлғай жүгiртiп келе жатқан қағушыны тосып, бiр қабақшаға көтерiле бердi. Сонша болмады таяудан келiп:

– Iз iңiрдегi көрiнедi, анықтадық, – дедi. Келген жiгiттiң сөзiн тыңдап болып аз кiдiрiп тұрды да, өзiнiң бетiне көз қиығымен қарап тұрған Қожбанға:

– Онда әуре болмадық, ырымсыз емеспiз, Шоқанжан тоңып қалар, қайталық, – дедi Шыңғыс.

– Ә, жақсы онда, ауылға тарттық па, алдияр, – деген Қожбан даусы шыққанда, Сарыбалапан шаңқылдап жiбердi. Бүркiттiң бұл дыбыстағаны несi дегендей Шоқан Қожбанға қарады.

– Шоқан, құстың шаңқылдағанына таңданып келе-сiң бе? Ол жаңағы бiздiң дыбысымызды естiп үн қатып келедi. Есiңде болсын, Шоқанжан, бүркiтпен түлкiге шыққанда аңшылар сыбырлап қана сөйлеседi. Өйткенi томағалаулы құс дыбысқа дыбыс беретiн әдетi ғой. Ал, бүркiттiң даусын түлкi көш жерден естидi, – деп Шоқанға Қожбан аңшылық жайынан кеңес айтты.

Бүркiтшiлер келгенде, ауыл адамдары сыртта күтiп жүр екен. Алдымен Шоқанның алдынан шыққан сары бәйбiше «ырым болсын» деп дауыстай бауырсақ шашты. Тентек Жақып та киiнiп сыртта жүр екен. «Қара өзiнiң менi тастап түлкi алғанын» деп келе әкесiне еркелей жармасты.

– Ханым шашуы – ырым, – деп жiгiттер бауырсақты терiсiп алды да, үйге беттедi.

– Тойдың үлкенiн әжесi iстейдi. Бала алғашқы табысын әжесiне байлағалы отыр, – деген Шыңғыстың сөзiн жiгiттер iлiп алды. Қоржынмен үйге алып кiрген түлкiнi сойып, терiсiн Қожбан кергi ағашқа кигiзiп, ауыз үйге iлгiзiп қойды.

– Әлгi қасқыр қуғандардан хабар жоқ па? – деп Шыңғыс Қанғожа тобын сұрастырды.

– Ол жақтан ешкiм келген жоқ. Кiм бiлсiн не ғып бөгелiп жатқандарын, – дестi ауыл адамдары.

– Хабар жоқ қой. Егер олар қасқыр алдырса, ауылға хабаршы келсе керек едi, – деген сары бәйбiшенiң сөзiне Шыңғыс:

– Олар келсе, бәрi тұтас келедi ғой. Кешiгулерi жай емес шығар, – дедi.

– Иә, тұтас келедi. Қанатты сайтан сияқты ұшып жүретiн Жәпекбай мұнда. Ол бағана бүркiт түлкiге түскенде-ақ ауылға шауыпты ғой, – деп Әжiбай түйрей сөйлейтiн ащы тiлiне салып елеңдеп ұшып жүретiн Жәпекбайды бiр тiлдеп алды. Аңшылар шайға отырып, бүгiнгi Сарыбалапанның түлкi алған әдiсi алуан түрлi сөз болып отырғанда, «Қанғожа тобы да қайтып келдi» деп Жәпекбай сырттан жаңа ғана хабар алып келдi. Сәлем берiп кiрген Қанғожаға:

– Әликүмүссәләм. Қалай, майланды ма? – дедi Шыңғыс.

– Майланбады. Түлкiден де қағылып, қасқырды сорға түсiрiп, мүлде рәсуамыз шығып қайттық, – деп Қанғожа әдеттегi жылдам сөйлейтiн әдетiмен бар жайды бiр-ақ айтты.

– Айтпақшы, Шоқанжан түлкi алдырып, өзi байланыпты, тырнақ алдысы құтты болсын. Үйге түскен аты болады ғой, өзi үлкен кiсiге тымақ болатын бiр жүндес түлкi екен, – деп Қанғожа түлкiге шыбық сала сөйледi.

– Кiм кисе де әйтеуiр тымақ болады ғой. Кiм болса да әжесiнiң алдынан алады, – дедi сары бәйбiше қайнысының аужайының алдын орағыта.

– Әжесiнiң алдына барғаны жақсы. Оған менiң ешбiр айтар өткелiм жоқ, – дедi Қанғожа.

– Сендер толып жүрiп қасқырды сорға қалай түсiрiп алдыңдар? Арыстандай алты жiгiт үш тазымен, ылғи жарау атпен, – деген Шыңғыстың кiналай сөйлеген сөзiне iнiсi iшiнен ренжiсе де, қарсы сөз айтқан жоқ.

– Бiр сәтi болмаған жүрiс болды, – дедi де, шайға бас қойып, үнсiз отырып қалды. Қанғожаның iштей ренжiп қалғанын байқаған сары бәйбiше:

– Түздiң аңы түйе емес қой, бұйдалап алып ертiп отыратын. Қисыны болмаған шығар. Бүгiн алынбаса тағы күн бар, алынар, – деп аға мен iнi арасындағы көңiлсiздiктi жадырата сөйледi. Әңгiмешi Әжiбай Жеделбайдың бiр ұшқырлығын айтып, елдi күлдiрiп әзiл ойынға айналдырып әкеттi.

Ертеңiне тағы аңға шығамыз, бүгiн Қоянсоққанға шығамыз деп гуiлдесiп отырғанда ел жата боран көте-рiлiп, сонарды бұзып, аңшылар ойлағаны болмай қалды. Бүркiтшi Қожбан құсына тоқ жем берiп, шошаладай ас үйге әкелiп тұғырына қондырды

 

0
0
1498

Еще по теме