Перейти к содержимому
Обложка сообщества Qaz

СҮЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

XVII тарау

 

СҮЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

 

Біз бойымызды билеген қорқыныш сезімін жеңуге тырысып, Ажал Сарайының үрейлі ғажайыптарын қадағалай қарап тұрған шақта Гагула мүлде бөтен шаруамен айналысып кетті. Қалай екенін қайдам, кәрі мыстан биік тақтаның үстіне шығып алып (өзіне қажет кезде ол епті де, күшті де бола қалатын) тынымсыз тамшылаған су астында біздің марқұм досымыз Твала отырған жерге барып, Гудтің тілімен айтқанда, мәйіттің қалай тұздалып, қалай сүрленіп жатқанын көрді; әлде басқа бір мақсаты болды ма, кім білсін. Содан соң шойнаңдай басып, бірде ана мәйіттің, бірде мына мәйіттің алдына тоқтап, тас кебін киген тұлғалармен сәлемдесе ме, әлде зікір айтты ма, әйтеуір, мән-мағынасын ұқпаған сөздермен тегіс сөйлесіп өтті. Және, құрметті оқушым, сіз екеуміз ескі досымызға сәлем берген кезде қандай кейіпте боламыз, Гагуланың осы сәттегі түрі тап сондай еді.

Өзінің жұмбақты әрі қорқынышты рәсімін аяқтаған соң ол Ақ Ажал бейнесінің қақ алдына жүресінен отыра қалып, мінәжат оқи бастады. Зұлым да аяр кәрі махлұқаттың адамзаттың ең қас жауы алдында, сөз жоқ, әлденендей пәлелі дұғаға құлшына кірісуі жанымызға жайлы тие қойған жоқ. Ажал Сарайын тамашалауды шұғыл доғардық.

– Ал енді, Гагула, – дедім мен өте баяу үнмен, – мұндай жерде дауыстап сөйлеуге кімнің батылы бармақ, – баста бізді қазынаға қарай.

Кемпір лып етіп, тақтадан сырғып түсті.

– Әміршілерім қорықпай ма? – деп сұрады маған сығырая

қарап.

– Баста ары қарай.

– Мақұл, тақсыр.

Гагула ақсаңдай басып, үңгірдің түбіне, Ажал бейнесінің

арт жағына барып тұрды.

– Қоймаға енер есік осы арада. Әмірші иелерім шамды

жағып алсын да, ішке кіре берсін.

Гагула қолындағы май толтырылған қауақты жерге қойды

да, үңгірдің жарына сүйеніп тұра қалды.

Мен сіріңкені алып (қорапта әлі де бірнеше тал шырпы

қалған еді) қамыс білтені тұтаттым, сосын шам жарығымен қазынаға кірер есікті іздей бастадым. Бірақ ешқандай есік көрінбеді, тұтас қабырғадан басқа ештеңе де жоқ.

Гагула мырс ете түсті.

– Есік мына арада, әмірші иелерім. Солай деді де, қарқ-

қарқ күлді.

– Қалжыңды қой, – дедім мен қатаң дауыспен.

– Мен қалжыңдап тұрғам жоқ, әмірші иелерім. – Мында қараңдар! Гагула бітеу қабырғаны нұсқады.

Мен шамды жоғары көтердім. Сол сәтте бәріміз де әлдебір үлкен тастың жайымен жоғары көтеріліп, сөз жоқ, жартас ішіндегі өзіне арналған қуысқа сіңіп бара жатқанын көрдік.

Жоғары қарай жылжыған тастың мөлшері үлкен есіктей еді. Биіктігі он футтай, ені бес футтай бітеу жартас кем соққанда жиырма, я отыз тонна тартатын. Әрине, оның қарапайым салмақ ауысу нәтижесінде қозғалатыны күмәнсіз еді. Ал осы құрылыс қалай қимылға келтірілді – оны біздің ешқайсысымыз аңдай алмай қалдық. Гагула мұны біздің көзімізден шалыс сәтте іске асырып үлгерді. Бірақ мен күмәнданғам жоқ: осы маңда кәдімгі қарапайым тұтқа бар, сондағы құпия нүктені басу нәтижесінде теңнің екінші жақ ұшына байланған, көзден таса қарсы салмақ бел алады да, нәтижесінде мына жартас жоғары көтеріледі.

Жартас баяу, бірақ жеңіл көтеріліп, ақыры көзден тасаланды. Орнында қап-қара боп үрейлі қуыс қана қалған еді.

Сүлеймен патшаның қазынасына кіре беріс есік қарсы алдымыздан айқара ашылған сәтте біздің бойымызды билеген сезімді сөзбен сипаттап жеткізу қиын. Басқаны қайдам, менің өне бойымды суық діріл буып, қалтырап кеттім.

Кенет осының бәрі алдау, мистификация болып шықса қайтеміз деп ойладым. Әлде кәрі да Сильвестра жазған жәйттің бәрі шындыққа айналмақ па? Осы қараңғы тас қуыста шынында да соншама қазына тығылған ба? Бұл бізді дүниедегі ең бай адамдарға айналдырар еді ғой! Арада бір- екі минут өтер-өтпесте не болса да анығын білеміз.

– Ішке кіріңдер, жұлдыздардан түскен ақ адамдар! – деді біздің құбыжық жолбасшымыз, табалдырыққа аяқ сала бере. – Бірақ алдымен өздеріңнің қызметшілерің кәрі Гагула не айтар екен, соны тыңдап алыңдар. Қазір сендер қолға ұстап, көзбен көретін жалтыр тастар бағзы бір замандарда анау іргесінде Тұнжырлар отырған құдықтан қазылып алынған. Бұл жерге кім жинағанын мен білмеймін. Бұл істі жүзеге асырған адамдар тастарды өздерімен бірге әкетуте шамасы келмей, осы атыраптан ауа көшкен. Содан бері қойма есігі бір-ақ рет ашылды. Жалтылдақ тастар туралы лақап біздің елде ықылымнан ықылым өтіп, атадан балаға көшіп келе жатыр, бірақ қазынаның нақты қайда екенін де, оның қақпасының құпиясын да ешкім білген емес. Алайда бір заманда біздің елге тау асып әлдебір ақ адам келіпті, бәлки, ол да сендер сияқты жұлдыздан түскен шығар. Сол кезде елімізді билеп отырған король оны меймандос көңілмен қарсы алады. Ол король, міне, анау отырған. Гагула мәйіттер сапында шеттен санағанда бесінші боп орналасқан бейнені көрсетті. – Ақыры былай болған. Сол ақ адам мен біздің халықтан шыққан әлдебір әйел екеуі осы араға келеді. Бұл әйел кездейсоқтан құпия есіктің сырын біліп қойған екен. Ал сендер оны мың жыл іздесеңдер де таба алмайсыңдар.

Сонымен, екеуі қоймаға кіреді. Ақ адам әлгі әйел тамақ салып әкелген, ешкі терісінен тігілген қапшыққа асыл тастарды сықап толтырады. Қоймадан шығуға беттегенде тағы бір тасты ала салады, оны қолына ұстап жүреді.

Әңгіме осы араға жеткенде кемпір бөгеліп қалды.

– Сосын? – деп сұрадым мен, жан толқынысынан жүрегім

аузыма тығылып. Серіктерім де тегіс осы күйде еді.
– Содан соң да Сильвестраға не болды?

Бұл сөздерді естіген кезде кәрі мыстан дір ете түсті.

– Баяғыда өліп қалған адамның атын сен қайдан

білесің? – деп сұрады дік етіп. Алайда сауалына жауап күтпестен, сөзін одан ары сабақтады. – Не болғанын ешкім де білмейді. Әйткенмен ақ адам әлденеден қатты қорықса керек, өйткені ішке жалтыр тастар толтырылған ешкі терісін лақтыра салып, қолындағы жалғыз тасымен үңгірден шығыпты. Бұл жалғыз тасты одан король тартып алады. Макумазан Тваланың маңдайынан жұлып алған тас – сол.

– Содан бері мұнда ешкім де аяқ басқан жоқ па? – деп сұрадым мен үңірейген қараңғы есікке қарап тұрып.

– Ешкім де, әмірші иелерім. Бірақ құпия есіктің сыры ұмытылмай сақталды, король атаулының бәрі де мұны ашып көрді, бірақ ешкім де ішке енген емес. Өйткені қоймаға кірген адам арада ай өтпей қаза табады деген аңыз бар. Макумазан, сен таудағы үңгірден тауып алған ақ адам дәл осылай өлімге ұшырады. Міне, сондықтан да біздің елдің әміршілері мұнда кірмейді. Ха-ха-ха! Мен үнемі тек шындықты ғана айтам.

Осы кезде екеуміздің көздеріміз түйісіп қалған еді, түршігіп кеттім. Кәрі мыстан мұның бәрін қайдан біледі?

– Ішке кіріңдер, әмірші иелерім. Егер менің айтқаным шын болса, ішіне тас толтырылған ешкі терісі жерде жатуға тиіс. Ал мұнда кірген адамдардың барлығы өлетіні шын ба – оны артынан өздерің біле жатасыңдар. Ха-ха-ха!

Гагула қарқылдап күлген бойы босағадан аттады да, қолына ұстаған шамымен төңірекке сәуле шаша, шойнаңдап алға қарай жүре берді.

Шынымды айтсам, мен кемпірдің соңынан ерсем бе, ермесем бе деп бөгеліп қалдым.

– Қарғыс атқыр кәрі мыстан! – деді Гуд айқайлап. – Жүріңдер! Бұл кәрі сайтан қайтсе де мені қорқыта алмайды. Сол сәтінде бөгелместен Гагуланың соңынан есікке қарай

ұмтылды.

Гудтың артынан осының бәрін онша ұната қоймаса да

Фулата ерді. Байғұс қыз онсыз да зәресі ұшып дір-дір етіп тұрған. Сэр Генри екеуміз де аял қылмай оларға ілестік.

Бірнеше ярдтан соң тұтас жартастан ойылып жасалған шағын қуыстың алдына келгенде Гагула бізді күтіп тұра қалды. – Көрдіңдер ме, әміршілерім, – деді ол шамды алға қарай соза ұстап, – қойма тыққан адамдар бұл арадан асығыс кетуге мәжбүр болған. Олар әлдекім қазына құпиясын біліп қалар деген қауіппен, қоймаға кіре беріс жолды мүлде бітеп

тастамақ болған, бірақ оған уақыттары жетпей қалған.
Гагула бізге әрқайсысының биіктігі екі фут үш дюймнен

келетін текше тастардан екі қатар етіп қаланған көлденең қабырғаны көрсетті. Қуыс жолды бойлай, жерде осындай тастар тағы жатыр. Ең қызығы, солардың қасында тұрған әк лай мен екі күрек еді. Асығыс көз түскенде байқағанымыз, бұл күректер жұмысшылар күні бүгін пайдаланып жүрген күректерден аумайды.

Міне, осы жерде манадан бері қорқыныштан қалтырап келе жатқан Фулата өзін тіпті нашар сезінді де, ары қарай жүре алмайтынын, бізді осы арадан күтетінін айтты. Оны жартылай ғана қаланған қабырғаның түбіне отырғыздық; ішіне тамақ салынған себетті қасына қойдық та, өзін жалғыз тастап, ары қарай жылжыдық.

Қуыспен тағы да он бес қадамдай жүрген соң, біз мұқият сырланған ағаш есікке келіп жеттік. Айқара ашық тұр. Осы жерде болған соңғы адам ұмытып кеткен немесе жабуға уақыты болмаған.

Есіктің алдында, дәл босағада ешкі терісінен тігілген қапшық жатыр. Ішіне тас толтырылған сияқты.

Тері қапшыққа шам жарығы түскенде:

– Ха! Ха! Ха! Ақ адамдар! – деді Гагула шиқылдап

күліп. – Мен айттым емес пе сендерге, зәресі ұшқан ақ адам әлгі әйелден алған тері қапты лақтыра сала тұра қашты бұл арадан деп. Қараңдар! Сол қап мынау!

Гуд еңкейді де, қапты көтеріп көрді. Ауыр екен. Ішінде ұсақ тас сияқты бірдеңелер саудыр-саудыр етті.

– Жалған болса, көк соқсын, осы қап толған асыл тас, – деді ол демі үзіле сыбырлап.

Шынында да, ешкі терісінен тігілген қапшықтың іші толы асыл тас болар деген ойдың өзі кімді болмасын естен тандырарлық еді.

– Ары қарай кеттік, – деді сэр Генри дегбірсізденіп. – Ал, құрметті леди, шамды маған беріңіз.

Сэр Генри Гагуланың қолынан алған шамын жоғары көтерді де, босағадан аттап, бөлмеге енді.

Бір сәт асыл тас толтырылған қапшықты ұмытып, біз де асыға-аптыға оның соңынан ішке кірдік. Сөйтсек, ақыры Сүлеймен патша қазынасының үстінен түскен екенбіз.

Ала көлеңке шам жарығында алғаш байқағанымыз, жартастан үңгіп қашалған, аумағы мың квадрат футтан аспайтын төрт бұрышты шағын бөлме болды. Содан соң көзіміз еденнен төбеге дейін қатар-қатар үйілген пілдің азу тістеріне түсті. Мұның ұзын саны қанша екенін шамалап білу мүмкін емес-ті, өйткені артқы қабырғаға дейін олардың неше қатар етіліп үйілгенін біле алмадық. Әйткенмен көзге көрініп тұрған тістердің өзі төрт-бес жүзден кем емес және өңшең іріктелген, тамаша тістер. Осының өзі-ақ бір адамның бар өміріне жетерлік байлық.

“Бәлки, – деп ойладым мен, – Сүлеймен патша өзінің ешбір патшалықта ешбір патша отырып көрмеген “піл сүйегінен ойылған ұлы тағын” жасарда қажетті жабдықты осы қоймадан алған шығар”.

Бөлменің екінші жақ қапталында Мартини-Генри фирмасының патрондарға арналған жәшіктеріндей, бірақ одан үлкенірек, әдемірек әрі қызыл сырмен боялған жиырма шақты жәшік тұр екен.

– Алмас! – дедім мен айқайлап. – Жарықты мұнда әкеліңдер!

Сэр Генри шамымен менің қасыма келді де, жоғарғы жәшікке сәуле түсірді. Бөлменің соншама құрғақ екендігіне қарамастан, уақыт әсерінен шіріп кеткен жәшік қақпағы бір жерде опырылып сынған екен. Сірә, да Сильвестраның ісі болса керек. Мен қуысқа асығыс қол тығып, бір уыс нәрсе алып шықтым. Бірақ бұл алмас емес, өте қызық кейіпте жасалған алтын теңгелер екен. Біздің ешқайсымыз ешқашан мұндай ақша көрмегенбіз. Теңге бетіндегі таңбалар көне жөйіт тілінде болар деп шамаладық.

– Әйтеуір, – дедім мен алтын теңгелерді жәшікке қайта төгіп, – біз бұл жерден құр қол кетпейтін болдық. Әр жәшікте кем дегенде екі мың дана алтын теңге болуға тиіс, ал жәшік саны он сегіз. Менің ойымша, бұл ақшалар жұмысшылар мен көпестерге жалақыға арналса керек.

– Менің ойымша, – деді Гуд орта жолдан киіп, – қазынаңыздың өзі осы. Мен асыл тас атаулыны көре алмай тұрмын. Кәрі португал бәрін қапқа салып қойса, өзі біледі.

– Әмірші иелерім, анау қараңғы бұрышты қарап көрсе қайтеді, бәлки, асыл тастар сол арадан табылып қалар, – деді бет әлпетімізге, сөз әуенімізге қарап, біздің не туралы айтып тұрғанымызды қапысыз аңдаған Гагула. – Әмірші иелерім ол арадан шағын қуыс ұя көрер, сол ұяның ішінде үш тас жәшік болуға керек, біреуі ашылған, екеуінің аузы берік.

Шамға иелік етіп тұрған сэр Генриге кемпірдің не туралы айтқанын ұғындырмас бұрын мен төзімім жетпей, Гагуладан ақ адам мұнда бұдан әлденеше ұрпақ бұрын болды, одан бері қоймаға ешкім енбеген болса, осының бәрін қайдан білесің деп сұрадым.

– О, түн баласы тыным таппайтын Макумазан, – деді Гагула мысқылдай сөйлеп. – Және сендер, жұлдызда тұратын адамдар! Кейбір кісілердің тас қабырғаның ар жағындағыны көрер қасиеті болатынын білмеуші ме едіңдер? Ха-ха-ха!

– Ана бұрышты қараңыз, Куртис, – дедім мен Гагула айтқан жерді нұсқап.

Сэр Генри шам ұстаған күйі бұрышқа үңіле бере айқайлап жіберді.

– Хэлло, достар, – деді. – Мұнда қуыс бар көрінеді. О, жасаған! Мынаған қараңдар!

Біз сэр Генри тұрған жерге қарай жапырлай ұмтылдық. Жарты шеңбер терезеге ұқсас шағын ұяда әрқайсысының аумағы екі футтай шамасында үш жәшік тұр. Бұлардың екеуі тас қақпақпен бекітілген, ал үшіншісі ашық, қақпағы қасында, қабырғаға сүйеп қойылыпты.

– Қараңдар! – деді шамды жәшіктің үстінен көтере ұстап тұрған сэр Генри даусы тұншыға шығып.

Біз төмен қарадық. Алайда жарқ-жұрқ етіп көз шағылыстырған сәуледен ештеңе ажырата алмадық. Аздан соң, көз үйренген кезде ғана аңдадық, жәшік ортан белінен асыл тастармен толтырылған екен. Кейбір тастар тым көлемді көрінеді. Еңкейіп, бірнешеуін қолыма алып көрдім. Ешқандай күмән қалмады: бұл гауһар тастар еді. Тек гауһарға ғана тән, қолға жайлы тиетін жұғымды жылтырлық бар.

Асыл тастарды жәшікке қайта салған кезде мен алқынып, демімді әрең алып тұр едім.

– Біз әлемдегі ең бай адамдармыз! – дедім айқайлап. – Граф Монте-Кристо бізбен салыстырғанда қаратабан кедей! – Біз барлық базарларды алмасқа толтырамыз, – деді

Гуд.

– Алдымен, бұл тастарды елге жеткізіп алу керек, – деді сэр Генри сабырлы үнмен.

Қуаныштан өңіміз боп-боз боп кеткен, бірімізге біріміз бақырая қарап, жалт-жұлт еткен асыл тастарға бозамық сәуле төккен шамды қоршалай, тілсіз, қимылсыз күйде қалшиып тұрмыз. Түр-тұлғамыз өзіміз ойлағандай, әлемдегі ең бақытты адамдарға емес, әлдебір үлкен қылмыс жасауға оқталған басбұзарларға көбірек келетін.

Қазына ішінде бейнебір алып жарғанатша ерсілі-қарсылы у-шусыз шапқылап Гагула жүр.

– Хи-хи-хи! – дейді бізді табалай күліп. – Міне, сендер жақсы көретін жалтыр тастар! Міне, ақ адамдар жанын үзетін асыл тастар. Көп, өте көп. Қанша қаласаңдар, сонша алыңдар. Тамашалаңдар, таңырқаңдар, уыстап ұстап көріңдер. Жеңдер! Хи! Хи! Ішіңдер! Ха! Ха!

Соңғы сөздер соншалық оғаш көрінді де, мен қарқылдап күліп қоя бердім. Сэр Генри мен Гуд та, неге екенін өздері де білмей, сақылдап күле бастады. Асыл тастар толтырылған жәшіктердің қасында тұрып алып, жын соққан адамдай шегіміз қата күліп жатырмыз.

Бар алмас біздікі! Бұл тастарды бұдан мың жыл бұрын бейнетқор еңбеккерлер қаншама михнат шегіп, анау алып құдықтан біз үшін қазып алды. Сүлеймен патшаның әлдебір сенімді ұлығы құпия қойманы қаздырып, сол асыл тастардың бәрін осы жерге тек біз үшін ғана үйгізді. Бұл тастар әуел баста-ақ Сүлейменге де, Дәуітке де, да Сильвестраға да, ешкімге де тиесілі емес еді. Бұл тастар әлімсақтан біздікі болатын. Міне, енді өз иелерін тапты. Талай миллион фунт стерлинг тұратын асыл тастар алдымызда жарқ-жұрқ етіп жатыр, сан мың және әлденеше мың тартатын алтын мен піл сүйегі тау боп үйіліп, ол тұр. Біз қашан келеді, қашан алып кетеді деп қаншама жүз жыл сарылды бұл қазына.

Кенет біздің бәріміздің де бойымызды буған ұстама тыйылды, өзімізді өзіміз тежеп, қарқылдап күлгенімізді қойдық.

– Басқа жәшіктерді ашыңдар, ақ адамдар, – деді Гагула шаңқылдап. – Олардағы тас бұдан да көп. Алыңдар бәрін, ақ әміршілер! Ха! Ха! Көп алыңдар! Қалағандарыңша, көтергендеріңше алыңдар!

Гагуланың құтырынған айқайы астында жүріп біз қалған екі жәшіктің де аузын бұздық. Әйткенмен мөрін сындырып, тас қақпақты ашып жатқан шақта өзімізді құдайға шет әлденедей күнәлі іс жасап жатқандай сезінген едік.

Алақай! Бұл жәшіктер де асыл тастарға толы екен. Дәлірек айтсақ, екінші жәшік аузы-мұрнынан шыға сықап толтырылған – бақытсыз да Сильвестра өзінің ешкі терісінен тігілген қапшығына бұл жәшіктен тым құрса бір тас салып ала алмапты. Ал үшінші жәшікке келсек, оның төрттен бір бөлігі ғана толтырылған; өте ірі тастар, әрқайсысы жиырма караттан кем емес, ал кейбіреулері, тіпті көгершіннің жұмыртқасындай бар. Алайда шам жарығына тосып қарағанда біз бұлардың ең үлкендерінің көпшілігінде сарғыш рең барын аңдадық. Кимберлиде мұндай тастарды “гүлді” деп атайтын.

Бірақ Гагуланың жыланша жылжып, қоймадан шығып бара жатып бізге соңғы рет табалай қарағанын, содан соң еппен жартастан ойып жасалған құпия есікке қарай беттегенін ешқайсымыз да аңдамаппыз.

Апыр-ау! Бұл не? Сыртқы есікке өтер жол жақтан айқай естіледі ғой. Фулатаның даусы ғой бұл!

– О, Бугван! Тез кел! Тез! Тас құлап барады!

– Жібер мені, бойжеткен! Әйтпесе...

– Көмекке, көмекке келіңдер! Маған пышақ салды!..
Біз тұра жүгірістік. Шам жарығында алғаш аңдағанымыз:

тас есік баяу сырғып, төмен түсіп келеді. Еденге үш футтай ғана қалыпты. Есік аузында Фулата мен Гагула жанталаса алысып жатыр. Ержүрек қыз қызыл ала қанға боялған екен, бірақ соған қарамастан кәрі мыстанды жіберер емес. Ал анау тағы мысықтай арпалысып жатыр. Әттеген-ай! Босап шықты. Фулата құлап түсті, ал Гагула төрт тағандап жата қалып, жыланша жылжып, тоқтаусыз төмен сырғыған тас есіктің астындағы болмашы қуысқа еніп барады. Енді. О, тәңірім! Тым кешіккен екен. Зілдей жартас оны еденге жапсыра ұстап қалды. Гагула жан даусы шыға шыңғырып жіберді.

Тас жайымен төмен түсе берді, түсе берді. Отыз тонна меңіреу салмақ кәрі бақсының адам көргісіз денесін бұрынғыдан әрмен жанша түсті. Бұрын-соңды біздің құлағымыз естіп көрмеген, жан ұшыра шыққан ең соңғы айқай – содан соң төбе құйқаны шымырлата күтір-күтір етіп үгілген сүйек даусы; міне, дәл біз жүгіріп жеткен сәтте тас есік біржола жабылды.

Осының бәрі бірнеше секундтың ішінде ғана болып өткен

еді.

Біз Фулатаға ұмтылдық. Гагула пышақты тура кеудеден салыпты, ажал сәті жақын екені анық.

– О, Бугван! Мен өлем! – деді сұлу қыз алқына сыбырлап. – Гагуланың жылысып сыртқа қалай шыққанын аңдамай қалыппын... талықсып жатыр едім... тас сырғып төмен түсе бастады; содан соң ол қайтып келді де, жолға қарап тұрды... мен оның төмен қарай баяу жылжыған есіктен ішке кіргенін көрдім... ұстай алып, жібермей қойдым, сол кезде ол маған пышақ салып алды. Мен өлемін, Бугван!

Гуд:

– Байғұс Фулата! Байғұс Фулата! – деп шарасыз қалыпта

бақыра берді. Кенет қолынан бөтен ештеңе келмейтінін сезінгендей, қызды бас сап құшақтап алып, аймалап сүйе бастады.

– Бугван, – деді біраз үнсіздіктен соң қыз. – Макумазан осында ма? Көзімнің алды қарауытып барады, ештеңе көретін емеспін.

– Мен мұндамын, Фулата.

– Макумазан, менің тілім мен жағым бол, өтінем сенен.

Бугван менің сөзімді түсінбейді, ал мен түнекке аттанып кетпес бұрын оған арнап бірнеше сөз айтпақпын.

– Айт, Фулата, мен бәрін де жеткізіп берем.

– Бугванға айт, менің мырзама айт, мен... мен оны сүйемін.

Өлетініме өкінбеймін, өйткені ол өз өмірін менің өміріммен қабыстыра алмақ емес, жарық күннің қараңғы түнмен қосыла алмайтыны сияқты, ақ түсті адам да қара түсті қызға үйлене алмайды. Айт оған, кей кездерде мен кеудемде талпынып көкке ұшқысы келетін, аспанға шырқап ән салғысы келетін ақ қанат құс отырғандай сезінетін едім. Тіпті денем қозғалудан қалып, санам күңгірт тартып бара жатқан осы қазіргі сәттің өзінде мен жүрегімнің жылуы сембейтінін аңдап жатырмын. Көкірегім махаббатқа толы, мың жыл жасасам да, бойымнан қуат тайса да, жүрегім қартаймас еді. Айт оған, егер о дүниеде өмір сүрсек, бәлки, екеуміз жұлдызда кездесерміз. Мен мәңгі бақи іздеумен болам оны. Бірақ мен о дүниеде де осы қара түсті күйімде қалам-ау, ал ол – ақ адам... Айт оған... жоқ, Макумазан, ештеңе айтпай-ақ қой. Мен оны сүйем, осыны жеткізсең болады... О Бугван, мені құшақтай түс, қыса түс өзіңе қарай, құшағыңның жылуын сезінуден қалып барам... О, Бутван, Буг...

– Жан тапсырды! Өлді! – деді Гуд еңірей орнынан тұрып. Бет-аузын жас жуып кеткен.

– Соншама тарығып қайтесің, бауырым, – деді сэр Генри.
Гуд селк ете түсті.

– Бұл не дегеніңіз?

– Менің айтпағым, көп ұзамай өзіңіз де қыздың соңынан

аттанасыз. Әлде біздің бәріміздің тірідей көміліп, жер астында қалғанымызды көрмей тұрмысыз?

Фулатаның қайғылы өлімінің бізге қатты әсер еткені соншалық, сэр Генри осы сөзді айтқанға дейін өзіміздің үрейлі де мүшкіл хәлге түскенімізді аңдамаппыз. Енді ғана санамызға жетті: алып жартас сыртқа шығар жолды мәңгі- бақи бітеді, өйткені қақпаның құпия сырын білетін әлемдегі жалғыз адам шелпек боп осы тастың өзінің астында жатыр.

Тасты бұзып шығам деп ойлап жатудың өзі артық, қолымызда өте көп мөлшерде динамит болса, бір сәрі.

Қайтып шықпас тас қапасқа түстік.

Ұзыннан сұлап жатқан Фулатаның өлігінің басында

қорқыныштан тіл қатуға да, қимылдауға да шамамыз келмей, бірнеше минут бойы сілейіп тұрып қалыппыз. Бізді аштық пен шөл, содан соң азапты өлім күтіп тұр. Енді бәріне де көзіміз жетті: әлгі сайтанның шешесі Гагула бұл қақпанды алдын ала әзірлеп қойған екен.

Мүндай ойынды Гагуладай тозақы қиял, зұлым ойлы жанның ғана ойлап табуы мүмкін. Үш ақ адамды бірдей өздері сонша ынтыққан мол қазынаның қақ ортасына отырғызып қойып, аштық пен шөлден өлтіру сияқты ғаламат жоспар тек осындай кәрі мыстанның ғана миына келуі мүмкін. Оның үңгір ішінде жарғанатша жалпылдап жүріп, бізді кекете айтқан “асыл тастарды ішіңдер, жеңдер” деген сөзінің мән- мағынасын енді ғана ұқтым. Бәлки, әлдекім байғұс Сильвестрамен де өстіп ойнағысы келген шығар. Әйтпесе асыл тас толтырылған қапшығын тастай қашпас еді ғой.

– Бекем болайық, – деді сэр Генри қырылдаған дауыспен. – Көп ұзамай шам да сөнеді. Жарық барда іздеп көрейік, бәлки, жартасты қозғалысқа келтіретін тетікті тауып қалармыз.

Жан ұшыра есікке қарай ұмтылдық. Ұйып қатуға айналған қанды басып жүріп есікті, қабырғаны оңды-солды, жоғарылы- төменді тегіс бажайлап тексеріп шықтық. Алайда жартасты қозғалысқа түсіретін не тұтқа, не тетікке ұқсас ештеңе таба алмадық.

– Күмәндарыңыз болмасын, – дедім мен, – есік бұл жақтан ашылмайды. Егер қақпа іштен ашылатын болса, Гагула төмен түсіп келе жатқан жартастың астындағы қуысқа ұмтылмас еді. Қарғыс атқыр мыстан есіктің бұл жақтан ашылмайтынын анық білді, сондықтан да қатерге қарсы ұмтылды.

– Қайткенмен де, – деді сэр Генри қыстыға күліп, – қолма-қол сазайын тартты. Жантүршігерлік ажалға ұшырады. Бірақ біз де азап үстінде өлеміз. Есікке ешқандай қайран жоқ. Қоймаға қайта барайық.

Біз бұрылып, кері қарай аяңдадық. Бірнеше қадам жүрген соң, шолақ қабырға түбінде тұрған, мана бақытсыз Фулата ала келген тамақ салынған себетке көзім түсті. Ішіне сықап қазына толтырылған, енді біздің моламыз болуға тиісті қарғыс атқан бөлмеге өзіммен бірге ала кірдім.

Содан соң біз қақпа жаққа қайта оралдық та, Фулатаның денесін көтеріп алып, алтын толтырылған жәшіктердің жанына әкеп жатқыздық. Өзіміз шылқыған ен байлықтың қақ ортасына, асыл тастар толтырылған жәшіктерге арқамызды сүйеп, еденге отыра-отыра кеттік.

– Тамақты мүмкіндігінше көбірек уақытқа жететіндей етіп бөлшектеп қойғанымыз жөн болар, – деді сэр Генри.

Сол сәтінде-ақ себеттегі тамақты бөліске салдық. Әрқайсымызға кішкентай-кішкентай төрт өлшемнен ғана келді, яғни қолда бар тамақ екі күнге әрең жетерліктей ғана. Сүр еттен басқа бізде әрқайсысының сыйымдылығы бір кварт келетін екі қауақ су бар.

– Ал енді, – деді сэр Генри түнеріңкі үнмен, – ішейік, жейік. Бәрібір өлеміз, әйткенмен әлденіп алған жөн.

Біз бір-бір кесек қақталған ет жеп, бір-бір жұтымнан су іштік. Рақаттанып отырып ас ішердей тәбетіміз болмағанын айтып жату артық, алайда ашығып қалған екеміз, ас ішкен соң әжептәуір әлденіп қалдық.

Содан соң орнымыздан тұрып, түрмеміздің қабырғасын мұқият тексеруге, тықылдатып, сипалап қарауға көштік. Бәлки, әлдеқандай шығар есікке ұшырасып қалармыз деген далбаса. Қайдан болсын, меңіреу тас қабырға мелшиді де тұра берді.

Осыншама қазына жинақталған үңгірде сыртқа тура шығар есік болуы мүмкін емес те еді.

Шам жарығы көмескілене берді, май жанып бітуге айналған.

– Куатермэн, – деді сэр Генри маған қарап, – сағатыңыз жүріп тұр ма? Уақыт қанша болды?

Сағатымды алып, уақытты білдім. Кешкі алты екен, ал үңгірге біз сағат он бір кезінде кіргенбіз.

– Менің ойымша, Инфадус бізді іздеуге тиіс, – дедім мен. – Егер бүгін кешке дейін орала алмасақ, ол бізді ертең таңертеңнен бастап іздеуге шығады.

– Бекер әурешілік, қанша іздесе де таба алмайды. Өйткені құпия есік жайын, тіпті оның қайда екенін де білмейді. Күні кешеге дейін бұл сыр бір-ақ адамға – Гагулаға ғана мәлім еді, енді бұдан жан иесі атаулы тегіс бейхабар. Тіпті Инфадус дәл тапқан күннің өзінде есікті бұза алмас еді. Қалыңдығы бес фут бітеу жартасты бүкіл кукуан армиясы тесіп өте алмайды. Достарым, жаратушы құдіреттің маңдайға жазғанына мойынсұнғаннан бөтен амал жоқ бізде. Қазына қуған талай адам қайғылы қазаға ұшырап еді. Біз де солардың бірі болдық.

Шам жарығы бұрынғыдан әрмен көмескілене түсті.
Кенет ол оқыс жарқырап жанды; қатарлана үйілген піл

азулары, алтын толтырылған қалаулы жәшіктер, олардың қасында сұлық жатқан Фулатаның өлі денесі, алмас толтырылған тері қапшық, жарқ-жұрқ еткен сансыз асыл тас және еденде аштық пен шөлден келетін ажалды ғана күтіп отырған, шаршаған, қажып, торыққан үш адам ең соңғы рет ақ сәулеге бөленді.

Білте жалп етті де, біржола сөнді.

 
0
0
1440

Еще по теме