ШОПАН ДАҢҚЫ
Сапарғали Бегалин
ШОПАН ДАҢҚЫ
«Жусаның бөрiктей, жазда жидең өрiктей» деп «Жалғызтау», «Жаман Абралыны» Шыныбек ақын бос-қа айтпаған. Қыста қар жатпайтын, жазда самал есiп тұратын үш тау – маңырап тұрған қойдың қонысы. Бiрақ сол жердiң өрiсi малға толып, қонысы көрiктi ауыл, көрiктi өмiрмен безенгенiн Әшiмбек қарт жаңа ғана көрiп отыр.
«Отанға немiс жауыздары шабуыл жасады, барлық ер-азамат майданға аттанып, жаумен соғысады» дегендi, Әшiмбек те бүкiл халықпен бiрге есiтiп, бiрге күйзелдi. Тiзесi, белi ауыратын ескi сырқаты ұстап, бойын жаздырмаған соң, дәрiгерге көрiнгелi ауданға келдi. Сол дәрiгердiң үйiнде отырып, радиодан Сталин жолдастың сөйлеген сөзiн тыңдады.
– Ер-азамат майданға аттанса, еңбекке елмен бiрге бiз де барамыз да, – деп өзiмен қатар отырған Хасенге қарады Әшiмбек қарт.
Әшiмбектiң тұтқиылдан айтқан сөзiн түсiнбей қалып:
– Сен барсаң талқанын шығарасың ғой! Мына отырысыңмен...
– Емдету үшiн iздеп жүрген жоқ емеспiн бе? Әшiмбектен кейiн Хасендi қарап:
– Сiздiң ондай күштi сырқатыңыз жоқ, түк етпейдi, – деп дәрiгер қыз Хасенге селқостау ғана сөз айтты.
Үзiп-жұлып бара жатқан сырқаты жоғын Хасен өзi де бiлетiн. «Дәрiгерге барып емделiп жүрмiн, ескi жөтелiм бар» дейтiн оның кейiнгi жылдарда тапқан бiр сылтауы едi. Ол осы жайымды Әшiмбек сезiп қалды ма дегендей:
– Өзi бiр түк бiлмейтiн қыз бiлем. Бұрынғы дәрiгер жақсы едi. Кiсiнiң қай-қайдағы ауруын табушы едi, – деп Хасен дәрiгер үйiнен күңкiлдеп, сөйлей шықты.
– Бiлгенде, сенiң денiң сау екенiн бiледi. Жоқ ауруды қайдан тапсын, – деп Әшiмбек күлдi.
– Апыр-ай, мен өзiме ауру тiлеп жүргендей көресiң-ау! Әзiл өз алдына, жөтелiм биыл үдеп кеттi. Көктем кезiнде жатып қалдым, – деп Хасен ыңырси сөйлеп, өз сөзiн мақұлдатқысы келдi.
Бiрақ, Әшiмбек оған мақұлдап ешнәрсе айтқан жоқ.
«Данышпанның мына сөзi елiм деген ер-азаматтың сай-сүйегiн сырқырататын сөз-ау! Мұны ести тұра, жас санар, тiзе, бел сырқырайды деп, сылтау етер не бар? Әйтеуiр бiр еңбекке белдi буу керек. Сiрә, маған қайсысы дұрыс болар екен. Күзет пе, тiптi, мал бағудың өзi ме?» деген ойға шомды.
Әшiмбек, Қайнардан шыға осы ойдың соңында келедi. Жаман Абралының жақпар тасты тар кезеңiнен аса бере, артына бiр қарады. Оның көзiне алыста созылып қалып бара жатқан аудан орталығы – Қайнарды қамалай самсап тұрған Жақсы Абралының жал тарт-қан найза шыңдары көзiне түстi. Бiр кезде Байтөренiң балшық үйi, қуысында қумаңдай болып көрiнiп, аңырап жататын Қайнар, ендi кәдуiлгi қала, реттi көше тартып, жаңа қоныстың бейнесiн көрсеттi. Радиосын сөйлетiп, Москвадан күнде хабар жеткiзiп отырғаны әне. Семей, Алматымен қолма-қол сөйлесiп, телефоны тұр. Анау машина дегеннiң, күнiне сан келiп, саны кетедi. «Қала деген осы да, – дедi ол iшiнен. – Ал осы сияқты жайнап келе жатқан өмiр, өркендеп келе жатқан елге, жа-уыз жаудың тырнағы тиер болса, кiм қарап отырады? Мен де қарап отыра алмаспын!»
Әшiмбек ауылға келгенде, Қайыртай, Қабылдың екеуiне де шақыру қағаз келiп, ертең ауданға барамыз деп, қам етiп жатыр екен.
– Қарақтарым алысқа ұзап шықпаған едi, қандай күйде болады? Тек жолы болсын, – деп кемсеңдеп, Жария жеңгей егiлiп жүрдi.
«Тумаса да туғандай болған балалар едi. Қайтсiн, қимайды ғой!» – деп, iшiнен Әшiмбек Жарияға ойлы көзiмен бiр қарап қонды.
Ағасынан қалған жалғыз бала Қайыртай, қарындасынан туған Қабылдың кетуi, Әшiмбектiң өзiне де жеңiл емес. Бiрақ, ол бағана радиодан не тыңдады? Аудан орталығындағы халық не айтты? Ол осы ойға келгенде: «Жолы болсын! Қатарынан қала ма, елдiң бәрi аттанып жатқанда» – деп ойлады да сиректеу бурыл тартқан сақалын бiр тарамдап:
– Жария, Ақпанның қайда екенiн бiлдiң бе? – деп бәйбiшесiне қарады.
– Ол қайда кетсiн, осында, бағана мына балаларға қағаз келгенде, өзi таратып берiп: «Ер-азаматтың бәрi майданға аттанды. Жаным-ау, мына малға қалай ие боламыз?» – деп қапалақтап жүрген. Ақыш қырдағы фермаға кеткен шығар. Ондағы қойшыларға да шақыру бар көрiнген, – деп Жария күрсiнiп бiр қойды.
– Бәйбiше, сен күрсiнбе, жалғыз Қайыртай мен Қабыл емес, сiрә, елiм деген ер-азамат қару алып, жауға қарсы соғысқа баратын шығар. Мен бүгiн ауданда радиодан көсемiмiз Сталин жолдастың өзi айтқан сөзiн естiдiм. Оны естiп тұрғанда, бас сауғалау тым өрескел болар.
– Е, байғұс, не дейсiң, жаным-ау, өз құлағыңмен естiдiң бе? Не деген екен? Жарықтық-ай, сiрә, соғыс жайы ауыр болған-ау, ә? – деп Жария аузын сылп еткiзiп, бiр тамсанып алды. – Шал-ау, шай әкелдiң бе? Бүгiн ыстық су ұрттағаным жоқ, басым да шағып отыр, – деп Жария бағанағыдай емес, Сталин жолдас айтты деген сөз қайрат бергендей, көңiлдене сөйледi.
– Бiраз шай таптым. Дүкенде шай аз көрiнедi. Ептесең бiраз iшуiңе жетер.
– Е, Әшеке, жаңа келдiң бе? Немене, ауданда не жаңалық бар? Бүгiн бiздiң жiгiттердiң бiрқатарына қағаз келiп, жүргiзгелi жатырмыз, – деп Ақпан үйге сөйлей кiрдi.
– Ақпанбысың? Жоғары шық, бәрiн айтайын. Жаңалық сол – жастарды әскерге алып жүргiзiп жатыр ғой. Бүгiн елдiң бәрi райкомның алдындағы радионы тыңдап тұрғанға барсам, Сталин жолдастың өзi сөйлеп тұр екен. Совет Одағындағы барлық ер-азамат, әйел-еркек бәрiне айтқан сөзi сай-сүйектi сырқыратты. Мен орысшасын ұғамын ба? Алматыдан қазақшасын айтқанда, орнымда тұра алмадым. Тiптi естiген елдiң бәрi де орнында тұра алмады. Әттең, жас күн болса, майданға жүрiп-ақ кетер ем, тақа! – деп Әшiмбек жiгерленiп қойды.
– Оған өкiнбеңiз, сiзге де орын табылады. Шаруаға да кiсi керек. Сол соғысқа азық-түлiк керек көрiнедi ғой. Ал, Әшеке, аузым да бармай тұр, лажым да жоқ. Мына малды қайттiк? Ертең бiрсыпыра жiгiт әскерге жүредi, – деп Ақпай ойланып отырып қалды.
Әшiмбектiң бiр нәрсенi ойлағанда, iшкi дыбысын сыртқа шығарарда айтатын бiр сөзi: «Па дерсiң!» – деп барып, сөйлеп кететiн. Бұл жолы да Ақпанның ойланып отырып қалғаны, оның өз ойын да қозғап кеттi. Ол сақалын тарамдап, күлiмдеп тұратын үлкен қой көзiн айналаға бiр жүгiртiп:
– Па дерсiң «Өткенде түйенiң үлкенi таяқ жейдi» дейдi. Ендiгi салмақ егде тартқан бiзге түсер. Мен өзiм белдi бекем буып, бiр iстi қолға алайын. Мына жалаулыға қыстап, далаға жайылатын қой қорасын менiң қолыма бер. Жария күзетедi, өзiм бағам. Ертай да мал-ға сабақ болып қалды. Оқуынан бос кезiнде о да болысады.
Ойламаған жерде Әшiмбектiң мына сияқты өзiне үлкен мiндет ала айтқан сөзi Ақпанды сергiтiп жiбердi. Кешеден берi ауыр ойға батып, шаруаның күйiне күйгелектенiп, мазасы кеткен ойы орнына түсейiн дедi, – Айтуға батпай әрi ойлап, берi ойлап, есебiн таппай да отыр едiм. Әшеке, рас белдi осылай байладың ба? – деп Ақпанның өңi жадырай, күлiмдей сөйледi.
– Байламасам айтайын ба? Көсемнiң сөзi көкiрегiме қайрат құйғандай болды...
– Олай болса, айтқан қораңыз да, қонысыңыз да дайын.
Ақпай Әшiмбектiң үйiнен шыққанда, айнадай ашық аспанға жаңа көтерiлген ай қып-қызыл өрттей жалындап, Жалаулы бұйраттарынан жартылап көрiнiп келе жатыр едi. Қотанда ыңыранып жатқан қалың қой, қапырық түннiң ыстығынан әрең тыныстап жатыр. Бiрiне-бiрi жоламан бытырап, бүкiл тепсеңге шашыла жусапты.
Кейiнгi жылдары әкелiнген Едiлбай сары қошқар осы қорада болатын. Оның қозылары ылғи ақсары болып туып, қырқа келе ағарып, қаптай жайылған кезде, қойдың көрiнiсi, алыстан қарағанда, ақ толқынданып кететiн. Мына жаңа көтерiлiп келе жатқан айдың ала сәулесiнде қойлардың көрiнiсi кiшiрейiп, бытырап жатты. Бұл қораның бөлiнгенiне де онша көп болған жоқ. Кейiнгi екi жылда колхоздың қой фермасына қосылған қора осы. Бұл қораның қойшысы ертең әскерге жүргелi отыр. Өзiнiң қолындағы баласы Қайыртайдың баққан малын, осы қораны аузына алмай, Әшекеңнiң Жалаулыдағы қораны аузына алғаны қалай? Мұны Ақпай көп ойланып шеше алмады. А, ана қораның қойы бұдан шағындау едi. «Соның ықшамдылығын есiне алды ма? – деп, бiр ойлап: «Баққан соң бәрiбiр емес пе?» – деп ойлады. Бiрақ бiрбеткей, өз айтқаны болмаса, көнбейтiн, Әшiмбектiң алдынан шығып, сен пәлен қораны ал деп айтудың Ақпан есебiн де таба алмады.
Қар қалың, оның үстiне сiлбiлеп жаңбыр жауып, қардың бетi қабыршақ мұз болып қалды. Саулықтардың iшi де өсiп қалған кез. Аз күнде қолға қараған мал, үйiлген шөптi сарқа жеп, тек қарайып орны қалды. Колхоз орталығынан кiсi қатынаспағанына үш-төрт күн болған. «Шөп тасытам, кiсi жiберем», – деген колхоз бастығынан да хабар жоқ. Ермек оқуда, колхоз орталығындағы мектепте. Жарияның ескi ауруы ұстап, жатып қалғанына бiрнеше күн болды. Өзiне серiк болып қайрат етер Қайыртайдың үйiндегi Жәмiш келiнi. Оның да жас баласы бар, аяғына оралып босатпайды. Мына малы көктемнiң қараөзек күнiнде, жазым болып апатқа ұшыраса, тiршiлiгi не болмақ? «Әлi келмеске әлек болып», – деп алдымен Хасен күлмей ме! Осы ой оның түнде көзiн iлдiрген жоқ.
Әшiмбек таң ата орнынан тұрғанда, терiстiктен ызғырған үскiрiк бет қаратпай тұр едi. Кешегi өзi көрiп қайтқан күнгейге мал жете алар емес. Қалай жетедi? Мына қой қайткенде күйiстiк алады? Қораның қасындағы шөп бiр күнгi күйiске жетпейдi. Кеше тақырлап жеп қойған.
«Па дерсiң! Танау тарс бiттi», – деп Әшiмбек қой қораның алдына келiп аз тұрды. Өретiн мезгiл болып, азық iздеген қойлар орнынан тұрып, қораның есiгiнен анталап, далаға қарайды. Бәрiнiң де көзi жаудырап Әшiмбекке қадалды. Әшiмбек қойының тiлiн көз жанарынан ұққандай, аяныш еттi.
Әлден уақытта ауыр түйiннiң шешуiн тапқандай, Әшiмбек аяғын сергек басып, далаға шықты. Алыстан жоталанып көрiнген Абралы биiктерi андағайлап, тым-тырыс мелшиiп тұр. Абралының қалың тауынан бөлiне, Ащысудың қалың қорығын бауырына ала, меңiрейген Шана биiгi тұр. Шананың күнгей бетiндегi жал-жалы күн жеп, жел қағып, ала шабырланған. Әшiмбектiң екi көзi сол қарасынға қадалды. Оның күлiмдеп тұратын үлкен көзi тұнжырап, кейде жасаурап та кетедi. Сиректеу сақалы мен мұрты қырауытып, әлемдi тiтiрентiп тұрған аяз мұның да қойны-қонышына кiре бастады. Колхоз орталығынан неге ешкiм қатынаспайды? Сiрә, Ақпан Жалғызтаудағы фермадан қайтпаған ғой. «Апыр-ай, Хасен-ай, осындайда бiр тiрi жан екенiн көрсетпейдi-ау!» – деп Әшiмбектiң көз алдында аяз бен Хасен қатар тұрғандай болды.
Бiрақ, Әшiмбектiң ол ойларының бәрi iз-түзсiз тез-тез ұшып, тек қана мына қорада тұрған қой жанына батып, миын сол бұрғылап барады. Әлгi бiр жалт еткен ой не едi? Әшiмбек қайта ойланып, соны тауып алды. Ол мына қойды Ащысу бойындағы шиеге, қорыққа апару. Я, оған қалай жеткiзедi? Қар қалың, жол жоқ, өзi бiрсыпыра жер. Ал, қорықтың сiресiп жатқан қарын қой тебе ала ма? Жел тағы сол жақтан. «Шiркiн, қай-қайдағы қиындық торлана бердi-ау, па дерсiң!» деп аз тұра алып, тез үйiне кiрдi.
– Шал-ау, малың не болды? Апырай, белiм кемiрiп барады. Ешкiм көрiнбей ме? – деп Жария төсектен басын көтермекшi болды.
– Сен орныңнан қозғалма, келiн келiп үйге от жақсын. Мен қазiр атпен жер шолып келем, – деп Әшiмбек киiнiп шығып кеттi.
«Апырау, қайдағы жердi шолады? Бұл маңайда өзiң бiлмейтiн жер бар ма? – деп Жария жастыққа маңда-йын қойып, қымтанып қайта жатты.
Жолсызбен төтелей тартқан Әшiмбектiң жүрiсi тiптi өнбедi, Құлажирен ат қанша қарулы болғанмен ақсақ ойылған қалың қарды есiл кете алмайды. Әсiресе Жалаулы бұйратының Ащысуға қулар терiскей тепсеңi қысқы қарды қандай қалың ұстайды. Осы қардың астында бүрлi ақ жусан, шоқайған қояндай күлтелi көде, көкбурыл бетегелер жатыр. Қысылу мен жадыраудың арасы ат шатынан әзер асатын қардың асты мен үстiнде тұр. Егер Әшiмбектiң өз қолында болса, қарды сыпырып тастап, желдi оңынан соқтырып, қойын бүрлi жусанға бөрiттiре қояр едi.
Әшiмбек Ащысу қорығына келгенде, колхоздың жылқысы шидiң қарын бортылдатып теуiп, ызғырыққа қасқая жайылып жатқан. Жылқы тебiнiнен ашылған корықтың көкбурыл өлi шөбi шудаланып жатыр: Жыл-қының қылшығы да сынар емес, жабағылар жал-құй-рығы желбiреп, ойын салады.
– Ақсақал, жолыңыз болсын! Немене, ат ентiктiрiп? – деп Дауылбай жылқышы алдынан шықты.
– Бұл беталды жүрер кез емес қой. Осы бiр кейiнгi сiлбiр мұздақ, мына бiр қытымыр суық састырайын дедi. Бiздiң қораға үйген шөп бiттi. Соғыс қарбаласында шөптi жөндi дайындамаған ба, қалай? Жалаулының, қары бекiп қалды. Әрi ауыл маңайының өрiсi шайылды. Ер-азамат үйде жоқ. Колхоз орталығынан ешкiм келе алмай жатыр. Кемпiр ауру. Кешеден берi қой күйiстiгiн ала алмай, ашығыңқырап тұр. Бар тапқаным осы да бойын шолу едi. Сенiң жылқыңның келгенi мұн-дай жақсы болар ма! – деп, Әшiмбек азырақ өңi жадырай, Дауылбайдың қасына келiп бар жай-күйiн бiр-ақ айтып, аттан түстi.
Тебiннен шығып жатқан шөптi қолымен ұстап, қамшының сабымен қарды қопарып, Әшiмбек қайтадан атына мiндi. Бастыра киген елтiрi тымағының бауын босатып, Дауылбай:
– Ал, Әшеке, қалай iстейсiз, жылқы әзiр осы ши бойында болады. Малыңа пайдасы тиер жағын өзiң, айт, – деп қырауынан сақал-мұртын қолымен сипап, Әшiм-бекке қарады.
– Мен айтсам, ана үлкен қасқа айғырдың үйiрiн, жаңағы менiң iзiммен бiздiң қораға қарай айдалық. Ертерек мына тебiнге бүгiн қойдың аузын қалай да iлiндiру керек.
– Оған жылқының, не керегi бар? Қойыңды атқа мiнгiзесiң бе? – деп Дауылбай замандас ағасына әзiл айтты.
– Я, мiнгiзем, әйтеуiр айдасаңшы. Оған жылқының түгi кетпейдi, – деп Әшiмбек өзi де сол қасқа айғырдың үйiрiне қарай жүрдi.
Өрiсте де, жусауда да тобын жазбайтын қасқа ай-ғырдың қалың үйiрi, қорықтың бiр қалың жерiн алып, күрсiлдетiп теуiп жатыр едi. Әшiмбектiң ойын түсiне қойған Дауылбай да қайтып сөз қайырған жоқ. Қасқа айғырдың үйiрiн екi жақтан топтап айдай жөнелдi. Соны жатқан қалың қарды күртiлдете бұзып, жосылта жол салды.
Бiр топ жылқыны жосылта ауылға айдап келгенде, Жәмiш тыста тұрған. Әшiмбектiң малды мезгiлсiз қамап тастап, қайда кеткенiн бiле алмай, сасып тұрған кезiнде, мына сияқты жылқы айдап келуi, оған түсiнiксiз едi.
– Ата, мына жылқыны қайдан айдап келдiңiз? Мына жылқышы ағай екен ғой, – деп, Жәмiш көңiлдене, ағам бiр лажын тапқан шығар деген ойға келдi.
– Ал, Жәмiш, қарағым, қойдың қақпасын аш. Өзiң мықтап киiн. Малды шиге апарамыз, – деп Әшiмбек атынан түсiп, үйiне кiрдi.
Қасқа айғырдың үйiрiн қора ығына қайырып, Да-уылбай тоқтатып тұрды. Ол атынан түскен жоқ. Қыстай түзге үйренген, күйлi жылқы елеңдеп қораға жоламайды, қайырумен әрең ықтады.
Келген iзiмен жылқысын айдап Дауылбай алдынан жүргенде, қойын да сол iзбен қаптатып Әшiмбек пен Жәмiш те ши бойына тартты. Қорада ширығып тұрған едiлбай тұқымды қойлар тобын жазбай жылқының iзiмен заулап шұбырды.
Тебiнге келiп iлiнiсiмен-ақ қойлар суықты елеместен бытырай, шала тебiндердi өздерi ашып, қорықтың қарын бұрқырата бастады.
Қойына өрiс тауып, көңiлi аз толастаған Әшiмбек:
– Мына жылқының шиге келгенi мұндай жақсы болар ма! Жәмiш, сен атпен ауылға бар. Күн еңкейе қойдың алдынан шық. Күндiз өзiм ие болам. Қорадағы тоқтыларға шөп сал, далаға шығарып қарлат, – деп Жәмiштi ауылға қайтарды.
Қыстан азыңқырап шыққан қойдың қара жерге аузы тиiп, әлденгенше күйек те бiтiп қалды. Қойдың алды қоздай бастады. Жария таңертең тұрса, түсте жатып қалады. Қысқы сырқатынан әлi айыққан жоқ. Жас төлдi алу, табыстыру Жәмiш пен Әшiмбектiң мойнын бұрғызбайды. Алғашқыда жаңа қоздаған қойлардың қозысын тану, адастырмауға Жәмiш те ширақ едi. Жас төл көбейiп, кейiнгi күндерi қой көптеп қоздай бастады. Кешкi төл салғанда бiрнеше қой қозысын алмайды. Төлi тура табыстырылмай, әбiгер болады. Алмай жүрген қойлар мейiрленiп емiзбей, бiрнеше қозы сүтке жарымады.
Көзiнiң қиығы түссе жаңылмайтын Жария, төл былай тұрсын, жайымен қайғы. Енесi алмаған жас қозыларды енесiмен жеке қораға салып, Әшiмбек үйге келгенде, Ертай күлiп алдынан шықты. Ойда жоқта Ермегiн көрiп, Әшiмбек жымыңдап, мал қамына алаңдаған кө-ңiлi аз жадырайтын едi.
– Қарағым, неғып келiп қалдың? Оқу тоқталатын уақыт ерте емес пе? – деп баласын сипап, Әшекең аз отырды.
– Әке, әлi ерте, бiрақ бiр жұмаға бiздi босатты. Мен бiр жұмадай үйде боламын, – деп Ертай мойнындағы қызыл галстугiн шешiп, бүктеп қойды.
– Мал қамы елден алыстатып, баламызды да сағынып көретiн болдық! Күзеттен суық тиiп, апаңның ескi сырқаты үдеп, жатып-тұрып ауыра бередi, – деп Әшiмбек баласына өздерiнiң жайын сыр ете айтты.
– Ата, мына қозыларынан жерiген саулықтарды таңертең қойға қосайын ба, жоқ қозысын алғанша қорада бола ма? – деген Жәмiштiң сұрағы Ертайға ұғымсыздау көрiндi. «Өз қозысын неге алмайды?» деген пiшiнмен әкесiне бiр, Жәмiшке бiр қарады.
– Қойға жiберме, танертеңгi қой оралып келгенше, қорада болсын. Таза шөптен салып қой. Оған дейiн қозыларын алмаса, қазақшылап көремiз, – деп Әшiмбек жантайып аз тыныстады.
– Әке, қой да өз қозысынан жеридi, о несi? – деп Ертай мал сырына таңданғандай болды.
– Кiм бiлсiн, өзiнiкi ме, жоқ ауысып жүр ме?! Күнi-не қырық – отыздан қоздап, бастан асып кеттi. Қозыны тануға мына апаң тәуiр едi, ол жатып қалды, қиын болып тұрғаны, – дедi.
Ертай әлденеге ойланып, бiраз үнсiз отырды. Күнi бойы малда болып, кешiкпей төл алысып, әбден шаршаған Әшiмбек жантайысымен ұйықтай қалды. Баласының көңiлiн жүдетпейiн деп, басын көтерiп, шаруасына күйбеңдеп Жария ас үй жақта жүр.
Көктем кезiнiң маужыраған әдемi түнi тамылжып, жалаулы бұйраты мұнартып, жер буға бөлендi. Оңтүс-тiктен леп берген жұмсақ жел бойды желпiдi. Жылы түнде самсаған қалың жұлдыздар өзiне төнiп тұрғандай, далаға шыққан Ермек айналаға қарап көп тұрды. Көптен келмеген Ертайды сағынып қалған «Аққасқа» төбетi аяғына оралып, бұлаңдап еркелейдi. Оты қанып, көкбурыл шөпке еркiнше жайылған қойлар ыңыранып, қотанда жатыр. Ауылын, елiн сағынған Ертай қонды айналып, үйге кiргiсi келмей, далада көп жүрдi. Қойлардың iшiнен мекiренiп шыққан үндердi Ертай алғашқыда елей қойған жоқ. Қолына фонарын алып, Жәмiш қойдың iшiн аралап келгенде, Ертай да оның қасына келдi. Жаңа қоздаған бiр-екi қойды көрiп, Жәмiш өзiне қозысын белгiледi. Бiрақ, едiлбай қошқардың баласы бiрiнен-бiрi айырғысыз, дәл бiр бейнеде туады. Көбiнесе адастыратыны-ақ осы.
– Жәмiш тәте, түнiмен аралап шығасың ба? Мына жаңа қоздаған қойларды қайтесiң? Ертең қайда қоясың? – деп Ертай Жәмiшпен қойды аралады. Бiрнеше жерден меңiренген қойларды көрiп, Жәмiш белгiлеп: «Тол-ғатып жатыр, олар да қоздайды», – дедi.
– Мына қозылардың бәрi бiр түстi, ерген енесiнен алып, қайта табыстарғанда қалай танисың? Ал, номерлеп қойса қайтедi? – деп Ертай тiптi бiр ойда жоқ әдiстi айтып қалды.
– Нөмерлегенi несi? Оған номер қайдан табылады? Бiр күнде әлденеше қой қоздайды, – деп Жәмiш күлдi.
Жәмiштiң сөзiне Ертай аз тоқталып қалды да, кенеттен:
– Жәмiш тәте, мен таптым, жаңа қоздағанының қозысы мен енесiне бiр нөмерден тағу керек. Қозысы ширап, бiрiн-бiрi адаспайтын болған соң, алып жаңа туғанына ауыстыру керек. Сiздер танымай, пайлардың қозысын алмай әуре болып жүрсiңдер, – деп Ертай өз ойын тып-тиянақты етiп айтты.
Ертайдың бетiне бiраз қарап тұрып, Жәмiш фонарын жарқылдата, қойдың iшiн аралай жүре берiп, тұра қалды.
– Сiрә, осыны ертең атама айталық. Осы дұрыс екен. Бiрақ, ол нөмiрдi неден iстеймiз. Қаңылтыр қайдан табылады? – деп Жәмiш аз кiдiрдi.
– Нөмiрдi жұқа тақтайдан iстеймiз. Мен қазiр үйге барып жасайын, өзiң мына бүгiнгi қоздаған қойларыңа тақ. Көрерсiң, әкем түк айтпайды, – деп Ертай тыпылдап үйге кеттi.
Таңертең қойын ерте өргiзiп кеткен Әшiмбек үйiне келгенде, Ертай жұқа тақтайдан дөңгелетiп нөмiр жасап, бiзбен тесiп, жiппен байлап отыр едi. Алғашқыда елемей, жай ойнап отыр ма, онан да қойды табыстырып, малға болыссайшы деген ойға келiп, Әшiмбек:
– Ертайжан, мұның не? Онан да апаң мен Жәмiшке болыссайшы. Жас қозыларды түстес, тағы да алжастырып алады, – деп баласын еркелете, қасына келдi.
– Бәлi, әке сiз бiлген жоқсыз. Бұл жас қоздаған қойдың қозысы мен өзiне тағатын нөмiр. Өзiңiз көрiңiз, түнде Жәмiш тәтем екеумiз жаңа қоздаған қойларды нөмiрлеп қойдық. Бiр төл де бүгiн адасқан жоқ. Қане жүрiңiз, – деп әкесiн қой қораға алып жүрдi.
Жәмiш қозыларды шығарып (Жария да басын көтерiп сонда жүрген), жымиып, Ертай мен атасының қасына келдi.
– Жәмiш қарағым, Ертайжан не айтып жүр! Нөмiрi не? – деп Әшiмбек қуанғандай Ертайын қызықтай Жәмiшке қарай жүрдi.
– Ертайдың мұнысы табылған ақыл болды. Бүгiн түнде қоздаған қойларды сол нөмiрмен мүдiрместен табыстырдық. Қозы мен қой өздi-өзi бiрiн-бiрi баураса, оп-оңай табысады. Онда жаңа туғанына ауыстырамыз. Бұдан Ертай бәйге алатын болды. Бiздiң жұмысты жеңiлдеттi, – деп Жәмiш Әшiмбектi мүлде қуандырып жiбердi.
Әшiмбектiң алғашқы ауыр қысы, белес күндерi бiртiндеп аман өттi. Төлiнде шығын болған жоқ. Қозы аяқтанып, Ащысу сызатына көшiп қонып, жас қозыны балқашты өлкеге әкелiп жайды.
Төл алу маусымы аяқталып, колхоз шаруасы бiр сiлкiнiп, бойын жинағандай болды. Отан үстiнде түнерген қара бұлт әлi айыққан жоқ. Колхоздан тағы да бiрнеше кiсiнi әскерге шақырды. Ақпанның өзiн де бiр рет шақыруға апарып, уақытша үйге қайырды. Малды жайлауға кетiру, пiшен шабуға, мал азығын дайындауға әзiрлеу сияқты жаңа жұмыс кезеңдерi басталады.
Колхоз орталығына Әшiмбек келгенде, қолында таяғы бар Хасен кездесе кеттi.
– Қалай, шопан, малың аман ба? Сенi мақтап жүр ғой. Малы күйлi, төлi түгел, тiптi қасарып, ширап кеттi дейдi ғой, – деп Хасен ойын-шыны аралас Әшiмбектi кекете қалжыңдады.
– Шүкiр, айтқаныңдай. Ел басына ауыр күн туып тұрғанда, Ақпанды арқа тұтып, жатып iшетiн сен болмасаң, бiздiң дәтiмiз шыдамайды. Әйтеуiр, ықластанып қолға алғаныма қарай, алғашқы қысты аман атқардым. Әлi де малға ие болатын күшiм бар екен, – деп Әшiмбек Хасеннiң жасты сылтау етiп жай баққан қылығына батыра қалжың айтты.
Замандастықпен айтса да Әшiмбектiң бұл сөзi Хасенге оңай тиген жоқ. Колхоз жұртшылығының күңкiл сөзi, тiптi, Ақпанның өзi де: «Сiз қарап отырмаңыз, өзiңiздей Әшiмбек ақсақал да бiр қора малға ие болып, ерлiк көрсетiп отыр», – деген-дi. Бiрақ, Хасен қырыстанып, бiр жағынан үлкендiгiн бұлдап, бос сөзге үйiр, жалқау, жалтақтығын iстеп, бiр ретте: «Мен Әшiмбек сияқты көнпiс, ертеден бейнетке үйренген жансебiл емеспiн. Қартайғанда қайдан қой бағайын!» – деп, ептеп кiсiлiк айтқан-ды.
Ақпан әкесiндей болған Хасендi ертеден сыйлап үйренген қалпынан өзгермей:
– Әй, Хасеке-ай, бойға симайтын кiсiлiк неге керек? Адам енбекпен мақтануы керек. Құрғақ сөзбен кiсiмсiген бола ма? Қолыңыздан сол Әшiмбектiң бiр күнгi еңбегi келмейдi. Сөйтiп отырып: «Мен жансебiл ме? – деп жуандайсыз, сондай сөз не керек? деп, әдептi сөзбен ауыр сын айтқан.
«Ерiншекке сөз айтсаң, адам таппас сылтау айтады» дегеннiң керi емес пе, Хасен беталды бұрқырап ашу-ланған, Ақпан бой тартып, тоқталып қойған-ды.
Колхоз басқармасында жиналған жұртшылыққа Ақпан шаруа жанынан қысқа түсiнiк айтты:
– Өткен қыс аса ауыр болды, соғыс әлегiмен былтыр шөп те жетiмсiз шабылды. Бiрақ колхоз шаруасына жаны ашып, шын ықыласымен кiрiскен адамдарымыз ерлiк көрсеттi. Мына Әшекең, кәрiлiк, ауру әйел, жас баласының күйiн елеместен, бiр қора малды қиын жерге қыстатып шықты. Төлi де аман. Басқалар да осы кiсiден үлгi алу керек. Мiне, жарқырап жаз келдi. Малдың қысқы азығын осы жазда қамтамасыз етуiмiз керек, – деп Ақпан көпшiлiкке сөз тастады.
– Бастық ағай жақсы айтты. Әшекеңдi үлгi ету орынды. Бiздiң осы колхозда Әшекең тәрiздi қарттар аз ба? Кейбiреуi iнiсiн, баласын арқа тұтып, түкке септiгi жоқ.
Бұл кiсiлер түгiл, бойы өсiп, бұғанасы қатпаған жас оқушылар да колхоз шаруасына қандай пайда тигiзуде. Әшекеңнiң баласы Ертайдың әкесiне көрсеткен көмегi қандай! Әсiресе, төл алу кезiндегi нөмiрлеу әдiсiн та-уып, жұмысты жеңiлдеткенi өте шеберлiк. Мен өзiм мектеп оқушыларынан бригада құрып, шөпке болысам. Мына Балжан, Байдәулет шабындысындағы шөптi бiз шабамыз, – деп, Әсия бiраз тоқталып, сөзiн қайта жалғады. – Тағы да бiр айтайын дегенiм – мына Хасен ақсақал Әшекеңнен кәрi емес, iстесе, қолынан бәрi келедi. Осы кiсi де мына науқан кезiнде қарап отырмасын деймiн.
Мектеп директорының бұл сөзiн отырған жұрт ықыласпен қабылдап, кейбiреулерi Ақпанның, кейбi-реулерi Хасеннiң бетiне қарады. Қолындағы ырғай таяғымен жерде жатқан бiр түйiрдi қозғап, Хасен басын жоғары көтерген жоқ.
Ойлы көзiмен Хасенге қадала:
– Аға, мен сiзге алдақашан айттым: «Сiз қолыңыздан келетiн бiр жұмысқа ие болыңыз» – дедiм. Мына жұртшылық та соны айтып отыр. Жауап айтыңыз, – деп Ақпан ағасына батылырақ айтты.
Әлi де басын көтерiп жауап айтпаған Хасеннiң қасына таяна отырып Әшiмбек:
– Мұның, тiлiн менен басқаларың бiлмейсiңдер. Биыл мен үй iшiммен, Жәмiш бар, Ақшоқы саласының шөбiн өзiмiз шауып, үйемiз деп жүрмiз. Тек бiзге ана машинаның бiреуiн берсе болғаны. Өткен қыстың ызасын сұрама. Көктегi бұлтқа жалынғанша, жаздағы еңбекке жалыну керек. Ал, Хасен, сен менiң қорама кел, ең болмаса түнгi күзеттi ал. Жәмiштiң қолын босат. Күн жылы, жер қара, бiр мезгiл ұйқыңды бөл. Халық айтпап па едi: «Күн жаманы өтер, атақ жаманы түбiне жетер», – деп. Осы сынды күн өтiп, ел есiн жиып, есепке кiргенде, босқа ұялмайық, – деп Әшiмбек сиректеу мұртын сипап, Хасеннiң таяғын қолынан алып, жауап күттi.
– Апыра-ай, сенiң мына бiр кейiнгi сөзiң орынды екен. Iнi, бала ержетiп, шаруаға ие болған соң, жан күтiп жатып қалып ем. Тiптi, сенiмен бiрге болсам, болайын, – деп Хасен орнынан қозғалақтап, Ақпанға бiр, Әшiмбекке бiр қарап, шырт еткiзiп жерге бiр түкiрiп тастады.
– Мiне, әркiм өз замандасының тiлiн өзi бiледi. Дұрыс-ақ, Хасекең мойындаған соң, кiм қарап қалар екен, – деген дауыстар әр жерден шығып жатты...
– «Осы мен сенiң қораңның шетiнде отырғанымды өзiме мiн көрiп жүрмiн. Өзiнiң ауыз толтырып айтар мақтаны жоқ, малдың жайын сөз қылса, күзеткен кiм демейдi, баққан кiм дейдi, – дедi бiр күнi Хасен. – Осы сен құрлым жоқпын ба? Әйтеуiр малға келген соң қорғалақтағанды қойып, қойдың өзiн-ақ бағам. Мына жаңадан бөлетiн қораны менiң қолыма берiңдер. Бiрақ, «сүмелектiң» тұқымы болмасын, тегеш құйрық «дөң-гелектiң» тұқымы болсын дедi де, Хасен қасындағы томаршаға шынтақтай кеттi.
Қарабике өзенiнiң қалың томарды, қонысы соны, шалғын, көк қияқты қабақтары жасыл пүлiшпен тыстаған жастықтай томырылып, жантайса жастық, көсiлсе көрпе болып, жапырылып жатты. Тұнық ауа, кешкi самалдан хош иiс аңқиды. Көк бөртеленiп құлпырған өзен қабағы алуан шөппен түрленiп, батар күннiң шапағына бөленедi. Өзен қабағында қаптай жайылып, қотанға оралған қалың қой, тоқмейiл баяу дөңгеленгенде, ақсары қойлар көз талдырады. Хасен осы қойдың күзетшiсi емес, бақташысы болуға бел байлады.
– Сен дұрыс айттың, малмен ауыл-үй қонайын деген екенсiң, оның дұрыс. Кепiлiн түсiп, шын ықыластансаң, қандай жұмыс болсын, қолыңнан келедi. Таңдаған қораны сен ал, – деп Әшiмбек Хасеннiң бұл сөзiн естiп, қуанып кеттi.
Хасен өз алдына бiр қораға ие болып, Акшоқыны қыстады. Шөптi мол шауып, мал қонысына қарай жақындата үйгiзiп, Ақпан қысқы мал азығын қамтамасыз еттi. Хасеннiң белсенiп бөлек қора баққанына қарай қыс өте жақсы болды, қар жұқа түсiп, мал, көбiнесе аяғынан жайылды.
– Ақсақал, сiздiң қонысыныз шөбi көп үйiлген және ықтасыны көп, оның үстiне оңтүстiктен жел үп етсе, қарын қағып кететiн күнгей, – деп, Ақпан Хасенге ылғи өзi қалаған қазақы қойдың тоқтысын бөлiп берген-дi.
Қыстан түлеме құйрық болып шыққан бойдақтары ерте етейiп, көгiске де ерте көшiп қонды. «Ащысу» колхозының малы қыстай күйлi шықты, тегiс аман, шаруасы сайды» дегенде, Хасеннiң қорасы алдыңғы қатарда ауызға алынды.
– Ерiншектi ебiн тауып жұмсаса, елгезектен екi есе артық орындайды деген, сен осы бәрiмiзден де асарсың, сiрә, – деп, Әшiмбек Хасенге бiр жиылыста қалжың айтты.
– Сен менi қолыңнан жеткiздiм дегiң келiп жүр-ау! Менiң ебiмдi сен тапқан жоқсың, халық жайы жiгерiмдi тасытты. Бiреуге бiреудiң қамшы болатыны рас. Бiрақ, менiң де сен құрлым сезiмiм бар! – деп Хасен намыстаныңқырап қалды.
– Намыстанған – намыстан, тек малға ие болшы! Жiгiттер майданнан оралып, ер-азаматтың басы жаңа құралып келедi, бас-аяғы жиналғанша осы қайратыңнан тайма, – деп Әшiмбек онан сайын ширатты.
Хасен өзiнiң кiдiленiп айтып қалған тiктеу сөзiне, Әшiмбектiң кешiрiмдi жай сөзбен айтылған жауабы одан әрi сөйлеуге жол қалдырған жоқ. «Ащысу» колхозында баспа малға қарағанда, қой жағы кейiнгi жылдары басым өстi.
«Абралы, Жалаулы – сары қиың қалаулы, Бiр-бiр түп жусаның бiр тоқтыға балаулы! – деген сөз тап осы бiр кезде жаңарып, кемелiне келiп айтылған тәрiздi едi. Бұлардың тоқтысы қысыр қалмайды, саулығы екi қоздайды деп, кейiнгi кезде көршi колхоздар алуан аңыздар айтады.
Мал кiндiгi қоныс екенi де рас, бiрақ сол қонысқа қона бiлер, баға бiлер кiсiде гәп. Бұл атақ, мал тiдiне, әсiресе, қой қонысына жетiк Әшiмбек қартқа арналған.
Арқаның, кейде қар ұшқындатып келетiн салқын күзi басталған. Қой фермасын қойлардың тұқымына қарай реттеп қондырып, шөбiн де мал мөлшерiне қарай реттеген колхоз басқармасы. Шана биiгiнiң күншығыс жақ алдындағы кiшкене қайнардың екi жағы қатар қыстаған Хасен мен Әшiмбектiң қоралары. Олардың биыл колхоз орталығына жақындап, Ұлытауды сағалай қыстауының бiр сыры бар-ды. Осы өткен күзде ауданнан келген бас техник қойға iрiктеу жүргiздi.
«Ащысу» колхозының қойы бұрынғы жергiлiктi қылшық жүндi және ұяң жүндi, ұзын құйрық, жаңа тұқым едiлбай тұқымдас салалы жүндi, тегене құйрықты iрi тұқымдар да болатын. Бұл қойлардың әрқайсысының әр түрлi өзгеше қасиеттерiмен қатар, қоныс жанына келгенде де бiрiне-бiрi бөлектенiп кететiн. Суыққа тоңғақ, қар тебуге қайратсыз ұяң жүндi, асыл тұқымды қойды шөп үйiлген Жалаулы iшiнде қыстатқан. Қыл-шық жүндi, қысқа қайратты жергiлiктi және едiлбай тұқымды қойды далада жайылатын осы тау бөктерiне әкелдi.
Сонау қой қорасын қолына алғаннан бастап, Әшiм-бек малдың жай бағушысы ғана емес, тұқымын асылдандыратын бiлгiр болып та басқарған. Қолында өскен қойын денесiне, жүнiне қарай iрiктеп тұқым алу тәжiри-бесiн iстейдi. Өзi iрiктеп шығарған тұқымнан бiрыңғай маңызды болып өскен бiр қора қойды Әшiмбек былтырдан берi бөлек баққан. Өткен қыста тебiнге салып, күзде ұсақ шөптi тау бөктерiне жайды. Сөйтiп, жаңа iрiктеп өсiрiп алған қойының тұқымын таулы жерге қоныс тептiру тәжiрибесiн iстеген.
– Мен не де болса, осындай қойды өсiрем, – деп бiрыңғай жергiлiктi қылшық жүндес, таңқы құйрық, дөңгелек денелi күрең қойды Хасен iрiктедi.
Өткен қыста Хасеннiң қорасынан бiр де тоқты шепке тұрған жоқ. Далада жайылып, күйлi шықты. Хасеннiң де қой тұқымына келгенде, Әшiмбекке айтары, мақтан етерi – осы сыры.
Екеуiнiң iштей жарысқан еңбек бәсекесi жаз айында одан да үдедi. Тұнық сулы, сызатты өлкенi сонылап, салқын жонға екеуi де жарыса көшiп шықты. Мейзек жонының самалды саласына екi қарт ертеден-ақ жетiк.
Бiрақ, Әшiмбек бұл жайлауда да Хасеннен гөрi, тағы да жетiктiгiн iстедi. Хасенге айтпастан Бетсудың қайнарына ерте барып қонып алды. Бiр жағын ащылы-тұщылы Байдәулет саласына өрiстете, бiр жағын жонның шыбынсыз самалына салып, жарастықты жайлау тапты. Әрi сүтпен, әрi сызатты самал қоныста тұнық су, соны шөпке кенелiп, Әшiмбек қорасындағы қойдың төлi аса жетiлдi. Мал күзекке келгенде, Әшiмбектiң тоқтысы мен үлкен қойын айырып, iрiктеу қиын едi. Тегене құйрықтары жайқала, салалы ақ сары жүндерi желпiл-деп, мойны құйрықтай, маралбас сыйда қой қаптағанда, шетiнен еркек қой тәрiздi болып көрiнетiн. Хасен жайлауда бiраз отырып жайлаудың боз шөбi малға жұқпады деп бауырға, салқын түспей ерте түскен. Оның үстiне, малына қауға тартуға ерiнiп, Елiкбайдың жылы қағынан суарып, тоқтысында аздаған өкпе де болды.
Әшiмбек қорасына күзден берi қойы шектесiп кеткенде, Хасен өзiнен-өзi ауырлап қалатын болды. Үндемесе де Әшiмбектiң қойына қызыққысы келмейдi. Қан-шалық өзiмшiлдiкпен өзi баққан малын жақсы көрсе де, мына қойды көргенде, ен малын қорашсынып: «Мына жаңа тұқымды шiркiн кесек жатыр-ау! Бiлмесе сонау жер түбiнен осында әкеле ме?» – дейтiн де, мо-йындайтын. Бiрақ бұл сырын Әшiмбекке ақтарылып айтпайтын. Онымен сөйлескенде: «Қысқа қылшығы сынбайтын, шегедей шымыр шiркiн ғой! Бәрiнен осы асыл», – деп өз қойын мақтай жөнелетiн.
Кешеден берi Хасекең тұнжыраған қалың ойда. Ол әншейiнде үй-iшiне қай-қайдағы әңгiменi айтып, сөзуарланып отыратын әдетiн де iстеген жоқ. Оның сырын қабағынан түсiнетiн шикiл сары бәйбiшесi де тiл қатқан жоқ. «Кешегi бiр ауданнан келген шiркiн, шалымның мiнiн басып айтып, бетiн қайырып кеттi-ау!» – деп iшiнен күбiрлеп қана қояды
Жайлауын өрiстеп, күзеуiн сонылап, колхоз малы қыстау сағалар кезi – мал сапасының сынға түсер шағы. Тоқты қой есебiне, торпақ сиыр есебiне, жабағы жыл-қы есебiне кiредi. Тек есепке ғана кiрiп қоймайды, өсiп қосылған төлдiң маңызы сынға түседi. Хасеннiң шикiл сары бәйбiшесi iшiнен кiнәлаған өкiл – аудандық ауыл шаруашылық бөлiмiнен келген мал маманы, «Ащысу» колхозының өскен малын өрiстерiне барып, тегiс қарап өттi. Қысқы қонысқа да колхоз басқармасы, шопан, малшылармен кеңесе отырып, iрiктеу жасады. Оның үстiне малдардың жақсы күйiн, жаңа төл сапасын қарас-тырып өттi. Хасен қорасына Ақпан мен өкiл қастары-на Әшiмбектi ерте келдi. Әшiмбектi көтермелей сөйлеген өкiлдiң сөзi Хасенге шүу дегеннен ұнамады. «Малды Әшекеңше өсiрiп, баға бiлу керек! Осы кiсiнiң тәжiрибесi барлық малшыларға үлгi етерлiк iс. Қорасындағы жетi жүз саулықтан мың қаралы қозы өсiрген. Тiптi, әңгiме санында емес, әсiресе, сапасын айт! Тоқтысын үлкен қойынан айыруға болмайды. Алты айлық тоқтының салмағы үш пұт келгенi – сирек болатын табыс», – деп көтере сөйлеген. Қасындағы Ақпанға Хасеннiң қойларын қолымен көрсетiп: «Мынау әлгi Әшекеңнiң қойына қарағанда, әлдеқайда кем жатыр емес пе? Қысқа қайратты, жергiлiктi тұқым деп көтер-мелегенiмен, қораш қой. Мына қойдың тоқтысы мықтағанда екi пұт келер. Әшекеңнiң екi тоқтысының салмағы қазiрде Хасеннiң үш тоқтысының салмағынан әлдеқайда асып түседi. Жүнi де сондай. Олай болса, бiрме-бiр салыстырғанда, бiр жарым есе сапалы болып шығады. Әшекеңнiң қара үзiп озатын жерiнiң өзi осы», – деп өкiл келмей жатып Хасен қорасының малын мүлде қомсына сөйледi.
Хасен өкiлдiң емеурiнiн ұнатқан жоқ. Оған қарсы айтып, қарсыласарлық өткелi де жоқ тәрiздi. Бiрақ, өз көңiлiндегi медеу етер бiр мақтаны бар. Оны айтпай қалуға Хасен шыдамады. Өкiлдiң Әшiмбектi өлгенше мақтағанына ызаланған пiшiнмен:
– Қаңтар кезiндегi сақылдаған сары аязда таразыға түсермiз. Терiскейден үскiрiп тұрғанда, тебiнде кездессек көрер едiк. Қаңқиған бой, қорбиған жүнi үрпиiп, төрт аяғын бауырына алып тұрғанын көрсең, Әшiмбек-тiң қойының қандай екенiн сонда айтар едiң, – деп барып тоқтаған.
Бiрақ, өз iнiсi Ақпан да күлiп:
– Қанша кемiтем дегенмен Әшекемнiң қойы кемiр емес. Сiз тартыншақтап жүргенде, бұл кiсi шыңға шығып кеткен көрiнедi. Осы малдардың жай-күйiн бүгiн ғана көрiп-бiлiп тұрғанымыз жоқ. Бiрақ, табыс бiр күнде кесегiмен келiп кiмнiң босағасынан енедi? – Ерiнбей есебiн тауып өз iсiнiң сырын ұқса, табыс кiлтi сонда емес пе? Оны Әшекең көрсеттi емес пе? Сыртынан қарағанда, бiздiң Әшекеңдi қой артында жүрген күйкi ғана жұпыны адам деп елеусiз де қарауға болады. Бiрақ, бұл кiсiнiң тұла бойы толған өмiр тәжiрибесi – мал сыры екенiн табысын көргенде ғана түсiнесiң, – деп, Ақпан Әшiмбек жайын сөз ете отырып, Хасенге өзiмсiне сын айтты.
«Дос жылата, дұшпан күлдiре айтады» деген сөздi ұға тұрса да Хасен қатты ауырлады, – Әңгiме, Хасекеңше айтқанда, малдың тұқымында, нәсiлiнде екенi де рас, бiрақ, қонысын бiлiп бағу, сапасына қарай iрiктеу, сол тұқымның өзiн де асылдандырады. Оны Әшекеңнiң тәжiрибесiнен көрдiк қой. Мына Хасен ақсақалдың төлi биыл жайлау көрмеген сияқтанады, менiң көзiме, – деп өкiл Хасеннiң жазда жайлау өрiстен ұтылған бiр мiнiн дәл басып өттi.
Хасен ақсақалдың қабағын тұнжыратқан, мiне осы бiр сынды күн болатын. Ол Әшiмбектен бүгiн ғана ұтылып тұрған жоқ. Жазғы өрiстен ұтылған, шабандығынан шаң жұтып, жайлаудан ерте қайтып, төлiн ыстық бауырда күнсiтiп алды. Сонан малы жетiлмей, жүнi де кiртiк, ажарсыз едi. «Осы қыстан аман бiр шығып алсам, кiмнiң қалай жайлағанын көрсетермiн!» – деп iшiнен кiжiнуден басқа, Хасен өзiне өткел тапқан жоқ. Өткен қыстан күйлi шыққаны тозған тонның жағасындай, түтесi шығып, ескi елес болып қала бердi.
Әшiмбек қорасындағы мал жайы сөз болған жерде, Хасен үнсiз тыңдайды. Хасеннiң iштей бiр кезеңдi тосқауылы – ақпан, қаңтардың сары аязы мен терiстiктен соққан бораны едi. Биылғы қыста ондай сұрапыл бола қойған жоқ. Хасен iшiнен: «Әшiмбек қойына сынды күн бола қалса, көрермiз», – дегенмен, қыстың жақсы болғаны өз малына да жайсыз болған жоқ. Жазда етi оян болған тоқтылары қыста сыр бiлдiрмей далада жайылып шықты. Жазда жетiле тойынған мал қыста онан сайын оңалды. Қары қағыл, топырағы құрғақ, нәрлi ұсақ шөптi тау тепсеңiне қыстаған Әшiмбек қойы қыстың өзiнде жетiле түстi. Әсiресе, сары аяқ тоқтылары тобымен қашып, саулық қатарына қосылғаны Хасенге: «Ендi қайтесiң?» дегендей тiлсiз қыр көрсету тәрiздендi. Оның қойының қыста семiргенiне iшiнен тарылды. Кейде: – «Осы менiкi қай қызғаныш? Оның да бақканы, менiң де баққаным колхоздың дәулетi. Қай қораның мал басы өссiн, осы бiздiң, колхоздың абырой, атағы. Колхоз байлығы екеумiзге бiрдей. Былтыр қыстай малым күйлi шығып, ойда жоқта мен мақтандым. Ал биыл, Әшiмбектi мақтайды» – деп, ойланды.
Осы қыста екеуi қойын қатар қыстатты, бiрақ, өрiстерi бөлек болды. Әшiмбек қар бекiгенше қойын алыс өрiске шалқытып, Тайманжал тепсеңiне шейiн әкететiн. Онан алғашқы көбiк қар кезiнде Ащысу iшiне ащылы-тұщылы қияққа түсiрiп, күнде алыс өрiске әкетедi. Ауыл маңына бiр күн де қойын жақын келтiрген жоқ. Хасен өзi қардың шетi көрiнiсiмен ауыл қасындағы бөктерден ұзатпай, маңайын тақырлатты.
Қар бекiп, күн ұзай бастағанда, Әшiмбек қойын соны тұрған тау бөктерiне үнемi өрiстетiп, даланың өзiне де есеппен жанды. Саулықтың iшi өсер, мал аяғы ауырлар кезде өрiсi жақын, соны жер, қорадағы үюлi шөптей болды. Хасен бұл кезде сонысы шайылған ауыл маңына малын тоқтата алмай, қары бекiп жатқан Шорабай даласына сары қарға салды. Бұл жағынан тағы ұтылды. Әсiресе, осы ұтылуын ол өзiнiң үлкен олақтығы деп ұққан. Жалғыз-ақ ондай кезде Хасенге келетiн ой: «Әшiмбек бiр биыл емес, өз алдына бөлек қораға қой бөлгелi мүдiрмей келедi-ау! Оған қарағанда, менiкi түкке тұрғысыз, жеңiл желiк-ау!» – деп, өзiне-өзi үлкен сын айтып, Хасен дөң басынан түсе, қойын аулына қарай беттеттi.
Хасенге осы кейiнгi бiр әдiл ойдың оралуы, кешегi ауданнан келген райком секретарының сөзi едi. Колхоз орталығында болған жиналыста ол: «Бiздiң ауданның мақтаны болған – «Ащысу» колхозы, бiр аудан емес, жоғарғы жердiң бәрiне мәлiм десек, артық айтқан болмаспыз. Ол мақтан мына ақсақал шопандардың еңбе-гi», – деп өзiнiң атын Әшiмбекпен бiрге атады. Ауызы сараң, сыры алыста жататын, әрбiр сөзiн салмақпен қымбаттата айтатын секретарьдың сөзiне Хасен қатты көтерiлген.
Жалғыз ол да емес, қой күйегi бiтiп, мал төлдей бас-тағалы Хасен мүлдем көңiлдi жүр. Маржандай бұйра жүндi қызыл қозылар бiрiнен-бiрi қызықты. Қыстан күйлi шыққан қойдың төлi де жетiле туған, уызға мәйектене ширап, кожыраңдап, енелерiнiң қасында ойнақтайды. Көктемнiң жайма шуақ желсiз кешi тау бөктерiн балбыратып жiбердi. Ал қызыл шапақпен бөленген Абралы биiгi қия жартастарына алтын жалатқандай жайрап, алуан сыр шерткендей Хасенге қуаныш ымдағандай.
– Төлiмiз аман өссе, төбемiз көкке жетпесе де көп жерге көтерiлер. Қалай, Хасен, аманбысың! – деп Әшiмбек қасына келгенде, Хасен қойын аулына қарай иiрмелеп келе жатқан бетi едi. Алдымен төлдi аузына ала сөйлеген мұның төл жайында айтары бар ғой дегендей, Хасен:
– Төлге келсе, төр сенiкi ғой. Тобымен тоқты қоздатып биыл мүлде үдедiң ғой! Қалай, өз төлiңнiң шығыны жоқ па? Алған соң аймақты етiп ал! – деп Хасен орағыта сөйледi.
– Менiң атақ iздеп мал соңына ермегенiмдi, өзге бiлмесе де сен бiлсең керек едi. Тоқты қашса, менi мақтандырайын деп қашты деймiсiң?! Еңбекке қарай, колхоздын ырысы-дағы, – деп, Әшiмбек ол мақтауды жеке өзi бауыр баспайтынын айтты.
Хасен бұл сөзге де өткел таба алмай: «Осы мен сөз бiлмеймiн бе, жоқ, осы Әшiмбектi тiптi бiр тапқыш шешен естi болып кеткен бе?» – деп сырт айналып күбiр-ледi.
– Бүгiн ауданнан мал докторы келiптi. Жас төлдi есебiн алмақ және төлдiң маңызын, сапасын қарастырмақ дейдi.
Хасен Әшiмбектiң сөзiн селқостау тыңдап:
– Сен өзiң басқарма жақтан келесiң бе, көшi-қонды сөйлестiң бе? – дедi.
– Ақпан өзi ертең осы жаққа келедi. Әлгi мал дәрi-герiн ертiп, малдарды араламақ. «Сонан кейiн шешелiк», – дедi. Ендi мына Шақат бөктерден сызатты салаға өрiстеген дұрыс қой. Малдың тұяғы мен жамбасына ендi сызатты жер болмаса келiспейдi. Күн де қызуға айналып келедi, – деп Әшiмбек өз ойын ортаға салды.
Әшiмбектiң Қайнар басына көптен келгенi осы. Жаз болса, мал жайымен алыс жайлауға шығады. Қыс болса, қырдағы қыстауды сағалайды. Соғыс басталған кезде дәрiгерге қарала келiп қайтқаннан берi аудан басын бүгiн көрiп отыр. Соғыс тоқтағаннан кейiн де мал қызығына салынып, аулынан шықпаған. Бұл келуiнде аудан орталығы оған мүлде басқаша болып көрiндi. Жарқылдаған, жадыраған қуанышты халық көңiлiнiң жаңалығымен қатар, Қайнар басына талай жаңа дүние қосыл-ған. Сонау бiр қара шыңның Қайнарға үйiлген сызатты тепсеңiне шығара салынған әсем жаңа мектеп, айналасында сәнмен орнатылып балапандай өскен ағаштарымен өз алдына бiр бөлек қала тәрiздi. Оны көргенде, Ертайының оқитын мектебiне мақтанғандай болды. Қайнар бұлақтарының сан-саладан бұрқылдап шығып, бет-бетiмен арна қуалап барып аяқсып бұлақтардың түйiндескен жерiнен байланған жаңа тоған, кiшiгiрiм көл болып, аудан орталығының шығыс жақ шетiнде айнадай жарқырайды. Көлдiң алқымынан биiктене салынған ақ үй жаңалықтың сәулетiндей көрiнедi. Iшiнде су күшiмен бе, әйтеуiр үлкен гүрiл, қалың қайрат бар.
Сол үйден сәл қиыстау салынған тас-болат тиiрмен күрiлдеп жүрiп жатыр. Көшелерiнде ерсiлi-қарсылы жүрiп жатқан ойнақы әдемi машиналар кейде тiптi ойда жоқ жерден шыға келедi. Машина дүбiрiне құлағы үйренбеген күрең аты бiр ағаш көпiрден өте бергенде, қарсы келген машиналардан үркiп, өзiн жығып кете жаздады. «Мәслихат» ертең болады. «Теңдiк», «Қоныстан» сияқты алыс колхоздардың кiсiлерi әлi келген жоқ», – деген хабарды алып, Әшiмбек ауыл шаруашылық бөлiмiнен тысқа шықты. Шiлденiң желсiз булыққан ыстық күнi, лебi қайтпаған қалпында, бет шарпып тұр. «Дәрiгерге тiземдi, белiмнiң шойырылмасын көрсе-тейiн», – деп Әшiмбек өзi бiлетiн дәрiгер үйiне келдi.
Дәрiгер үйiнiң өзi де мүлде басқаша болып кеткен. Ана жылғы өзi көрген жер едендi, төбесi аласалау балшық үйлер емес, асты-үстi сырланған тақтай, сыңғырлаған биiк бөлмелер. Қай дәрiгерлерге көрiнуi керек? Қалай қаралады? Соны анықтап, Әшiмбек бiраз кезек күтiп отырды. Әшiмбектiң iштей бұл үйден қарастырып отырғаны – ана жылғы өзiн қарап, дәрi беретiн қараторы қыз. Ол көрiнбейдi. Тек сол кезде, өзiне дәрi жасап берген кекселеу әйел ғана жылы ұшырап, танып, амандасты. Әшiмбекке кезек жеттi. Өзiн құрметпен қабылдаған дәрiгер әйел жап-жас қазақ қызы «аталап» iзет ете, ауруының жайын тәптештеп, көп қарады. Ауруын дәл тауып, тап басты.
– Сiздiкi ондай кектi сырқат емес, жасыңыз жеткен кiсiсiз бойға үйренген, сүйектiң зардабы, қазiр электр тоғына жатқызып емдеймiз, – деп қыз Әшiм-бекке түсiнiксiз ем айтты.
Бiрақ, ондай жағдайда, iле қобалжымай, артын ба-йыптайтын Әшiмбек, үнсiз қабыл алды. Сонау өзi тани-тын әйел:
– Қане, берi жүрiңiз, ата, – деп iшiне қатарластыра жәйлi төсектер қойылған үйге алып кiрдi. Iшiнде бiр-неше адамдар жарқыраған электр лампасын тiзесiне, жолына төндiре қойғызып, қыздырып жатыр. Әшiмбектi де ақ жапқышпен жауып қойған бiр төсекке жатқызып, жонына көкпеңбек отты-шыныны төндiре қойып жiбердi. Алғашқыда жалаңаш етiне солғындау тиген жылу, бiразда-ақ шымырлай батып, белiн бiртiндеп қыздыра бастады. «Жаным-ау, мұнысы несi? Мұнасы бiр отсыз бұлау ғой. Менiң желiмдi жазатын шығар», – деген ойлармен бiраздан кейiн балқып жатып, Әшiм-бектiң көзi iлiнiп кеттi.
– Қане, тұрыңыз! – деген дауысқа оянып кеттi де, үйдiң iшiне қайтадан көз жiбердi. Шытырман, айқыш-ұйқыш орап тастаған сым ба, шам ба, жылжымалы машиналар – бәрi иiн тiресiп тұр. Ол орнынан тұрғанда белiнiң кiрiстенiп тұратын желi шымырлап, қайта ауырыңқырап тұрғандай болды.
– Сiз әзiр бiрнеше күндей осы электр бұлауына түсесiз. Белiңiз сонда әбден жазылады. Ал, бүгiн түсiп, ертең кетiп қалсаңыз, келмей қойсаңыз, пайдасы болмайды, – деп токқа жатқызған әйел Әшiмбекке емделу жөнiн ұғындырды.
– Не дейсiң, шырағым? Осы мына көк шынының астына жатуға осы аудан басында жүрмекпiн бе? Малды қайтем? Күн ысып барады. Жайлауға жетiп, орнығуым керек. Маған лампыға түс дегенiңдi қой, шырағым, онан да әлгi бiр жағатын дәрiнi бер. Осы ана жыл-ғы дәрiгер қыз қайда? Соның жазып берген дәрiсi терiс болған жоқ едi, – деп Әшiмбек аудан басында он шақты күн боласың деген сөздi ұната қоймады.
– Ата, мына электр тамаша ем, дәрiдей емес, үзбей он шақты күн бұлауына түссеңiз бiржолата жазып жiбередi. Белiңiз қайтып ауырмайды. Ана жылғы дәрiгер қыз Москвада – оқуда.
– Қашан кеттi?
– Екi жыл болды.
– Мына электр осы жерге қашан орнатылған? Әйел жымиып:
– Сiз анау көлдiң ық жағындағы оңаша ақ үйдi көрдiңiз бе?
– Я көрдiм.
– Көрсеңiз, сол үй электр станциясы, екi жыл болды орнағанына.
Әйел осыны айтқанда Әшiмбек ойланғандай:
– Па, дерсiң! Ауданға электр салып жатыр десiп жүрушi едi. Осы екен ғой. Бұрын Семейге барғанда көрушi ек. Ана жылы Төлеудiң қол-аяғы сал болып, домаланып жатып қалғанда Семейге апарып электрмен емдетiп едi-ау.
Ендi өзiмiзге де әкелдiк десейшi. Өзiн қалай жасайды екен? – деп сақалын тарамдап әйелге қарады.
– Судың күшiмен жасалады. Ана бұлақтарды қосып жасаған тоғанды көлден келiп тұр, мына электр оты, – дегенде әйелдiң бетiне ойлы көзiмен таңырқай қарап:
– Я, шырағым, асылдың бәрi су мен таста екен ғой. Анау Мейзектiң шоқысы теңделген алтын екен ғой, былтырдан берi қопарып алып жатыр. Мына Байтөренiң жылымшыған қайнары электр отын жақты. Бұл бiр кезде екi қора қой қатарынан түсiп, сұға iшсе, аяқсып қалатын, тапшы ғана, құнарсыз бұлақ едi. Өзiн көзептi, бiрнеше жердегi қайнарын бiр жерге құйып, көл етiптi. Соқырлықпен тек тiлiн бiлмей жүрiппiз ғой. «Шұқанақты көл еттi, кедейдi ел ғып кенелттi»деген осы. Бiр кезде аузы аққа жарымаған, алдына басы құралып мал бiтпеген кедейлер басын қосып, мыңғыртып мал өсiрiп, дәулеттi шалқытты. Күш бiрлiкте деген осы да, – деп Әшiмбек күлiмдеп бiраз отырды.
– Мына дәрiгер қыз қашан келген? Өзi менi таниды-ау деймiн, – деп ол әйелден жауап күткендей болды.
– Е, ол қыз сiздi таниды. Сiз сонау соғыс басталатын жылы осында келiп емделiп, қаралып жүрдiңiз ғой. Сонда осы жерде келген кiсiнi тiркеп отыратын жас қыз болатын. Мына «Алғабас» колхозындағы Әбiштiң қызы. Сол жылы оқуға кетiп, алдыңғы жылы бiтiрiп келген. Үлкен дәрiгер.
– Қайдан оқыпты?
– Алматыдан оқыпты.
– Әбiштiң қызы дейсiң бе? Шырағым, я.., көргем. Қаршадай бала едi.
Әшiмбек өзi бағып өсiрген малын, әсiресе, кейiнгi жылдарда едiлбаймен будандастырып өсiрген асыл қойын, ең бiр үлкен жаңалық, одан асқан табыс жоқ деп ойлайтын. Етi мен жүнi қысқа төзiмдi, суыққа қайратты, соқталы денесi келiскен мал тұқымы шыққаны басқаға жұмбақ сыр деп бiлетiн. Мына жаңалықтарды көргенде, ол өзiнiң iсiн тек жабайы ғана мал бағу көле-мiнде шамалады.
Мәслихат басталғанда, Әшiмбектi төрге әкелiп отырғызды. Аудан басшыларынан бастап сөйлеген-дердiң бәрi де Әшiмбектiң атын бiр атамай қоймады. Оның мал бағу әдiсiн, төл алу жайын үлгi ете сөйледi. Әсiресе, өз қорасындағы малына басқаның көмегiнсiз, қысқа керектi шөптi, үй-iшiмен өзi шауып дайындаған, мал азығын қамсыз еткен құнттылығын үлгi еттi. Жүз саулықтан жүз қырық қозы өсiру табысының кiлтi де осындай, шаруақор, бiлгiрлiгiнде деген сөздер ел аузынан түспейдi.
Кешегi дәрiгер үйiнең шыққаннан бергi Әшiмбек ойында Ертайды оқуға жiберу жаны шырмалып, қайта-қайта соны ойлайтын. Биыл оқуынан қайтып ауылға барғанда, Ертай басқаша болып қайтқандай сезiлген-дi. Баласын көрiп, сағынған ата-ана мауқын басқан. Ата-анасы бұрынғыша жас көрiп елемегенмен, Ертайда бұрынғы әке алдында еркелей сөйлеп, өзiн кiшкене көрсететiн бала қылығы жоқ. Биыл мүлде басқа мiнез тапқан. Салмақты, баяу, аз сөйлеп, көп ойлайтын сияқты. Бiр күнi отырып:
– Әке, мен биыл күз оқуға барам, – деп бiр қойды.
– Қарағым, жолың болсын! Қайдағы оқуға барасың? Осы аудан оқуын бiтiрсең, сол жетер! – деген шешесiне:
– Бiтiрдiм. Ендi iлгерi оқуым керек. Елдiң бәрi Москвада, Алматыда, тағы сондай жерден оқып келiп жатыр, – деген болатын.
Әшiмбекке, өзiн кеше емдеген Әбiштiң қызының аз жылдың iшiнде үлкен дәрiгер болып келгенiн көргеннен берi, баласының оқуға талпынуы сондай орынды сияқтанды. «Жалғыз баланы оқысын-оқысын деп алты қыс үйдiң бетiн де көрсетпейтiн болдың», – деп құлағына маза бермейтiн Жарияның сөзi жетпей айтылған сөз екенiн де ол жаңа анықтағандай болған.
Қазiргi мына мәслихат үстiнде өзiне мақтан болып отырған бiр жағдай Ертайдың еңбегi. Шөп машинасын өзi меңгередi де, барлық шөптi шауып, жинап, үйiп, қысқы шаруасын қамсыз етедi. Ол оқуға кетсе, бұл жұмысты кiм iстейдi? Мақтан түйiнi ендi қиындайды. Ол мәжiлiс басталғалы осы ойда отыр. «Мен үшiн өз өмiрiн зайғы ете ме? Бөгет жасау дұрыс емес», – деген ой да бiресе өзiн ерiксiз мойындатқандай болады. Әшiмбектiң бұл ойын бөлiп жiберген:
– Мәжiлiсiмiздiң негiзгi мақсаты – ауданымыздың мал өсiру жайындағы былтырғы табысын, биылғы төл алу және тандаулы шопандарымыздың тәжiрибесiн ортаға салу едi. Көптеген үлгiлi адамдарыңыз өз тәжiри-белерiн айтты. Ал, Әшекең де ез тәжiрибесiн айтқаны орынды болар, – деген аудандық атқару комитетi пред-седателiнiң ұсынысы болды.
Ұсынысты көпшiлiк iлiп алды. «Малдың бағуын, жылдың мезгiлiне қарай қоныс таңдау жөнiнен айтсын», – деген сөздер әр жерден естiлдi.
Көп алдында сөйлеп үйренбеген Әшiмбекке бұл ұсыныс ауыр келдi. Ол орнынан тұрып, пұшпақ бөркiн қолына алып, ернi қозғалып, үлкен көзi күлiмдеп, тамағын кенеп тұрып қалды. Тым-тырыс. Өзiнiң аузына қарап отырған жұрттан әлденеге қысылғандай, тiлi
орамға келмей тұрған тәрiздендi. Әлден уақытта:
– Мен не айтам, я, – деп бастап, – малды баққан кiсi өзi сол малдың жағдайын бiлуi керек. Әрбiр тұқымды малдың өзiне сай күтiмi бар. Маусымға қарай өрiс талғайды. Күн райына қарай су тiлейдi. Күйiсiн қандырып өргiзiп, отын қандырып жусата бiлсе, ыстықта суы, салқында оты келiссе, мал сыры осы. Мен жаз айында бiр жұртта бiр жұмадан артық отырмаймын, өйткенi, жұрт тозса, қой пысқырың болады. Және қайнап шыққан ағын су болмаса, қақтан мал суармаймын. Өлi су малдың iшiне тұрмайды, сусынын да қандырмайды. Қойдың жүнi жетiлсiн, денесi сергiсiн, пысқырың болма-сын десең, айына екi рет таза суға тоғытып ал, жаз айын-дағы тәжiрибем осы, – деп Әшiмбек сөзiн тоқтатты.
Бұдан әрi ол сөйлеген жоқ. Көпшiлiк ықыласпен тыңдап, сүйсiнгендей болды.
Кешкi мәжiлiстiң артынан аудан клубында қазақша концерт басталды. Тамаша киiнген кiлең жастар, алуан түрлi ойын көрсеттi. Бiр уақытта Әшiмбек қасында отырған Мұса ақыннан:
– Мына жастар қайдан келген, әртiс пе? – деп сұ-рады.
– Жоқ бұлар артист емес, осы өзiмiздiң ауданның балалары ғой. Бұлардың көбi Москвада, Алматыда оқиды. Жазда осында демалысқа келген.
– Онда немене, әртiс оқуын оқи ма?
– Жоқ, бiреуi инженер, бiреуi дәрiгер, бiреуi агроном, бiреуi тарихты, әр түрлi оқу оқиды. Бiрақ, осы күнгi жастар бәрiн де үйренедi. Олар ән де салалы, күй де тартады, өнер жастардiкi емес пе! – деп Мұса түсiндiре жауап қайтарды, – Осы мына жастардың, бәрi сол алыс-та оқи ма?
– Бiздiң осы Қайнар басынан ғана Москва мен Алматыда қырық-елу жастар оқиды. Солардың бәрi ертең үлкен оқымысты адам болып келедi.
– Онда Ертайды бетiнен қақпа десеңшi?
– Ә, Ертайдың оқимын деген талабына тартыншақтық iстейiн деп пе едiңiз?
– Жоқ, маған оқығаны жақсы ғой. Жалғыз бала болған соң, шешесi алысқа ұзағанын қиын көрiп жүр.
– Ол кiсiге осы көргенiнде айта бар. Өзi де мойындайды.
Мейзек жонына шығатын Бетсу белесi, өренiң шындай тепсең мен қырқасы жонның кенересi. Кемердiң бауыры ащылы-тұщылы сарала тұздық, шүйгiн өрiс. Бай дәулет алқабы. Ал кемердiң үстi шiлде күнiнде қоңыр самалы есiл жан-жануарды желпiгендей, жан тынымдатқа салқын бел осы кезде көк қасқа бетегелерi киiздей тұтасқан, киiк оты, бозды шөбi, көк сүйрiктене жайқалып, жетiлген шағы. Кемер тепсеңнен тесiп шыққан көкқасқа бұлақ тастай суық мөлдiр суын, көк шалғынды жапырлата ойға жылжып сылдыр қағады.
Түске дейiн жонды, түстен кейiн күн аптабы қайт-қанда бауырды өрiстеп ыңыранған ақтылы қойын шүй-гiннен шүйгiнге шалқытқан Әшiмбек – қой жайлауын келiстiрген шопан. Тек оты мен өрiсi емес, Әшiмбектiң тағы бiр сыры бар. Ол Байдәулеттiң көздi қарасуына қойын жұма сайын тоғытып сергiтiп отырады. Бұл қо-йысты ол бiрнеше жылдан берi Хасенге бермей, қайтсе де есебiн тауып бұрын келiп қонып алады. Биыл да үйреншiктi қонысына келiп кенеле отырған. Күндегi ыстықтың аптабы қайтып, кемердiң кешкi самалы естi. Кешкi қойын үйiрмектеп тастап, Әшiмбек үйiне келгенде, Ертай Байдәулеттегi шабынды бiтiрiп, үйiне келген едi.
Көк шалғынға көтере тiккен алты қанат ақ үйiнiң ыстықта түрiп қойған iргесiн түсiрiп, үлкен лампасын жағып, Жария үйдiң төрiндегi биiк столға қоя бергенде «Кеш жарық!» – деп кiрген Ақпанның даусын танып, есiкке қарай бұрылды.
– Сәлемшi болсаңдар жоғары шық, – деген Әшiм-бектiң үнi шыққанда – Жоғары шығамыз ғой, алдымен, сүйiншi, аға, жеңге! – деп Ақпанның қасындағы Жуасбай күле келiп Жарияның қолын алды
– Алдымен жеңгейдi қуантам. Ағай Еңбек Ерi болды, Еңбек Ерi атын берiптi Әшекеме! – деп Жуасбай айтып болғанша, сырттан дабырлаған дауыстар, машинаның дүбiрлеген дыбысы келдi.
– Қане, Әшiмбек, бершi қолыңды, Ер атағымен құттықтаймын! – деп жайраңдай Хасеннiң даусы шыққанда, Әшiмбек те орнынан ұшып тұрып, қарсы жүрдi. Жалғыз Хасен емес, райком секретары да қуанышты ажармен үйге кiрiп келе жатты. Не айтарың бiлмей сасып қалған үй-iшiнен алдымен сөз бастаған Ертай болды. Ол жүгiрiп келiп Ақпанның қолын ұстап:
– Ағатай, рас па, әкем Еңбек Ерi атанып па? – деп өте бiр iзгi бала мiнезбен екi бетi дуылдап қуанып кеттi, одан әрi сөз таба алмағандай тұрып қалды.
– Рас, Ертай, әкең Еңбек Ерi болды. Мiнеки ауданнан келген газет, – деп Ақпай қойнындағы газеттi суырып алды.
Бағанадан аузына сөз түспей қалғандай бәрiне аңыра қарап тұрған Әшiмбек, сиректеу сақалын қолымен бiр сипап, күнге тотыққан әжiмдi бетi, лампа сәулесiнде өте нұрлана жасаураған үлкен қой көзiн Хасенге, райком секретарына кезек тастап:
– Рахмет бәрiңе, туысқандар! Ер мен емес – сендер. Менiң аз еңбегiмдi елеп мақтан етiп айтқан да өздерiң, көмбеге сүйреп тартқан да өздерiң, табыс – колхоз табысы, халқымның табысы – дедi. Ол одан әрi сөз айта алмай дауысы дiрiлдеп, көзiне қуаныш жасы iркiлiп, тұрып қалды. Тағы бiраздан кейiн: – Табысқа жеткiзген, жiгер берген Сталин дананың сонау бiр жылғы айтқан сөзi мен қамқорлығы! – деп жымыңдап орнына отырды.
– Айтуын бiз айттық, ол рас. Ардақты ат берiп, адам қадiрiн көтерген партия мен совет үкiметi, Сталин жолдас! – деген сөздi Әшiмбек кiмнiң айтқанын абайламағандай тек басын изей бердi.
