Перейти к содержимому
Обложка сообщества Qaz

ҚҰРМАЛДЫҚ БЕРУ ЖӘНЕ ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТУ

– Көсемге айтыңыз, – деді Никитаға Горюнов. – Біз ең бейбіт адамдармыз, ешкімге де қияғымыз бен тұяғымыз тимейді. Бізді де мұнда терістікке ұшқан құстар алып келді. Сол құстар жаздай жайлайтын жерді ғана көрсек дейміз. Көре сала өз жерімізге қайта ораламыз.

Горохов бұл сөздерді аударып берді.

– Ал қолдарыңда алыстан жайрататын әлгі нажағай мен жасын бар ма? – деп сұрады Амнундак.

Осы сауалды бергенде бәзбірдеңені алаңдай күтіп отырғандардың көзі жатжерліктерге қадала қалды. Горохов Горюновқа аңтарыла қарап еді, ол былай деді:

– Біздің қарулар қиядағыны қағып түсіретін нажағай мен жасын емей немене? Ол жайында онкилондар бәрібір біледі. Бізді құдайдың өзі жіберген деп біліп, қастық бірдеңе ойламасы үшін кезі келіп тұрғанда солай деп, тағы бір абыройымызды асырып алайық.

– Иә, нажағай мен жасын бар бізде! – деді көсемге Горохов.

Топырлап тұрғандар елеңдесіп, күбір-сыбыр ете қалысты. Жиһангездерге жақын отырғандар өз-өзінен ысырылып, шалқая берді.

– Аспанның өзі жібергеніне көзімізді жеткізу үшін нажағай мен жасындарыңды көрсетіңдерші әуелі, – деді көсем. – Бірақ бір өтінерім – онкилондарды өлтіре көрмеңдер.

– Жасын оты адамдарға тимес үшін тысқа шығайық, – деді Горюнов.

Көсем маңғаздана көтеріліп, есікке қарай беттеді, оған жиһангездер мен оларды құрмет тұтып, өздерін жырағырақ ұстаған жергілікті жұрт ерді.

– Құрмалдыққа арнаған бұғыны ап келіңдер! – деп әмір берді Амнундак. – Құдайы садақа үшін оны ақ адамдар атып түсірсін.

Бірнеше онкилон жертөленің сыртына қарай жүгіріп кетіп, үп-үлкен, солтүстіктікі сияқты ақ бұғыны алып келді, бір сұмдықты сезгендей жануар өкіріп, төрттағандап жүрмей келеді. Гороховтың нұсқауымен ол жертөледен екі жүз қадамдай жердегі қазыққа байланды. Жиһангездер мылтықтағы жарқыншақ оқты әдеттегімен ауыстырып, бір дүркін атып еді – бұғы мұрттай ұшты. Мылтық гүрс еткенде онкилондардың бәрі құдіретті жатжерліктерге тағзым етіп, тізерлеп жата-жата кетті.

Амнундак орнынан көтеріліп, осында тұрғандардын бәрі еститіндей етіп, дауыстай сөйледі:

– Ұлы бақсы айтатын аспан жаушылары сендер екеніне енді көзіміз жетті. Сыйлы қонағымыз болыңдар, мына баспанамыз, азық-түлігіміз, киім-кешегіміз, бұғыларымыз – неміз бар, соның бәрі сендердің қарамағыңда, жұмсай беріңіздер бәрін де!

Бүгін кешке бақсымыз тәңірімен тілдесіп, аспан жаушыларын сыйлы қонақ етіп қарсы алғанымызды айтып, онкилондарға мархамат етуін тілеп табынатын болады.

Сөзін тәмамдап Амнундак қолын маңдайына қойып, жүрегіне апарып меймандарға басын иді, барлық онкилон соны қайталады. Оған дейін бұғының жансыз денесі әкелініп, көсемнің аяғының астына тасталды. Жануардың бүйіріне төрт жерден қадалған оқ орнын көрсетіп, ол тағы да сөйледі:

– Құрбан малына төрт жай оғының төртеуі де тиіпті. Ал әйелдер, мұның етін енді кешкі тәуапқа қамдаңдар! Жауынгерлер бақсыны біздің тұраққа шақырып келсін.

Жертөлеге қайта кірген соң сый-құрмет онан әрі жалғасты: бұғының сүр еті мен сүтіне қоса су жаңғағының жемісінен жасалған ұннан пісірген шелпек пен қуырған бидайық баданасын берді. Нан, шай, темекі дегендерді онкилондар атымен білмейді екен, қоржыннан алып ұсынған кепкен нан мен шақпақ қантты қолдан-қолға түсірмей иіскеп көріп, дәмін татып таң-тамаша қалысты. Тамақтан кейін Горохов пен Ордин тартқан қорқор оларды тіпті айран-асыр етті. Көршілерін түшкіртіп, жөтелтіп берекесін кетірген түтінді ақ адамдардың шімірікпестен жұтуы онкилондарды біраз үрейлендірді де. Олардың отқа ілген бақыр құманы тіпті керемет таңырқатты; онкилондардың ыдыс-аяғы ағаш пен балшықтан жасалыпты, суды қыздырылған таспен жылытып, етті соған пісіреді екен. Өздерінде де аз болғандықтан жиһангездер қантсыз берген шайды татып көрген онкилонның ешқайсысы да ұнатқан жоқ. Бір кесе шайды әрең тауысқан Амнундак торсықты нұсқап, анадағы ас әлдеқайда дәмді екен деді.

Балталар мен аңшылық пышақтарын да олар қызыға қарады, сипап жүзін байқап, жалтырап тұрғанына, онкилондардың тас балтасы мен сүйек пышақтарындай емес, берік әрі дәл ұратынына таңданды. Амнундактың ымымен әйелі сандықтан тұрпайылау жасалған бір темір пышақты алып берді, түгел тот басқан бұл дүниені олар аса асыл мұра есебінде сақтағаны байқалып тұр.

Оны меймандарына көрсетіп, көсем былай деді:

– Біздің бабаларда осындай пышақ, балта, найза мен жебенің ұшы болған, бұларды өздері жасай білмей, якуттардан айырбасқа алса керек. Мұнда келген соң ол бұйымдар бірте-бірте сынып, бүлініп пайдалануға жарамай, ақыры онкилондар құралды қайтадан тас пен сүйектен жасауға кірісті.

Меймандардың аяғына басын салып жатқан Крот пен Белуха алғаш онкилондарда үрей туғызды. Сосын Горохов бұларда ит неге жоқ деп сұрап еді, Амнундак былай деп жауап берді:

– Біздің бабалардың чукчалармен қырқысы осы бір касқөй мақұлықтың қырсығынан басталыпты. Бабаларымыз бұғы өсірген ғой, бұғыға шаба берген соң ит ұстамаса керек. Теңіз жағасында тұрып бабаларымыз бұғы өсірумен, морж, балық, итбалық аулаумен айналысқан, баспананы теңіз ағызып әкелген ағаштан құрап салған. Өстіп өмір сүріп жатқанында чукчалар келеді: оларда ит көп те, бұғы жоқ. Бізді олар балық аулайтын, аң қағатын жерімізден тықсыра бастайды, итке балық жетпей қалса, бұғымызды тартып әкетеді. Осыдан келіп соғыс басталады. Чукчалар көп те, біз азбыз. Әлсізге ықпақ керек, әрине. Осылай біз ол арадан кетіп, осында келдік.

– Осында қанша онкилон тұрады? – деп сұрады Горохов.

– Күллі осындағы халқыңызды айтамын, – деп қолын бұлғап отырғандарды нұсқады.

– Бұл тектес тұрақ бізде жиырма, – деп күлді Амнундак.

– Әрқайсысында бір ру, жиырма-отыз адамнан.

– Басқа қоныстар қайда?

– Әр жерде. Бұғыларға жайылым керек, сондықтан кісіге де, бұғыға да жер тарылтып, бір араға сығылыса беруге болмайды ғой.

– Әр руда да сен секілді көсем бар ма?

– Жоқ, онкилондардың басты көсемі менмін! – деп мақтана айтты Амнундак. – Менің тұқымым ең үлкені. Алайда әр мекеннің өз басшысы – рубасы бар.

Шынында да, мына жертөленің тұрғындары әйелдер мен бала-шағаны косқанда алпысқа жетіп жығылады екен. Басқа мекендерде жуық мәнінде жиырма бестен адам тұрғанда Санников жерінде бес жүз отыз онкилон бар екен деп, ойша санап шықты Горюнов.

Ас ішіп, әңгіме құрумен уақыт озып, күн де кешкірді. Күн ұясына қонар алдында жертөле маңына бұғылар табынын айдап келіп саууға кірісті. Жиһангездер қарап тұр, сауынға қыз-келіншектер түгел қатысты, ағаш шелегін сүйреп ұрғашы бұғылардың бірінен соң бірін сауып жатыр, Тегі, табында ең кемі екі жүз тұяқ бар. Табын түнде алаңқайда түнеп, ит-құстан сақтанып, жауынгерлер кезек-кезек күзетіп шықты.

Ымырт үйірілген соң бәрі жертөлеге қайтып кірді. Бірнеше шақырым жерде бөлек тұратын бақсы да келді. Бұл ұзын бойлы, тыриған арық, жағы суалған шал екен, түксиген қабағының астынан өткір көзі тінте қарайды. Куннің мамыражай жылылығына қарамай үстіне жүнін сыртына қаратқан ұзын тон киіпті, жағасынан беліне дейін тағылғап қайыста жезден, темірден жасалған нетүрлі сылдырмақтар саусылдап, әбден қажалып ақжем болған таяқша салбырайды, сірә, барлығы да баяғыда құрлықтан бірге келіп, бір бақсыдан бір бақсыға мирас болып қалып отырса керек. Қолында қызыл, қара қайыстармен кестеленіп, темір сылдырмақ тағылған шағын даңғыра бар. Түгі түсіп бітуге тақалған шошақ бөркі шашын басып, көрсетпей тұр. Көсемге иіліп сәлем беріп, киімі оғаштау адамды көргенде, абалап қоя берген иттер мен жатжерліктерге тінтіне қараған бақсы лаулап жанған оттың басына барып оқшау отырды. Даңғырасын жерге қойып, бірдеңелерді өзінше күбірлеп, саудыраған қу сүйек саусақтарын отқа қақтады. Берген белгісі бойынша әйелдер тостағанмен сүт ұсынып еді, алғашқы ұрттамын отқа бүркіп, бақсы оны ішіп алды.

От үстіндегі істікте кесек-кесек боп бөлінген бұғы еті үйтіліп жатты. Оның қасындағы дөңгелек ағаш ыдыста отқа қыздырылған тастар әлсін-әлсін салынып, бұғы сорпасы мен бидайық ботқасы пісіп тұр. Бір әйел екі таяқпен қызған тасты сорпаға салып, сорпадағыны отқа алып қойып күнұзақ сонымен әуре боп жүр.

Ұсақ туралған ет пісті-ау дегенде оттан алынып, сорпа құйылған аяққа салынып, тәп-тәуір жасалған шанышқымен қоса көсем мен бақсыға және меймандарға берілді. Сорпаның дәмін татып көріп жиһангездердің онда атымен тұз жоқ екеніне көзі жетті. Сорпаға салғалы қоржындарынан тұз алып еді, онкилондар тәтті бірдеңе ме деп оны да қолдан-қолға түсірмей қағып әкетті. Татып көріп түкірініп, мынау ап-ащы нәрсемен ақ адамдардың сорпаны бүлдіретініне таңырқасты.

Сорпадан кейін үйткен ет пен су жаңғағынан жасалған шелпек берілді, кешкі ас бір-бір тостаған сүтпен тәмамдалды. Ыдыс-аяқ жиналғаннан кейін, жанып болған от басқа жерге ысырылып, орта тұстан бақсы ойнап, құдайға құлшылық қылатын алаң тазартылды. Жертөле күңгірт тартып, шоқтың қызыл сәулесімен ғана сол жарық болып тұрды.

Кешкі астың үстінде Амнундак бақсыға ақ адамдардың онкилондар жеріне қалай келгенін, бұлардың кім екенін, не істеп, не қойғанын, бұғыны қалай атып түсіргенін айтты. Бақсы басын изеп қойып, ара-арасында сауал бере отырып, үнсіз тыңдады оны. Кешкі астан кейін тәуеп етер алдында ол үйден иттердің шығарылуын талап етті. Ол тілегі орындалган соң сыпырып-сиырылып тазартылған алаңға, алқа-қотан қоршаған жұрттың ортасына отыра кетіп, беліне байланған былғары дорбасынан бір шөкім ақ ұнтақты алып алақанына салды да, тілімен бір-ақ жалады. Мұнысы кептірілген улы атқұлақ деді Горохов жиһангездерге, камчадал коряк және басқа халықтар өзінше ләйлітіп масаң тартқызар наша ретінде қолданады.

Біраз уақыт сөніп бара жатқан оттың шоғына меңірейе телміріп отырды да, бақсы даңғырасын алып қағып жіберіп еді, саусақ астында қатты тартылған ішек естілер-естілмес үн шығарды. Үн бірте-бірте үдеп, оған қосылып, бақсы баяулата әндетіп кетті, әуелі көмейден қырылдай ақырын шыққан дауыс бірте-бірте екпіндеп түйдектеле түсті. Дауыс пен даңғыра дүрілі үйлеспей, ара-арасында өксіген, еніреген үн мен жеке сөздер жарықшақтанып шығып кетеді. Бақсы әуелі оттан көз алмай, алды-артына теңселіп отырды да, жыны буған кезде атып тұрып бір орында шыр айналды, даңғырасын жебей қағып, еңіреп екпіндеп кетті. Шыр айналғанында ұзын тоны, сылдырмақ таққан белдігі мен таяғы иығынан ысырылып, бірінің үстіне бірі кигізілген конус болып, шошақ бөркіне ұқсады да қалды. Даңғыра ұстаған қолы төбесіне көтеріліп безек қақты, даңғыра шырқ үйіріліп, селкілдеп, секіріп, билеп, қатты күмбірлеп кетті.

ЬІшқына өксіген айқаймен ән кенет кілт үзіліп, сылқ ете қалған қолынан даңғырасы ұшып кетіп, бақсы жерге сұлап түсті де, есінен танғандай сұлық жатты, осы қалпын бұзуға ешкімнің дәті бармады. Екі езуінен көбік бұрқырап, еті қашқан бетінен төмен ағып жатыр. Көрермендердің бәрі тылсым тыныштыққа батып, жаңа ғана айғай-сүрең кернеп кеткен жертөле мүлгіп, мазаң үнсіздік басты. Әлгі әзірде бақсы әніне абалап үй сыртынан ауық-ауық үн қосып тұрған байлаулы иттер де сап тынған.

Бес минут өткенде бақсы орнынан тұрып, ұсына берген бір тостаған сүтті бірден басына көтерді де, әлсіз үнмен бірер ауыз сөз айтты. Ол сөзі табан аузында-ақ тыңдаушыларын толқытып, сыбыр-күбірді көбейтіп жіберді. Көсем оның сөзін дауыстап қайталап шықты да, Горохов аударып берді.

– Аспан рухы онкилондар жұртын үлкен қайғы-қасірет күтіп тұр депті бақсыға.

Амнундак қолын көкке көтере беріп еді, бақсы белгі беріп оны қайта түсіртті. Көрермендер қатарын қуанышты күбір кеулеп кетті, көсем оны былай түсіндірді:

– Бақсы айтады, жатжерліктер онкилондардың мекенінде болған кезде ешқандай зобалаң әзір тумауы мүмкін. Рухтар осылай дейді.

Бақсы баяу көтеріліп, көсем мен жиһангездерге қатар қоштасу ишаратын жасап, екі жауынгердің ортасында, шығып жүре берді. Ол кетісімен жертөледе гу-гу әңгіме басталды. Жиһангездер де өзара күбірлесіп отыр. Бақсы ойынының нәтижесі бұлай болар деп олар ойлаған жоқ-ты. Бір жағынан ол бұлардың онкилондар арасында болғанда қауіп-қатерді білмеуіне жағдай жасаса, бір жағынан осы халықпен жіпсіз матастырып тастады. Қайғы-қасіретті маңайлатпаудың кепілі ретінде ұстап, онкилондар бұлардан өлмей айырылар ма енді. Рас, бұлардың жоспарында Санников жерінде қыстап шығу бар болатын, бірақ келер көктемнің басынан әрі қалмауы керек еді ғой. Онда онкилондар жібере ме, жібермей ме?

– Бізге белгілі аңызды қайталаған айлакер бақсының өз болжамына жаңағы түзетуді тегін енгізбегенін түсіну қиын емес, – деді Горюнов. – Қу шал нажағай мен жасыны бар адамдар дос ретінде онкилондарға пайдалы да, қас ретінде аса қатерлі екенін жақсы біледі.

– Қоя берсек, осынау ғажайып жердің жолын біліп алған бұлар көп боп келіп, чукчалар сияқты онкилондарды айдап шығады, деп ойлайды ғой, – деп Ордин оның ойын айқындай түсті.

– Дұрыс айтасыз! – деді Костяков. – Жүздеген жылдар басқа дүниеден бөлініп қалған бұл адамдардың, бар ғой, қазір әлемде не болып жатқанынан түк түсінігі жоқ, өткені туралы естелікпен ғана өмір сүріп жатқан бір жұрт.

– Не болса да біз бұларға жуық маңда кетеміз деп ауыздан да шығармайық, – деді Горюнов.

– Иә, онда олар бізді тұтқынға алып, қамауда ұстауы кәдік, – деп қостады оны Ордин.

– Бері қойғанда қыр соңымыздан қалмай, емін-еркін жүруімізге бөгет жасауы мүмкін, – деді Костяков.

– Бірге тұрып, жақын таныса келе сәуегейліктің бәрі сандырақ екенін, оларға ешқандай қауіп-қатер төнбейтінін айтып түсіндірерміз, көзін жеткізерміз.

Көсем ылғи жатжерліктердің әңгімесіне құлақ тігумен болды, ақыр аяғында ол орнынан тұрып, барлық тұрғындар естісін дегендей дауыстап сейледі, басқалардың әңгімесі бірден тыйыла қалды.

– Онкилондар, жауынгерлер мен әйелдер! Жаңа бақсы не айтқанын, оған аспан рухы не дегенін бәрін есіттіңдер. Ақ меймандар әзір бірге тұрғанда бізге ешбір бәле жоқ. Сондықтан олардың бізбен қалуын өтінелік.

– Иә, иә, сұрайық соны! – деген дауыстар жан-жақтан жауып кетті.

Көсем меймандарға бұрылып иіле түсіп тағы сөйледі.

– Ақ адамдар, тәңірінің жаушылары, онкилондар жұрты сендер қалсын деп сұрап тұр. Сендер онкилондарды бақытсыздықтан сақтайсыңдар. Біз сендерге бәрін де береміз, қажет пе – жақсы жай аласыңдар, азық-түлік мол, қыс түсе жылы киім әзір, қалаған ең сұлу әйелдеріңді қосамыз – әйтеуір ештеңеге мұқтаж етпейміз. Көсеміміз құсап тұрасыңдар.

– Бәрін, бәрін де береміз, тек бізбен қала гөріндер! – деп жамырады ерлер мен әйелдер даусы қосылып, меймандарға жалынышты кейіппен жан-жақтан қол жаяды бәрі.

Орнынан тұрып Горюнов жауап берді:

– Жақсы, қашан өздеріңіз жібергенше, конақ болып сіздермен қалуға келісеміз. Бірақ біз жерлеріңіздің бәрін көруіміз, сіздер көрсетуіңіз керек.

Бұл сөзді Горохов аударғанда қуанышты айғай-шу жертөлені басына көтерді. Көсем әрбір мейманның алдына екінші мәрте бас иіп, қолын маңдайына ұстап, жүрегіне апарды, мұның себебін кейін сұрастырып білсе, «арам ойсыз, адал жүректен!» деген белгі екен.

– Жақын арада бізде көктем тойы болады, – деді ол содан соң. – Оған тайпаның жас әйелдері мен бойжеткен қыздары түгел жиналады, қаласаңдар сонда келіншек таңдап алуларыңа болады. Сендердің келіншектерің алыста қалды,– деп қолын түстікке қарай сермеді. – Ал адамға әйелсіз тұру көңілсіз.

– Міне, біз күйеу жігіт болып та шыға келдік! – деп ыржиды Горохов.

– Ал бұл енді біздің аяғымызды мықтап тұрып тұсайды,– деді Горюнов.

– Жарайды, бәрін де келешек көрсетер! – деп пәлсапамен түйді сөзін Ордин.

0
0
7393

Еще по теме